12 маусым - Жалпыұлттық аза тұту күні

spot_img
spot_img
spot_img
0.00₸

Корзина пуста.

«Шебердің» шындығы

Жаңа жылға санаулы күндер қалған. Алматыны ақ ұлпаға көмген қыстың аязы сықырлап-ақ тұр. Көлігінен шалқая түскен Роман жаңа жауған қарды баппен басып үйіне қарай бет алды. Шықыр-шықыр еткізіп қарды құшырлана таптаған кәсіпкер өзінің бүгінгі күніне көңілді. Көптен бері сәті келмей жүрген жобалардың бірін жүзеге асырып, жаңа серіктестерімен ортақ тіл табысқан ол алдағы уақытта кәсібінің өрісі кеңіп, қаржысының еселенетініне сенімді еді. Қиял дегенді қойсаңшы. Бүгін ғана қаржы салса да, қаланың ортасында бой көтеретін жаңа ғимарат қазірден көз алдында көлбеңдеген Роман әлі жақсы қиялдан арыла алмай келеді. Жарқыраған сәулетті ғимараттың есігін жүгіре жүріп ашқан қызметкерлері, олардың алдында маңғаз басып бара жатқан өзін ойлағанда кәсіпкердің табаны жерге тимейтіндей. Қандай керемет десеңші. Бағана өзіне күдіктене қараған жаңа серіктесінің көңілін тапса, жерде қала қоймас. Өз ойына семіріп келе жатқан Роман ешкімді байқар емес. Тезірек осы әдемі жаңалықты отбасына, жұбайына жеткізгенше асыққан ол күні бойы жүгірістен шаршағанын ұмытып та кеткен. Үйіне жетсе болды, балаларының жанына барса, әйелінің шайын ішсе… шаршағаны демде ұмытылар…
Алайда, қарсы алдынан атылған оқ оны діттеген жеріне жеткізбеген еді. Денесінің екі жерінен тиген қорғасыннан соң дәрмені қалмаған кәсіпкер көлікке жетіп жан сауғаламақ болған-ды. Жаңа ғана тәтті қиялмен тербеліп келе жатқан жігіт өзіне төнген ажалдан араша іздеп әлек. Бірақ, таяп келген ажал аямады. Жаралы жанның ойын ұққан жанкешті оның алдын орап кетті. Жақындай бере дәл бастан атқан жас жігіт тапсырыстың таза орындалуына мүдделі еді. Алдында тұрған азаматтың ел сыйлайтын кәсіпкер екені оны ойландырмайды. Өлімнен қашқан жанды үйінде бір топ жақынының асыға күтіп отырғанына да бас ауыртар бұл емес. Оған ақшасы төленген адамның тезірек ажал құшқаны маңызды. Өйткені, ол өлім сыйлаушы.
Еңбектеген қалпы тына қалған кәсіп­кердің тірі қалмағанына көз жеткізу жан­кештінің міндеті. Істің «таза» орын­далуын қадағалау оның қашанғы әдеті. Осы дағдымен қимылсыз жатқан денеге жақындаған жанкешті оқтың межеге дөп тигенін көрген соң ескі алаңдағы үйлердің арасымен бой тасаламақ еді. Бірақ, қожайынына төнген қауіпті алыстан байқап, оқиға орнына жедел қайтып келген жүргізуші оның жолын кес-кестей берді. Осылайша ол өзіне өлім тілеп алғанын білген жоқ.

Нысана

Алматыдағы ескі алаңда адам аяғы басылып көрмеген. Мереке қарсаңында әрі-бері ағылған жұрттың бәрі алаңдағы атысқа куә болды. Жан-жақтан анталаған үрейлі көздерді елең қылмаған жанкеш­тінің қимылы шалт, қозғалысы тез. Жұрт болған оқиғаны бағам­дап болғанша ізім-ғайым жоқ болған оны тәртіп сақшылары да қолға түсіре алмады. Қаланың қақ ортасында қолын қандауға ешкімнің батылы жете қоймайды. Сонда әрі-бері сабылған халықтан жасқанбай, олардың айғайына селт етпей, ертең бірі болмаса, бірі танып қояды деп именбей, салқынқандылықпен адам өлтірген кім? Екі бірдей апталдай азаматтың қаны кімнің мойнында?
Куә көп болған сайын оқиғаның түрліше сипат алып кететіні бар емес пе!? Сақшыларды шатастырған осы. Куәлердің оқиғаны сипаттауы әртүрлі. Бірі атқан жас жігіт десе, бірі орта жастан асқан адам десті, бірі қара киінген десе, екіншісіне жанкештінің кигені әскери киім секілді болып көрініпті. Біреулер атқан адамның Сәтбаев көшесімен жаяулатып кетіп бара жатқанын байқаса, енді біреулер оның сүліктей қара көлікке мініп із жасырғанын айтты. Ақыры, жанкешті ұстатпады. Долбарлап жасалған бейне­роботтың көмегі қылмыскерді құрық­тауға ықпал ете алған жоқ. Оның үстіне, бұл Қазақстанда тіркелген тұңғыш тап­сырыспен кісі өлтіру фактісі болатын. Алғашқы істердің бірі болған соң ба, мұндай қанды қылмысты ашу отандық сақшыларға оңай тимеді. Көршілес елдермен тәжірибе алмасып, кеңес алып келген кәнігі ізкесерлер де Вехтенің өліміне қатысты істің түйінін тарқатуға дәрменсіз еді.

Қардағы қан

Жедел-іздестіру және тергеу тобы ең алдымен Романның жеке басын зерт­теуге кірісті. Роман Вехте Алматыдағы белгілі сәулетшілердің бірі. Бұрын сәулет­шілердің тек қаланы көркейту жұмыс­тарына қатысып, ескерткіштер, зәулім ғимараттар жасайтынына көзі үйренген қоғам тәуелсіздіктен кейін мықты мамандарды үйін әсемдетуге жалдайтын болған. Осы тұста қиялы ұшқыр Роман талай бай-бағланның үйін патша сарайындай етіп әсемдеп, алғысын да, ақшасын да алған болатын. Үй салудан жарыс болып тұрған сол шақта сәулетшінің көмегіне жүгінгендер аз емес. Соның арқасында басында жеке өзі құлшынып еңбек еткен Роман Вехте кейіннен кәсіпкерлікпен де айналысып, бизнесте өзіне даңғыл жол сала білген жан.
Қалтасы қалыңдардың мәселесі жоқ деп ойлайды көпшілік. Материалдық тұрғыдан солай көрінгенмен, қаржының адами құндылықты шеше алмайтынын кәсіпкерлер жақсы түсінеді. Әсіресе, ақшалы адамның аңдушысы аз болмасы белгілі. Романның отбасын, қызметтегі әріптестерін, достарымен қарым-қаты­насын зерделеген ізкесушілер оған әбден көзін жеткізді. «Алтын көрсе періштенің жолдан таятынын» тәжіри­белерінде талай рет бастан өткізген олар Романның өліміне отбасы мүшелерінің де қатысы болуы мүмкіндігін жоққа шығарма­ды. Алайда, осы бағытта жүр­гізілген жұмыстар кәсіпкер өліміне туыс­тарының қаты­сы жоқтығын көп уақыт өтпей-ақ растаған.
Бұдан кейін Романның араласатын ортасы жіті бақылауға алынды. Осы кезде «Шебер» деген лақап аты бар кәсіп­кердің досы ізкесушілердің назарын аудара берген. Роман бизнесін баста­ған жылдардан бері жанынан табылған азаматтың қожайыны туралы білетіні көп. Әрі сенімді адамдардың айтуынша кәсіпкер үлкен операцияларды тек «Шеберге» сеніп тапсырған көрінеді. Бірге жұмыс істейтіндер Роман мен «Шебердің» арасы соңғы уақытта шиеленісіп кет­кенін байқаған. Оған себеп те жоқ емес. Серіктесінің сеніміне әбден кірген «Шебер» қолма қол ақша айналымының тек өзі арқылы шешілетінін пайдала­нып, заңсыз аударымдар жасаған. Ол аздай, астыртын операцияларға ақша салып, соның үстемесін тек өзі қажетіне жаратып келген. Мұны білген Роман әріптесіне алғаш қатты ашуланған екен. Бірталай істен шеттеткен ол «Шебердің» енді көлеңкелі жұмысын сезсе, жанынан мүлде қуып жіберетінін айтқан көрінеді. Ізкесушілер уыстап ақша ұстап, шексіз билік жүргізіп қалған «Шебер» мына шектеудан кейін кектесіп, қожайыны­ның көзін жоюға талпынуы мүмкін деп ойлаған. Кәсіпкердің көз жұмардан біраз уақыт бұрын екі Макаров маркалы тапаншасын алып, оның бірін «Шеберге» бергені де күдікті қоюлата түсті. Өйткені, Романның өлімі Макаров тапаншасынан болған еді.
Алайда, күдіктіні ұстап, тергегеннен ештеңе өзгермеді. Заңсыз қару ұстағаны үшін айыппұл төлеумен шектелген ол осылайша тергеушілерді сазға отыр­ғызып кете барды. Тапсырыспен кісі өлтірген жендетті іздеуде тәжірибесі жоқ қазақстандық полицейлердің тосылғаны да осы тұс. Олардың жанталаса іздеуі еш нәтижесін бермеді. Ал жендет тек бес жылдан кейін ғана қылаң берген.

Тосын жай

Бес жыл ішінде жалдамалы жендет­ті іздеу тоқтатылған жоқ. Қылмысқа бейім, адам қанын жүктеген жандардың барлығы сүзгіден өткізілді. Жылт еткен деректер түгел сарапталды. Алайда, шыңыраудан шығар сәуле табылмаған. Сәттілік аяқ астынан деген. Романның да жендеті тосыннан қолға түсті.
Бұл 1998 жылдың 31 наурызы бола­тын. Бостандық ауданының пат­руль­ді полициясы күнделікті дағды­лары­мен өздеріне бекітілген аймақты аралап жүрген-ді. Науаи мен Аңғарлы көше­лерінің қиылысында тұрған «Мер­се­дес» көлігі тәртіп сақшыларының бір­ден назарын аударды. Өзара дау­рыққан жас жігіттерден секемденген сақшылар көлікке жақындап, құжат­тарын тексермек болған. Күдіктері алдамаған екен. Полиция қызметкерлері тінту кезінде жігіттердің бірінен тіркел­меген газды тапанша, жүргізуші орын­дығының астынан 9мм-лік оқтың бір қорабын тауып алады. Бағанадан бері дегбірсізденіп тұрған жүргізуші мына жағдайдан соң тіпті қалшылдап кетті. Тінту кезегі өзіне жеткенде белдеуінен қаруын шығарған ол аға лейтенант Сүгірбаевты дәл жүректен атып өлтіреді де, екінші полицейдің әбігерге түскен сәтін пайдаланып із жасырмақ болады. Әріптесінен көз алдында айырылған полицей қылмыскерді қолдан шығарып алмау үшін барын салған. Қорқаудың аяғын көздей атылған оқ дәл тиді. Бірақ, бұл жаралы қасқырды бөгей алған жоқ. Қашып бара жатса да мүлт кетпеген мер­ген екінші полицейге бағыттап оқ жаудырған. Бірнеше жерінен оқ тиген полицей жол ортасында қала берді. Осылайша қуғыншылардан құтылған жендет алғашқы кездескен жүргізушіні тапаншамен қорқытып көзден ғайып болған-ды.

Алғашқы айғақтар

Қорқаудан айырылып қалғанмен, көліктегі екі жас жігіт полицейлерден құтыла алмады. Қорыққан екеу алғашқы тергеу кезінде-ақ өздерінің басшылары жайлы мәліметті жайып салған. Бір күннен соң басшылары да қолға түсті. Жендеттің қалта кітапшасын парақтап отырған тергеуші өзіне таныс фамилияны көргенде тосылып қалды. «Шебер». Иә, баяғыда Вехтенің өліміне қатысты күдікке ілінген сәулетші ғой бұл. Жендеттің кітапшасында оның барлық телефон нөмірлері жазылған екен. Сонда мына түз тағысы мен бизнесте қолы жүрген Шеберді байланыстырған не? Жауап көп күттірген жоқ.
Тергеуде ешқандай толымды жауап бермеген жендеттің енді отбасына барып, тамырын басып көру керек еді. Жендеттің әйелі ештеңені жасырған жоқ. Иә, бір күн бұрын күйеуінің жараланып келгені рас. Қанды өздері тоқтатып, жарақатты екеулеп таңған олар кештің батуын күткен көрінеді. Қараңғылық түскенде күйеуі «Шебер» деген танысының үйіне барған. Сол түні бұларды жақ­сы қарсы алған «Шебер» есімді азамат күйеуіне өзінің спорттық киімін беріп, үйіне қондырып, сол жерге дәрігер шақыртқан екен. Түн ішінде көмекке келген дәрігер де жағдайға қанық болса керек. Бұлардан ештеңе сұрамастан өзінің міндетіне кірісіп, аяқта тұрған оқты алып берген. Дәрігердің кім екенінен, оның қанша қаржы алғанынан әйел бейхабар. Яғни, бизнесмен мен күдіктінің арасында жақсы байланыс болғаны ғой. Ол не сонда?
Соңғы екі күнгі қылмыс хроникасымен танысқан тергеуші ешқандай дәрігерден суыт хабар түспегенін, оқ тиген жаралы адам туралы еш мәлімет тіркелмегенін білді. Осының өзі «Шебердің» оңай адам еместігін, кез келген істі сыртқа білдірмей жауып тастауға ықпалды еке­нін көрсететіндей.

Жанкешті

Тергеушілер жұмбақтың шешімін табуға талаптанып жатқанда жендет­тің қолынан алынған Макаров тапан­шасына қатысты сарапшылардың да қорытындысы дайын болған еді. Түйін­ді шешкен де сол. Сарапшылардың анықтауынша азамат Владимир Петров­тан алынған тапаншаның оғы осыдан бес жыл бұрын Роман мен жүргізу­шісін атқан оқпен сәйкес келген. Мейрам­ханалардың бірінде мас жігіт­термен төбелесіп қалғанын, аяқтағы дақ сол тентектерден қалған белгі екенін айтқан ол басында тергеушіні біраз әуреге салды. Бұлтартпай отырған жанкешті эксперт-баллистердің сараптамасынан соң шегінер жолы қалмағанын түсінген. Бірақ, қылмысты жасардан бұрын қай­татын жолын алдын ала қамдап алу қылмыскерлердің дағдысы емес пе? Сол әбжілдікпен ол тапаншаны тауып алғанын, қылмысқа ешқандай қатысы жоқтығын айтып жанталасқан. Тек куә­герлермен беттескеннен кейін ғана бес жыл бұрынғы оқиғаны жайып салған еді. Екі полицейдің өлімі үшін-ақ оңай жаза алмайтынын бағамдаған жанкешті соңында жазасын жеңілдетудің бар амалын жасап бақты. Романның өліміне тапсырыс берушіні де атады. Ол, әрине, кәсіпкердің серіктесі – «Шебер» болатын.

Ақиқат

Жалдамалы жендетпен салыс­тырғанда «Шебер» көп бұлтаққа салған жоқ. Тергеуге алынған бірінші күні-ақ қылмысын мойындап, ағынан жарылды. Шынында да Романды өлтіртуге қызғаныш пен ақша себеп болған екен. Кәсіпкер жұмысының жандануына «Шебердің» еңбегі ұшан-теңіз. Ал абырой да, ақша да Романдікі. Басында кәсіпкер барлық қаржылық операцияларды бұған сеніп тапсырған еді. Бірақ, құмар ойындар мен қыз-келіншектерсіз бір күнін елестете алмайтын «Шеберге» қожайынның беретін ақшасы аздық ете бастады. Енді қайтпек? Амалсыздан қожайынға білдірмей көлеңкелі бизнесті қолға алды. Күйсе де біреудің ақшасы күйеді. Мұның ештеңесі кетпейді. Бірақ, мұның суыт жүрісінен секемденген Роман күндердің күнінде барлық құпияны біліп қойды. «Енді шалыс басқаныңды байқасам, қуып жіберемін»,– деді зілденіп. Мына сөздер «Шебердің» жүрегінде мұз боп қатқан.
Сол сәттен бастап ол қожайынның көзін жоятын адамды іздеумен болды. Тапты да. Қапшағайға демалысқа барған сәтінде Петровпен танысты. Жүрісі суық, сақ жігіттің тегін адам еместігін ол бірден білген. Ақыры уағдаласқан екеуі тапсырысты орындайтын күнді белгілеп, дайындық шараларына кірісіп кетті. Романның әр қимылын жатқа білетіндіктен тапсырысты орындауда қиындық туындаған жоқ.
Ал жалдамалы жендет бұрын Ауғанстанда әскери жаттығудан өткен Ресейдің азаматы болып шықты. Тексере келгенде адам өлтіргені үшін Ресейде он екі жылға сотталған оның үш жылдан кейін түрмеден қашып кеткені, содан бері «несібесін» көлеңкелі жұмыстардың есебімен толтырып жүргені анықталды. Жиырма мың доллар үшін кісі қанын жүктеген оған 2003 жылы соттың өлім жазасына кескені туралы үкімі шығарылып, Алматыдағы №1 тергеу изоляторында атылды.

Талшын Берікқызы

ӘЗ-НАУРЫЗДА ТӨГІЛГЕН НӘРЕСТЕНІҢ БЕЙКҮНӘ ҚАНЫ

«Счастье всего мира не стоит одной слезы на щеке...

Қаралы сырлар

Кешкі сағат сегіздер шамасы. Аспанды көмкерген қалың бұлттанба, жоқ...

ҚОРҚАУЛАР

...Елді қарық қылмай, сананы сансыратқан нарық заманы қысқан сәтте,...

Риэлторы

Эта драматическая история произошла осенью в начале 2000-х. Группа...

САБЫР ИЗ «УБОЙНОГО»

ВЫСТРЕЛ У ПОДЪЕЗДА Время на панели автомобиля высвечивало 05.10,...