12 маусым - Жалпыұлттық аза тұту күні

spot_img
spot_img
spot_img
0.00₸

Корзина пуста.

Тек пен шек

…Алматының шетінен қуық­тай баспанаға қол жеткізсем деп армандаған Бекнұрдың қазір үш пәтері бар. Ақшаның ақша шақыратыны рас екен. Қарызданып алған пәтерін сағаттап жалға берген жігіт алғашында еркек басымен кілтті айналдырып көшеде тұруды намыс көретін. Бірте-бірте оған да еті үйренді. Әуелі аз уақытта осы бизнестің білгіріне айналып шыға келді. Бүгінгі табысы да жаман емес. Таңнан бері орталықтағы екі пәтері адамнан босамай тұр. Осыдан үш сағат бұрын кілтті алған жігіт ағасының да бөлмені өткізетін уақыты таяп қалды. Асықпай басып екінші қабатқа көтерілген Бекнұр есіктің жартылай ашылып тұрғанын байқап, қонақтың жиналып жатқанын пәмдеген. Темір есікті әлсіз ұрған ол әдеп сақтап ішке бірден кірмеді. Мына кісі сөмкелерін артынып-тартынып қала мен қаланың арасында сауда жасап жүрген көп алыпсатардың біріне ұқсамайды. Қалтасына ақша түссе жыртыңдап жеңіл жүрісті әйелдерді аңдитын адамға да түрі  келіңкіремейді. Адам таныса, бүгінгі қонағы іссапармен келген дөкейдің бірі. Алайда, пұшық мұрнының үстіне қонжия қоймаған көзілдірігін әлсін-әлсін сұқ саусағымен көтерген жігіт ағасы неге екенін, аса жақсы пікір қалдыра қоймады. «Кім болса, ол болсын! Маған ақшасын берсе болды емес пе?»

Ойланып кеткен Бекнұр мысықтабандап ішке өткен. Тым-тырыс. Өзінің келгенін аңғартып, қаттырақ жөткірініп көрді. Үнсіздік. «Шаруасы біткен соң есікті жаппай кетіп қалды ма екен?» Ондайлар да болады. Есіктің сыртында босқа тұрып қалғанын ойлаған Бекнұр адымдап төрге озған. Ойпыр-ай… Жаңағы өзі көрген, ақшасын сытырлатып санап берген кісі бұғағы салбырап, қарны төгіліп еденде жатыр. Қолының ыңғайсыз қайырылып жатқанын көргеннен-ақ Бекнұрдың жүрегі атқақтай жөнелді. Сезімі алдамапты. Суи бастаған денеде тіршілік белгісі жоқ. «Бәлеге қалдым-ау. Қайдан ғана тап болды» деп іштей жанын жеген ол амалсыздан полиция мен жедел жәрдемнің нөмірлерін қатар терген.

Ажал айтып келмейді

Пәтерге полициядан бұрын жеткен дәрігерлер үлкен кісінің көз жұмғанын растады. Жедел жәрдем көрсетуге келген өндірдей екі қыздың өліммен бетпе-бет келгені осы болса керек. Сыртқа білдірмегенмен, асып-сасып, жердегі ер адамның біресе күретамырын ұстап, енді бірде жүрек тұсын басқан олар абдырады да қалды. Оның қасында бойы бір тұтам болғанымен жедел уәкілдің сөзі дұрыс екен. Әй бірақ мынаны көшеде көрсе полиция дегенге өлсе сенбес. Шалбарының белін қайта-қайта көтерген ізкесушіге не бойды, не мықынды бермепті. Алайда, түрден кем қылған Жаратушы тілден кем қылмаған екен. Өлімді күнде көрсе көздің де, көңілдің де үйренетіні рас секілді. Жердегі адамды абайлап аударыстырып, қалтасын тінткен ол құжаттарын біртіндеп үстел үстіне тастай бастады.

– Оңалбай Демесінов, – дейді…

Дауысын барынша соза түскен ол: «Оңалбай оңалмайды енді» деп үрпиген екі қызды күлдірмек болған. Екеуінің күлді деген аты. Көзіндегі үрей әлі тарқамаған жанда күлкі қайдан болсын. Қыздар тұрмақ, еркек Бекнұрдың өзі пәтер иесі болғандықтан ғана мына жерден кете алмай, амалсыз байланып тұрған жоқ па? «Біреуге мал қайғы, біреуге жан қайғы» деген осы-ау.

Бөлменің ішін әрі-бері қарап, Бекнұрды сөзге тартқан жедел уәкіл артынша криминалистерді шақырған. Олар артынып-тартынып жетіп, бөлмедегі саусақ іздерін алып, шартылдатып суретке түсіріп, мәйітті аударып-төңкеріп тексергенше кеш қарайды. Қолындағы бір бума кілтке қарап жұмысының тоқтап қалғанына қынжылғанымен, мәйітті қара қапқа салып зембілмен әкетіп бара жатқандарды көз қиығымен шығарып салған Бекнұр тәубе деген іштей. Бағана ғана көзілдірігімен алысқан мына жігіт ағасы да пәтерге өз аяғымен кіргенде зеңбілмен шығарын болжамаған шығар.

Суық хабар

Оңалбай Демесінов Алматыдағы әшекейлер жасайтын компанияның басшысы екен. Суық хабарды ести сала мәйітханаға баса көктеп кірген марқұмның туыстары шетінен дөкей. Сөз тыңдайтын түрлері жоқ. «Мен, мен» деп кеуделерін ұрып не полиция­ға, не мәйітханадағыларға дес берер емес. Теңге деген тәубені ұмыттырады екен ғой. Сонысына қарағанда ақшасы көптер өз ажалымен өледі дегенге сенбейді-ау осылар. Бір-бірінің аузына түкіріп қойғандай «Оның денсаулығы мықты болатын. Жүрегім ауырды, қан қысымым көтерілді деп шағынғанын естімеппіз» дейтінін қайтерсіз. Пәтерді жалға беретін жігіт Демесіновтің көлікте жалғыз болғанын айтқан. Айтпақшы, бағалы әшекей саудасындағы мықтыларының бірі саналатын бұл азаматтың вокзал жағалап, жалдамалы пәтер іздегені қалай? Бір басында бірнеше баспанасы бар ауқатты жанның ойлағаны не? Әлде құпия кездесетін көңілдесі болды ма екен?

Басында қылмыстық іс жас тергеуші Ғани Молдахметке жүктелгенмен, ке­йіннен жоғары жаққа тынымсыз қоңырау шалған ықпалды жандар бұл іске тәжірибелі ізкесушіні бекітуге қол жеткізген. Сол күні істі қабылдаған Бақыт Жексенұлы жұп-жұқа папкаға қарап, қарны ашып-ақ қалды. Оқиға орнына барған тергеуші пәтер иесінен дұрыстап түсінік те алмаған. Жедел жәрдемнің дәрігерлері де «жүрегі тоқтап қалды» деп жауапты қысқа қайырыпты. Көршілерге мүлде бас сұқпаған секілді. Қазіргі кезде көп қабатты үйлердің бәрінде бейнекамера бар. Ізкесушілер оны да тексеріп, әуреге түспеген. Сонысына қарағанда барлығы дәрігерлердің жүрек талмасынан қайтты дегеніне тоқтап, істі тезірек жабуға тырысқан секілді. Ал шынымен де Демесінов өз өлімімен өлсе ше? Қанша дегенмен алпысқа таяған, оның үстіне, денесі толық адамның қын қысымы да жоғары келеді. Ажал деген алтын-күмістің қожасы екеніңе қарай ма?

Сарапшы

Өз ісіне жауапты Бақыт сот-меди­циналық сарапшылардың қорытындысын күткен.

– Әзірге нақты ештеңе айта алмай тұрмын, бірақ, бір күмән бар, – деді тергеушіні қызықтыра түсейін дегендей темекісін құшырлана сорған сарап­шы. Бұл да өз бағасын арттыруға құмар әй­теуір. Сарапшының сөзін елемеген қалып танытқан Бақыт:

– Қорытынды неше күнде шығады? Сонда Демесінов өз өлімімен өлмеген бе? – деген салқын ғана.

– Асықпасаңшы… Түк те асықпа!

– Мен асықпағанмен, марқұмның туыстары жанды алып жатқан жоқ па?

– Қоңыраулатып-қоңыраулатып қояды да, қайда барар дейсің. Сен өзі жүректен қайтқан адамды талай көрген шығарсың, иә?

– Иә, талайын көрдік қой.

– Ал… Олардың беті, қол терілері қандай болатыны есіңде ме?

– Бозарып, домбығып кетпейтін бе еді…

– Міне, мен де талай көргем. Демесіновтің беті қызарып кеткен. Шиқан қызыл. Тамырлары көгеріп сыртқа шыққан. Мұны қан қысымының көтерілуімен шатастыруға болмайды. Оның үстіне, марқұм жанталасып тамағын тырнап тастапты. Біреу тырнамаған!!! Тырнағының астындағы терілерді тексердім. Өзінікі. Сонда ол жүрегі қысылғаннан емес, дем жетпегеннен қайт­қан болып шықпай ма?

– Әлде аллергиясы болды ма екен?

– Ол жағын мен білмеймін. Ертең келсең қанынан алынған сынамалардың қорытындысы дайын боп қалар. Бірақ, бір нәрсе айқын! Бұл жігіт жүректен қайтпаған! Қан қысымында да өзгеріс болмаған. Ар жағын өзің болжай бер!

Расында Алматы қалалық Ішкі істер басқармасына келгелі бері сот-медициналық сараптаманы көп тергеушілердің Төлеу Серперовке сеніп тапсыратыны тегін емес. Ісіне асқан жауаптылықпен қарайтын сарапшы талай құпияның тарқатылуына түрткі болған. Бүгінгі күдігі де тегін болмаса керек.

Сол күні тергеуші пәтер иесімен де, алғашқы көмекке келген екі дәрігермен де жолықты.

– Бүктетіліп жатысы қызық көрінді. Сосын тамағы, беті, маңдайы қызарып тұрғандай болды. Басқа ештеңе аңғармадым, – деді Бекнұр.

– Көлігінде өзінен басқа ешкім болмады ма? Сенімдісіз бе?

– Әрине! Бірақ, шынымды айтсам машинаның артына көз де салмаппын. Әлде біреу болды ма екен?

– Сенімді емессіз бе? Айтпақшы, үйдегі бейнекамера жұмыс істеп тұр ма? Оның таспаларын қалай көрсек болады? Көршілер бөгде ештеңе байқамады ма екен?

– Бұл үйдегілердің бәрі пәтерлерін жалға береді. Өзіңіз білесіз, дәл вокзалдың жаны. Көңіл көтеретін бикештердің ауданы. Сондықтан, бірі келіп, бірі кетіп жатқан адамдардан іске татитын бірдеңе есту қиын болар.

Таспадағы таңба

Ол да рас. Сонда да болса ішкі түйсігіне сеніп үйренген Бақыт сол күні оқыс жағдай орын алған үйдегі көршілерді іздестірген. Сәттілік дегенді қойсаңшы! Үйге жақындай бергенде қарсы беттегі дүкеннің бейнекамерасын көзі шалды. Бірден таспаны айналдырып, көруге кіріскен.

– Тоқтатшы! Кішкене артқа айналдырыңыз, – оқыстан шыққан дауыстан дүкен күзетшісі селк ете қалды. Оған қарайтын тергеуші ме? Тесіліп таспаға төніп отыр. Демесінов пәтерді түскі екіде жалдаған болса, бейтаныс жігіт араға бір сағат салып ішке кіріп, артынша асығыс сыртқа шыққан. Түтігіп кеткен түріне қарағанда бір нәрсені бүлдіргені анық. Жан-жағына жалтақ-жалтақ қарайды. Мынау қылмысын жасырған адамның кескіні ғой.

Олжа тапқандай қуанған Бақыт таспаны көшіртіп алды да, бөлімге қарай құстай ұшқан. Сол күні базаны тексерген ізкесушілерге Медеудің мекен-жайын табу түк қиындық келтірген жоқ. Ұлттық университетте заңгер мамандығына оқып жатқан жас жігіт биыл диплом алуға дайындалып жүр екен. Үйленген. Келіншегі де өзімен қатар оқитын болып шықты. Мәліметтер нақтыланған соң тергеуші Медеу Есжановты тұтқынға алмақ болған. Көзі қырағы сақшы көпқабатты үйдің ауласында жүрген жастарды сонадайдан таныды. Жандарына жақындап келіп қызметтік куәлігін көрсетіп еді, Медеу мұны шетке әкеткенше асықты.

– Жүріңізші, аға! Олар ештеңені білмей-ақ қойсыншы. Мен бәрін мойындаймын! – деді жігіт.

Қарыз

Алдындағы жас жігіттің қиюы қашқан сөзіне қарап тергеуші ой үстінде. Мынаны да бес минутсыз заңгер дейді-ау. Өздерін оқытқан ұстаздар қандай талапшыл еді. Жарықтық Жарылқасын ағай заңгердің қаруы заң ғана емес, сөз дегенді жиі айтатын. «Сенің сөзің мірдің оғындай діттеген жеріне дәл тиюі керек. Сөзі қуатты адамның өзі де қуатты. Сөзінде сес байқалған заңгердің өзі де сұсты көрінеді. Ал қотыр сөзге құмар болғаның, құрдымға кеткенің» дейтін. Содан болар, заңды жатқа білетін бұлардың көркем сөйлеуіне, шешендік қабілетін дамытуға көп мән берілетін. Мына жігіт соның бәрінен жұрдай. Көңілі толмаған Бақыт:

– Әй, кінәңді мойындағаның жақсы! Сен заңгерсің ғой, енді неге өлтіргеніңді, қалай қиянат жасағаныңды айтсаңшы.

Іркіліп қалған жігіт, «Әйеліме қымбат әшекейге тапсырыс бергем. Ал бұл ақшаны алып алдап кетті» деді сосын.

– Жарайды, солай-ақ болсын! Қанша ақшаңды қайтармады?

– 50 мыңды.

– Сонда сен 50 мың үшін кісі қанын жүктедің бе? Кім сенеді мынаған?

– Сенсеңіз де, сенбесеңіз де шындық осы!

Жігіт табандап болар емес. Бұл қалай болғаны? Жүрегі қарайған қатыгез жанға да түр-әлпеті келіңкіремейді. Бірақ, қылмыс орнын да дәл көрсетіп, өз әрекетін де кібіртіктемей баяндап отыр. Сондықтан, айыптау қорытындысын рәсімдеп, істі прокуратураға жол­дағаннан басқа амал жоқ.

Қандағы у

Тергеуші прокуратурадан келгенде жанындағылар сарапшының хабарласқанын жеткізген. «Енді оның қорытындысы керек те емес» деген­мен, артынша алғашқы ойынан лезде бас тартып тәжірибелі сарапшыны тағы бір тыңдап көрмек болды.

– Мен сені екі күн бұрын күткен едім. Өткендегі болжамым шынға айналды, – деді сарапшының көзі жанып, – Демесіновтің түбіне жеткен – у екен!

– У? Біреу улаған ба сонда?

– Осы уақытқа дейін неше мәйітті тексеріп жүріп мынадай жағдаймен бірінші рет бетпе-бет келіп отырмын. Содан ғой қанның құрамын қайта-қайта тексердім. Расында у! Онда да егеуқұйрықтарды өлтіретін базардағы өзіміз білетін у емес. Мынау кәдімгі цианид! Калий цианиді! Көлемі де үлкен. Мынаны қабылдаған адамның тірі қалуы мүмкін емес. Осыншама цианид жеке адамдардың қолына қайдан түскен? Мәселе осында!

Жаңа ғана істі жауып, бір шаруаны тындырғандай тоқ көңілмен отырған тергеуші таңданып қалды. Асығыстық жасаған жоқ па осы?

Шыны керек, бұған дейін сарапшының айтқан күдігі көкейінде тұрса да, қорытындының іске қандай-да бір әсері тиеді деп ойламаған. Оның үстіне, Медеу Есжановтың кінәлі екенін айғақтайтын дәлел жеткілікті. Ең бастысы, ол бірден «қылмысын» мойындаған. Жаттап алғандай «Қарызымды қайтар деп барып едім. Демесінов дөрекі сөйлеп, тілдегеннен кейін бар пәрменіммен итеріп қалдым. Керегеге барып соғылды да, жүрегін ұстап жанталасып кетті. Не істерімді білмедім. Адам өлтірейін деген ойым болған жоқ, сеніңізші маған. Бәрі абайсызда болды» дегеннен танар емес. Қазір барса да жас жігіттің осы сөздерді мүдірмей қайталайтыны анық. Апыр-ай, әлде бұл жігіт Демесіновті ұрамын деп удың жылдам таралуына себеп болды ма екен? Ал, онда у берген кім? Цианидтің ашық саудада болмайтыны белгілі. Студент жігіт уды қайдан алуы мүмкін? Жаңа сарапшы қандағы цианидтің көлемі үлкен. Мұндай дозадан адамның тірі қалуы неғайбыл деген жоқ па? Айтпақшы, удың қанша уақытта әсер ететінін сұрамаған екен-ау…

Бірден телефонға жармасқан Бақыт Жексенұлы сарапшының нөмірін іздеп, сөйлесуге асыққан.

– Алло, Төлеу аға! Кедергі келтірген жоқпын ба?

– Әй осы сарт мәзірет жасағанды қоймайсыңдар! – деген сарапшы әуелі кеңкілдеп күліп алды. Содан соң:

– Ақыры хабарласқан екенсің, сұ­рағыңды қоя бер! – деді тергеушілердің жайдан-жай қоңыраулатпайтынын білгендіктен.

– Төлеу аға, бағанағы іс бойынша ғой. Осы цианид қанша уақытта әсер етеді?

– Лезде! Қанға түсісімен демді тарылтып, жүректі қысып, айналасы 5-10 минуттың ішінде әкететін жағына әкетіп тынады.

– Солай ма?

– Цианид деген ең тез әсер ететін, ағзаны бірден бүлдіретін у ғой.

– Аа, соны білейін деп едім. Рақмет, аға!

– Құрғақ сөз тамақ болмайды. Жартылығыңды қойып, бір келіп кететін жөнің бар сен баланың!

– Айтсаңыз болды, аға.

…Дереу әсер етеді дей ме? Мына момақан жігіттің түріне қарасаң удан хабары жоқ секілді. Ал, заңды жақсы білетін жігіт көз алдау үшін жасап отырса ше? Қанша дегенмен, алдын ала ойластырып у беріп өлтірген мен абайсызда кісі өлтіргеннің арасы жер мен көктей емес пе? Жазасы да әртүрлі.

Прокуратурадағылар қайта-қайта хабарласқан соң іс бойынша есеп беріп, осы аптада айыптау қорытындысы дайын болады деп уәде берген тергеуші сарапшы сөзінен кейін істі тағы пысықтап шықпақ болды. Прокурорларды да түсінуге болады. Осы қылмыс тіркелгелі бері не бұларда, не оларда маза жоқ. Демесіновтің туыстары қайта-қайта жаңалық сұрап, істің тез жабылуын талап етіп қояр емес. «Қылмыскер ұсталды, кінәсін мойындады, енді не күтіп отырсыңдар? Әлде одан ақша алып істі жауап тастағалы жүрсіңдер ме? Мен сендерге көрсетем» деп бағана бір мықтысы бұған да сес көрсетіп кеткен.

Тергеу

Бір айдың ішінде қаланың аппақ баласы иығы қушиып, жақ сүйегі суалып, көзі шүңірейіп, арықтап-ақ қалыпты. Әне-міне диплом алып, заңгер болам деп отырған балаға мына оқиғаның соққы болып тигені анық. Әрине, өзі айтқандай қылмыс­ты абайсызда жасаса әңгіме басқа. Ал, алдын ала у сатып алып, қылмысқа есеппен барса жақын он жылда бостандық туралы ойламауына болады. Заңгерлік туралы армандаудың өзі артық.

– Медеу, міне сараптаманың қорытындысы! Бұл сенің абайсызда кісі өлтірдім деген түсініктемеңді 100 пайыз жоққа шығарады. Өйткені Демесінов қанға жайылған удан көз жұмған.

– Аа, иә…

– Иә дегенің қалай? Сонда уды сен бердің бе? Мұны неге бірден айтпадың?

– Білмей қалар деп ойлап едім…

– Сен болашақ заңгерсің ғой. Мәйітке сот-медициналық сараптама жасалатынын білмедің бе? Ал уды кімнен алдың? Қаншаға сатып алдың?

– Базардан… бір бөтелкесін сатып алдым…

– Цианид ашық сатылатын у емес. Одан да кімнен алғаныңды бірден мойында. Әйтпесе, тергеуді әуреге салғаның үшін жазаң қатаңдай береді. Сен өзі удың қандай болатынын да білмейтін сияқтысың ғой. Цианид деген ұнтақ түрінде болады. Бөтелкемен сатып алдым дегеніңе жол болсын.

– А маған берген адам құтыға дайындап әкелген еді…

Әй осында бір шикілік бар. Мына бала бірдеңені жасырып отыр. Қанша қыспаққа алса да сөзінен айнымаған жігіттің ішіндегісін таппаған тергеуші ақыры істі сотқа жолдауға мәжбүр болған.

Төраға қабылдауында

Ее… сотқа күнім түседі деп кім ойлапты? Қу жалғыз үшін ғой бәрі. Бір көмегі тиіп қалар деп Алматы қалалық соты төрағасының есігін күзетіп отырысы мынау. Өзін күткізгенге үйренбеген әйел өзін қор санап, іштей мүжіле түскен. Баласы түрмеде деген сөздің өзі қара жерге кіргізіп барады.

Атақты ғалымның жесірін сот төрағасы Нұрғазы Әбдіқанов жылы қабылдады. Айғаным апаның өтінішімен алдын ала танысқан төраға: «Апа, сіздің кім екеніңізді білемін. Балаңыздың ісін тәжірибелі судья жүргізіп жатыр ғой. Судьяның жұмысына көңіліңіз тола ма?» деп бір қайырды. Содан кейін «Балаңыз қылмысын мойындап отыр. Әрине, жаза тағайындалар кезде оның алғаш қылмыс жасағаны, тәртібі ескеріледі. Оның үстіне, қартайған анасы мен аяғы ауыр әйелі­нің жалғыз тіреуі сол екен. Олардың бәрін судья назарында ұстайды. Қылмыстың өтеуі – жаза! Ер жігіт қолмен істегенін мойнымен көтеруі тиіс» деген төраға ақыл-кеңесін айтып жылы шығарып салды.

…Бұл да буынсыз жерге пышақ ұрғандай болыпты-ау. Расында, қылмысын мойындап отырған адамға судья не істей алады? Сонда да мұның сөзін бөлмей аяғына дейін тыңдағанын айтсаңшы…

 Аяңдап сыртқа беттеген кейуана ерінің сөзін есіне алған. Көреген екен жарықтық. «Тек деген қаннан» деуші еді. Осы баланы асырап аларда күйеуі қатты қарсы болды. «Біреудің баласы саған бала болмайды. Оның әкесі кім, анасы қандай? Бәлкім алқаш, мүмкін алаяқ шығар. Тегі беймәлім адамды қалай бауырыңа баспақсың? Қанмен келген дүниені қамқорлықпен өзгертем десең қателесесің. Әуре болма! Ертең өзің сорлайсың. Тексізге тәрбие дарымайды» деп қанша қақсады. Тыңдамады. Бесік тербеткісі келді, бөпенің тәтті иісін иіскегісі келді. Ана болғысы келгені үшін жазықты ма? Мұның айтқанынан қайтпайтынын білген соң күйеуі ұлдың тәрбиесімен бел шеше айналысқан. Апармаған үйірмесі, оқытпаған кітабы, көрсетпеген жері жоқ. Соның бәрі текке кеткені ме? Жиырма жылдық тәрбиеден тексіздіктің дәнінің мықты болғаны ма? Жасын төгіп-төгіп алған әйел келінін де аяйды. Ол байқұс тегі белгісіз жігітке емес, атақты ғалымның ұлына тидім деп жүр ғой.

Сот келеді!

Дәл сот болатын күні түнімен уайымдаған келіні мерзімінен бұрын толғатып перзентханаға кеткен. Ұлынан көңілі қалса да, соңғы сөзін естігісі келген Айғаным апа үйреншікті жолмен сотқа қарай беттеді. Әне қолына кісен таққан ұлын да алып кірді. Онсыз да боп-боз ұлы қатты жүдеп қалыпты. «Неге кісі өлтірді? Бұлар қай жерден қате жіберді?». Іштей егілген ана өзін-өзі кінәлап әлек.

Судья келгенше ұлының басынан сипап, қолын қысып қалғысы келген. Кеудесіне басын қойып ойындағысын білсем деген. Бетінен сүймесе басы жастыққа тимейтін жалғыз жақыны еді ғой. Мұның үмітін неге ақтамады? Жол бойы аналық мейірімі оянып, еміреніп келген әйел Медеуді көрісімен ойынан бірден бас тартты. Жерге қаратып кетті деді ренжіп. Қанша сағынып, қанша қиналып тұрса да бір тылсым күш баласына жақындатпай, тежеп тұр. Бір сәтте өзгеріп шыға келген әйелге темір қоршаудың ар жағында тұрған баласы емес, бөтен адам секілді. Түрмеге кетпей бөтенсініп үлгеріпті. Кейуана өз ойынан өзі шошып кетті. Ойпырмай, егер өзінен туса осылай бір сәтте суынып кетер ме еді. Мұнысы қалай?

Міне судья да көрінді. Бойын тіп-тік ұстаған судьяның кәсіби маман екені көрініп тұр. Күйеуі екеуінің арманы да баласының судья, адвокат болуын көру еді. Амал бар ма?

Үмітін үзген ана бүгінгі күннің іске бәлендей өзгеріс енгізетініне күмәнді. Әне, баласының үйге кіріп бара жатқанын көрген көрші де табылыпты. Қарсы дүкеннен алынған таспада да баласының үйден шығып келе жатқаны анық бейнеленген. Бұдан артық не айғақ керек? Костюмінің жағасын көтерген баласы айналасына жалтақ-жалтақ қарайды. Адам өлтіру оңай деймісің? Күрсінген ана баласының артынан шыққан қызды байқап қалды. Ойпыр-ай мынау өзіміздің Әсем ғой. Қайнағасының кенже қызы. Мұның Медеуімен қатар өскен. Бұл не істеп жүр? Дауысы қатты шығып кеткен сияқты. Залдағылардың бәрі жапырылып бұған қарады. Балғасын тақылдатқаны болмаса судья да кейуанаға көңіл бөлмей, таспаны тоқтатуды тапсырған.

– Таспаны тоқтатпашы, судья балам! Мынау біздің Әсем ғой. Медеужан, ол сенің жаныңда не істеп жүр? – деді кейуана аптығып.

– Орныңызға отырыңыз, апа! Сот отырысында рұқсатсыз сөйлеуге болмайды. Өтінішіңіз болса адвокатқа айтарсыз!

– Әсем, бірдеңе десеңші! Сен екеуің нені жасырып отырсыңдар?

Шырылдаған әйел судьяға бір, темір тордан үрейлене көз тіккен ұлына бір қарайды. Артынша жүзін төмен салып, сот залының соңғы қатарында жасқаншақтап отырған туысын тауып алды. Мұның тесіле қарағанын сезінген бойжеткен жасқанып бүгежектеп кетті. «Әй мынау тегін емес!».

Бағанадан өзін қоярға жер таппай отыр­ған қыз да осы сөзді күткендей залдың іші у-шу болып кеткенде орны­нан қарғып тұрып «Демесіновті өлтірген мен!» деп айғай салды. Көпшілікті тыныштандыр­ған судья оқиғаны бұлай өрбиді деп ойламаған. Дегенмен темірді қызған кезде соқпаса болмайды. Қызды дереу сұрақтың астына алған ол прокурор мен адвокат та шындықты ашуға көмектесер деген ойда. Бірақ, қыз қамшы салдырмады. Өзі де әрең отырса керек.

Мойындау

Небір жаман ойлар санасында жүгіріп өткен сайын Айғаным өзін қоярға жер таппады. Әсем мұның Медеуімен қатар өсті. Қайынағасының кенже қызы бұлардың үйіне әуес болатын. Өзінің екі ағасымен бір қазанға басы сыймайтын қыз Медеуді ерекше жақын тұтты. Тіпті Медеу үйленгеннен кейін де үйлеріне жиі келіп, мерекелерді бірге қарсы алатын. Ойпыр-ай, әлде… Бұлар ағалы-қарындасты емес пе? Ондай жамандыққа бара қоймас… Өз ойынан өзі шоршып түскен Айғаным судьяның шақыруымен мінбеге жақындаған Әсемге күдіктене қарады. Енді ол Медеуді қаныпезер дегенге де келісуге бар. Тек осынша жыл тәрбиелеп, бауырдай болып кеткен қызға Медеуі қиянат жасамаса болғаны деп тіледі іштей.

…Демесіновті өлтірген мен! Медеудің оған еш қатысы жоқ! – деді Әсем бірден.

– Әсем, үндеме! Ары қарай ештеңе айтпай-ақ қойшы. Қарындасым, өтінемін, – деп шырылдаған Медеудің дауысын залдағы шуға қарамастан Айғаным анық естіді.

– Иә, айта беріңіз!

– Қолөнерге бұрыннан жақынмын. Әшекейлерге жасаған ерекше дизайндарым Демесіновке қатты ұнады. Алғашқы еңбектерімді шығарып, қолдау көрсеткенде талантымды бағалағаны деп ұққанмын. Сөйтсем, ол кісінің ойы басқа екен. Әкемдей адам ғой. Жамандық жасайды деген қаперімде болмапты. Бірде шетелдік дизайнерлермен таныстырам деп қала сыртындағы үйіне шақырды. Сол күні…

Әсем әрі қарай сөйлей алмай жылай берген. Зал іші у да шу. Медеуге қатаң жаза сұрап алдыңғы қатарда тізіліп отыр­ған Демесіновтің туыстары да қозғалақ­тап кетті. Судьяның ескертуінен кейін бойын тіктеген Әсем әрі қарай сөзін жалғады.

– Ол жағдайды ешкімге айтпадым. Қорлансам да ертесі жұмысқа бардым. Ал, ол ештеңе болмағандай кешке тағы үйіне шақырды. Бармадым. Келесі күні кабинетінде тосып отырғанын айтты. Елдің бәрі қарап қалған соң кабинетіне барғам. Есікті тарс жапқан ол тағы да жабыса кетті. Сыртта хатшы отыр, біреулер келіп қалуы мүмкін деп ыңғайсыздануды білмейді. Бұдан артық қорлық бола ма? Кабинеттен жылап шықтым. Жұмыс орныма келген соң алтын-күмістерді тазалау үшін берілген цианид ойыма оралды. Сусынға қосып ішсе сеспей қатырады дегенді естуші едім. Қойманың кілті қолыма тиісімен бірден уды іздедім. Бастықтың ықыласын байқаған көмекшісі менің не алып шыққаныма назар да аударған жоқ. Сол күні Демесіновті кездесуге өзім шақырдым. Екеуміз жалдамалы пәтерге барғанда түс мезгілі еді. Қарны ашып, жалаңдап тұрған оның тамағына да, ішетін шырынына да цианидті таусылғанша қостым. Бірақ, адам солай қиналады деп ойламаппын…

– Оңбаған неме! Қанішер! Адамды өлтіріп алып мүләйімсіп тұрғанын қарашы, – деп Демесіновтің туыстары орындарынан өре түрегелді. Судья сабырға шақырған соң ғана орындарына жайғасқан олар Әсемді түтіп жеуге бар.

– Қиналғанын көріп қорқып кеттім, – деді Әсем сөзін жалғап, – Сасқанымнан бірден Медеуге телефон шалдым. Пәтерге құстай ұшып келген ол тамақтың қалдығын сыртқа тастап, мені үйге алып келді. «Қандай жағдай болса да, кім не айт­са да ештеңені мойындама! Сен түрмеге түспейсің! Абайсызда өлді десек маған әрі кетсе 3-4 жыл берер. Жігіт адамға ол не тәйірі. Ең бастысы, сен бұл қылмысқа амалсыздан бардың. Қорлық көрген қыз­дардың бәрі осылай жасар еді. Қамықпа», – деп сабырға шақырды.

– Бірақ, ол кінәлі емес қой! Құрметті судья, мен оны қалай жазықсыз соттатып қарап отыра алам! – бетін басқан Әсем еңіреп жылап жіберді.

Тәуба

Қателесіпті… Бәсе, ғалым өсірген бала мұндай болмаса керек-ті. Тәрбие текке кетпеген екен ғой. Қарындасының абыройын қастерлеген балапаным. Қате ойлаған анаңды кешірші, – Әсемнің қолына кісен салынғанын алыстан бақылаған Айғаным ұлын құшағына қысқанша асықты.

Шынтағынан түрткілеген құрбысы көз жасына ие бола алмай тұрған Айғанымды жұлқылап әлек.

– Жазған-ау, қуанышың еселенетін болды! Келінің ұл туыпты. Немерелі болдың, – дегенін естігендей. Әрі қарай бәрі бұлыңғыр. Тымырсық залдан сыртқа шығарғанда ғана таза ауамен кең тыныстаған әйел өзін көтеріп келе жатқан баласын көрді.

– Тектінің тұяғы… Әкеңнің аруағы риза болатын болды. Қарындасым деп шырылдаған жүрегіңнен сенің, – деді еміреніп.

Анасының денсаулығына алаңдаған Медеу Айғанымның не айтып жатқанын түсінген де жоқ…

Аяла ЗЕЙІНҚЫЗЫ

ӘЗ-НАУРЫЗДА ТӨГІЛГЕН НӘРЕСТЕНІҢ БЕЙКҮНӘ ҚАНЫ

«Счастье всего мира не стоит одной слезы на щеке...

Қаралы сырлар

Кешкі сағат сегіздер шамасы. Аспанды көмкерген қалың бұлттанба, жоқ...

ҚОРҚАУЛАР

...Елді қарық қылмай, сананы сансыратқан нарық заманы қысқан сәтте,...

Риэлторы

Эта драматическая история произошла осенью в начале 2000-х. Группа...

САБЫР ИЗ «УБОЙНОГО»

ВЫСТРЕЛ У ПОДЪЕЗДА Время на панели автомобиля высвечивало 05.10,...