Заман ТӨЛЕУОВ
ЕКІ ҚАП КӨМІР…
Іңір қараңғысында ілби басып бір сұлба кетіп барады. Сәл масаңдау ма… Әйтеуір жүрісі түзу еместей, басқан ізі кері шалыныса береді. Тек жүзіне жақын келіп қараған жан ғана оның тіршілік тауқыметінен әбден шаршағанын байқар еді. Себебі жасы үшінші мүшелге енді шыққан жігіттің шашы жартылай ағарып, жанарын мұң торлап алған. Жетегіндегі велосипедіне қарап, күбірлеп сөйлеп келеді: «Е, досым-ай. Сен ғана түсінесің ғой мені. Қаншама жылдан бергі сенімді серігім өзіңсің. Қазір екеуміз мына екі қап көмірді апарып тастаймыз да, сосын дереу үйге қайтамыз». Осы сәт оның есіне әлдене түскендей. «Осы менің үйім қайда?», – деді «сенімді серігіне» қарап. Кенет осы тұста бірдеңе сытыр еткендей болды. Түн тыныштығында сыбдырды анық естіген ол дыбыс шыққан жаққа жалт қараған, көзге ештеңе ілікпеді. Бірақ бағанадан бері қаннен-қаперсіз келе жатқан жігіт көңіліне үрей кірді. Дереу қойнына қолын тықты. Орнында екен. Сосын уһ деп, жүрегі орнына түскендей болды. Бірақ бір-екі қадам аттап үлгерген жоқ, қақ шүйдесінен бір нәрсе сарт ете түсті. Соққыдан есеңгіреп қалса да, артына мойын бұрғысы келіп еді, кенет сүбе қабырғадан бірдеме шым дей қалды. «Пышақ!», – деп күбірлеген жігіт жерге сұлқ түсті.
Көктем енді шығып келе жатқан кез, мұз көбесі сөгіліп үлгірмеген. Тырс-тырс аққан қан лезде аппақ қардың бетін жуып кетті.
ЖІГІТТІҢ ТӨРЕСІ
Ертесі ауыл шу ете түсті. «Ойбай, Мейрамбайды біреулер өлтіріп кетіпті», «Қап, қыршын кетті-ау», «Жігіттің төресі емес пе еді, оған қол көтеруге кімнің дәті барды екен?». Міне, ел-жұрттың жігітке берген бағасы тап осындай. Әттең оқу бітіре алмағандықтан, қара жұмыс істеуге тура келді. Талғамады. Кірпіш зауыты, нан цехы, әулиенің тасын қалыпқа келтіру /Қожа Ахмет Яссауи кесенесін реставрациялау/ бәрін көрді. Есесіне шыңдалып өсті. Сөйтіп жүріп айдай сұлу аруға үйленді, өз тойын өзі көтерді. Әттеген-айы, сүйгенде де құлай сүйді. Келіншегінің «не аға, не інім жоқ, үйдің кенжесі мен, сондықтан егер біздің үйге келіп тұра алсаң ғана, саған тұрмысқа шығам» деген шартына көнді. Міне, мәселе осы жерден басталғандай. Ағалары көнбеді, «күшік күйеу болғанша, өлмейсің бе?» деп намысына тиді. Бірақ жігіт өзінің ол қызсыз өмір сүре алмайтынын айтып, ақыры үйленген соң бір аптадан кейін келіншегінің төркініне көшіп кетті. Обалы не керек, екі үйдің ортасында жүрді. Әкесін апта сайын келіп жуындырып /анасы о дүниелік болған/, тырнақ-шашына дейін алып, тапқанын бірде көрсетіп, бірде тығып қолда қалғанын шиеттей бала-шағасы бар ағасына бөліп беріп жүретін. Бірақ сөйтіп жүріп тоқсаныншы жылдың тоқырауында аздап ішімдікке үйір бола бастады. Оған бір жағы үй ішіндегі қысым себеп болса керек. «Ағаңның үйіне бара берме, сенің үйің осы жер», – деп енесі екі күннің бірінде ұрыс шығаратын болып алған. Оны да бір күні масаң күйде жеңгесіне келіп, «Басында әттең жастық қылыппын, енді үш баламен қайда барам?», – деп жылап отырып айтыпты жігіт. Ағасының жұмыссыз жатып қалған тұсы. Тапқан аз ғана табысын екі үйге бөліп жүруді өз мойнына алғаны да сол болатын. Осы жолы да жұмыстан шыққан бетте екі қап көмірін велосипедіне артып, қара шаңыраққа келе жатса керек. Жолай мұң-шерін қос дөңгелекті серігімен бөлісіп. Әттең, жете алмады. Қалтарыста күтіп тұрған қарақшы, еш шімірікпестен қақ желкеден қағып түсірді.
Бірақ оның ажалы өзі жақсы танитын, «осыдан бір қауіп келеді-ау» деп үш ұйықтаса түсіне кірмейтін бір адамнан келген еді.
КҮТПЕГЕН ҚОҢЫРАУ
Сол күні таңертең келіншегімен қатты керісіп қалған. Ұрыс әдеттегідей жоқ жерден шықты. Әдеттегідей дейтіні, кейінгі кездері екеуі жиі жүз шайысып қалып жүр. Бірақ бұл жолы Гүлайым ыңылдай ән салып жұмысқа жиналған күйеуіне шай даярлап, жұмыртқа қуырып жүрген. Ал бұл болса сақал-мұртын алып бәйбішесіне сүйсіне қарап тұр еді. Кенет үйдегі қара телефон шыр ете түсті. Тұтқаны әйелі көтерді.
– Ало, Мейрамбай үйде ме? – деді ар жақтан бір сызылған дауыс. Жаңа ғана жайраң қаққан келіншектің түрі әп-сәтте қуарып шыға келді. Тұтқаны тарс еткізді де, «Саған!», деді қасында қол жуғышта айнаға қарап тұрған күйеуіне сыздана. Түк түсінбеген бұл «кім?» деген ишара білдіріп еді, «бір сайқалың шығар да, қайдан білейін», – деді. Келіншегінің өзін әлі күнге қызғанатынына бір жағы сүйсініп қалды. Көп сөйлеспей, телефонды орнына қойған отағасы:
– Жұмыстан ғой, кемпір-ау, – деп асүйге кіре берді де, қайта шығып кетті. Себебі дастарқан әлі жайылмапты. Газдағы шай суып, жұмыртқа да таба ішінде әлі тұр екен.
– Жарайды, мен кете берейін онда, – деп дыбыстады жатын бөлме жаққа қарай дауыстап, болмашыға ұрыс шығармайық — деді, – кешкісін балаларды бақша мен мектептен алып қайта алмасам, хабарласам, – деуді де ұмытпады. Сөйтіп еді Гүлайым көрші бөлмеден атып шығып, «одан да әлгі жас тоқалыма барайын десейші, соны көргенше асығып бара жатқан шығарсың, жолыңды бөгемейін», – деп шапши кетті. Бұл сөз онсыз да осы үйге кетем деп «күшік күйеу» атанған Мейрамбайға ауыр тиді.
Орынсыз кінәға шыдай алмады отағасы:
– Сенің бір ауыз сөзің үшін мен осы үйге келіп кірдім. Ағайын-туыс, бауырдың «күшік күйеу» деп күлгеніне пысқырып та қарамай. Енді менің қадірім де қалмағаны ма? Ендеше, сол ісім бекер болған екен. Болды, тойдым бәйбіше, ажырасайық, – деді де есікті тарс жапты.
ОЙЫННАН ШЫҚҚАН ӨРТ…
Шытыр-шытыр… Шытыр-шытыр… Шіркін дүниеде оттың осылай шытырлап жанған үнінен артық не бар десеңші?! Егер де біреу Мейрамбайдан «өмірдің бастауы не?», – деп сұраса, ойланбастан от дер еді. Өйткені от – жылу, ол – құшағына алғанның бәрін өртеп жіберетін құдірет. Қазан да отсыз қайнамайды… От жағушы боп жұмысқа тұрғалы жігіт үнемі осылай отқа қарап, осылай ұзақ ойланады. Жұмысына да сол үшін асығады. Ондағысы – ел оянғанда үйлері жып-жылы боп тұрса екен деген ізгі ой.
Бала кезі есіне түсті. Ауыл. Әр жерде бір үй. Таң сәрісінен мөңіреген бұзау мен маңыраған қозының дауысынан оянушы еді. Қазақы там. Жерге жағалай салынған төсек. Сонда ояна сала, бірден бұрыштағы пешке қараушы еді. Ішінде от гүрілдей жанып тұратын үнемі. Үстінде бір қазан сүт, табада нан пісіп тұрушы еді. «Қайран, шешем!..», – деді осы сәт ол. Отты осы үшін жақсы көреді екен ғой. Осылай ұзақ отырушы ма еді, шолан секілді бөлмеге кенет Жарас кіріп келді.
– Оу, досым. Отырысың жайлы болсын!
– Қаңжығаң майлы болсын! – деді бұл да қағыта.
– Майлы, майлы, – деді досы қойнынан бір жартысын жылт еткізіп.
– Мұның қалай болар екен, біраздан бері осыны ауызға алмай, қойсам ба деп жүр едім.
– Қой, ондайыңды басқа біреуге айт, өйткені бүгін менің туған күнім, – деді Жарас бастырмалата.
– Әй, сөйтіп қинайсыңдар ғой енді, жарайды, құйшы жүз грамм, – деді бұл таңертең үйінде болған драма есіне түсіп. Тым құрыса, соны ұмытармын деген оймен.
Солайша ескі достың қолқалауымен аяқ астынан отырыс басталып кетті. Бәрі жұмыстан шаршап жүрсе керек, жігіттер жағы бірі шылымын, бірі кепкен балық, бірі шұжығын алып дереу жинала қалды. Жақсы тілек, өлең, анекдот тиегі ағытылды. Қалжың-қағытпа… Отырыс соңы қызу картаға ұласты. Бір қызығы бүгін Мейрамбайдың қолы керемет жүрді. Қанша ойын қатарынан шашасына шаң жұқтырмай, бәрін басып озды. Бірақ неге екені, бұл Нартайдың ашуын туғызды. Өйткені ойын ақшаға ойналып жатқан. Ал Нартай – кәнігі карташы. Және бұған бұрыннан қырын қарайтын. Тіпті, бір кездері картаға үйін тігіп жіберген жерінен ағайын-туыс жылу жинап, әрең алып қалыпты дейтін жұрттың гу-гу әңгімесі.
– Әй, Мейрамбай, сен таза ойнап отырған жоқсың, ішке жиған бір қулығың бар. Әйтпесе, мені жеңген адам жоқ бұл ауылда, – деді ол кенет ақырып.
– О не дегенің Нәке, менің ондай алаяқтығым жоқ, – деді әуелі Мейрамбай жай ғана.
– Ааа, сонда мені алаяқ деп тұрсың ба? – деді Нартай екілене. Сөйтті де, ойламаған жерден атып тұрып, тап қарсысында отырған Мейрамбайды жағадан ала түсті. Біреу көпе-көрнеу алқымынан алса, сүмірейіп тұрсын ба, ол да ұстаса кетті. Қысқасы не керек, қапсағай бойлы жігіт ілмиген Нартайды екі бүктеп, етпетінен түсірді ғой. Амал жоқ ол «Мейрам, Мейрам, жіберші», – деп жалынды. Намыстан түтігіп кеткені, қала берді келіншегімен араздасқаны бар, жігіт бар ашуын жинап:
– Қане кет, шығып тұр бұл жерден! Ендігәрі көзіме түсуші болма, – деді өктем үнмен. Құйрығын екі бұтының ортасына қысқан қанден ит секілді әлгі төбелесті бастаған әріптессымағы есіктен сыртқа ытқи жөнелді. Бірақ жай кетпей ішіне кек түйе кетті. «Қап бәлем, сені ме, бүгіннен қалмай қарымтамды қайтарам. Өйтпесем, Нартай атым өшсін!», – деді жұдырығын тастай түйіп.
* * *
Сол түні ай тұтылды… Ежелгі қауым Айды түннің құдайы деп біліп, оның тұтылуын айдың қарғысы деп атаса керек. Тіпті, «ай қанға боялды – жан түршігерлік кеселдің нышаны» деп қорқатын. Тегін емес-ау. Әйтеуір бір сұмдықтың боларын сезгендей ауыл иттері шетінен жамырай, ұзақ ұлыды.
* * *
Нартай мен Мейрамбайды әрең ажыратқан соң, жігіттер ақырындап үйлеріне тарқай бастады.
Сонымен от жағатын бөлмеде жігіттің жалғыз өзі қалды. Бұрыштағы пешке барып еді, шоқтары қызара бөртіп тұр екен. Көсеп-көсеп жіберді де, үстіне көмір салды. Қайтадан гүр ете түсті. Бір кезде әлдене есіне түскендей, карта үстеліне жақындай берді. Санап көрсе, тәп-тәуір ақша жиналып қалған екен. «Бала-шағамның несібесі шығар. Бәйбішемнің де бір ашуын басатын болдым», – деп дереу қойнына тыға қойды. Сосын босаған шөлмек, қалбырды шығарып, от жағатын бөлмені әп-сәтте жинастырды да, іргеде тұрған сырт киімін іліп тысқа шықты. Қос дөңгелекті арбасына қарай аяңдай басып бара жатыр еді, осы сәт ту сыртынан біреу тыныс алғандай болды. Жалт қарап еді, ешкім жоқ. Сарайға кіріп, велосипедін жегіп шығып келе жатты да, қайта кірді. Ағасының үйіне екі қап көмір тастап кетем деген болатын. Соны ұмытып кете жаздапты. Көмірханадан тез-тез екі қапты толтырды да, көлігіне артты. Сосын ғана көңілі жайланып, серігін жетектей қақпаға беттеді…
ЖОЛ ТОРЫҒАН ҚАРАҚШЫ…
Ешкім жүрмейтін жол… Ешкім білмейтін үй… Ешкім қақпайтын есіктер болады кейде… Және, ең бір қызығы, жапандағы жалғыз үй болса мейлі ғой… Жоқ, көшенің қақ ортасы. Кәдімгі көп түтіннің бірі. Бірақ адам аттап баспаған соң ауласынан бастап, сыртына дейін шөп қаулап кеткен. Кісі бойындай шырмауық пен өрмекшінің торы арасында қақпа барын жан адам білмейтіні сондықтан еді. Сол үй, сол қақпа Мейрамбайдың күнде өтетін сүрлеуінің бойында болатын. Және тап бүгін оны сонда біреу асыға тосып отырған. Кеудесі толған ыза-кек, тісі қайраулы. «Айбалтасы» сайлаулы.
– Бәрі дайын. Тек сен қалдың. Бүгін сенің жолың кесіледі. Жұлының үзіледі. Мына маңайдан әрі қарай ізің жалғанбайды. Бітті, – деп күбірледі жол торыған ашкөз. Сөйтті де, ақырын отырған орнынан көтеріліп, күткен адамы келетін жаққа қарады. Алыстан бірдеңе қарауытып көзге шалынды. Күңгірт қараңғы болса да, бұл оны жазбай таниды. Танымағанда ше? Қанша жылдан бері күн сайын көріп жүр емес пе? Оның әрбір қимылы, әр әрекеті, бәрі-бәрі таныс бұған. Тіпті таңертең жұмысқа қашан кетіп, кешке қаншада шығатынына дейін жаттап алған. Тап сол. Міне, таяп келеді. Тыпыр еткен тіршілік жоқ түн ортасында дәл қазір екеуі ғана ояу шығар өйткені.
– Марш! – деп көз ілеспес жылдамдықпен атылды бұл. Қолындағы «қаруымен» гүрс еткізіп бір қойды. Іле-шала екінші рет тағы ұрды.
Құламады-ей. Неткен жаны сірі еді өзінің?! Жалма-жан қалтасына қолын салды да, кездігін суырып алып сұғып жіберді. Осыдан соң ғана гүрс құлады ол.
– Қош! Жұлдызың сөнді, жігітім, – деді бұл екілене қуанып. Өзі де қара терге түсіп кеткенін енді аңғарды. Маңдайын жеңімен сүртті. Неге екені, осы сәт жүрек тұсы шым етті. Көңілі де біртүрлі құлазып сала берді. «Осы мен қимай тұрғаннан саумын ба өзі? Шынымен бе?» – деді өзі де түсінбей. Бірақ ойланып тұруға уақыт жоқ еді.
ОҚИҒА СЫРТЫНДА…
Осы тұста манадан бері сырттай бақылап отырған сіздерді де оқиғаға араластыра отырайыншы, қымбатты менің оқырманым! Сіздіңше, біздің бас кейіпкердің жанын қиюға кімнің дәті жетуі мүмкін? Картада есесі кеткен кәнігі картақұмар Нартай ма? Мүмкін. Әбден мүмкін. Өйткені ол онсыз да баяғыдан Мейрамбай десе жиырыла қалатын. Және бүгін, тап бүгін оның туы жығылды ғой. Көп алдында абыройдан жұрдай қылды емес пе оны Мейрамбай? Құйрығынан тепкендей қылып, есіктен шығарып жіберді.
Әлде… таңертеңгі қоңыраудан соң, күйеуіне қатты ызасы келген Гүлайым ба? «Қой, үш баласының анасы, әрі әйел баласы ғой?», – деп жамандыққа қимайсыздар ғой, білем. Әйтсе де сіздер олардың арасы әлдеқашан суып кеткенін, қит етсе ұрысып, сан мәрте күйеуінің далада қонғанын білсеңіздер ғой. Ішімдікті де бастауына сол себеп болған. Қала берді, айдап салып отыратын енесінің де тілі қандай ащы еді. «Әй, ақымақ, күйеуім-күйеуім деп өліп-өшіп осы үйді соның атына аудартқыздың, абайла, оныңды жас тоқалдың қолына апарып бермесін. Далада қалғанның нағыз өзі сонда болады. Көзін құрт оның. Керегі жоқ ондай алқаштың бізге». Міне, ол үйде сондай ақылгөй отыр.
Болмаса, ақшаға қызыққан кездейсоқ біреу ме? «Қандай ақша?», – дейсіз бе? Әлгінде ғана картадан ұтып алған ақшасы бар емес пе қойнында. Әп-сәтте ұмытып қалдыңыздар ма? Әр детальге мән беріңіздер. Себебі ақиқат осы айналада болуы әбден мүмкін.
Таппадыңыздар ғой? Ендеше, әрі қарай кеттік.
БІР КҮРЕШКЕ ҚАН
Табалдырықтан аттай бере, үлкен бір іс бітіргендей «уһ» деп терең тыныс алды. Енді ше? Еңсегей бойлы, нар тұлғалы жігіт қой? Оңай олжа емес. Үлкен бір іс тындырдым деуіне болады, бұл сәтті ол көптен бері күтіп, жоспарлап жүрген. Қалтасынан шығарған бір тілім қағаз – соның айғағы. Бұл оның құрбандарының тізімі болатын. Ал өзі…
Өзі – ауылдың атақты маньягі. Түрмеде бірнеше мәрте жатып шыққан жігіт ағасы көптен бері қанның исіне шөліркеп жүрген. «Төртінші», – деп күбірледі өз-өзіне. Сөйтті де, айызы қанғанша алақанын ысқылап, рахаттана күліп алды. «Түстің бе ақыры қолыма. Тек жазығым жоқ дей көрмеші, бала кезде талай мәрте сан соқтырғаның есіңде шығар? Аа, есімде жоқ дейсің бе, есесіне мен бір сәт те ұмытқаным жоқ». Осы сәт, жансыз жатқан дене қозғалғандай болды. Ыңыранып дыбыс та шығарды. Сөйтіп еді «қап сені ме, қазір», – деді де қаніпезер қолындағы айбалтасымен қақ маңдайынан бір-ақ шапты. Шапши атқылаған қан, маньяктің бетіне шашырап кетті. Қып-қызыл әрі ыстық қан оны одан әрі шабыттандырып жіберген еді. Әлгінің шетінен бір шынаяққа құйды да, шімірікпестен ішіп жіберді. «Міне, енді таза өлдің. Жаныңды жәһаннамға өз қолыммен аттандырдым», – деді. Осы сәт әлдене есіне түскендей, тысқа ытқып шықты. Онысы марқұмның велосипеді мен екі қап көмірі еді. Велосипедті сарайға жасырды да, екі қап көмірдің аузын ашып, бір шелегін үйге ала кірді. Сөйтті де, өмірі ақталмаған қап-қара пештің қақпағын ашып, соған салып кеп жіберді. Ошақта от гүр ете түсті.
Сұп-суық үйге жан біткендей, бөлме іші жылып сала берді. Қаніпезер сырт киімін шешіп, әрі қарайғы шаруаға кірісті. «Бұл істің басы ғана, жігітім, қызықтың көкесі әлі алда. Көр де тұр, мына тұтас денеңнің түгі де қалмайды. Бөлшек-бөлшегіңді шығарам. Оған күш-қуатым да, тәжірибем де жетеді. Бірінші құрбандығым емес, төртіншімсің». Сөйтті де, өзінің әр өлтірген адамын санамалап шықты.
МОНОЛОГ НЕМЕСЕ МАСКА ШЕШУ…
– Бірінші құрбандығым, әріптесім еді. Ооо, ол кезде менің нағыз дәуренім жүріп тұрған шақ. Білдей милициямын. Обалы не керек, жігіт жуас еді. Қой аузынан шөп алмас момын. Қатыны сұлу боп жолықты да, ақыры сол түбіне жетті. Менің де көз құртыма айналды. Ол да кет әрі бола қоймады. Екеуміз біраз жүрдік қой. Егер үстімізден түспегенде, оны өлтірмес те едім. Қайтем енді. Тап сен құсап, қақ шүйдеден бір-ақ ұрдым. Ұшып түсті. Өзі де сары жигулиімнің жүк салғышында үш күн жүрді. Төртінші күні ұсталдым. Әкем атақты түйекеш. Сол кісі малын сатып, көп жылымды қысқартып алды. Көп ұзамай бостандыққа шықтым да кеттім. Ал екіншім, тіпті есімде жоқ… Ермек үшін өлтіре салдым-ау. Оны ешкім таппады да. Үшіншімен ерегісіп қалдым. Ақша үшін. Қарыз алып едім, қыр соңыма түсіп алды. Ондайда мен аяймын ба? Оны да өлтірдім, өзім де қамалдым. Көп ұзамай тағы шықтым, – осыларды айта жүріп ол тұтас денені бөлшектеп үлгерді. Сосын оларды қара қалташаларға салып тастады. – Ал сені ме, сені? Мені үнемі шаң қаптырып кете бергенің үшін жек көрдім. Футболда да сен жеңдің. Қол күресте де. Ылғи достар сенің айналаңда жүрді. Қыз-қырқын да. Тіпті мен ғашық болған қызды да сен алып кеттің. Түсіндің бе енді? Сонда іштей тістеніп жүрдім. Бір күні қолға түсерсің деп. Жылдап жиналған ыза-кек дейді мұны. «Дүние алма-кезек», кеше ғана сен мені жеңсең, бүгін менің алдымда дәрменсіз дене боп жатсың. Ал, жігітім, енді мен «екі оқпен бір қоян атайын». Қазір сені ауылдағы прокурордың дәл қақпасына апарып тастайын. Кінәлі сол болып шығады. Өзім сүттен таза, судан ақ. Бастысы, сенің де қаныңды ішем дедім бе, іштім. Қоп-қою, ып-ыстық қаныңды. Менің миссиям орындалды.
* * *
Ел шырт ұйқыда жатқан кез. Арба дөңгелегінің дыбысы ғана түн тыныштығын бұзып келеді. Ол да көпке созылған жоқ. Бір кезде шиқыл тына қалды. Себебі, үй арасы жақын еді. Жеткен бойда дереу оны аударды да, өзі апыл-ғұпыл тайып тұрды. Іс бітті, қу кетті.
* * *
Кісі қаны жіберсін бе, көп ұзамай қылмыс ашылды. Себебі, марқұмның еш жазығы жоқ еді. Ол бір. Екіншіден, әппақ қарға тамған қанның ізі тұп-тура әйгілі кісі өлтіргіштің қақпасына келіп тірелген болатын. Қала берді, дөңгелек ізі мен екі қап көмірдің орнын да жасыруды ұмытыпты әлгі әумесер. Әлде, таң ата істесем де үлгеремін деді ме, жоқ түн баласы көзі көрмеді ме. Тіпті полиция көп іздеп те әуре болмады. Барды да, әйгілі рецидивистің қолын артына қайырып, кісенін сылдыратқан күйі алды да кетті.
Қазаны алғаш естіген енесі: «Ә, айттым ғой, ағаңның үйіне бара берме деп, ақыры ажалын сол жақтан тапты», – деген көрінеді. Ал ағасы артынша үйіне кешірім сұрап келген түйекеш шалды табалдырықтан аттатпай, қуып шығыпты. «Сен мені малмен сатып алам деп ойлайсың ба, бауырымды тірілтіп бер, мықты болсаң. Ол менің тірегім еді ғой. Өле-өлгенше әкесін де риза қылған. Енді қайта көзіме көрінбе. Ұятың болса, көшіп кетіңдер бұл ауылдан», – деп айғайлады. Бірақ тырп еткен олар жоқ, қайта аға-жеңгесін сотқа кіргізбей, тек келіншегін ғана сөйлетіпті. Сірә сол кешірім берді-ау дейді білетіндер. Себебі, араға үш жыл салып маньяк ауылға қайтып оралды. Естуімше, содан кейін тағы бір момынды жер жастандырып, тіпті басын адам танымастай үйітіп, «Арыс-Түркістан» каналына ағызып жіберген көрінеді. Жә, бәрін қоя берші, марқұм Мейрамбайдың артында үш баласы жетім қалған еді. Ең кішкентайы әлі емізулі болатын. Бүгінде ер жеткен ұлдары әкесін өлтірген маньяк әлі қамауда отыр деп ойлайды. Шешесі де жеңгесіне әр қоңырау шалған сайын: «Жеңеше, біздің балаларға әлгінің бостандықта екенін айта көрмеңіздерші. Әкелерінің кегін алам деп, олардан да айырылып қалармын», – деп жылайды…