Әмірбек ШАЙМАҒАМБЕТОВ
Кеше ғана, үйлену тойын күтіп жүрген бала жігіт тосын қазаға ұшырады. Мәйітін ағайын-жұрт жаңа көшіп, енді орныға бастаған, оқшау жатқан, оңаша үйінен таңертеңгілік мезгіл тауып алды. Бір апта бойы хабар-ошарсыз кеткен жас бауырын жамағайындары жан-жақтан топ құрып, белсене іздеуге кіріскені сол еді, суыт хабар келіп жетті. Бұ дүние қуанышын көрмеген, қызығын кешпеген қайран Нұрланды ешкім өлімге қиған жоқ, қашанда жайсаң, жайдарман жанды бәрі тегіс құрметтеуші еді. Көрші-қолаң пәтерлерін желдетіп, өліктің жағымсыз исіне шыдай алмай, есікті бұзамыз деп отыр екен. Ашып кіргенде, қолқаны қапқан тымырсық ауа лап етіп сыртқа төгілді. Бүкіл подъезді алып кетті. Сөйтіп, тар аула таң атпай мүңкіп қоя берді.
Өлік – тілгіленген, пышақ – диванда жатыр. Төңірек, бөлме іші қызыл-ала қан, жанталасқан қарсылық ізі. Мүрденің бетін жауып қойыпты. Қашан, қай мезгілде пышақталғаны белгісіз, бірақ, жан беру оңай ма, көп қарсыласқаны көрініп тұр. Киімі жұлым-жұлым, қадаған түймелері үзілген, тергеу тобы суретке түсіріп жүр.
Өлтірген адам не көздеді екен? Жанына ең қатты батқан ет жақыны Құрманай. Уәде байласқан күні мерт болды. Бірін бірі қалтқысыз сүйді, шексіз жақсы көрді. Әрі араларында көлденең тұрған адам да болған жоқ. Мүмкін, келген екеу ме. Біреу өлтіруге жұмсады ма екен, әлде кек алды ма?
Ол Нұрлан жақтан ешкімді білмейді. Танымайды. Жетім бала. Туған-туысы жайлы тіс жарған емес. Әлде үйден бірдеңе әкетті ме? Ұрлыққа келмейді. Бар зат орнында. Әдетте, ұры шатаспайды, аңдып жүріп түседі. Сосын, қайта айналып соқпайды. Қалағанын алады, кісі өліміне бармайды, жақсы олжадан кейін бой тасалап бұғып жатады, әлденеше уақыт көлденең жұрт көзіне көрінбей кетеді. Елеусіздеу жүреді, күндердің күнінде қырағы назары тонауға қолайлы әрі қауіпсіз жерді таңдайды, шебер қолдар күллі құлыпты ашады, бүкіл қорғанды бұзады.
Үй астаң-кестең. Біз болдық деп айғайлап тұр. Несіне қопарғаны беймәлім. Әйтеуір ештеңе алмаған. Дүние, қор жинайтындай мүмкіндігі болған жоқ, табысы шағын, сондықтан, ешқашан қаржы-қаражатын үнемдеген емес. Басында ата-анасынан қалған жұпыны пәтері бар-ды. Өлтірген адам пәтерге қызықты ма екен. Оның өзі айырбасталып кетті.
Ол сәкіде отыр. Естеліктер көп, ой да жағаласып қоймайды, тоқтар емес, ағыл-тегіл. Бірінің артынан бірі келеді. Қарызын қайтара алмай қалды ма екен? Оған ешкім көңіл айтпайды. Тіпті, назар аудармайды да. Құрманай – бұл үйге бөтен кісі. Оның әке-шешесі той қамымен жүгіріп жүр. Бақытты. Нұрлан да ұнады. Бекер сөз шығындамайды, бос сөз сөйлемейді, үнемі күліп тұрады, бейнетті көрген, мехнатты білген жас. Еңбекқор. Құрманай жарқын келешегіне, шат ғұмырына, жоспарына кәміл сенген. Қастерлі жан аяулы аруына ғашық, сүйген жар ердің еріне жақ. Бірақ, махаббат әні ерте үзілді.
Бір жыл өткен соң, біреуден тосын хат келе бастады. Бейтаныс құрбы алғашқыда есім-сойын жасырып біраз әуреледі. Кейін жұрт жоғалтып алған Құралай екенін айтты. Өлімнен қорқып сырт елде бой тасалап қашып жүргенін мойындады. Құралай салған беттен оның e-mail мекенжайын ешкімге айтпауын сұрады. Біз екеуміз қылмыскерді табамыз деп үміт білдіріпті. Жұрт мені де іздеп жатқан шығар.
Бір қызығы, хат поштаға жазылмаған, жай тіркелген екен. Демек, жіберуші адам мен жазушы адам екеуі екі бөлек, сірә. Құрманай екіұдай, Құралайдың виртуалды бейнесіне, түйдек-түйдек сөзіне сенерін, не сенбесін білмейді. Көсіліп жазады, көлгірсіп сөйлейді. Басында өмірдің мәні, ажалдың азабы туралы кесек-кесек трактаттар жазды, кейін етектей-етектей еңбектерге көшті. Бір хатында тақырыбын кеңейтіп, өзі жайлы еркін, терең қалам тартқан екен, өзін-өзі кінәлап біраз жерге барыпты. Көркем шығарма тәрізді ұзақ-ұзақ толғаныстар, ой-пайымдар, тұжырымдамалар келтіріпті. Ол да сүйді, бірақ, махаббат екеуіне бұйырмаған екен. Құрбысы шын сүйіспеншілік, адал махаббатқа тілеуқор.
«Бақытты бол. Тас түскен жеріне ауыр. Мойыма. Өмір алда. Кім өлмейді, байға да, кедейге де ұзындығы он табан, көлденеңі бес табан көр ғана бұйырады. Біткен байлық қалқиып соңында қалады. Бар дәулеті – қос құлаш торқа топырақ. Қамқа жапырақ. Еншісі – бір қабір. Екі қабір де емес, қазып жатқандардан екі қабір де сұрай алмайсың. Үш бөлмелі қабір, тіпті, жоқ. Жалпы, ғұмыр мағынасыз. Мән іздеп сандалғандар мәнсіз өмір сүргендерден артық емес».
Ол ойланып қалды. Көшеге шықты. Кері жауап жіберіп еді, мессендж қайтып келді. Телефонын өшіріп, қалтасына салып қойды. Бағдаршамның тура алдында төбеден темір қаңылтыр қиындысы құлап түсті. Бір қадам алға басқанда, маңдайын жаратын еді. Көше аралап қайтып келе жатып жаңағы қиылысқа жеткенде, ту сыртынан тағы бірдеңе тарс ете қалды. Шошып кетті. Біреу аңдып жүргендей көрінді. Хат келді. Бұл жолы хат Нұрланды кім өлтіргенін табамыз, алайда, оны ұстай алмаймыз, депті. Мені қайдан біледі, деп ойлады Құрманай. Әлде шын Құралай ма. Кілтипан сонда. Қайдан білетінін анықтасам, барлық сыр ашылады.
Тергеушілер ұзақ жоспарланған қылмыс деген қорытынды жасады. Ешқандай ілік жоқ. Өлтіргендер екеу ме, үшеу ме, анықтай алмады. Жалғыздың қолынан келмейді десті, көп болса, із қалдырып кетеді, сондықтан, шағын топ. Күтеміз. Уақыт өте келе өздері-ақ көріне бастайды. Белгі береді. Сол кезде белгісін тани алсақ болғаны.
Іңірде тағы хат түсті. Бәріміз де өлеміз, депті. Құрманай енді байқады, хат бір тараптан ғана келеді, екінші тараптың хаттары қабылданбайды. Ол ғана сөйлейді. Қарсы жақ үнсіз. Тыңдауына болады, уәж айтуына рұқсат жоқ. Хаттар – ақылгөй. Әрі батагөй, дұға-тілегі таусылмайды, көп. Ол хат көлемі барған сайын ұлғая түсетінін аңғарды. Қордаланып-қордаланып том-том кітап болды. Жанры – автофикшн. Әрі, мазмұны қоюланып өзгеріп бара жатқандығы да байқалды. Құралай хаттары Нұрлан қазасын ұмыттырмай, үнемі еске салып тұрады. Не үшін жазылатыны түсінікті болды. Демек, Құрманайдың жаны ұзақ қиналсын деген теріс ниет, аярлық. Біреуге азап тілеген қатігездік. Хаттар енді ұсақ-түйек детальдарға ауыса бастапты. Жыл маусымына қарай сәнді киінетін еді, ол заман өтті. Қазір, негізінен, үйде, көзге түспеуге тырысады. Кінә басқада. Оның екі қолы таза, кісі өлтірген жоқ, қан жүктеген емес. Жұрт бекер айыптайды. Соңғы хат дерексіз келді. Тап-таза күйінде, аппақ қалпында. Нені білдіреді, түсініксіз. Пенде тағдыры тақта тәрізді дегені ме. Ескі пассаж. Көп қолданылған түйін. Сөйтіп, хаттар легі тоқтады. Бірақ, қылмыскердің аты аталған жоқ. Құрманай, бұл кім болды екен деп алаңдап жүрді. Менен өшін алған бір әйелдің ісі ме. Әлі азаптап келеді.
Соңғы хат қайта жазылып поштаға түскенде қатты қуанды. Хатты жазған мен, депті автор, Құралай.
« – Кешір, құрбым, мен де Нұрланды сүйдім. Бірақ, оны және өзімді өлтіруге тура келді. Екеуіңнің бақытың менің қасіретіме айналар еді. Қайғыны қайғы, қасіретті қасірет қана баса алады. Саған келіп жатқан хаттар алдын ала қағазға түсірілген, дәлірек, компьютерге терілген дүние, қазаға ұшырамай тұрып, өзіме-өзім қол жұмсаудан бұрын, мұқият дайындалған жазбалар, бір адам оны бөліп-бөліп жіберіп отыруы тиіс еді: ақшасы төленген.
Сенің компьютерден үшбу хаттарды үңіліп тізіп оқып отырғаның – менің баяғыда өлгенімді білдіреді. Хат – ажалымның белгісі. Қазам жайлы суық хабардың жаршысы. Оны сен аңдай алдың ба, жоқ па, білмедім. Мен тіріде бұл хаттар қолыңа тимес еді. Өйткені, аманат бойынша, жүз месседж – мен өзімді-өзім өлтірген соң – ертеңіне бір-бірлеп саған жіберіле бастайды. Күніне, маңыздылығына қарай, екі-үшеуі тапсырмада көрсетілген мекенжайға аттандырылады. Тағы бір топ жұмысты мұқият қарап, тексеріп, қадағалап отырады: ақшасы төленген.
Құрманай жылап отыр. Неге? Неге?
Хат жіберуші тапсырма бойынша түнгі сағат он екіде он екінші құрылыстың жанынан өтеді, тура сол кезде төбесінен он екі кірпіш құлайды, оны лақтыратын он екі адам, көрмей, білмей, қабырғадан асыра тастайды: ақшасы төленген.
Мен жоқпын, бірақ ақша жұмысын тоқтатқан емес, ақша адам өлген соң да қызметін жалғастыра береді. Ақысы төленген тапсырма аялдамайды, кестесіне сай орындалады. Тегі, ақшада ажал жоқ. Мәңгілік өмір сүреді. Бағасы бардың құндылығы бола ма. Құндылықтың бағасы өлшеусіз, өлшенбейді.
Құрметпен Құралай.
P.S. Сонымен, Нұрланды мен пышақтадым. Екі қолымда екі өткір пышақ, қуып жүріп сойдым. Жүзі денесіне тигенде таспадай тілініп түседі. Жақсы көретін адамыңның өмірін, тағдырын билеген ғажап екен, соза түскім келді, ол жалбарынып алдыма құлады, кешірім сұрады, үйленуге дайын екендігін айтты, тыңдамадым, өйткені жалған дүниеде қорыққан адамдай екіжүзді пенде жоқ, ал, әлемде қорқыныштан асқан опасыздық бар ма?
Хаттар легі кезек-кезек мүдірмей кетіп жатқанын мұқият тексерген соң, поштасын жауып, компьютерін сөндіріп, орнынан көтерілген Құрманайды бөлмеге атылып кірген төрт адам тұтқындады. Екі қолына кісен салды. Құрманай жылаған жоқ, ұстағандарға үнсіз бағына берді.
Сот мәжілісінде, Құрманайдың сөзі қысқа болды: Құралайды Нұрланға бара жатқанда, орман ішінде, Нұрланды үйінде, Құралайды күтіп отырғанда өлтірдім. Болды. Қара жамылған хаттар Құрманайды құтқара алған жоқ. Хат жіберуші құрылыс нысанына баруға секемденді. Әрі қасынан серуендеп өтудің еш қисынын таппады. Құрылыс бар жерде қашанда төбеден кірпіш құлайды. Ол басқа маршрутты таңдап алды. Бәрібір, еңбексіз тапқан ақша жоғалса, ешкім іздемейді, себебі, артында күмәнді тарихы бар. Барымен – базар, пәлеге ұрынып қайтеді. Пәле деген өзі аяқ астынан.