Кеше Мәжіліс отырысында Қазақстанның Бас прокуроры Берік Асылов баяндама жасап, қаңтар оқиғасына қатысты істердің жүргізілу барысын айтты. Естеріңізде болса, өткен аптада құзырлы органдарға «Жаңа Қазақстан» депутаттық тобының атынан Жанарбек Әшімжан сауал жолдап, қаралы қаңтар оқиғасына қашан құқықтық баға берілетінін сұраған. Бас прокурор өзінің есебін оқиғаның барысын көрсететін қысқаша бейнероликтен бастады.
«Қазақстан тәуелсіздік жылдарында мұндай қатыгездікке алғаш рет тап болып отыр. Елдегі митингілер бастапқыда бейбіт болғаны белгілі. 1 қаңтардан бастап батыс өңірлері газ бағасын төмендетуді талап етті. Яғни, ешқандай саясат болған жоқ. Таза әлеуметтік-экономикалық талаптар қойылды. Өңірге жедел түрде жіберілген үкімет комиссиясы газ бағасына қатысты қойылған талаптарды қанағаттандырды.
Осыған қарамастан Алматы, Шымкент және басқа өңірлерде адамдар көшеге шықты. Олардың жалпы саны екі күнде 50 мыңнан асты. Ең көбі Алматыда. Басында жиындар бейбіт сипатта болды. Алайда, шерудің бақылаудан шығуы сағат сайын жағдайды қиындатты.
3,4,5 қаңтарда Мемлекет басшысы демонстранттарға үндеу жолдады, заңды сақтауға және деструктивті күштерді арандатуға жол бермеуге шақырды. Соған қарамастан, қылмыстық және радикалды элементтер белсенді де қатаң әрекеттерге көшті» – деді прокурор өз баяндамасында. Оның айтуынша, 4 және 5 қаңтарда азаматтар жиыны агрессивті сипат алып, 11 аймақта зорлық-зомбылық әрекеттеріне ауысқан. «Ұйымдастырушылар белгілі жоспармен әрекет етті, WhatsApp және Telegram арқылы топтың жиналуы мен қозғалысын үйлестірді. Олар көп адамды жинап қаруландырды. Кейін топтың бір бөлігі дүкендерді қиратып, тонауға кірісті. Тоналғаннан кейін қылмыстың ізін жасыру үшін тіпті көппәтерлі үйлердің бірінші қабатындағы үй-жайларды өртеген.
Басқа қарулы топтар мақсатты түрде әкімшіліктердің, Президент резиденциясының, полиция мен ҰҚК ғимараттарына шабуыл жасап, басып алды. Алматыдағы әуежай мен басқа да нысандарды қиратты. Олар қоршауды қалай бұзу керектігін біліп, полицияға жабуыл жасады. Аңшы қару-жарақ дүкендерін тонады.
Телеэфирге шығуға тырысты, ол іске аспай қалған кезде, телекомпания кеңселерін тонап, өртеп жіберді. Алматыда және басқа да ірі қалаларда қылмысты жасыру үшін 800-ден астам бейнекамераны қиратқан.
Басып алынған қаруды, азық-түлікті және ауыз суды, жеткізу ұйымдастырылған.
Такси, жүк көліктері мен автобустардың жүргізушілерін көшені жауып тастауға мәжбүрледі. Яғни, бейбіт азаматтарды өз істеріне пайдаланған. Арнайы автокөліктер мен басқа да жүк машиналарын таран есебінде қолданған», – деді ол депутаттардың алдындағы есебінде.
Бас прокурор сондай-ақ, осы оқиғалар кезінде 3,5 мыңға жуық қауіпсіздік күштерінің жарақат алғанын да айтып өтті. «Бірақ сол кезде де шабуылдаушыларға оқ атылмады! Сол қиын жағдайда полиция қызметкерлері, Ұлттық ұлан мен Қарулы күштердің әскери қызметшілері соңына дейін зорлық-зомбылықты тоқтатуға тырысты, жауынгерлік қаруды қолданбады. Олар өлім тудырмайтын арнайы құралдар – резеңке оқтар, көзден жас ағызатын газ және жарық шулы гранаталары ғана қолданды. Бірақ бұл әлсіздік ретінде қабылданды», – деді ол. Прокурордың айтуынша, құқық қорғау органдарында тергеліп жатқан істің басым бөлігі Ішкі істер министрлігінің өндірісінде. Олар – адам өлтіру, ұрлық, қарақшылық, бұзақылық, қару ұрлау. Мекеме басшысының мәліметінше, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет, тергеудің заңсыз тәсілдерін қолдану деректері бойынша 234 істі жүргізіп жатыр. Ұлттық қауіпсіздік комитеті: мемлекетке опасыздық жасау, билікті басып алуға әрекет ету және аса ірі мөлшерде пара алу бойынша 15 істі тергеуде. Бұл істер бойынша, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің бұрынғы төрағасы К.Мәсімов және оның 3 орынбасары сот санкциясымен қамауға алынды. Осы органның тағы 2 басшысы, билікті асыра пайдалану күдігімен қылмыстық жауаптылыққа тартылуда», – деді Берік Асылов 5 қаңтарда 2 полиция департаментінің және ҰҚК-нің Алматы қаласындағы, Алматы, Жамбыл және Қызылорда облыстарындағы 3 департамент қызметкері өз ғимараттарын қарумен қалдырып кеткенін айтты. «Осы деректер бойынша 7 қылмыстық іс қозғалды. Олар бойынша тергеу әрекеттерінің негізгі көлемі аяқталды.
Алматы қаласы ҰҚКД бастығы қамауға алынды. Басқа тұлғаларға қатысты қазір дәлелдемелерді жинау және талдау жүріп жатыр. Сондай-ақ, Қорғаныс министрлігінің бұрынғы басшылығының өкілеттіктерін асыра пайдалану дерегі бойынша тағы бір қылмыстық іс тергеліп жатыр. Бұрынғы Қорғаныс министрі қамауға алынды. Тергеу жалғасады», – деді Берік Асылов.
«Бүгінгі таңда әкімшілік ғимараттардың шабуылына тойтарыс беру кезінде және құқық тәртібін жүргізу барысында 86 шабуылшының көзі жойылғаны анықталды. 53 қайтыс болған адам бойынша өлімнің мән-жайы анықталып жатыр. Олар қала аумағында әртүрлі жарақаттармен, соның ішінде 48 – атыс, 2 – пышақ, 3 адам басқа жарақаттармен және күйіктермен табылды.
Басқа 7 өңірде 63 шабуылдаушыны құқық қорғау күштері әкімшілік, полиция және ҰҚК департаменті ғимараттарын қорғау кезінде жойды.
Бүгінгі таңда біз кездейсоқ оққа ұшқан 20 адамның қайтыс болғанын нақты білеміз. Оның 11-і Алматы қаласында, 8-і Алматы облысында және біреуі Тараз қаласында.
Олардың ішінде оттың астына түскендер, бүлікшілердің қолынан қаза тапқандар, сондай-ақ, блок-бекеттерде әскери талаптарға бағынбағандар да бар. Бүгінде жедел-тергеу іс-шаралары жалғасуда. Қылмыскерлерді іздеу, дәлелдемелерді жинақтау мен бекіту жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Тергеу құпиясы және кінәсіздік презумпциясына қатысты, заңнама талаптарын ескеріп, тергеліп жатқан істер бойынша шектеулі деректерді ғана келтірдім. Естеріңізге салайын, тергеу мерзімі екі айдан сәл ғана асты», – деді ол.
Сонымен қатар, жиында 19 шетелдіктің ұсталғаны белгілі болды. Олардың арасында Ресей, Өзбекстан және Қырғызстан азаматтары бар. Олардың ереуілге қатысқаны, яғни, жаппай тәртіпсіздік бойынша ұсталғаны айтылды. Қаңтар оқиғасы кезінде 9 адам уақытша ұстау абақтысында көз жұмған. «Прокуратураға тергеудің рұқсат етілмеген әдістеріне байланысты барлығы 301 шағым түсті. Азаптау және билікті асыра пайдалану бойынша 243 қылмыстық іс қозғалды. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің қарауында 234 қылмыстық іс бар. Жоғарыда аталған істерге қатысты 9 лауазымды тұлға ұсталды, оның ішінде 8 ҰҚКД қызметкері және бір полиция қызметкері бар. Олардың барлығы соттың санкциясымен қамауға алынды. Олардың ішінде Алматы облысы полиция департаментінің ғимаратында үтік қолданып, адамдарды азаптады деп күдікке ілінген полицей де бар», – деді Берік Асылов Мәжілістің жалпы отырысында. Оның айтуынша, Алматыда ҰҚКД-ның 6 қызметкері адамдарды азаптады деген күдікке ілінген. «Дикий Арманның» қылмыстық тобы ұрлаған 24 азаматты азаптаған. Салдарынан барлық жәбірленуші дене жарақатын алып, бір адам қайтыс болған. Алматы облысы ҰҚКД-ның тағы 2 қызметкері бұрын уақытша ұстау изоляторында ұсталған адамды ұрып-соқты деген күдікке ілінді. Абақтыдағы адам қайтыс болған. Тергеу жүргізіліп жатыр», – деді Бас прокурор. Берік Асылов қаңтар оқиғасы кезінде 230 адамның қаза тапқанын да жеткізді.
Ж.Құдайберген