Қаталдық пен қайсарлықты талап ететін ҚАЖ саласында қызмет атқару нәзік жандылар үшін оңай емес. Әйтсе де, әйел затына тән нәзіктігін жоғалтпай, қызметі мен жеке өмірлерін қатар үйлестіріп жүрген сондай жандардың бірі, әділет лейтенанты, ЗК-169/1 тергеу изоляторының РжКБ-нің инспекторы Нүркен Жансая.
Жас қыз осы мекемеге алғаш келгенде, бір аусымда бақылаушы болып жұмыс жасайтын Асқаров Сәбитпен көңіл жарастырып, отбасын құрды. Бүгінде бір бүлдіршіні бар. Еліктің лағындай сүп-сүйкімді жас келіншек жарының сүйіктісі, қызының аяулысы ғана емес, мекемедегі ең жауапты қызметкерлердің бірі.
Бұл қызметкердің ұқыптылығының нәтежиесінде режим бөлімінің барлық кіріс-шығыс құжаттарына дер кезінде жауаптар жазылып, тиісті орындарға жолданылып отырылады.
Қызметіне деген жауапкершілігі бағаланып, мекеме бастығы тарапынан алғысхат алып, құрметке де бөленді.
-Менің форма киіп, ер азаматтарға тән мамандықты таңдауыма әкем мен әпкемнің ішкі істер саласында жұмыс жасауының әсері болды. Содан болар, жасымнан қатал талапшыл тәрбиемен өстім.
Қызметімнің қиындығы басым келеді. Ерте келесің, кеш қайтасың. Ондай сәттерде жарым Сәбит өзіммен бірге жұмыс жасағандықтан, түсіністікпен қарайды. Отбасымда аналық, келіндік міндетіме де уақыт тауып, үй тіршілігін де үлгеремін. Бұл үшін анама рахмет айтам. Өйткені анам жасымнан шаруашылыққа баулып, қазіргі жанұялық өмір жолына тәрбиеледі. Дұрыс жар таңдап, өмірден өз орнымды табуда ақылын аямады, мейірімін төгіп аялады.
Тұрмысқа шығып, Сәбиттің шаңырағына келгенде, екінші анам да, жан-жылуын беріп, өзіне баурай білді. Мен де, ол кісіге құрметпен қараймын. Анамдай көріп, сыйлықтар жасап тұрамын.
Сәбит екеуміздің бұл жылғы 8-наурызға қос анамамызға көрсеткен ең үлкен құрметіміз «Офицердің анасы» деген медальді тартуымыз болды. ҚАЖ департаменті бастығының қолынан медаль алу, аяулы жандарымыздың мерейін өсірді.
Мен қос анамды, жердегі тәңірім деп қабылдаймын. Өйткені бүгінгі жетістігім, сол аналарымыздың көрсеткен өнегесінен бастау алады.
Енді бүгін міне, өзімде ана болып, үлгі көрсетер жастамын. Меніңше, әйел заты ақылы мен қайратын қатар ұстап жүрсе, бақытты болып, құрметке бөленеді — дейді, жаны жайсаң Жансая.