«NuR Otan» партиясының кезектен тыс өткен съезінде партияның атауы өзгерді. Мәжіліс спикері Ерлан Қошановтың бұл ұсынысын президент Қ.Тоқаев, партияның өзге де мүшелері қолдады. Кезектен тыс өткен съезде саяси кеңес құрамы да өзгертілді. Оған Премьер-Министр Әлихан Смайылов, Президент Әкімшілігінің жетекшісі Мұрат Нұртілеу, «Астана» медициналық университетінің ректоры Камалжан Нәдіров, «Қазақ тілі қоғамының» вице-президенті Максим Рожин енді.
Қасым-Жомарт Тоқаев жиын барысында барша қазақстандықтарды Алғыс айту күнімен құттықтап:
– Біз осындай ынтымақтың арқасында қаңтардағы қиын-қыстау күндерде мемлекеттігіміз бен тұтастығымызды қорғап қалдық. Тәуелсіздігімізге төнген қатердің бетін қайтардық. Сын сағатта бірлігін сақтай білген барша отандастарымызға зор ризашылық білдіремін. Ұйымды жаңғырту туралы алқалы жиынның дәл бүгін өтуінің символдық мәні бар. Бірінші наурыз – партияның құрылған күні. 23 жыл бұрын еліміздегі ең басты саяси ұйымның негізі қаланды. Партия халықты ортақ мақсатқа жұмылдырды. Қоғамға пайдалы көптеген бастамалар көтеріп, сайлаушылардың қолдауына ие болды, – деді. Президент сонымен қатар партияның ел өмірінде елеулі рөлге ие болып, оның белсенді мүшелері осы уақыт аралығында қажырлы еңбек еткенін де айтты.
«Аманат» атқа қонды
Қазақстан халқы қаңтар оқиғаларынан кейін «Жаңа Қазақстанды» құру мәселесіндегі ауқымды, кең көлемді шаруаларды бастады.
«Алдымызда мемлекетіміздің болашақ тағдырын шешетін аса маңызды жұмыс тұр. Оны ойдағыдай жүзеге асыру үшін жаңа мақсат-міндеттерімізді айқындап алуымыз қажет. Партия барлық реформаға ұйытқы болуға тиіс, – деп сөзін сабақтаған Мемлекет басшысы саяси партия атауына қатысты таңдау да үлкен жауапкершілікпен сараланғанын баяндады.
– Саяси ұйымның атауын Аманат деп өзгерту ұсынылды. Жасыратын ештеңе жоқ, мен де бұл мәселеге байланысты пікірталасқа қатыстым. Бірнеше ұсыныс болды, соның ішінен Аманат деген атауға тоқтадық. Бұл – еліміз үшін де, ұлтымыз үшін де айрықша мәні бар киелі ұғым. Егемендігіміз, елдігіміз бен бірлігіміз, кең байтақ жеріміз – бізге бабалардан жеткен аманат. Осы қастерлі құндылықтарымызды көздің қарашығындай сақтап, болашаққа мирас етуіміз керек. Мемлекеттілік, дәстүр жалғастығы, ұрпақ сабақтастығы дегеніміз – міне осы. Халқымыз ешқашан аманатқа қиянат жасамаған. Партия бұл қағидатты берік ұстанады. «Аманат» ата-бабаларымыздың келешек ұрпаққа қалдырған өсиеті деген ұғымды білдіреді. Аманат сөзінің мағынасы терең, халқымыздың тарихы мен мәдениетінде ерекше орын алады. Ол бабаларымыз өсиет еткен тәуелсіздіктің мәңгі арман-мұраты, қуатты мемлекеттіліктің және жалпыұлттық тұтастықтың, кең-байтақ Отанымыздың құндылығы ретінде сипатталады. Біз осы баға жетпес мұрамызды сақтап, нығайтуға тиіспіз. Бұл – біздің аға буын мен өскелең ұрпақ алдындағы қастерлі борышымыз. Сондықтан мен партиямызды ресми түрде Аманат деп атауды толық қолдаймын, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
«Сөз емес, іс маңызды»
Қаңтар оқиғасы партия жұмыстарына түбегейлі өзгертулер қажеттігін көрсетті.
Аты ғана емес, затына да түпкілікті жаңалықтар енгізуді қажет ететін құрылым енді өзінің алдына мүлдем жаңаша мұрат-мақсаттар қойды. Партия төрағасы осы мұрат-мақсаттар жолындағы бірқатар бағыттарды айқындады. Президент бұған дейінгі бюрократиялық ұстанымдарды сынады.
– Партия аппаратының жұмысында бюрократияның теріс сипаттары анық көрінді. Желілік кестелер, есеп беру және қағаз жүзіндегі іс-шаралар сайлаушылармен тікелей жұмыс істеуді екінші орынға сырғытты. Жұмысқа құлшынып тұрған азаматтар өз орындарын дарынсыз функционерлерге беруге мәжбүр болды. Сондықтан, орталық аппараттың филиалдармен және бастауыш партиялық ұйымдарымен өзара іс-қимыл әдістерін толығымен қайта қарау қажет. Бюрократия мен қағазбастылықтан үзілді-кесілді бас тарту керек. Аймақтық филиалдар мен бастауыш ұйымдары сайлаушылармен өздігінен жұмыс істей алады және жұмыс істеуге міндетті. Орталық аппарат нұсқаушылық және «қолмен» басқару тәжірибесінен арылуға тиіс, – деді Мемлекет басшысы.
Президент сондай-ақ, Мәжіліс пен мәслихаттардағы фракциялардың қызметін жандандыру қажеттігін, депутаттық фракциялар диалог алаңдарын ұйымдастыру міндетін өздеріне алу қажеттігіне ерекше тоқталды. Мақсат жұмыстан нәтиже шығару екендігін де ескертті.
– Әлеуметтік желілер мен қала алаңдарындағы қоғамдық талқылауларды Парламент пен мәслихаттарда өткізген жөн. Бұл – аса маңызды міндет. Фракциялар депутаттық сауалдармен шектеліп қалмай, парламенттік және қоғамдық талқылаулар мен ашық пікір-сайыстарға баруға тиіс. Керек болса, Үкіметтің нақты мүшелері мен әкімдерге сенім мәселесін көтеру қажет. Барлық деңгейдегі партия депутаттарының рейтингі алдын ала дайындалған есептерге емес, нақты істер мен азаматтардың мәселелерін шешуге негізделуі керек, – деді ол.
«Партия орындалмайтын уәдені бермегені жөн»
Қай кезде де азаматтардың мүдделерін ілгерілету және партияның ашықтығы маңызды.
– Партия популизмге салынып, орындалмайтын уәде бермегені жөн. Сонда Премьер-Министр мен кабинет мүшелерінен қажетті сандарды талап етуге де жол берілмейді. Егер осылай жалғаса берсе, күдік күшейіп, адамдардың партияға деген сенімі жоғалады. Ал оның партияға кері әсері тиеді. Бұндай көзбояушылықтың салдары адамдардың әлеуметтік көңіл-күйіне және ішкі саяси тұрақтылыққа ықпал етеді. Бұған, әсіресе, геосаяси тұрақсыздық жағдайында жол беруге болмайды. Сайлаушылармен кері байланысты күшейткен жөн және осы бағытта қоғамдық қабылдаулардың әлеуетін барынша пайдалану қажет, – деді Президент.
Елдің шын мәнінде жанданып, кемел елге, зайырлы мемлекетке айналуы үшін партияның әр мүшесі атсалысу қажеттігін айтқан Тоқаев олардан тың ұсыныстар күтетінін де тілге тиек етті.
– Ашығын айтқанда, қазіргі кезде саяси менеджерлерді даярлау ісі ақсап тұр. Қазіргі жағдайда саяси басшылар түрлі мамандармен, жастармен, журналистермен, халықтың барлық өкілдерімен тіл табыса алуы керек. Мұндай адамдар ел арасында аз емес. Әлеуметтік лифтінің жоқтығы – бірден-бір кедергі. Жас әрі қабілетті мамандарға мүмкіндік бермейміз. Бұл – біздің басты кемшілігіміз. Партия құрылымында Саяси менеджмент академиясы бар. Осы академияның қызметін күшейту қажет, – деді ол.
«Бейбітшіліксіз даму жоқ!»
Президент Украинадағы жағдайға да әділ таразы керектігін айтты.
– Біздің ұстанымымыз мемлекетіміздің қауіпсіздігін, егемендігі мен аумақтың тұтастығын қамтамасыз етуді көздейді. Біз 2010 жылы Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының саммитін өткізген ел ретінде еуразиялық қауіпсіздіктің тұтастығы қағидатына бейілдіміз. Мен бұл туралы 10 ақпанда Мәскеуге жасаған сапарымда айттым. Біз екі мемлекетті келіссөз үстелінде ортақ тіл табысуға, уағдаластық пен келісімге келуге шақырамыз. Басқа жол жоқ. Жақсы жанжалдан жаман бітім артық. Бейбітшіліксіз даму болмайды, – деді Мемлекет басшысы. Қасым-Жомарт Тоқаев сөз соңында елдің қауіпсіздігі мен халықтың әл-ауқатын қамтамасыз ету үшін қолдан келгеннің бәрін жасауға уәде берді.
Ж.Құдайберген