Мәжіліс депутаты Мейрамбек Төлепберген депутаттық сауал жолдап, «жегені жантақ, арқалағаны алтын» журналистер қауымының қаламақы мәселесін көтерді.
«Қазақстан Республикасының Президенті Қ. Тоқаев: «Жаңа Қазақстанды құру үшін түсінікті және әділ мемлекеттік саясат жүргізілуі керек» — деді. Билік пен қоғамның адал еңбек пен әділ ынталандыру идеологиясын ұстануы қажет екеніне назар аударды. Осы мақсаттарды жүзеге асыруда бұқаралық ақпарат құралдарының атқаратын қызметі орасан зор.
Елімізде тіркелген 4750-ден астам бұқаралық ақпарат құралдарында қызмет ететін сан мыңдаған журналистер қауымының өзекті мәселесін көтеріп отырмыз.
Жалпы мемлекет тарапынан оларды қолдауға мейлінше көңіл бөлініп келеді. Мысалы, мемлекеттік ақпараттық тапсырыс 2022 жылы — 50,8 млрд. теңге бөлінсе, 2023 жылы – 48,4 млрд. теңге , ал 2024 жылы – 47 млрд. теңге бөлу көзделіп отыр. Дегенмен, БАҚ сапасына, таралымына қатысты проблемалар баршылық. Солардың бірі – журналистерді ынталандыру жайы.
Атап айтқанда, отандық бұқаралық ақпарат құралдары (газеттер мен журналдар, радиолар мен телевидение және ақпараттық агенттіктер мен желілік басылымдар) өз авторларына қаламақы төлеуді тоқтатқалы көп жылдың жүзі болды. Авторлары ғана емес, бірлі-жарым редакцияның тиын-тебен беретінін айтпағанда, түгелге жуық баспасөз бен телевидениеде қаламақыны тілші-редакторлары да алмайды.
Ал, қаламақы дегеніміз – шығармашыл адамдардың, журналистер мен саналы ойлы авторлардың интеллектуалдық-рухани байлығының жемісі. Нарық жағдайындағы бірден -бір табыс көзі.
Дүние жүзінде дамыған елдеріндегі шығармашылық адамдар — ақындар, жазушылар, журналистер, режиссерлер, композиторлар, суретшілер өздерінің туындыларына бұйыртқан қаламақыларын алып отыр. Дамыған елдерде тіпті, сол қаламақымен күн көретін қаламгерлер де бар.
Журналистің еңбегіне төленетін қаламақының терең әлеуметтік факторы да бар. Оқырмандар мен көрермендер негізінен репутациясына дақ түспеген, кісілік ұстанымы мықты, сөзі дуалы, ойлы авторлардың туындыларын көріп, тыңдап, оқығанды қалайды. Бірақ, қоғамдық пікір туғызушы мұндай тұлғалар мен әйгілі адамдарды тарту үшін ынталандыру тетіктері қажет деп санаймыз.
Нарық заманында елімізде ерекше сұранысқа ие журналист мамандығының қадір-қасиетін бағалап, шығармашылық қарым-қабілетін барынша көрсетуге әлеуметтік-материалдық қолайлы, тиімді жағдай туғызуға да жаңаша көзқарас қажет.
Қозғалып отырған мәселеге байланысты, біріншіден, ҚР Қаржы министрлігі мен ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің аталмыш саладағы әлемдік тәжірибені зерттеп, қаламақы жүйесін қайта енгізуге байланысты тиісті ұсыныстар әзірлеуін сұраймыз.
Екіншіден, түрлі деңгейдегі мерзімді және электронды басылымдарға жылма-жыл беріліп келе жатқан мемлекеттік ақпаратттық саясат жөніндегі тапсырыстары аясында журналистер мен тұрақты авторларға нарық жүйесіндегі талаптарды сақтай отырып, «қаламақы қоры» деген арнайы тармақша енгізу керек деп ұсынамыз.
Шығармашылық еңбекті тиісті дәрежеде бағалау мен ұшқыр қаламның ақысын қайтару — журналистиканың байырғы және жаңа заманғы рухани-әлеуметтік құндылықтарын қайтару деп білеміз» дейді Мәжілісмен өзінің депутаттық сауалында.
Парламент Мәжілісінің депутаттары, М. Төлепберген, Д. Мыңбай, М. Тәжмағамбетова, Ж. Әшімжановтардың атынан жолданған депутаттық сауал дұрыс шешімін тапса игі…