Жұмыс істейтін оқушылардың құқығы қалай қорғалмақ?

Қазақстанда жұмыс істейтін жасөспірімдердің басым бөлігі ресми еңбек шартынсыз еңбек етіп жүр. Бұл туралы Үкімет отырысында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаев мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі. 

Бүгінде кәмелетке толмаған жұмыскерлердің құқықтарын қорғау заңнамалық деңгейде қамтамасыз етілген. Атап айтқанда, балалардың жұмыс уақытына шектеу қойылған, түнгі уақытта және қауіпті еңбек жағдайларында жұмыс істеуге тыйым салынған. Сонымен қатар ата-аналардың немесе заңды өкілдердің келісімі міндетті түрде ескеріледі, — деді Ертаев.

Алайда жүргізілген зерттеу нәтижелері бірқатар өзекті мәселені көрсеткен.

Министрлік өткен жылдың қазан айынан биылғы сәуір айына дейін 18 жасқа дейінгі жасөспірімдерді жұмысқа қабылдау мәселелері бойынша зерттеу жүргізген. Сауалнамаға балалар мен олардың ата-аналары арасынан 100 мыңға жуық адам қатысқан.

Зерттеу нәтижесіне сәйкес, оқушылардың жұмыс істеудегі негізгі мақсаты — жеке қажеттілігіне ақша табу және ата-анасына көмектесу.

Сауалнамаға қатысқан оқушылардың 16,2 пайызында базалық еңбек тәжірибесі бар екені анықталған.

Сонымен қатар өткен жазғы кезеңде:

  • жасөспірімдердің 70 пайыздан астамы ресми еңбек шартынсыз жұмыс істеген;
  • 51 пайызға дейінгі оқушылар кешкі немесе түнгі уақытта еңбек еткен;
  • әр оныншы жасөспірім жалақының кешіктірілуі немесе мүлде төленбеуі жағдайына тап болған.

Осыған байланысты министрлік кәмелетке толмағандардың еңбек құқықтарын қорғауды күшейту үшін биыл ведомствоаралық іс-шаралар жоспарын іске асырып жатқанын мәлімдеді.

Жоспар аясында Еңбек кодексіне және қызметкерлерді жазатайым оқиғалардан міндетті сақтандыру туралы заңға өзгерістер енгізу қарастырылып жатыр.

Ұсынылып отырған өзгерістер:

  • жұмыс берушілердің жауапкершілігін күшейтуді;
  • кәмелетке толмағандарды сақтандыру арқылы қорғауды;
  • жасына және еңбек қауіпсіздігі талаптарына қарай жасөспірімдерге рұқсат етілетін және тыйым салынатын жұмыс түрлерін нақты айқындауды көздейді.

Ертаевтың сөзінше, бұл өзгерістер Халықаралық еңбек ұйымының балалар еңбегінің ең нашар түрлеріне тыйым салу жөніндегі №182 конвенциясына сәйкес әзірленген.

Сонымен қатар бақылау шаралары да күшейтіледі.

Атап айтқанда, енді кәмелетке толмағандардың жұмыспен қамтылуына мониторинг Еңбек тәуекелдері картасы негізінде цифрлық форматта жүргізіледі. Бұл жүйе штатында 10-нан астам қызметкері бар барлық кәсіпорындарды қамтиды, — деп айтты министр.

Бұдан бөлек, құрылыс, ауыл шаруашылығы және қызмет көрсету салаларындағы бейресми жұмыспен қамтуға бақылау күшейтіледі.

Министрлік ата-аналар арасында балалардың еңбек құқықтары, жас шектеулері және заңмен қарастырылған кепілдіктер жөнінде тұрақты түсіндіру жұмыстары жүргізілетінін хабарлады.

Ведомствоның мәліметінше, негізгі мақсат — жасөспірімдердің бейресми жұмыспен қамтылуын азайтып, еңбек қатынастарын заң аясында реттеу және құқық бұзушылықтардың алдын алу.

Қаржы пирамидаларын жарнамалаған блогерлер 4 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін 

Қазақстанда қаржы пирамидаларын жарнамалаған блогерлер мен танымал тұлғалар заң алдында жауапқа тартылуы мүмкін.

Елена Рыбакина жылды әлемнің бірінші ракеткасы ретінде аяқтады 

Қазақстандық спортшы маусымды 8099 ұпаймен аяқтап, мансабында алғаш рет жылдық рейтингте бірінші орынға шықты.

Бүгін елімізде ауа райы қандай болады 

«Қазгидромет» РМК бүгінге, 18 қарашаға арналған ауа райы болжамын жариялады.

Терроризм туралы жалған хабар таратқандар 5 жылға дейін сотталуы мүмкін – ІІМ 

2026 жылдың басынан бері Қазақстанда терроризм актісі туралы көрінеу жалған хабар таратқаны үшін 23 адам қылмыстық жауапкершілікке тартылды. Олардың жетеуі – 14 пен 17 жас аралығындағы жасөспірімдер. Бұл туралы Ішкі істер министрлігі ескертті.

Моңғолия президенті отставкаға кететінін мәлімдеді 

Моңғолия президенті Ухнаагийн Хүрэлсүх қызметінен кетіп, өзіне тағылған айыптар бойынша ақиқатты анықтауға дайын екенін мәлімдеді.