Олар сыныпта бесеу еді, жоқ сыныпта басқа оқушылар да бар, бірақ бесеуінің жұбы жазылмайтын. Екі қыздың ербеңдеп үш жігітпен жүретініне мектеп тұрмақ, ауыл халқының өзі үйреніп қалған. Қыздар да басқа қатарластары секілді етек-жеңін қымтап, сызылмай, еркек сықылды дарақы күліп, жігіттердей аяқтарын алшаң басып, өздерін ерекше ұстайтын. Бұрын аудан орталығы болғанына қарамастан, қазіргі уақытта бұл ауыл үлкен село деген статусқа ие болып тұр. Ауылда 4 мектеп, 1 интернат, 1 балалар үйі болған, соңғы уақытта балалар үйінің тәрбиеленушілері азайып кетіп, оларды мектеп интернатқа қосып жіберді.
Мектеп-интернаттың бұрынғы тәрбиеленушілері тұлдыр жетім емес. Бірінің әкесі, бірінің анасы жоқ, не алыс ауылдарда тұратын жағдайы төмен отбасылардан шыққандар. Әйтеуір артында сұраушымыз бар деген тоқ көңілден бе, интернат тұрғындары балалар үйінен келгендерге менсінбей қарайтын. Өздерін осы жердің байырғы тұрғыны санайтындықтан болар, олар балалар үйінен келгендерге зорлықтарын да көрсетіп жүретін. Манағы бес достың екеуі осында тәрбиеленуші болатын.
Ауылдағы ең көрнекі, өздерінің тілімен айтқанда гимназия дәл орталықта, интернаттың жанында орналасқан. Сыныпта бай-бағланның да балалары оқитынын ескерсе, мектептегі теңсіздік сырт көзге әбден-ақ көрініп тұратын еді. Интернат көшесімен жоғары жүре берсе әсем таумен шектесіп тұратын алма бағын реттеуге жаз басталысымен интернатта қалған ата-анасыз балаларды жұмыстарға алып кететін еді.
Аспандияр
Аспандияр – осы ауылдағы мен деген беделді кәсіпкердің ұлы. Қалталы азамат ақша беріп баласын үлкен қалаға мектепке жіберген еді, бір жылға жетпей қайтып келді. Ірі қалада өзінен де зорлар шығып, мектептегі әлімжеттікті жасау былай тұрсын өзі де өлесі болып талай таяқ жеген. Аспандияр 3 қыздан кейін көрген ат ұстары болған соң ба, ата-анасы оны әбден еркелетіп, бетімен жіберген. «Қызды жоқшылық, ұлды баршылық бұзады» дегендей сегізіншіде оқып жүріп-ақ жеңіл жүрісті қыздарға барып, арақ пен темекінің дәмін білген Аспандиярдың бұл қылығына әке-шешесі аса мән бере қоймайтын. Бозбала қаладан ауысып келгенде желтоқсанның аяғы болатын. Үлкен кенттен көргенін қайталаған ол келе сала сыныбындағы беделді балалар мен қыздардың басын қосып, өзінше топ ашқан болды. Ертелі кеш топталып жүретін он шақты баладан сескенді ме, мектепте бұлардың алдын кес-кестегендер кездеспеді. Ешкім бетінен қақпаған соң өзімбілемдікке салынған жастардың алды жаңа жыл қарсаңында полицияның да алдына барып үлгерді. Бір-екеуі бұзақылық баппен ұсталған соң топтың қатары сиреп, соңында манағы төрт бала мен екі қыз ғана қалған еді. Сол Аспандияр көктемге аз уақыт қалғанда аяқ астынан жоғалып кетті.
Серік (Саша)
Серік ес білгелі әкесін көрмеген. Анасы мұны оң босағада отырып туып алған. Серіктің қою қара қасы мен қайратты шашы, көзінің өте үлкендігі, қазақ ұлтына емес, бауырлас түркі жұртына келетін. Сырт пошымына қарап ауылдағылар баланың әкесі төменгі көшеде тұратын күрд халқынан-ау деп топшылайтын. Анасы кейін осы ұлын ата-анасына тастап, тұрмысқа шықты. Бірақ бір рет қаталескен келіншектің екінші қадамы да сәтті бола қойған жоқ. Дүниеге шекесі торсықтай екі ұлды қатар алып келсе де жұбайының аузы арақтан босамады. Өзі ішіп тыныш жүрсе бір сәрі, ұрпағын өсіріп, үйін ұядай етіп отырған әйелін таяқтың астына алып, отбасының береке, тыныштығын әбден тауысқан. Ашынған әйел ақыры қос қарғасын жетектеп төркініне қайтып келді.
Серік ата-ана тәрбиесін көрмеген, көше тәрбиелеген балалардың бірі. Ең алғаш темекінің ащы дәмін татқан кезде жасы небәрі 12-де еді. Кішкентайынан бағып-қаққан нағашылары бақилық болған соң, ол өзін үйдің нағыз қожайыны сезінетін. Ата-әжесінен зәулім үй, үлкен аумақты алып жатқан алма бақ қалды. Тек дегенді білмей өскен бозбала анасына қол көтермегенімен, екі өгей бауырына жан таптырмайтын. Арасына түскен анасын да адам құрлы көрген емес. Бұл үшін анасының құны көк тиын. Баласына сөзі өтпеген әйел әскерге барса ұлы азамат болып, ақыл кіріп келер деп армандайтын. Бірақ құтырған жігіт ол күнді көрмеді. Серіктің денесі интернат қарауындағы алма бақтан табылды. Қарақұсынан тиген ауыр соққыдан көз жұмған екен.
Ұзынтұра Айбек
Айбектің бойы қатарластарынан анағұрлым ұзындау болғандықтан, лақап аты – ұзынтұра. Ол – қарапайым отбасыдан шықты, үйдегі тоғыз баланың бесіншісі. Баланың барлығы анасына тартқан. Заты әйел демесең, Зәбираның дене бітімі ірі. Өзі бойшаң, иықты, еңселі әйелді сыртынан қарағандар еркек деп ойлайтын. Қаладан оралған Аспандиярдың бірінші айналдырғаны осы ұзынтұра Айбек болды. Жанында зор денелі қорғаушының жүргенін кім қаламайды. Соны ойлаған Аспандияр Айбектің тамағының ақысын төлеп, мектеп қорына тапсыратын ақшаны өз қалтасынан бере салып, жанына жіпсіз байлап алған еді. Айбектің болашағынан дене шынықтыру ағайы да үмітті еді. Ауылдан шыққан чемпионның бірі боласың деп жас баланы желпіндіріп қоятын ұстаздың арманы, өкінішке орай, орындалмады.
Ертеңінен үлкен үміт күтіп жүрген жігіт Серік-Сашаның өліміне басты күдікті ретінде қамауға алынып, соңғы қоңыраудың сыңғырлаған үнін ести де алмады. «Сол күні Аспандиярдың шақыруымен Саша үшеуміз тау жаққа бардық. Барған соң жылынамыз деп екеуі арақ ішті. Мен қарап тұрдым, өйткені әкем мен ағам арақ пен темекіге жолағанымды білсе оңдырмайды. Сәлден кейін Аспандияр жоғары шығып кетті. Ал Серік әжетханаға барайын деп таса жер іздеп жүрген. Сәлден кейін Серіктің жан дауысы шықты. Дауыс шыққан жерге қарай жүгіріп бара жатқанда бір нәрсеге шалынып құлап есім ауып қала жаздады. Сонда да орнымнан жылдам тұрып жерде құлап жатқан Сашаның қолтығынан сүйемек болғам. Бірақ басы былық-сылық етіп икемге келмейді. Қарақұсынан бастап жотасы қан-қан. Аспандияр деп айқайлай бердім, маңайда ешкім жоқ. Қанша айқайласам да Аспандияр жаныма келмеді».
Бұл Айбектің жазған түсініктемесінен үзінді, сол уақыттағы аяғына шалынып құлаған ауыр темір Айбектің басына сор болып жабысты. Осы темірден табылған саусақ іздерінің кесірінен Серіктің өліміне күдікті ретінде ұсталып кетті. Аспандияр да сол кеткеннен кісі көзіне түспеді. Ол табылмаған соң күдікті ретінде есепке қойылған.
Еркежан мен Анар
Бұл екі қыз он бірінші сыныптардың ғана емес, мектептегі бар қыздың «атаманы». Қыздарға сөздері жүрмей жатса, беделді топтың жігіттері осы екеуінің көмегіне жүгінетін. Үзілісте қыздардың шаштарынан тартып қалу, аяқтан шалу, жылату – Сашаның сүйікті ісі болатын. Бұрынғы уақыт болса қыздар мұғалімге шағымданып, Саша басы сүмірейіп тұрар еді, қазір рақат. Екі қыздың мысымен талай қызды жуасытып алған.
Еркежан көрші ауылдың қызы, әкесі өмірден өткен соң шиеттей бала-шағаны бағу жалғыз анасының мойнына түскен. Үйдің үлкені анасына көмектесіп ауылда қалса, Еркежан інісі екеуі интернатта жатып сабақ оқып жүр. Үйдегі екі ұлмен төбелесіп, соғысып жүріп бой жеткен Еркежан шын мәнісінде ешкімге бірінші барып соқтықпайтын. Рас, осы жылдан бастап Аспандиярға деген сезімі бас көтере бастағалы қыз екені есіне түсіп, баяғы шолтаң еркеліктің біразын ұмытқан.
Анар екеуі бір бөлмеде жатады. Анардың анасы тастап кеткендіктен, осы жерге әкесі әкелді. Үйдегі жалғыз қыз болғандықтан Анардың өзі алаңғасарлау. Ұзынтұра Айбекпен бірге түрлі үйірме, секцияларға қатысып жүрген Еркежанға қызыққан ол соңғы кезде спорт залдарынан шықпайтын. Дене бітімі ғана емес, түр пошымының өзі қыздан гөрі жігітке көбірек келетіндіктен ұлдар оның нәзік жанды екенін ескере бермейтін. Еркежанның алдында абайлап сөйлейтін ұлдар Анарға келгенде ойындағысын іркіп қалмайтын.
Сол күні жігіттер тауға шықпақ болғанда қыздар да жандарына екі-үш құрбысын ертіп соңдарынан ілеспек болды. Бірақ жігіттердің арам ойы барын сезіп қалған Еркежан қыздармен бірге интернаттан шықпауға бел байлады. Еркежан білмес еді, Анар жігіттердің сөзін кездейсоқ естіп қалған екен. Және бұл идеяның авторы Саша емес, Аспандияр еді. Көңілі нілдей бұзылған Еркежан Аспандиярдың әрекетін түсіне алмай дал. Ал ақкөңіл Анардың көңілі Айбекте. Іштей Сашаға деген кегі де бар, шіркін жалғыз өзі бетпе-бет жолығар ма еді дейді. Бұның ебедейсіздігін, пошымының еркектерге ұқсап қалғанын топ арасында айызы қанғанша мазақтаудан шаршамайтын Сашаны суқаны сүймейді-ақ.. Аспандиярдың оны әлпештеп қасына ертіп жүретініне таңданады. Еркежан тауға бармаймыз дегенде Анар іштей қуанып кетті. Неге екені белгісіз.
«Біз Ғазиза екеуміз келгенде жерде Саша құлап жатты, денесі былқ-сылқ етеді. Басында қатты соққыдан есеңгіреп жатқан шығар деп ойладым. Аспандияр жоқ еді, Айбек есі кіресілі-шығасылы болатын» тергеуде осылай деген Анар Айбекті барынша қорғап бақты.
Малшының көргені
28 ақпан болатын, жер аздап қарая бастаған мезгіл. Қыстай қолға қараған азын-аулақ малды түсте біраз жайып жүрдім. Қыс қатты болып, малға берер жем-шөптің азайған тұсы ғой. Сонымен интернаттың иелігіндегі алма баққа қарай өтіп кеткен тұсақтардың соңына түстім. Алдымен үш бала өтті, үшеуі де менен тығылып бара жатқандай көрінді. Күн ұзақта далада жүрген соң ішім пысады ғой, ананы-мынаны сұрап мазамызды алады деді ме екен, кім білсін. Сәлден кейін жарға қарай қызыл күртеше киген жігіт ақырын жүгіріп өтті. Ол жақтан ауыл анық көрінетін, шамасы біреуді күткен деп ойлағам, біраз уақыттан кейін екі қыз көрінгенде ойым алдамапты деп қойдым. Манағы екі бала бақтың ішіне сіңіп жоқ болды. Мен тұрған жақтан олар мүлдем көрінбеді. Бір кезде бір баланың жан дауысы шықты да өшіп қалды. Іле екіншісі шыңғырды, екі қыздың артынан бір жігіт жүгіріп өткендей болды. Жасым жетпісті алқымдап қалған соң көзім анық көрмейді. Мен жеткенде екі қыз бен бір бала шыңғырып жылап жатыр екен. Ал бір бала жерде сұлап жатты. Үшінші жігіт мүлдем көрінген жоқ.
Майор Мәлік
Мәліктің осы ауданға көрші облыстан ауысып келгеніне көп бола қоймаған. Ұлына қаланың ауа-райы жақпай, демікпе болып ауырған соң, емдеуші дәрігер дәл осы ауданда тұруға кеңес берген. Қате айтпапты, өмірі дәрісіз жүрмейтін баласы міне жарты жылдан бері сырқатын сылып тастағандай шапқылап жүр. Демалысы жақсы. Алайда тау бөктеріндегі бұл ауылдың табиғаты қатал, суық жер. Бірақ адамдары жайлы. Бір-бірімен ағайын-туыстай араласып кеткен ауылда қылмыс та аз. Неше жылдан бері тыныш жатқан ауылды мына қылмыс шыртұйқыдан оятқандай болған. Табаны күректей 15 жылын ішкі істер саласына арнаса да Мәлікке дәл осы қылмыстың түйінін тарқату оңайға соқпады.
Тауда үш бозбала ғана болған, екі қыз соңынын келіп отыр. Малшы көзі нашар көретін (арнайы медициналық тексеруде анықталды) жасы келген қарт адам. Айбек те, Серік те – зардап шегуші, ал Аспандияр қайда?…
Барлығын мұқият ойластырдым…
Түн. Интернаттың түбінде сыбырласып отырған екеудің бірі ақырын қозғалып көлікке қарай беттеді. Көліктің нөмірі мемлекеттік, сыңайы ауданнан келген. Иә, келген Мәлік болатын. Тағы біраз нәрселерді анықтап алайын деп интернатқа жасырын келген болатын. Мәлік кеткен соң, жалғыз қалған адам иығы дірілдеп біраз отырды. Айдың жарығында білінбесе де үнсіз жылап отырғанын байқауға болады. Бұл Аспандиярдың әкесі болатын, Мәліктің сөзі есінде «ешкім ешнәрсе білмеу керек».
Мәліктің өзіне сеніп келгені аян. Ендеше бұл іс аяғына жетуі үшін үнін шығармауы, ешкіммен тілдеспеуі шарт. Өзіне іштей серт берген ол тістеніп орнынан тұрды…
Ертесінде ауылда жедел түрде сот өтті. Сол күні ауылда өткен сотқа күдікке ілінген жандардың барлығы қатыстырылды. Сотта қызық жайттың беті ашылды, Аспандияр аман екен. Бірақ қауіпсіздігі үшін оны жасыруға тура келген. Ол тілден қалған, бірақ аз күнде есін жинайды. Таудан құлағанда ағынды су оны екпінімен біраз жерге апарған екен. Бағына орай, осы жерге серуендеу үшін келген туристерге тап болыпты.
«Ол өзін итергенді де, құлап бара жатып, Серіктің қарақұсынан темірмен соққан адамды да көрген. Сондықтан ертең есін жиғанда барлығын айтады, бірақ қылмыскер бірінші кінәсін мойындаса жазасы аз да болса жеңілдейді»
Мәліктің осы сөзінен кейін күтпеген жерден шыңғырған дауыс зал тыныштығын бұзды. «Мен барлығын мұқият ойластырған едім ғой».
Дауыс адамдар отырған жерден емес, темір тордан шықты. Күдікті ретінде отырған Айбектің дауысы болатын. «Иттің баласы»… тұра жүгірген Аспандиярдың әкесін Мәлік әрең тоқтатып далаға шығарып жіберген.
«Менің оларды өлтірейін деген ойым болған емес, біз үшеуміз сол күні жаурап отырған соң отын терейік деп ағаш сындырып әкелдік. Анығы мен сындырып жатқан едім, бір кезде Аспандияр «мен қыздарды көріп келемін» деп жарға қарай өрмелеп кетті. Ал Серік кешегі тамақтан ішім ауырып жүр деген болатын. Ол сол жарды жағалай қалқада отырды. Бір кезде мені жын иектеді ме, әлде өзімнің күштілігімді мақтанып көрсеткім келді ме, Аспандияр тұрған жарға секіріп барып оны аяқтан шалып қалғам. Бейқам тұрған ол селк етіп шалқайып барып, сырғанап жардан құлады. Дәл сол сәтте Серік бізге қарап тұрған, ол жарды білем ғой, жылда елдің малы құлайды. Және құлағаны аман шықпайды. Аспандиярдың өлгенін қас қағым сәтте пайымдап үлгердім. Түрмеге түскім келмейді, сондықтан Серіктен де құтылсам дедім. Жолай темір тауып алып, қарақұсынан бір пергенде барып оның ешнәрседен хабарсыз болғанын ұқтым, ол орнынан тұрса, бізді мүлдем көре алмайды екен ғой. Ал Серік жүрелеп отырған күйі тіл тартпай кетті. Есім кіресілі-шығасылы болып тұрғанда екі қыз келді. Сол күні Аспандияр құлады-ау деген жердің барлығын тінтіп шықтым, ізім-қайым жоқ. Түнімен ойлап тапқаным осы болды. Айтпақшы малшыны шатастыру үшін алдынан қызыл пакетті киіп алып ары-бері жүгіріп өттім. Қазір Серікті бекер өлтірдім деп ішім удай ашып барады.
– Бірақ сен бір емес, екі адамның өліміне жауаптысың..
– Қалай Аспандияр тірі дедіңіз ғой..
– Қарауыл күдіктіні алып кетіңіз, ертең нағыз сотта шешімді естисің.
PS. Аспандиярды туристер тапқаны шын болғанымен, ол тірі емес еді. Ең бірінші ішкі істер органына хабар бергізген соң, істің сиырқұйымшақтанып бара жатқанын көрген Мәліктің бұл амалсыздан ойлап тапқан айласы болатын. 18-ге толмаған Айбек балалар колониясында екі жылын, қалған жиырма жылын қатаң режимдегі түрмеде өткізетін болды. Бүгінде темір торда он жылға жуық отырған Айбек, саналы түрде он минутта істеген қылмысы үшін жауап беріп жатыр. Сағатты кері бұра алмайтыны сияқты, уақыт та тек алға жылжи береді.
Аида Кожмамбетова