Алматы қаласының кәсіпкерлер палатасының директоры Айтуар Қошмамбетовтың сөзіне қарағанда, мегаполистегі 1940 нысанда зардап шеккен 1585 бизнес субъектісінің шығыны 94,5 млрд теңге болды.
Олардың басым бөлігі Алмалы, Әуезов және Бостандық аудандарында орналасқан. Осыған қарамастан экономиканың негізгі қозғаушы күшінің бірі саналатын қаржы секторындағы екінші деңгейлі банктер елдегі қалыптасқан ахуалды реттеуде де көшбасшылық рөлін сақтап қалды. Олар жаппай тәртіпсіздік салдарынан зардап шеккен қалалар мен елді мекендерді қалпына келтіруге белсенді түрде қатысуда. Соның ішінде төтенше жағдай кезінде қарыздар бойынша берешекті өтеу мерзімін кешіктіргені үшін өсімпұлдар мен айыппұлдарды алып тастаудан бөлек, зардап шеккен кәсіпкерлер мен халыққа да материалдық көмек көрсетуде. Қазақстан қаржыгерлері қауымдастығының хабарлауынша, Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша құрылған «Қазақстан халқына» қоғамдық қорына Kaspi.kz компаниясының негізін қалаушылар 10 млрд теңге берді. Бұған дейін бұл қаржы институты бірнеше қалалардағы құқық қорғау органдарына көшелерді патрульдеу үшін 9 броньды инкассатор машинасын берген болатын. Halyk Bank – зардап шеккен шағын және орта кәсіпкерлерге көмек көрсетуге, сондай-ақ, қираған нысандарды қалпына келтіруге және басқа да шұғыл міндеттерге 3 млрд теңге бағыттады. Сонымен қатар, қаза тапқан құқық қорғау органдары мен арнайы қызметкерлерінің отбасыларына 5 млн теңгеден бөлді. Сбербанк – Алматы қаласына көмекке қаржылай 550 млн теңге бөліп, медициналық мекемелерге 10 жаңа реанимобиль сыйға тартты. Олар тәртіпсіздік кезінде жойылған жедел жәрдем көліктері тапшылығының орнын толтыруға көмектеседі. Бұл банк сондай-ақ, қаланың қажеттіліктеріне тағы 10 жеңіл автокөлік беріп, Ұлттық кітапхана мен Орталық мемлекеттік музейдің ғимараттарын жөндеп, оларды қайта пайдалануға беруге де көмектеспек. ЦентрКредит банк те қызметтік міндеттерін атқару кезінде қаза тапқандардың отбасыларына 1 млн теңгеден материалдық көмек жібермек. Олар ашқан қайырымдылық алым зардап шеккендер мен ШОБ субъектілеріне көмек көрсетуге бағытталатын болады. Бұған дейін төтенше жағдай кезінде жіберілген айыппұлдар мен өсімпұлдарды жою туралы шешімдері, хабарландырулар 13 банктің интернет-сайтында жарияланған еді.
Сондай-ақ, Kaspi. kz, Jusan, ЦентрКредит, Альфа-Банк Қазақстан, Altyn, ВТБ (Қазақстан) банктері қызметтік міндеттерін атқару кезінде қаза тапқандардың отбасыларына қолданыстағы кредиттерді өтейтінін мәлімдеді. Қазіргі таңда Қазақстанның банк секторындағы ойыншылар саны – 22. Екінші деңгейлі бұл банктердің 14-і шетелдіктердің қатысуымен қызмет жасайды. Былтырғы жылдың басында елдегі екінші деңгейлі банктердің саны 26 болған еді. Олардың ішінен AsiaCredit Bank, Capital Bank Kazakhstan және Пакистан ұлттық банкінің Қазақстандағы еншілес банкі өз жұмысын тоқтатты. Ал еліміздегі ең алғашқы қаржы институттарының бірі саналатын АТФ банк болса Jusan Bankке қосылды. Осыған қарамастан 2021 жылы республикадағы банктердің бір де бірінің несиелік рейтингі төмендемей, ол керісінше көпшілігінде өсті. Елдегі және әлемдегі дағдарыс жағдайына қарамастан олардың активі 18 пайызға немесе 38 трлн теңгеге жуық көбейген. Ал негізгі капиталының жеткіліктігі коэффициенті (к1) 20 пайыздан, жеке капиталының жеткіліктілігі коэффициенті (к2) 33 пайыздан асты.
Ерлік ЕРЖАНҰЛЫ, «Заң газеті»