Елімізде жаппай наразылықтан зардап шеккен облыстың бірі – Қызылорда. Бүлікшілер шабуылы кезінде 9 нысан отқа оранған болатын. Аталған облыста жаппай тәртіпсіздік салдарынан 26 кәсіпкерлік нысанға зиян келді. шығынның жалпы сомасы 395,4 миллион теңгедей болып отыр. Соның ішінде полицияның 24 автокөлігі өртеніп, 8-і зақымданған.
Айта кетсек, Қызылорда қаласында орналасқан «Компас», «Sinooil», «ГазЭнерджи» жанар-жағар май бекеттеріне, «Сұлтан», «Фристайл», «Бірлік», «Аль-асад» сауда үйлері ғимараттарына, төлем терминалдарына, «М-Ломбард» нысанына залал келтірілген. Бұл орындардан азық-түлік, алтын бұйымдар, ақша тонау деректері де тіркелген. Қызылордада жаппай тәртіпсіздікке қатысы бар деген 80 адам қамауға алынды. Қазір күдікке ілінгендердің іс-әрекетіне құқықтық баға беріліп, тергеліп жатыр. Аймақта қауіптің қызыл деңгейі жарияланып, бүгінде қауіпсіздік шаралары күшейтілген. Мұнда қалаға келетін көліктер жіті тексеріліп жатыр. Жалпы, өңірде антитеррор операциясы жалғасуда. Құқық қорғау органдары шаһарда ойран салған топтың белсенділерін іздестіріп жатыр.
Қазіргі таңда Қызылордада жағдай тұрақталып, тәртіп бұзушылық тоқтаған. Осындай оқиғадан кейін Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Қызылорда облысында тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында блокбекеттер саны 5-еуден 27-ге ұлғайтылды. Енді қалада ғана емес, аймақтағы барлық аудан орталығына кіріп-шығатын автокөліктер тексеруден өтуде. Облыста түнгі 11 мен таңғы 7 аралығында коменданттық сағат енгізіліп, полиция күшейтілген режимде тәртіптік бақылау жүргізуде. Өңірде полиция мен әскери жасақтың «Антитеррор» операциясы әлі де жалғасуда.
Бірнеше күннен бері тоқтап қалған қоғамдық көліктер жолға шығып, базарлар ашылды. Елді үрейге салған күндер артта қалып, қалада толықтай құқықтық тәртіп орнады. Бұл өңірдегі алыс-жақын елді мекендерге қатынайтын автобустар кестеге сәйкес жолаушыларды тасымалдауға кірісті. Сондай-ақ, шаһарда біраздан бері жабық тұрған тұрмыстық, киім-кешек сататын базарлар ашылды. Мұнан бөлек, қаладағы дәріханалар, шағын дүкендер де жұмысын жандандырды. Сонымен қатар, Қорқыт ата әуежайынан Нұр-Сұлтан – Қызылорда бағытындағы ұшақтардың рейсі де қалпына түсті.
21 адам қаза тапты
Қызылордадағы қақтығыста жиырма бір адам қаза тапты. Қан төгілген дүрбелеңде күштік құрылымдар мен бейбіт тұрғындар да ажал құшты. Бүгінде түрлі жарақат алған 48 адам ауруханада жатыр. Қалалық аурухана мен облыстық медициналық орталық дүрбелең басталғалы бері күшейтілген режимде жұмыс істеуде.
Облыста наразылық тудырған алғашқы күні 365 адам полиция органдарына жеткізілді. Оның ішінде 54 адам уақытша қамау изоляторында отыр. Олардан 3 атыс, 13 суық қару, 8 қалқан, 4 каска, 5 дубинка тәркіленді.
Сондай-ақ, аймақта коменданттық сағат талабын себепсіз бұзған 40 адам тәртіптік шараға тартылған. Мұнан бөлек, жаппай тәртіпсіздік кезінде аймақтағы 26 кәсіпкерлік нысанға залал келгені белгілі болды. Алдын ала есеп бойынша жергілікті бизнес өкілдері 400 миллионға жуық теңге көлемінде шығынға ұшыраған.
Қызылордадағы жаппай тәртіпсіздікке қатысы бар деген күдікпен 225 адам тергеуге алынған. Бүгінде полиция олардың нақты қылмысқа қатысы бар-жоғын анықтап жатыр.
Байқоңыр қаласының тұрғыны төтенше жағдай кезінде құқықтық тәртіпті бұзуға итермелейтін әрекет жасағаны анықталды. 7 қаңтарда әлеуметтік желілерге мониторинг жүргізу барысында Байқоңыр қаласының 49 жастағы тұрғыны өзінің «Facebook» әлеуметтік желісіндегі парақшасында арандатушылық сипаттағы жалған ақпарат таратқаны анықталды.
Облыстың әрбір кіреберісіне блок-бекеттер қойылып, автокөліктер жеке-жеке тексерілуде. 9 қаңтар күні сағат 16:50 шамасында қала аумағындағы блок-бекетте «Honda Odyssey» маркалы автокөлігін тоқтатып тексеру барысында автокөліктің жүк салғышынан 1,5 келіге жуық «марихуана» есірткі заты анықталды. Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамаққа алынды. Қазіргі уақытта ҚР ҚК 296-бабының 4-бөлігімен сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде.
Қызылордадағы бүлікшілермен қақтығыста 22 полиция қызметкері түрлі дене жарақатымен ауруханаға түсті. Басын бәйгеге тіккен сақшылардың бірқатары қайта сапқа қосылып, қоғамдық тәртіпті орнатудағы қызметін жалғастыруға кірісті.
Облыс әкімі жарақаттанған сарбаздардың жағдайын білді
Аймақ басшысы Гүлшара Әбдіқалықова қала нысандарын аралау барысында облыстық медициналық орталыққа барып, онда ем алып жатқан террористік шабуылдан жарақат алған ішкі істер органдарының қызметкерлері мен сарбаздардың жағдайын білді.
Сондай-ақ, Гүлшара Әбдіқалықова ақ халаттылардың төтенше жағдайдағы еңбегін жоғары бағалап, жұмыстарына сәттілік тіледі. Айта кетейік, 5 қаңтардан осы кезге дейін облыстық көпбейінді ауруханада 204 тұрғын медициналық көмекке жүгінсе, 48 науқас ем алуда, 9 науқас жансақтау бөліміне жатқызылған.
Жас сарбазды ел ұмытпайды
Қызылорда облысында болған қақтығыстың салдарынан жас сарбаз қаза тапты. Қатардағы жауынгердің әскери борышын өтеп жүргеніне небәрі 6 ай ғана болған. Ел басына күн туған сәтте халықтың тыныштығы мен бейбітшілігі жолында өмірін құрбан еткен сарбаз мемлекеттік наградаға ұсынылды.
Жас батырымыздың есімі Мадияр Қайсаров. Ол Қызылорда қаласында қоғамдық тәртіпті қалпына келтіру бойынша қызметтік-жауынгерлік міндетін атқару кезінде қаза тапты.
Елімізде жасалған террористік актілер салдарынан құқық қорғау қызметкерлері мен бейбіт тұрғындардың қаза болуына байланысты үстіміздегі жылдың 10 қаңтары «Жалпыұлттық аза тұту күні» деп жарияланды. Бұл қаралы күні Қызылорда облысы Полиция департаментінің ғимаратында Мемлекеттік Ту төмен түсірілді. Департаменттің жеке құрамы қаз-қатар тізіліп, 5 қорап құрып, сапқа тұрды. Бүлік кезінде қаза тапқан бейбіт тұрғындар мен әскерилерге, құқық қорғау органдарының қызметкерлері бір минут үнсіздікпен еске алып, құрмет көрсетті.
Қызылорда облысы Полиция департаментінің барлық қызметкерлері және Ардагерлер кеңесі қаза тапқандардың отбасыларына, туған-туысқандары мен жақындарына қайғырып көңіл айтады.
Сырдария аудандық полиция бөлімі жанындағы Ардагерлер кеңесінің төрағасы Марат Еспенбетов бастаған құқық қорғау органдары саласының ардагерлері әріптестеріне қолдау көрсетуде.
Раушан НАРБЕК