– Алмат Мұратұлы, елдегі қылмыстық процестік заңнама соңғы жылдары көптеген өзгеріске ұшырады. Оның маңызы неде? Құқықтық ахуалды реттеудегі әсері қандай?
– Естеріңізге сала кетейін, реформаның мәні әрбір мемлекеттік органның құзыреті мен жауапкершілік аймағын нақтылап, олардың заң шеңберінде қызмет атқаруына ықпал ету, заңдарды жетілдіру жолымен азаматтардың құқығын қорғау. Атап айтқанда, қылмыстық қудалау органдары полиция, сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет, экономикалық тергеу қызметі және Ұлттық қауіпсіздік комитеті департаменті – қылмыстарды, оның ішінде, қылмысқа қатысы бар тұлғаларды анықтауды, сондай-ақ дәлелдемелер жинауды қамтамасыз етеді. Прокуратура – жинақталған дәлелдемелерге тәуелсіз баға береді, азаматтар құқықтарын бұзудың жолын кеседі және сотта мемлекеттік айыптауды қолдайды. Үшінші буын, сот – органдардың әрекеттеріне берілген шағымдарды қарайды және іс бойынша түпкілікті шешім шығарады.
Жаңа форматта қылмыстық процесс жағдайларында қылмыстық істер бойынша қылмыстық қудалау органдарының негізгі процестік шешімдерінде прокуратура органдарына үлкен рөл беріледі. Пилоттық режимде біздің облыс алғашқылардың бірі болып 2020 жылдың 10 тамызынан бастап жаңа формат бойынша жұмыс істей бастады. Бұл үлкен тәжірибе алаңы. Ол Қылмыстық-процестік кодекстегі өзгерістер заңды күшіне енгенде және үш буынды модельмен жұмыс істеуге бүкіл республиканың толық дайын болуына мүмкіндік берді.
Көрсетілген уақыттан, яғни өткен жылдың 31 желтоқсанынан бастап барлық негізгі процестік шешімдерді прокурорлар электрондық форматта қарастырады. Бұл онлайн режимінде олардың заңдылығын дереу тексеріп, оларды келісу және мақұлдау немесе одан бас тарту туралы шешім қабылдауға мүмкіндік береді. Мұндай шешімдердің барлығы 7 сатыдан тұрады, оларға келесілер жатады: өндірісті тоқтату және тергеу мерзімдерін үзу, тұлғаны күдікті ретінде тану, оның әрекеттерін саралау және қайта саралау, қылмыстық теріс қылық туралы хаттаманы, бұйрық өндірісін қолдану туралы қаулыны бекіту.
Бүгінгі күні облыста жалпы 29 мыңнан астам осындай шешім келісіліп бекітілді. 1160 бас тарту дерегі болса, бұл жалпы санның тек 4%-ы, бұл қылмыстық қудалау органдары қабылдайтын негізгі процестік шешімдердің сапасын көрсетеді.
– Үш буынды модель қылмыстық іс жүргізу шеңберіне тартылған тұлғалардың жағдайына қалай әсер етеді?
– Қылмыстық процестің үш буынды моделінің бірінші кезеңі енгізілген сәттен бастап бір жыл өтті. Бүгінгі таңда, реформа көптеген оң өзгерістер жасады деп сеніммен айтуға болады. Процесс ашық және жылдам қаралады. Жоғарыда атап өткенімдей, тергеу сапасы артты.
Азаматтардың конституциялық құқықтарын қорғау деңгейі айтарлықтай күшейтілді. Қылмыстық қудалау органдарының барлық негізгі шешімдерінің прокурордың келісімінсіз заңды күші мен құқықтық салдары болмайды. Осылайша, прокурор шешімді бекіткенге дейін қылмыстық процеске тартуға жол берілмейді.
2021 жылдың қорытындысы бойынша облыста істі тоқтату санының 56 пайызға (883-тен 385-ке дейін) төмендегені байқалады, 50 жағдай прокуратура істері бойынша қате сараланғандықтан келісуден бас тартты. Нәтижесінде, азаматтардың конституциялық құқықтарының бұзылуы 37 пайызға төмендеді.
Бас прокуратураның, тергеуші мен прокурордың іс-әрекеттеріне сот қанағаттандырған өтініштері бойынша нысаналы индикаторы алынды. Республикалық индикатор 36% болса, біздің облыс бойынша ол 14,7% құрайды. Сот қараған 129 шағымның 19-ы ғана қанағаттандырылды. Сонымен қатар, қылмыстық істер бойынша сот өндірісінің электрондық форматы айтарлықтай кеңейтілді. Бүгінгі күні электрондық істердің үлес салмағы 74 пайызға дейін ұлғайды. Сонымен бір мезгілде базаға ақпараттық-есептік құжаттарды уақытылы енгізбеу мүмкіндігі толығымен жойылды.
– Алмат Мұратұлы, біздің білуімізше, бұл реформалар әлі жалғасын табатын сияқты. Бұл саланы болашақта тағы қандай өзгерістер күтіп тұр?
– Иә, басты процестік шешімдерде прокурормен келісу бұл Мемлекет басшысының қылмыстық процесті реформалау және азаматтардың конституциялық құқықтарын қорғау дәрежесін күшейту бойынша қойған міндеттерін орындаудың бірінші кезеңі ғана.
2022 жылдың 1 қаңтарынан бастап қылмыстардың аса ауыр санаты бойынша айыптау актісін жасау жөніндегі өкілеттіктер прокурордың құзыретіне өтетін болады. 2023 жылы оларға сыбайлас жемқорлық, ал 2024 жылы істердің барлық басқа санаттарына да қылмыстық істер бойынша айыптау актісін құрастырады.
Шығыс Қазақстан облысында жаңа айыптау актілерін жасау тәжірибесі процестік басшылық бойынша пилоттық жоба шеңберінде 2017 жылдың қыркүйегінен бастап қалыптасты. Сол кезден бастап прокурорлар 300-ден астам жаңа айыптау актісін, оның ішінде басты сот талқылауы барысында жасады. Жұмыс облыстың әр аумағында жүргізілді. Процестік құжатты дербес құрастырудың практикалық дағдыларын үйретуге көп көңіл бөлінді. Бұл тәжірибе жалғасуда және жетілдірілуде. Бүгінде Шығыс Қазақстан прокуратурасы екінші кезеңді жүзеге асыруға толығымен дайын.
Қорытындылай келе, халықаралық стандарттарға қол жеткізуге ұмтылатын кез келген мемлекет дамуының маңызды көрсеткіші – азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау сот төрелігінің қолжетімділігі мен ашықтығы болып табылады.
Процестің жаңа үш буынды моделінің алғашқы нәтижелерін талдай отырып ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2020 жылғы 1 қыркүйектегі жолдауында белгіленген құқықтық реформалардың бағыты дұрыс екенін сенімді түрде айтуға болады. Алдағы кезеңде прокурорлар үш буынды модельді одан әрі іске асыруға назар аударады және Мемлекет басшысының айыптау актілерін дайындау бойынша прокурорлардың құзыретін кезең-кезеңімен кеңейту жөніндегі тапсырмасын тиімді орындауға барлық қажетті шараларды қабылдайды. Бұл, сөзсіз, олардың жауапкершілігін арттырады және сонымен бір мезгілде тергеу нәтижелерін құқықтық бағалау тетіктерін күшейтеді. Прокуратура органдарында қойылған міндеттерді іске асыру үшін құқықтық база, күштер мен құралдар жеткілікті.
– Әңгімеңізге рақмет. Істеріңіз табысты болсын.
Сұхбаттасқан
Ж.Құдайберген