Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (әрі қарай — ӘРПК, Кодекс) 2021 жылдың 01 шілдесінен бастап қолданысқа енуімен Жамбыл облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соты (бұдан әрі — Әкімшілік сот) жария-құқықтық қатынастардан туындайтын даулар бойынша сот төрелігін жүзеге асыру жұмыстарын бастаған болатын.
2021 жылы сот өндірісіне 479 талап қою түсіп, әкімшілік іс қозғалған. Статистикалық мәліметтерге сүйенсек талап қоюлардың басым бөлігі жеке сот орындаушыларының шешімдеріне, әрекетіне (әрекетсіздігіне), жер, тұрғын үй дауларына және мемлекеттік сатып алу саласына байланысты. Кодекстің жаңашылдық нормасы жария-құықтық даулар бойынша татуластыру рәсімдерінің заң тұрығысында бекітілуі және соттың белсенді ролі қағидатының кеңінен қолданылуы 40 әкімшілік істің медиативтік келісіммен аяқталуына себеп болды. Бұл түпкілікті сот актісін шығарумен аяқталған істердің 25 % құрады.
Сонымен қатар, соттың белсенді рөлі, татуластыру рәсімдердің және қолданыстағы заңнаманы түсіндірудің нәтижесінде кейбір істер бойынша тараптар татуласуға келіп, бірақ әкімшілік органның әкімшілік қалауы болмауына байланысты талап қоюшының арызы бойынша талап қоюлар кері қайтарылған болатын (42 әкімшілік іс).
Қысқа мерзімде, атап айтқанда 6 айдың ішінде Әкімшілік сотпен 117 шешім шығарылып, 71 (60%) талап қою бойынша азаматтардың бұзылған құқықтары қалпына келтірілді.
Өз кезегінде, ӘРПК-мен сотқа өз құқықтарын жосықсыз пайдаланып жатқан әкімшілік процеске қатысушыларға ақшалай өндіріп алу құқығы берілді. Аталған негіздерге сәйкес сотпен шешім шығарумен қаралған 117 істің 2 ісі бойынша мемлекеттік органға және лауазымды тұлғаға әрқайсысына 10 АЕК мөлшерінде ақшалай өндіріп алу қолданылған. Ақшалай өндіріп алуды қолдану туралы сот ұйғарымдары орындалып, сот актілеріне шағымдар берілмеген.
Әкімшілік сотпен 2021 жылы барлығы 225 талап қоюлар кері қайтарылған. Оның басым бөлігі әкімшілік сот ісін жүргізу тәртібімен қарауға жатпауына – 61 (27,1%), дауды сотқа дейінгі реттеу тәртібі сақталмауына – 22 (9,7%) және талап қоюшы берген талап қоюды кері қайтарып алуына – 115 (51,1%) байланысты.
Әкімшілік сотпен БАҚ-да тиісті жұмыстар атқарылып (мақалалар, әлеуметтік желілерде посттар), мемлекеттік органдармен және мемлекеттік
емес ұйымдармен, сонымен бірге заң қоғамдастықтарымен, құқық қорғау органдарымен ӘРПК-нің нормаларын түсіндіруге байланысты әртүрлі кездесулер (семинарлар, «дөңгелек үстелдер» және т.б.) үнемі өткізілуде.
Ерекше атап өтуге жататын Жамбыл облысының жеке сот орындаушыларының өңірлік палатасының жеке сот орындаушыларымен және Тараз қаласының тұрғын комиссиясының мүшелерімен, әкімдіктің тұрғын үй қатынастары бөлімімен ӘРПК-нің номаларын түсіндіру бойынша өткізілген дөңгелек үстелдер өзінің оң нәтижесін берді. Соттың белсенді рөліне байланысты жеке сот орындаушылардың әрекеттерін (әрекетсіздігін) даулау туралы 29, ал тұрғын үй қатынастарынан туындайтын даулар бойынша 4 әкімшілік іс медиация келісімін бекітумен аяқталды. Қазақстан Республикасының Жоғарғы Сотының төрағасы Ж.К.Асанов айтқандай «Дауды шешудің ең тиімді жолы — татуласу». Осылайша өзара тиімді шарттар негізінде татуласуға келу нәтижесінде азаматтарымыздың бұзылған құқықтары қалпына келтірілді, халықтың әлеуметтiк жағынан осал топтарына жататын көп балалы аналарымыздың, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларымыздың тұрғын үй мәселелері өз шешімін тапты.
Жоғарыда келтірілген талап қоюларды қайтару бойынша статистикалық мәліметтеріне назар аударсақ сот жүктемесі 35 %-ға негізсіз артып отыр. Оқырмандарымыздың назарын ӘРПК-нің 91 бабының талаптарына, яғни дауды сотқа дейінгі реттеу тәртібіне аударғымыз келіп отыр. Аталған баптың 5 бөлігіне сәйкес, егер заңда өзгеше көзделмесе, сотқа дейінгі тәртіппен шағым жасалғаннан кейін ғана сотқа жүгінуге жол беріледі.
Әкімшілік органға ӘРПК-сі өзінің жіберген кемшіліктерін түзеуге, азаматтардың бұзылған құқықтарын, бостандықтарын және заңды мүдделерін қалпына келтіруге мүмкіндік беруде. Кодекстің 91 бабының 4 бөлігі «Әкімшілік актісіне, әкімшілік әрекетіне (әрекетсіздігіне) шағым жасалатын әкімшілік орган, лауазымды адам шағым келіп түскен күннен бастап үш жұмыс күнінен кешіктірмей оны және әкімшілік істі шағымды қарайтын органға жібереді» — деп көрсетсе, осы бөліктің 3 бөлімінде «Бұл ретте әкімшілік актісіне, әкімшілік әрекетіне (әрекетсіздігіне) шағым жасалатын әкімшілік орган, лауазымды адам, егер ол үш жұмыс күні ішінде шағымда көрсетілген талаптарды толық қанағаттандыратын қолайлы әкімшілік акт қабылдаса, әкімшілік әрекет жасаса, шағымды қарайтын органға шағымды жібермеуге құқылы» — деп, дауды сотқа дейін шешудің мүмкіндіктерін, баламалы тетіктерін айқындап берді.
Сонымен бірге, әкімшілік сот ісін жүргізудің міндеті жария-құқықтық қатынастарда жеке тұлғалардың бұзылған немесе дау айтылатын
құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін, заңды тұлғалардың құқықтары мен заңды мүдделерін тиімді түрде қорғау және қалпына келтіру мақсатында әкімшілік істерді әділ, бейтарап және уақтылы шешу болып табылатындығында да назарға алған жөн. Жария-құқықтық қатынас дегеніміз – мемлекеттік басқару саласындағы мемлекет пен азаматтар арасындағы билік және бағыну қатынастары. Осы орайда мемлекеттік орган жауапкер болып табылатын кез-келген дау әкімшілік сот ісін жүргізумен қарауға жатады дегенді білдірмейді. Сондықтан да сотқа жүгінерде даудың себеп салдары мен мәніне, қатынас типіне жете назар аудару қажет деп есептейміз.
Әрине ӘРПК бұрын соңды болмаған жаңа Заң. Азаматтарымызбен және заң қауымдастығы тарапынан да оның нормаларын әлі де жете түсінбеуі орынды.
2022 жылы да Жамбыл облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотымен ӘРПК-нің нормаларын түсіндіруге байланысты іс-шаралар өткізу әрі қарай жалғасын таппақ.
2021 жылы әкімшілік сот ісін жүргізудің міндеттері толығымен орындалды, әкімшілік соттарға артылған үміттер ақталды деп сенеміз. Ендігі мақсат Әкімшілік әділет институтын әрі қарай жетілдіру, құқықтық мемлекет қалыптастыруда өз үлесімізді қосып, бар күш-жігерімізді салу.
Аманжан Джасузаков, Жамбыл облысының
мамандандырылған ауданаралық
әкімшілік сотының төрағасы