Әкімшілік әділет институтын құру идеясын Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арнаған алғашқы жолдауында көтерген болатын. Соған байланысты жаңа заң – Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексі (бұдан әрі – ӘРПК) қабылданып, 2021 жылдың 1 шілдесінен бастап күшіне енді. Елімізде мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соттардың жұмыс істегеніне міне алты ай болды.
Сот төрелігінің бір жүйесі ретінде қолданысқа енгізілген Әкімшілік әділет институтының жалпы мақсаты билік органдарымен арадағы дауда ең әлсіз тарапты қорғауға бағытталған. ӘРПК-ны қабылдағанда қазақстандық заң шығарушылар Еуропа елдерінің тәжірибесіне сүйенген. Мысалы, Германияның сот жүйесі әлемдегі ең сәтті тәжірибе саналады. Сонымен бірге, әкімшілік әділет (юстиция) заңнамасы көптеген ТМД елдерінде – Грузияда 1999 жылы, Молдовада 2000 жылы, Украинада 2005 жылы, Әзірбайжанда 2009 жылы, Ресей және Қырғызстанда 2015 жылы қабылданып, кодекстің заң жүзінде орындалуына барлық жағдай жасалған. Қарапайым сөзбен айтқанда, бұл жаңа институт: Әкімшілік әмірге емес, әділетке жүгінетін кодекс. Себебі жария-құқықтық даулар жыл сайын артпаса, кеміген жоқ. Десек те, даулардың дені әкімшілік органдардың пайдасына шешіліп жататыны ащы шындық. Бұл – заңды құбылыс болатын.
Өйткені, бұған дейін осы дауларды реттейтін Азаматтық процестік кодексте сот екі тарапқа тең қарайтын. Кімнің дәлелі анық әрі көп болса, сот соның сөзін сөйлеп, шешім шығаратын. Ал жаңа кодекс азаматтар мен заңды тұлғалардың өзіне қатысты әкімшілік құзыретке ие органдарға, билікке қарсы талаптарын қарауды реттейді. Сот мейлінше әлсіз топтың жағында болып, белсенділік танытады.
Әкімшілік әділет «Халыққа құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасына сәйкес жүзеге асқан, бұл кодекстің бағыты мен бағдары бөлек. Таразының бір жағында мемлекеттік орган болса, екіншісінде – жеке және заңды тұлғалар тұр. Жаңа ӘРПК бойынша сот талап қоюшыдан емес, барлық қажетті құжаттарды мемлекеттік органдардан сұрату мүмкіндігіне ие болды, дәлелдемелерді жинауға бастама көтереді.
Кодекстегі тағы бір жаңалық, ол тараптар әкімшілік процестің барлық кезеңінде татуласу немесе медиация туралы келісім жасасу арқылы істі толық немесе ішінара аяқтай алады. Мысалы: Әкімшілік орган (мемлекеттік орган, «Атамекен» одағы, нотариустер, адвокаттар қауымдастығы, т.б.) өз шешімінің дұрыс еместігіне көз жеткізсе, өзара кеңесіп, сот шешімін күтпей, талапкермен татуласуы мүмкін.
Азаматтық процестік кодексте судья процесте белсенді болмайтын. Себебі оған заңмен тыйым салынған. Қазіргі уақытта елімізде билік пен азаматтардың арасындағы дауларды қарайтын республикада 21 жаңа әкімшілік сот құрылған. Олардың 17-сі – облыс орталықтарында және 4-еуі – Қаскелең, Семей, Жезқазған, Екібастұз қалаларында.
ӘРПК бойынша даулар мүлдем басқа қағидаттармен қаралады. Мұнда тараптар тең емес. Сот арыз иелеріне барынша көмектеседі. Судьяның заңгерлік кеңесіне сүйеніп, арыз иесі талабын өзгерте алады. Сот дәлелді жеткіліксіз деп таныса, қосымша деректер сұратады. Шешім шығарғанға дейін судья өзінің құқықтық пікірін алдын ала айта алады. Сөйтіп, тараптар істің өрбу барысын болжай алады. Мұнда әкімдіктің шешімі заңды не заңсыз екенін енді талап қоюшы дәлелдемейді. Шешімді қабылдаған әкімдік шешімнің заңдылығын, негізділігін дәлелдеуі тиіс.
Сот процестің барлық сатысында формальді қателерді жоюға, түсініксіз сөздерді нақтылауға жәрдем көрсетуге міндетті. Егер әкімшілік процеске қатысушылар ұсынған дәлелдемелер жеткіліксіз болса, сот оларды өз бастамасы бойынша жинайды. Мұның тиімділігі өте жоғары. Дауды созбалаңдылыққа салмай, жылдам қарап аяқтауға септігін тигізеді. Қорыта келе, жаңа заңнама билік пен бағыныстылық арасындағы теңсіздікті жояды, билік органдармен дау-дамайда әлсіз тарапты қорғайды. Қарапайым тұрғыннан бастап, бизнес өкілдері, инвесторлардың құқы қорғалады. Билік органдары тек жауапкер ретінде тартылады.
Әрине, тағы бір маңызды жаңалықтардың бірі ол – АҚШАЛАЙ ӨНДІРІП АЛУ. Сот процесіне қатысушылар тәртіпті бұзып, сот талабын орындамаса, судья оларға бірнеше шара қолданады. Олар алдымен ескерту; бұдан бөлек сот залынан шығару және ақшалай айыппұл салу түрінде қолданылады.
Әкімшілік әділет – ең ірі реформаның бірі. Әр шешім, жасаған әр қадам жұртқа түсінікті болуы тиіс. Әкімшілік әділетті енгізген елдерде барлық салада оң өзгерістер болған. Бизнес-климат жақсарып, инвесторлар келе бастаған. Адамдардың әл-ауқаты артқан. Мемлекеттік машина таптап өтті дейтін тіркес «әлсіреп», әділ шешімдер артады, «ешнәрсе өзгермейді» дейтіндердің үмітін жағатын өзгерістер қазір болып жатыр деп сенімді түрде айта аламын. Жаңа заң бойынша түсіндіру жұмыстары әлі де жалғасып жатыр.
Оралхан Тұрсынов,
Нұр-Сұлтан қалалық сотының судьясы