Бірінші кезекте шындық айтылуы тиіс деп шырылдап жүрген қазақ ақыны Мұхтар Шаханов қазіргі хал-ахуалын айтты. Ақын соңғы кездері көпшілік алдында көрінбейді. Оның өзіндік себебі бар дейді өзі. Ал елімізде түбі шындық салтанат құрады деген сенімде.
Бұл туралы Нартай Аралбайұлымен болған сұхбатында айтылды, деп жазады stan.kz.
Мұхтар Шахановты жұрт ақын ретінде таниды. Кезінде саяси мінберлерге шығып, елдің мәселесін талай көтергені есте. Тіпті ауқымды проблемалар ақыннан аузынан шықты. Желтоқсан жайын айтты. Ол үшін өз басы дауға қалды. Қазір де шындықты айтқаны үшін көп алдына шыға алмаймын дейді ақын.
«Кезінде Желтоқсан жайын айттым. Горбачевті алдадым. Арал мәселесін айтамын деп, мінберде желтоқсан туралы айтты. Мені Горбачев өлтірмекші болған. Мен бірнеше рет өлімнен қалдым. Қазақ тілін — мемлекеттік тіл етейік деген де мен. Кейін де басшылар менің ізіме түсті. Себебі мен туфли жаламаймын. Туфли жалағыштар туралы ашық айтамын. Оным басшыларға ұнамайды. Бірде менің көлігімді апатқа түсіріп, мені өлтірмек болғандар болды. Тіпті ауруханада есімнен танып жатсам, өлі адамдардың қатарына жатқызып қойыпты. Мен бірнеше рет өлімнен қалған адаммын», — дейді ақын.
Шаханов мырза өзінің өлеңдері мектеп оқулығында берілмейтініне наразы. Одан бөлек өзі туралы телеарналардан көрсетілмейтінін айтады.
«Мені насихаттамау керек деген тапсырма берілген. Қайда барсам, сол алдымнан шығады. Мен оған үйреніп кеткенмін. Ренжімеймін де. Бастысы мені халық қолдайды. Менің сөзімді тыңдайды. Мені жақсы көреді», — деді ол.
Шаханов бірде қазақтың ұлы ақыны Жамбыл Жабаевты туфли жалағыш деп атаған еді. Әзір де бұл сөзі үшін өкінбейтінін айтады.
«Жамбыл Жабаевтың туфли жалағыштардың шебері екенін айттым. Ол үшін өкінбеймін. Себебі, ол солай. Сол кездегі басшыларға жағымпазданған. Ал жақсы өлеңдерін басқалар жазып берген», — деді Шаханов.
Мұхтар мырза әйгілі ақын Мұқағали Мақатаевты да мазақтап Жұқағали Бұқатаев деп атаған.
«Бірде Жазушылар одағында 65 ақын отыр едік. Мұқағали кіріп келді. Бәрің 1 сомнан беріңдер деді. Өзі еңселі азамат еді. Бәрі жинап берді. Екі адам бермей қалған екен. Соған ашуланды. Сонда мен тұрып айттым. Сіздің жұқалық мінезіңізді көріп, өзгеге бұқалық мінез танытқаныңызды көріп сізді бұдан былай Мұқағали Мақатаев емес, Жұқағали Бұқатаев деп атаймын дедім», — деді Шаханов.
Шахановтың айтуынша, тек шындықты айтатын ақын ғана нағыз ақын.
«Елімізде шындық салтанат құратын кез келеді. Мен туралы жаман нәрсе айтылады деп ойлаймын. Себебі менің ондай пендешілігім жоқ. Тек шындық қана айтылсын», — деді ақын.