ЕЛІМІЗДІҢ ІРІ МЕГАПОЛИСТЕРІНЕ «СЕРГЕК» БАҚЫЛАУ ЖҮЙЕСІ ОРНАТЫЛҒАЛЫ СЕРГЕЛДЕҢГЕ ТҮСКЕН ЖҮРГІЗУШІЛЕР ҚАТАРЫ КӨБЕЙГЕН. ӘСІРЕСЕ, ЖОЛ ЕРЕЖЕСІН БҰЗҒАНДАР АЙЫППҰЛДЫҢ БАҒАСЫНА ШАҒЫМДАНУДА. ОЛАРДЫҢ АЙТУЫНША, АДАМ ӨМІРІНЕН «СЕРГЕКТІҢ» АЙЫППҰЛЫ ҚЫМБАТ.
Алматы қалалық полиция департаментінің мәліметінше, «Сергек» камералары 2019 жылдың сәуір айынан бастап орнатылған. Алғашында 10 «Сергек» аппарат-бағдарламалық
кешені қолданысқа берілсе, 2020 жылдың қаңтарынан бастап қалада 404 «Сергек» камерасы тәртіпті қалт жібермей күзетіп тұр. Бір жыл ішінде «Сергек» аппарат-бағдарламалық кешені Алматыда 1 миллионнан астам жол ережесін бұзу фактісін анықтап, камералар арқылы жазылған айыппұл көлемі 3,6 миллиард теңгеден асқан. Ал бір ай ішінде жүргізушілерге салынған айыппұл сомасы 60 млн теңгені құраған. Алматылық тұрғын Айтбек Нұрлыханұлы екі ай ішінде сергекке 150 мың теңге төлепті. «Сергек» алғаш рет қолданысқа берілгенде, әлеуметтік желілерде қызу талқыға түсіп еді ғой. Басым бөлігі «Cергектің қырағы көздерінің арқасында ереже бұзушылар азайып, тәртіп орнайтынына сенді. Бірақ таяқтың екі ұшы болатыны секілді, мұның да екінші жағы бар. Өз басым екі ай ішінде жол ережесін бұзғаным үшін» «Сергекке» 150 мың теңге төледім. Шыны керек, өнер адамы болғасын түсірілімдер мен тойға асығамыз. Ондай кезде кептелістен жол тауып кетуді ойлап тұрасың. Салдарынан жол ережесін бұзуға тура келеді. Бірақ барлық жерде жылдамдықты 40-тан асырмау мүмкін емес қой. Онда көліктің керегі не? Одан бөлек «Сергек» қарапайым халықтың қалтасын қағып жатыр. Мәселен, жұмысы жоқ адамдардың басым бөлігі таксист болуға мәжбүр. Ал жүргізуші күніне 10 мың теңге тапса, екі-үш айда 100 мыңға жуық ақшасын айыппұлға төлейді. Бұл қарапайым халықтың қалтасына үлкен салмақ. Онсыз да қара нан мен қара
суға қаражатын әрең жеткізіп жүргендер көп, – деген Айтбек халықтың мұң-мұқтажын да айтып қалды. «Сергектің» сергектігі кейбір жүргізушілердің шамына тиетіні рас. Мысалы, бірде Өскемен қаласының тұрғыны бағанға өрмелеп шығып, камераны қызыл скотчпен орап тастаған. Кейін ұсталып, әкімшілік жауапқа тартылды. Ал жауапкершіліктен жалтарудың амалын қарастыратындар «алдыңызда камера бар» деп ескертетін ақпараттық тақтайшалардың жоқтығынан «Сергекті» байқамай қаламыз» дейді. Дегенмен заң бойынша бейнебақылау камералары орнатылғанын ескерте ме, жоқ па – оны жергілікті әкімдік өзі шешеді екен.
Өйткені заңда нақты ереже жоқ. Тіпті өткен ғасырдың алпысыншы жылдары Еуропа жолдарында алғашқы камералар пайда болғанда көлік иелері қыр көрсетіп, бейнебақылау құрылғыларын әдейі сындыруды әдетке айналдырғанмен, уақыт өте келе халық оған да үйренген-ді. Сондықтан алғашында «өзімдікі ғана таңсық, өзгенікі – қаңсық» деген керітартпа
пікір болатыны анық. Десе де, «Сергектің» арқасында жемқорлықтың азаюы мен айыппұл төлеу кезінде адам факторы жойылатыны рас. Сондай-ақ жол-көлік оқиғаларымен қатар аталған камераның көмегімен қала көшелеріндегі бұзақылық, қылмыстық әрекеттерді де әшкерелеуге де мүмкіндік бар. Нақтырақ айтқанда, құрылғы 20-100 метрге дейінгі қашықтықты алыстан түсіре алады. Сонымен қатар, «Сергек» камералары жылдамдықты асыру, бағдаршамның тыйым салған дыбысын елемеу, жолақ талабын бұзу, тоқтау желісінен өту, қоғамдық көлікке бөлінген жолаққа шығып кету мен жаяу жүргіншілердің реттелмеген өтпелі жолдарын бақылайды. Нәтижесінде аталған камералар арқасында 2018 жылдан бастап Нұр-Сұлтанда жол апатынан болатын адам өлімі азайған. Бірақ Алматыда ағылған көліктердің жол ережесін бұзуы басылар емес. Сондықтан болар, «Сергектің» санын арттыру қолға алынған. Алматы қалалық ПД әкімшілік полиция басқармасының мәліметіне сүйенсек, 2021 жылы Алматыда қосымша 3286 «Сергек» камерасы орнатылмақ.
Айжан МОЛДАҒАЛИЕВА, заңгер:
– Қазіргі таңда қарбалас тіршілікте жүйткіген көлік жүргізушілерінің біразы жол жүру туралы заңды толық біле бермейді. Ал білместіктің кесірінен жүргізушінің құқықтары бұзылуда. Жол-көлік ережелері 2014 жылғы 17 сәуірдегі «Жол жүрісі туралы» заңы, 2014 жылғы 5 шілдедегі Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексімен реттеледі.
«Сергек» камераларын орнатудағы басты мақсат – жол-көлік оқиғаларының санын азайтып, халық өмірінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Бұл шараның басында тұрған «Көркем-Телеком» компаниясының міндеті – жол ережесінің бұзылғанын камераға түсіру ғана, ал айыппұл салып, хат жіберу – қалалық ішкі істер департаментінің міндеті. «Көркем-Телеком» компаниясы инвестор ретінде өз қаражатынан инвестиция салып отыр, ал, билік тарапынан тек бейнебақылау камераларын орнататын жер ғана бөлініп беріледі. Бұл жерде, сергек камерасының санының артуы мемлекетке тиімді десек те болады. Себебі, «Көркем-Телеком» компаниясына шығынға ұшырамаудың кепілі ретінде жиналатын айыппұлдың шектеулі бір мөлшері ғана тиесілі, ал қаражаттың басым бөлігі тікелей мемлекеттік бюджетке түседі. Кейін ол қаражат жолдағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету шараларына жұмсалады. Жол-көлік ережелерін бұзғандарға салынатын айыппұл бағасы жыл сайын өсуде. Оның басты себебі, жыл сайынғы айлық есептік көрсеткіштің мөлшеріне байланысты. «2021-2023 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» заңға сәйкес, 2021 жылдан бастап 1 АЕК – 2917 теңгені құрап отыр. Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексте айқындалған көліктегі, жол шаруашылығындағы әкімшілік құқық бұзушылықтар үшін салынатын айыппұл мөлшері әртүрлі. Мысалы, ӘҚБК 591-бабына сәйкес, рөлде телефонды не радиостанцияны пайдаланған жүргiзушiге 5 АЕК (14585 тг) айыппұл салынады. 2020 жылмен салыстырғанда айыппұл мөлшері 1330 теңгеге қымбаттаған. Жол ережесін бұзғандарға айыппұлға елу пайыз жеңілдіктер қарастырылады. Жол ережесін бұзғанын мойындайтын және оның дәлелдеріне шағымданбайтын, айыппұлды Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 810-бабындағы санкцияда көрсетілгеннен елу пайызы мөлшерінде төлеуге келіскен адамның үстінен қысқартылған іс жүргізіледі. Осы кодекстің 804-бабына сәйкес әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама жасауға құқығы бар уәкілетті адам әкімшілік іс жүргізу қозғайды және тұлғаға айыппұлды баптың санкциясында көрсетілген айыппұл сомасының елу пайызы мөлшерінде жеті тәулік ішінде төлеу құқығын түсіндіреді. Айыппұлды көрсетілген соманың елу пайызы мөлшерінде жеті тәулік ішінде төлеген жағдайда іс мәні бойынша қаралды, шешім заңды күшіне енді, ал адам әкімшілік жауаптылыққа тартылды деп есептеледі.
Ақбота ЕРБОЛҚЫЗЫ,
«Заң газеті»