Адамзатқа ертеден таныс сыбайлас жемқорлық – заманмен бірге өсіп-өркендеп, небір тегеурінді қарсылықтарға төтеп беріп, қайда мол қаражат, пайда болса, сол жерге тамыр жайып, бүгінге дейін жойылмай отырған қауіпті кеселдің бірі. Бүгінгі күні сыбайлас жемқорлықтың қоғамымызға тигізер зияны өте зор екеніне көзіміз жетіп отыр. Ол мемлекеттің бәсекеге қабілеттілігін төмендетіп, қоғамда демократиялық қайта құруларды жүзеге асыруды тежейтінін, елдің халықаралық беделіне көлеңке түсіретінін байқап отырмыз. Ең бастысы – адамдардың қоғамның демократиялық негізіне деген сеніміне, заң мен әділдікке деген сеніміне, түптеп келгенде, билікке деген сеніміне кері әсер ететініне қарап одан өткен қоғам үшін қауіпті құбылыс жоқ екеніне көзің жетеді.
Сондықтан жемқорлықсыз қоғам құру бүгінгі күннің басты мақсаты болып отыр. Елдің ертеңі үшін, болашақ келер ұрпақ алдында еңсеміздің бек көтеріліп жүру үшін, жемқорлық індетімен белсене күресіп, түп-тамырымен жою қажет. Сыбайлас жемқорлық мемлекетіміздің беделін түсіреді, мемлекеттің қауіпсіздігіне нұқсан келтіреді, құқықтық мемлекет құру қағидаларын бұзады. Сондықтан цифрландыру жүйесі арқылы жемқорлықтың жолын кесу жұмыстары тоқтаусыз жүргізілуде. Осы орайда тұрмыстық жемқорлықты жою тұрғысынан мемлекеттік қызметтерді үдемелі цифрландыруды жемқорлықпен күресте айтарлықтай нәтиже беруде. Бұл бағыттағы цифрландыру деңгейі – қазірдің өзінде 93%. Демек, бұл осы саладағы тұрмыстық жемқорлықтың барынша төмендетілгенін көрсетеді. Оған халыққа 1 миллионнан астам мемлекеттік қызмет көрсеткен сервистік әкімдіктердегі «connection points» деп аталатын цифрлық өзіне-өзі қызмет ету бұрыштары айтарлықтай үлес қосуда. Яғни мемлекеттік қызмет етуде адам факторы жойылып, цифрдандыру жүйесі арқылы халық қызметтерге жүгінуде. Сот саласы да цифрландыруға бет бұруының арқасында қазір саладағы құжат айналымы электрондық жүйеге көшкенін атап өткен жөн.
Мемлекет басшысы Қ.К.Тоқаевтың сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес мәселелері жөніндегі биылғы кеңесте сөйлеген сөзінде:” Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес – еліміздің стратегиялық дамуындағы негізгі басымдықтардың бірі. Бұл – менің берік ұстанымым және сайлауалды бағдарламада халыққа берген уәдем. Осы жұмыста ешқандай көзбояушылыққа, «бармақ басты, көз қысты» әрекеттерге жол берілмеуге тиіс. Талап қатаң болады. Былтырғы жиында біз нақты іс-қимыл жоспарын айқындадық. Бүгінде бірқатар мақсатты жүзеге асырдық. Қазақстан беделді халықаралық ГРЕКО ұйымына, яғни сыбайлас жемқорлыққа қарсы мемлекеттер тобына мүше болды. Нормативтік актілерді сыбайлас жемқорлыққа қарсы сараптамадан өткізу институтының жұмысы жаңғырды. Қол астындағылардың жемқорлық әрекеттері үшін басшыларын қызметінен босату қағидаты енгізілді. Өткен жылмен салыстырғанда жемқорлық әрекеттері үшін жауапқа тартылған адамдардың саны 11 пайызға артқан. Ашығын айтқанда, қазір күнделікті жаңалықтардан түрлі деңгейдегі шенеуніктердің сыбайлас жемқорлыққа байланысты заң бұзушылықтары үшін ұсталып жатқаны туралы оқитын болдық. Пандемия кезеңінде және мемлекет пен азаматтарымыздың табысы азайған тұста жемқорлықпен күресті одан әрі күшейтуіміз керек. Халықаралық сарапшылардың айтуы бойынша мемлекеттер пандемияның салдарымен күреске мол қаражат жұмсап жатқан кезде қаржыны мақсатқа сай пайдаланбау және жымқыру қаупі арта түседі. Бөлініп жатқан қаражат мұқият әрі тиімді жұмсалуға тиіс. Бұл – әр теңге өзінің мақсатына сай жұмсалуы керек деген сөз. Әсіресе, қазіргі жағдайда еш пайдасы жоқ және қажетсіз іс-шараларға қаражаттың шығындалуына қоғамның қалай қарайтынын көріп отырмыз. Сондықтан, мұндай мәселелерге болары болып, бояуы сіңгеннен кейін емес, алдын ала мән беру – өте маңызды.” деп атап өткен болатын. Жалпы мемлекет басшысы әр Жолдауында, жемқорлықпен күрестің күшейе беретінін, тоқтамайтынын қадап айтады. Демек жемқорлықпен күрес күшейтілу арқылы жемқорлықсыз қоғам құру жұмыстары жүруде.
Қасымова Ғалия, Алматы қаласы мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының судьясы