Жоғарғы Сот төрағасы Жақып Асанов бейнебайланыс арқылы Қостанай және Ақтөбе облыстық соттарының жаңадан тағайындалған төрағалары Анатолий Смолин мен Асламбек Мерғалиевті судьялар қауымдастығына таныстырды. Онлайн-кездесулерге мемлекеттік және құқық қорғау органдарының басшылары, сот жүйесінің ардагерлері мен өңірлердің судьялары қатысты.
Ж.Асанов төрағалардың сот жүйесіндегі ұзақ жылғы тәжірибелері мен жоғары кәсібилігін атап өтіп, оларға жаңа лауазымда табысты жұмыс тіледі және бірінші кезектегі міндет – сот төрелігін жүзеге асыру сапасын арттыруды тапсырды. Бұған қоса, осы Жарлықпен Түркістан облыстық сотының төрағасы болып Тұрысбек Мыятбеков тағайындалды. Түркістан облысының активіне оны Жоғарғы Соттың қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының төрағасы Әбдірашид Жүкенов таныстырды. «Тұрысбек Ерболғанұлы өзінің басшылық және судьялық мол тәжірибесін пайдалана отырып, сот жүйесінің дамуына елеулі үлес қосатынына сенімдімін», – деді Ә.Жүкенов.
АНЫҚТАМА:
Смолин Анатолий Сергеевич
1959 жылы 5 тамызда дүниеге келген. 1986 жылы Свердлов заң институтын бітірген. Судьялық еңбек өтілі – 31 жыл. Аудандық соттардың төрағасы, Солтүстік Қазақстан облыстық сот алқасының төрағасы қызметін атқарған. Жоғарғы Соттың қадағалау алқасы мен Жоғары Сот Кеңесін басқарған. 2018 жылдан бастап қазіргі уақытқа дейін – Жоғарғы Соттың судьясы болып жұмыс істеген.
Мерғалиев Асламбек Амангелдіұлы
1972 жылы 2 сәуірде дүниеге келген. 1999 жылы Стамбул мемлекеттік университетін бітірген. Судьялық еңбек өтілі – 18 жыл. Павлодар облыстық сотының маманы, Павлодар қалалық сотының судьясы, Екібастұз қаласы мамандандырылған әкімшілік сотының, Павлодар қаласы №2 сотының, Солтүстік Қазақстан облыстық сотының қылмыстық істер жөніндегі апелляциялық сот алқасының төрағасы болып жұмыс істеген. 2016 жылдан бастап қазіргі уақытқа дейін – Қостанай облыстық сотының төрағасы лауазымын атқарған.
Мыятбеков Тұрысбек Ерболғанұлы
1961 жылы 18 ақпанда дүниеге келген. 1993 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін бітірген. Судьялық еңбек өтілі – 22 жыл. Алматы қаласы соттарының әкімшісі, Алматы қаласы Әуезов аудандық сотының судьясы, Алматы қалалық сотының судьясы, Бостандық аудандық №2 соты мен Талғар аудандық сотының төрағасы болып жұмыс істеген. 2018 жылдан қазіргі уақытқа дейін Жетісу аудандық №2 сотының төрағасы болған.