СОТҚА ҮЛГЕРУ ҮШІН ТАКСИГЕ 1000 ТЕҢГЕ ТӨЛЕП, СОТҚА ҚАТЫСҚАНЫ ҮШІН 80 ТЕҢГЕ АЛҒАН АУДАРМАШЫНЫҢ ӘҢГІМЕСІ КІМДІ БОЛСЫН ОЙЛАНДЫРАРЫ АНЫҚ. ЖАҚЫНДА ӘЛІ ДАУҒА АЙНАЛЫП КЕЛЕ ЖАТҚАН МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛ МӘСЕЛЕСІНЕ ҚР ПРЕЗИДЕНТІ Қ.ТОҚАЕВ АЙРЫҚША ТОҚТАЛЫП, ЕЛДІҢ НАЗАРЫН ТІЛ МӘСЕЛЕСІНЕ АУДАРДЫ. АЛ СОЛ МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛГЕ ҚЫЗМЕТ ЕТУШІЛЕРДІҢ БІРІ – СОТТАҒЫ АУДАРМАШЫЛАР ЖӘНЕ ОЛАРДЫҢ ЖҰМЫСТАРЫ ЖАЙЛЫ НЕ БІЛЕМІЗ?
Сіздер азаматтық іске қатысқан аудармашының қызметі үшін мемлекеттен сағатына бар болғаны 278 теңге алатынын білесіздер ме? Қылмыстық істе ақы сәл жоғары. Әр тараптың айтқанын түсіне отырып, оны сол мезетте бұлжытпай аударып, әркімнің аузынан шыққанды қағып алып тілмаштық еткені үшін аудармашылардың бар алатын ақысы осы дегенде жағаңды ұстайсың. Және олар тараптардың сөздерін синхронды, заң нормаларын шатастырмай дұрыс аудару керек. Әйтпесе қылмыстық жауапкершілікке тартылып кетуі де ықтимал. Егер де аудармашы күніне, орта есеппен 3 процеске қатысып, 5 сағат аударма жасағанның өзінде жалақысы айына 42500 теңгеге жетпейді екен. Оның үстіне, соттан кейін шұқшиып отырып сот құжаттарын жазбаша аударуы да керек. Азаматтық істер ауқымды бола тұра аудармашыдан филология және аударма білімінен басқа, жан-жақтылығын, заманауи білімі, алғырлығы және психологиялық тұрақтылығы талап етілетіні тағы бар. Сонымен қатар, сот процесіндегі тараптардың эмоциялық күйі де аудармашылардың денсаулығына кері әсерін тигізбей қоймайды. Осыдан кейін сотқа кәсіби аудармашылар қайдан келсін!
Қазіргі онлайн сот процестері аудармашылардың жұмысын ауырлатпаса, жеңілдетпеді. Себебі бір аудармашының жылуы жоқ балконда, дірілдеп тұрып сотқа қатысқанының куәсі болдым. Мұның себебін аудармашы ханым «Алты балам бар, бәріміз бір бөлмелі пәтерде тұрамыз. Онлайн сабақ оқып жатқандықтан, балаларға кедергі жасамау үшін аударманы балконда тұрып жасадым» деп түсіндірген еді сотқа. Сонымен қатар, мамандардың айтуынша, сот дер кезінде басталмаған кезде ешкім оларға процесті күткені үшін босқа кеткен уақытына ақы төлемейді екен. Аудармашылар да ел азаматтары. Айтуларынша 1992 жылы қаулымен бекітілген аудармашылардың еңбек ақысын белгілейтін тарифты қайта қарайтын уақыт жеткен сияқты. Тәжікстан аудармашыларының өзі сағатына берілетін 2 долларды аздық көріп, сотқа қатысудан қашатын көрінеді. Ал біздің аудармашылардың еңбек ақысы 1 долларға да жетпейді. Күннен күнге сот жүйесінде мемлекеттік тілге сұраныс артып келе жатқаны байқалады. «Егер жұмысқа шығудан бәріміз бір күнде бас тартатын болсақ, сот жүйесі тығырыққа тірелетіні анық. Сондықтан аудармашылар еңбегі лайықты бағаланса», – дейді жанайқайын жеткізе алмай жүрген аудармашылар. Мәселемізді тыңдар құлақ табылып, қолдайтын азаматтар болса біздің аудармашылар командасының жұмысқа деген жігері мен құлшынысы зор деп қояды өздері.
Айдос САДУАҚАСОВ, Жоғарғы Соттың ресми өкілі:
СОТ АУДАРМАШЫЛАРЫНЫҢ АҚЫСЫНА ҚАТЫСТЫ МӘСЕЛЕДЕН ХАБАРЫМЫЗ БАР. БҰЛ – БҮГІНГІ КҮНДЕГІ ЕҢ ӨЗЕКТІ МӘСЕЛЕЛЕРДІҢ БІРІ. ОСЫ ОРАЙДА ҮКІМЕТ ҚАУЛЫСЫНА ӨЗГЕРІСТЕР МЕН ТОЛЫҚТЫРУЛАР ЕНГІЗУ БАҒЫТЫНДА ТИІСТІ ЖҰМЫСТАР ЖҮРГІЗІЛУДЕ. НӘТИЖЕСІН ХАБАРЛАЙТЫН БОЛАМЫЗ.
Мейірман ШЕКЕЕВ,
заңгер