Сайлау десе халықта «менсіз де сайлау өтеді ғой» деген енжарлық бар. Қоғамның саяси белсенділігін арттыру үшін не істеуіміз керек? Үміткерлердің әлеуметтік желідегі белсенділігі сайлаудың әділ өтуіне қаншалықты әсер етеді?
Нұрболат Нысанбаев, саясаттанушы:
— Тек Қазақстанда ғана емес, бүкіләлемдік тәжірибеде саяси процестердегі сандық технологияның рөлі артып келеді. Соңғы бес жылда Қазақстандағы әлеуметтік желілердің саясилануы бұл негізгі тренд. Әлеуметтік желі мемлекеттің, халықтың санасатын бір платформасына айналды. Мұның екі жағы бар. Біріншіден әлеуметтік желі Қазақстандағы он сегіз миллион халықтың пікірін білдірмейді. Өйткені еліміздегі интернетке қолжетімділік өзге елдермен салыстырғанда өте төмен. Яғни әлеуметтік желідегі белсенділікті ары кеткенде еліміздегі үш миллион ғаламторды белсенді қолданатын азаматтар деп өлшеуге болады. Сондықтан бүкіл ресурсты, бүкіл саяси жарнаманы, сайлауалды компанияны тек әлеуметтік желілермен, оның ішінде Фейсбук, твиттер, инстаграммен өлшеу, соған сену қате. Мен мұны аудиторияны шағындатып алу деп есептеймін.
Америкада да осы әлеуметтік желілер сайлаудағы қалыптасқан барлық қағидаларды бұзды. Сондықтан біздің елімізде де әлеуметтік желі сайлаудың әділ өтуіне кері әсерін тигізеді деп санаймын. Мәселен әлеуметтік желіге жарнамаға көп ақша төлесе, ол талай адамның алдында тұрады. Яғни сайлауды сатып алған болып есептелінеді. Ал сайлаудың негізгі класссикалық мәні дауысты сатып алмау керек. Керсінше халықты өз бағдарламаңмен жаулап алуың керек. Яғни бұл тек қазақстандық саяси жүйенің мәселесі емес. Тұтас саяси жүйенің электрондық жүйеге өтуіне байланысты туындап отырған мәселелер. Бірақ тиісті орындар әлеуметтік желіден басқа жерлерде де халық барын түсінетін кез келеді деп ойлаймын.
Бұл сайлаудың басты ерекшелігі пандемия кезеңімен қатар келуі болып отыр. Америкада да пандемия салдарынан сайлаудың әділ өтуіне кері әсерін тигізді. Сондықтан халықтың саяси белсенділігіне пандемия да өз әсерін тигізеді деп ойлаймын. Жалпы сайлау кезіндегі саяси белсенділікті арттыруымыз керек. Партиялар да көзбояушылық жасамай, халықтың алдында шын жұмыс істей алатынын көрсетсе, халықтың да сайлауға, үміткерлерге деген сенімі артар еді. Сондықтан бұл жерде партияларға көп нәрсе байланысты дер едім.
Мырзабек Бекберді, заңгер:
— Үміткерлер халық сеніміне ие болуға тырыспайды. Сондықтан халықта да сайлауға, депутаттарға деген сенім қалыптаспаған. Үміткерлер тек сайлау кезінде ғана белсенділік танытады. Басқа уақытта олардың халықпен, қоғаммен ісі жоқ. Берген уәделерін де ұмытады.
Ресейдің телеарналарында белгілі бір мәселені көтереді. Сосын сол аймақтан сайланған депутаттарды сол мәселе көтеріліп отырған хабарға шақырады. Хабар соңында көтерілген мәселені аяғына дейін жеткізу үшін депутат мойнына алады. Одан соң сол депутат көтерілген мәселені аяғына дейін жеткізіп, телеарнаға шығып, есеп береді. Нәтижесінде аймағынан шыққан депутатты сол аймақтың тұрғындары жақсы таниды. Келесі сайлау кезінде де қуана барып, сол депутатқа дауыс береді. Депутаттың да сайланған аймағында абыройы артады. Әрине барлық депутат емес ондай емес, дегенмен депутаттардың халықпен қарым қатынасы осындай деңгейде болуы керек. Сайлау науқаны жақындаған сайын мәжіліс төрі мен мәслихат креслосынан үміттілер үгіт-насихаттың алуан түрін пайдаланып бағып жатыр. Әсіресе, әлеуметтік желі беті қатты белсенді. Әр түрлі өнер адамдары мен әр саланың мамандарын тартып, өзіне дауыс беруге шақырып жатқандар да баршылық. Бірақ қоғамда жекелеген депутаттардың белсенділігін, бет бейнесін қалыптастыруға тырысуымыз керек. Әлеуметтік желіні пайдалануымыз керек. Бірақ оны сайлауды әділ өткізу, қоғамның ашықтығы, жариялылығы жағынан пайдалану керек.
Әсіресе сайлау кезіндегі халықтың белсенділігі жоғары болуы керек. Халық немқұрайдылық танытпай дауыс беруге баруы керек. Сонда дауыс ұрланбайды. Басқа біреу оның атынан дауыс бермейді. Бүкіл сайлау учаскелерінің хаттамаларын ақпараттық порталдарда жариялау керек. Сонда ғана әділ сайлау жүйесі қалыптасады. Екі саяси шараны қатар өткізу арқылы бюджет қаржысын үнемдеуді көздеген әрекетіміз қаншалықты нәтижелі боларын уақыт көрсетеді. Бастысы әділ болуы.