– Нұржан Әлиханұлы, 2020 жылды міне карантиндік режимде аяқтадық. Әділет департаменті жұмысына пандемияның қандай әсері болды? Жылды қалай аяқтадыңыздар?
– Пандемия барлық мемлекетке сынақ болды. Біз бұл қиындықты міндетті түрде елмен бірге еңсереміз. ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауында – заң үстемдігі орнықпаса және азаматтардың қауіпсіздігіне кепілдік берілмесе, әлеуметтік-экономикалық дамудың бірде-бір міндеті табысты жүзеге асырылмайтындығын жеткізген. Осы орайда цифрландыру – сәнге айналған үрдіске ілесу емес, ұлттың бәсекеге қабілеттілігін арттырудың негізгі құралы екендігін айтқым келеді. Сонымен қатар «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» – бұл, шын мәнісінде, «Әділетті мемлекет» құру тұжырымдамасы. Қазіргі заманда азаматтардың мәселелерін тыңдап, көріп қана қою жеткіліксіз. Ең бастысы – дұрыс және әділ шешім шығару арқылы халықтың жанын толғандырған жағдайлардың оң шешімін табуына атсалысу қажет. Бұл тұрғыда Шымкент қаласының Әділет департаментінде сыбайлас жемқорлықтың алдын алу және болдырмау мақсатында «OPEN SPACE» және «ADALDYQ ALANY» ашық форматтағы жобалық кеңсесі іске қосылды. Сонымен қатар әділет органдарына қатысты өтініштер мен сауалдарды whatsApp, instagram, facebook арқылы да қабылдауға мүмкіншілік қарастырылды. Яғни пандемия кезінде Әділет департаменті «К-20 Қайта іске қосу» бойынша жұмыс атқаруда. Бұл дегеніміз халықпен кері байланыс орнату мақсатындағы жоба – жұмыстың жаңа 24/7 тәртібіне көшуді меңзейді. Бұдан бөлек Шымкент қалалық Әділет департаментінің әлеуметтік желідегі https://t.me/shymkentadilet_bot парақшасы іске қосылды.
– Кепілдендірілген мемлекеттік заңдық көмек алу үшін қайда жүгіну керек? Аталмыш көмекті кім алады және мемлекетпен кепілдендірілген заңды көмекті алу үшін қандай құжаттар талап етіледі?
– ҚР Конституциясы мен заңдарына сәйкес белгіленген ережелер бойынша азаматтық, әкімшілік және қылмыстық процесс барысында азаматтар заңды көмек алуға құқылы. Және осы негіздерде ҚР азаматтарына мемлекетпен кепілдендірілген заңды көмек ұсынылады. Шымкент қаласының заң консультанттары палаталары тарапынан азаматтарға 351 кешенді әлеуметтік заң көмегі көрсетілген болса, қалалық адвокаттар алқасымен де тұрғындарға 81 кешенді әлеуметтік заң көмегі көрсетілген. 2019 жылы адвокаттық қызмет пен заң консультанттарының қызметін автоматтандыру мақсатында, «Е-заң көмегі» ақпарат жүйесі іске қосылды. «Ұлттық ақпараттар технологиясы» АҚ және Республикалық адвокаттар алқасы арасында 2019 жылдың 8 ақпанында жасалған №99 заң көмегінің бірыңғай ақпараттық жүйесін ұйымдастыру, сүйемелдеу және дамыту бойынша қызметтер көрсетуге арналған шартқа облыс бойынша жылдың басынан 398 адвокат толығымен қол қойып онлайн режиміне қосылған. Бүгінгі таңда 402 адвокат және 6 заң кеңесшілері палаталарының заң консультанттары сақтандыру шарттарын жасаған. Жалпы, кешенді әлеуметтік заң көмегі – өмірлік қиын жағдайда жүрген азаматтарға, атаулы әлеуметтік көмекке құқығы бар адамдарға, Ұлы Отан соғысының қатысушыларына, басқа мемлекеттердің аумағындағы ұрыс қимылдарының ардагерлеріне, бірінші және екінші топ мүгедектеріне, жасына байланысты зейнеткерлерге, әлеуметтік мекемелерде азаматтарға көрсетіледі. Кешенді әлеуметтік заң көмегін азаматтар тиісті субьектіге, жеке басын куәландыратын құжатты және тиісті әлеуметтік осал топқа жататындығын растайтын анықтаманы ұсыну арқылы ала алады. Бұл бойынша әр азамат Шымкент қаласының Әділет департаментіндегі +8 (7252)35-33-68 телефон нөміріне хабарласу арқылы ақпарат алуына болады.
– Алимент өндіру өзекті мәселе. Берешегін төлемей, алған несиені кешіктіріп немесе мүлде қайтарудан бас тартатын азаматтардың жолы әйтеуір бір сот орындаушылармен тоғысатыны белгілі. Осы орайда сот орындаушылардың жұмысына да тоқтала кетсеңіз?
– Шымкент қаласының Әділет департаментінде борышкерлерден атқарушылық іс жүргізу бойынша атқарушылық құжаттардың талаптарын мәжбүрлеп орындау бойынша ауқымды жұмыстар жүргізіліп жатыр. Бүгінгі таңда Шымкент қаласының аумағында 9 мемлекеттік сот орындаушы және 131 жеке сот орындаушы қызмет атқаруда. Ағымдағы жылы сот орындаушылардың өндірісінде 273 285 іс болса, оның 103 617-сінде атқару өндірісі аяқталып, қазіргі таңда 169 668 іс орындалу барысында. Оның ішінде әлеуметтік маңызы бар санаттағы өндірістер бойынша, яғни алимент өндіру санатындағы атқару өндірістері бойынша 12 096 атқару өндірісі орындауда болса, оның ішінде 2 089 іс аяқталып, бүгінде 10 007 атқару өндірісі орындалу барысында. Бұдан бөлек, сот орындаушыларының ұсынысы негізінде 145 борышкер әкімшілік жауапкершілікке тартылды, 45 борышкердің жүргізуші куәлігі
анықталып, олардың қолданылуына уақытша тыйым салынды, мүлкі анықталған борышкерлердің жылжымалы және жылжымайтын мүліктеріне тыйым салынып, қарыз берешегі жиналып қалған екі борышкердің мүлкі сатылымға шығарылып, 2 200 900 теңге ақша қаражаты өндіріп алушыларға төленген. Сот орындаушылары тарапынан мәжбүрлеп өндіру шаралары тиісті деңгейде атқарылғандықтан бұл көрсеткіш бүгінде 711 іс бойынша 181 млн теңгеге төмендеді. Борышкерлерге қатысты Қазақстан Республикасынан шығуға шектеу шарасын қабылдау бұрын сот орындаушының құқығы ретінде көзделген болса, енді осы шараны қолдану сот орындаушының міндеті ретінде бекітілген. Мұндай шара 40 АЕК және одан көп мөлшердегі қарыздар бойынша қолданылады (бұрын – 20 АЕК асатын сомалар бойынша). Сонымен қатар, сот орындаушы алимент берешегін үш ай сайын анықтау қажет. Алимент берешегін анықтау туралы қаулылар өндіріс тараптарына 3 күннің ішінде таныстыру үшін жолдануы тиіс.
– Қазіргі таңда көптеген салалар цифрлы Қазақстан бағдарламасы аясында цифрландырылып, онлайн жүйеге ауысты. Осы орайда азаматтық хал актілерін тіркеу, жылжымайтын мүлікті тіркеу, заңды тұлғаларды тіркеу саласындағы мемлекеттік қызметтер қаншалықты оңтайландырылды?
– Азаматтық хал актілерін тіркеу саласындағы мемлекеттік қызметтерді оңтайландыру мақсатында «Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы» кодексіне бірнеше өзгерістер енгізілді. Азаматтарға ыңғайлы болу үшін барлық тіркелген азаматтық хал актілерге эксаумақтық қағидаты енгізіліп, қайталама куәліктері мен анықтамалары беріледі. Азамат қай аумақта туылғанына қарамастан, кез келген тіркеуші мекемеде қайталама туу туралы куәлігін алуына болады.Сондай-ақ бұл электронды түрде мемлекеттік қызметтерді алуға,
демек мектепке дейінгі балабақшаға кезекке тұруға, медициналық мекемелерге тіркелуге, мекенжайы бойынша әлеуметтік көмек алуға өтініш білдіруге мүмкіндік береді. Туылған нәрестенің анасының жеке басын куәландыратын құжатының болмауына қарамастан, тіркеліп, туу туралы куәлік рәсімдеу мүмкіндігі қарастырылған. Бұл ретте, баланың азаматтық
мәселесі шешілген. Енгізілген өзгерістер бойынша туу туралы электронды портал арқылы тіркеу механизмін кодекстің 187-бабында көзделгендей, баланың тууын тіркеу үшін туу туралы медициналық куәлік немесе туу фактісін анықтау туралы сот шешімінің көшірмесі негіз болып табылады. Медициналық ұйымнан тыс жерде, оның ішінде үйде босанған жағдайда, туу туралы медициналық куәлікті анасының жеке басын куәландыратын құжаттарына сәйкес босанғаннан кейін ол өтініш жасаған медициналық ұйымның қызметкері немесе босандырған және жеке медициналық практикамен айналысатын жеке адам ресімдейді. Тууды мемлекеттік тіркеу кезінде дәлелді себеппен ата-анасының жеке басын куәландыратын құжаттары болмаған жағдайда, ата-анасы туралы мәліметтер неке қию туралы куәлікке не неке қию туралы акт жазбасына сәйкес толтырылады. Бала медициналық ұйымда туылған және анасының жеке басын куәландыратын құжаттары болмаған жағдайларда, туу фактісін тіркеу кезінде ол туралы мәліметтер анасының өтініші бойынша және туу туралы медициналық куәлікке сәйкес толтырылады, оған анасы туралы мәліметтер өзінің сөзі бойынша жазылғаны туралы белгі қойылады. 2 куәліктің орнына: бала асырап алу немесе әкелікті анықтау және туу туралы, тіркеуші мекемемен баланың және ата-анасының персоналды мәліметтері енгізілген бір ғана туу туралы куәлік беріледі. Сот шешімі негізінде неке бұзуды тіркеу процедурасы автоматтандырылды. Яғни соттың күшіне енген шешімі «АХАТ» тіркеу пункті» ақпараттық жүйесіне түсіп, неке қию туралы акт жазбасына неке бұзылғаны жөнінде белгі қойылады. Жоғарыдағы аталған өзгерістер қызметтің көрсету мерзімін қысқартуға және материалдық шығынды азайтуға, сондай-ақ цифрлы форматқа өтуге ықпал жасауда. Кодекстің 268-бабына сәйкес, қайтыс болуды мемлекеттік тіркеу үшін:
1) медициналық ұйым берген қайтыс болу туралы белгіленген нысандағы құжат;
2) қайтыс болу фактісін белгілеу туралы немесе адамды қайтыс болды деп жариялау туралы соттың заңды күшіне енген шешімі негіз болып табылады.
Осы бапта көзделген қайтыс болуды мемлекеттік тіркеу үшін негіздер акт жазбаларын мемлекеттік тіркеуге арналған ақпараттық жүйеге электрондық түрде келіп түседі. Егер мәлімдеме беруге уәкілеттік берілген адамдар медициналық ұйым белгіленген нысандағы құжатты берген немесе соттың қайтыс болу фактісін анықтау немесе адамды қайтыс болды деп жариялау туралы шешімі заңды күшіне енген күннен бастап үш жұмыс күні ішінде қайтыс болуды мемлекеттік тіркеу туралы өтініш бермесе, онда тіркеуші орган акт жазбаларына сүйеніп мемлекеттік тіркеу негізіне сәйкес қайтыс болуды мемлекеттік тіркеу туралы жазбаны өз бетінше жүргізеді. Яғни кодекстің талаптарына сәйкес, қайтыс болу туралы дәрігерлік куәлігін ұсынғанда «АХАТ ТП» ақпараттық жүйесіне интеграцияланған медицинаның программалық жүйелеріне уақытылы және түгел енгізілуі тиіс. Мемлекеттік қызметті алу үшін жеке
және заңды тұлғалар осы «Жылжымайтын мүлікке құқықтарды мемлекеттік тіркеу» мемлекеттік көрсетілетін қызмет стандартына сәйкес құжаттарды қоса бере отырып, көрсетілетін
қызметті алушының жылжымайтын мүлік объектісінің орналасқан жері бойынша көрсетілетін қызметті беруші арқылы немесе «электрондық үкіметтің» веб-порталы арқылы өтініш береді, www.egov.kz арқылы жүзеге асырылады.
– Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу саласында қандай жаңашылдықтар бар?
– Биылғы жылы Мемлекет басшысының бастамасы бойынша НҚА жобаларына сыбайлас жемқорлыққа қарсы ғылыми сараптаманы қалпына келтіру бойынша заңнамалық түзетулер
енгізілді. НҚА жобаларына ғылыми сараптама жүргізудің басты мақсаты сыбайлас жемқорлықтың алдын алу тиімділігін арттыру болып табылады. Осы мақсатта 2020 жылғы 16 шілдеде Үкімет қаулысымен (№451) НҚА жобаларына сыбайлас жемқорлыққа қарсы ғылыми сараптама жүргізу қағидалары бекітілді. Жоғарыда аталған қағидалардың 5-тармағында көрсетілген НҚА жобаларынан басқа жергілікті мемлекеттік органдардың нормативтік құқықтық актілердің жобаларына сыбайлас жемқорлыққа қарсы ғылыми сараптама жүргізу міндеттілігі қолданысқа енгізілді. Бүгінде Шымкент қаласының Әділет департаментімен 2020 жылы азаматтардың құқықтарына, бостандықтары мен міндеттеріне қатысты жергілікті мемлекеттік органдардың 61 НҚА мемлекеттік тіркеуден өтті. Еліміздің кез келген азаматы заңнама жаңалықтарымен, сондай-ақ барлық әділет органдарымен тіркелген және ресми жарияланған НҚА-мен «НҚА эталондық бақылау банкінде» Әділет министрлігінің интернет-ресурсы арқылы таныса алады. Жоғарыда аталған, яғни іске асырылып жатқан жұмыстардың барлығы еліміздің экономикалық өсуі мен халықпен кері байланыс орнатудағы басты бағыттар. Елбасының мемлекетіміздің тағдыры үшін маңызды құжатында айтылған мемлекеттік қызметтегі тұлғаларға қойылатын талабы «Әрбір мемлекеттік қызметкердің ары да, жаны да таза, сауатты және білікті, біреуге тәуелді болмайтындай жағдайда болса екен»,– деген жұртшылықтың пікірімен үндескендей. Халықтың игілігіне қызмет ету әр азаматтың, оның ішінде мемлекеттік қызметкердің парызы.
– Сұхбатыңызға рақмет. Жұмыстарыңызға табыс тілейміз!
Ерсұлтан ӘМІРБЕК
ШЫМКЕНТ