Қалбай ағаны танығалы он бес жылға аяқ басты. Аз емес, адамның бір мүшел жасынан аса уақыт. Әлі күнге дейін сол баяғы мызғымас қарапайым қалпы. Қашан көрсең «құлдығым» деп құрақ ұшып тұрғаны. Біз үшін Қалбай аға мен «құлдығым» егіз ұғым. Ол кезде аға республикалық қоғамдық-саяси, құқықтық басылым – «Заң газеті» бас редакторының орынбасары. Ақын Жарас Сәрсек екеуі бір кабинетте отырады. Материалыңның газетке өту-өтпеуі, былайша айтқанда, журналистік тағдырың осы кісілердің қолында. Ағаның бір ұнайтын қасиеті – мақалаңа қатысты ойын бүкпесіз ашық айтатыны. Дұрыс болса «әп бәрекелділеп» көтермелеп қанат бітіреді, бұрыс болса қалай жазу қажеттігіне бағыт-бағдар береді.
Ешқашан да меселіңді қайтарып, мысыңды баспайды. Бұл кісінің біреуге ашуланып немесе жамандап, ғайбат сөз айтқанын естімеппіз. Зәуіде біреуден көңілі қалып, ренжи қалса «қиқым» екен ғой дей салатын. Қалбай ағаның «құлдығым» мен «қиқымын» заңдықтардың біразы сөздік қорына енгізіп алғаны да сондықтан. Бас редактордың орынбасары болғанымен Қалағамыз қарамағындағыларға менмендік мінез көрсететіндер қатарынан емес. Несін жасырамыз, сол жұмсақтығын пайдаланып, тапсырмасын бірде орындасақ, бірде
орындамай да қоятынбыз. Ондайда бөлмесіне қарай аяқ баспаймыз. Біз жоламаған соң тілшілер отыратын үлкен залға ағаның өзі келеді. Сондай бір келісінде «Құлдықтарым-ау, сендерден материал сұрап емес, қарызға ақша сұрап келгендей қысылатын болдым ғой» – деп ұрыспай-ақ ұялтқаны бар.
«Заң газетінің» қара нары атанған ағамыз журналистика саласына ғұмырының 30 жылын арнаса, соның тең жартысынан астамы осы корпорацияда өтті. Зейнетке де «Заң» журналының редакторы болып жүргенінде шығарып салдық. Өмір жолына көз салсақ, Қалбай Өмірбайұлы 1953 жылы Қарақалпақстан Республикасының Мойнақ қаласында дүниеге келген. Нөкіс мемлекеттік университетінің филология факультетін бітіріп, мектепте мұғалім болса, кейіннен мектеп директорының орынбасары қызметін атқарды. Еліміз тәуелсіздік алған соң атажұртқа оралып, «Ұлан» газетінде тілші, еларалық «Қазақ елі» апталығында бас редактордың орынбасары, «Қазақстан əйелдері» журналында бөлім меңгеруші болды. Бұдан кейін «Заң газеті» бас редакторының орынбасарлығына келді. Аға жайлы неге тәптіштеп отырмыз, себебі, қазақ журналистикасында өзіндік орны бар қаламгер туралы жазба жоқтың қасы. Оны қанша жыл бірге қызметтес болсақ та өзіміз де жаңа байқаппыз. Қарапайымдылығы сол, қазақ журналистикасына 30 жыл еңбек сіңіріп, әріптестері арасында «журналистиканың жүйрігі» ретінде мойындалғанымен «Ақпарат саласының үздігі» марапатын биыл 67 жасында алды. Өзінен бұрын өзгелерді, яғни, бірінші қарамағындағыларды ойлау, жастар алсын, жастар жетсін деу қарапайымдылық пен ағалық қамқорлықтың жарқын үлгісі емей немене?
Шерхан Мұртазаның «Журналистің жегені – жантақ, арқалағаны – алтын» деген теңеуі Қалбай аға секілді өз ісінің хас шеберлеріне арналғандай. Бұдан 18 жыл бұрын жазған «Тарихи тұлғаларымызды танимыз ба?» мақаласын ағамыз «Қазақ әзіл-оспағының көкжалы Оспанхан Әубәкіровтың «Мен соңғы рет қашан пенсияға шығып едім?» деп сандалып жүретін қожанасырлау бір кейіпкері болатын. Біз де кейде сол қаһарманға ұқсап кетеміз. Баяғыда сол мүйізі қарағайдай сатиригіміздің 70 жылдық мерейтойын тойлауды ұмытып кетіп, жер шұқып қалған масқара тірлігіміз де болған. Ұмытшақпыз» деп бастапты. Тек Оспанхан емес, осы материалында ақындар Сұлтанмахмұт Торайғыров, Ғұмар Қараш, Меңдекеш Сатыбалдиев, жазушылар Тобық Жармағамбетов, Саттар Ерубаев, Баубек Бұлқышев, заңгер Қошке Кемеңгерұлы, суретші Орал Таңсықбаев, ұлт жанашырлары Жұмабай Шаяхметов, Нұртас Оңдасынов, Жұмабек Тәшенов, Өзбекәлі Жәнібеков, алғашқы қазақ дипломаты Мәлік Фазылов есімдерін кейінгі ұрпақтың есінде қалатындай деңгейде ұлықтай алмай, ұмыттырып бара жатқанымыз жайлы жазды. Ұлтымыздың ұлыларын түгендеп, елінің ертеңі үшін қандай мәселеде болсын, оның ішінде жастар тәрбиесінде де күш-жігерін сарп еткен журналист еңбегінің зейнет жасынан өткенше ескеріліп-еленбеуі, әрине, бізге сын.
Қалбай Әділ қазірге дейін шешімін таппай ащы ішекше созылып келе жатқан түйткілді мәселені «Ономастикада ұнамайтын атаулар көп немесе «Павлодардың ескі аты Қимақ емес пе?» деген тақырыппен 2005 жылы көтерген. Мақаласын Елбасының «Ономастикалық саясатты босаңсытуға болмайды. Жалтақтай беретін ештеңе жоқ» деген сөзімен тұздықтап,
«Ел тағдырымен байланысты осындай мәселелерге атсалысатын мүйізі қарағайдай тарихшы, археолог-ғалымдарымыздың «ауыл-үйлік» әңгімеден аса алмай жүргендігін түйреп
өтеді. Журналист жетеліге жететіндей етіп жазғанымен, оған қолында құзыреті барлардың мойны жар бермей, жалтақтыққа салынса не шара? Журналистің «Қаһарман атағына кім лайық?», «Батыр атағы не үшін беріледі?» немесе «Қолынан келді, қонышынан басты», «Жұлдыз жауған жылдар», «Мемлекет деген кім?», «Келімсектердің келешегімізге кесірі көп»,«Жетіміңді жат жұртқа жаутаңдатпа», «Мүгедектер сатылып жатыр», «Шоқайға «шоқыну» саяси соқырлық емес еді», «Ұлттар жарасымдылығына жарамсақтық жат», «Күл болғысы келетін кім бар немесе Қазақстанға крематорий керек пе?» сынды т.б. елдік тақырыптарды қозғаған материалдарының жазылғанына 20-25 жыл өтсе де әлі де өзектілігін жойған жоқ. Дәл қазіргі қоғамның күйін қозғаған өлмейтін, тың тақырыптар. Олардың барлығында Қалбай Әділ өзінің жеке пікірі мен көзқарасын күлбілтелемей батыл білдірген. Қазіргі бізге жетіспейтін қасиет те осы. Бұлардың қай-қайсысы да журналистикада жүрген жастарға дайын лекция, яғни, материалды қалай жазудың, тақырыпқа қалай келудің, оны ашудың әдемі көрсеткіші. Ағаны асыра мақтаудан аулақпыз, дегенмен, ол кісінің бары осы. Қарапайымдылық пен кішіпейілділіктің үлгісі болған Қалбай Әділдің бекзат болмысы біз үшін үлкен өнеге.
Дәурен ҚУАТ, «Қазақ әдебиеті» газетінің бас редакторы: «Қаламы жүйрік Қалағаң»
Қалағаңмен еларалық «Қазақ елі» газетінде бірге жұмыс істедік. Кезінде бұл газеттің таралымы өте жақсы болды. Тек Қазақстанда емес, Өзбекстан, Қырғызстанға да көп таралды. Әсіресе, өзбекстандықтар көп алатын. Қалағаң қаламы жүйрік журналист, ең бастысы жылдам. Қандай тақырыпты жазса да, әдемі, шебер тілмен ашып, жандандырып жіберетін. Тақырыбын жақсы білетін. Ол кісіге әрдайым журналистикада үйренуге тиісті ағам деп қарайтынмын, әлі күнге дейін солай қараймын. Қалағаңның тағы бір ғажаптығы өзі білетін, түсінетін тақырыпқа барады. Сол тақырыпты әдемі бір әңгіме сияқты ашып береді. Сұхбаттары да дәл сондай, өзі сұхбаттасқан адамның жан-дүниесін, ойын барынша ашып көрсетеді. Қалекең секілді мықты журналистерді зейнет жасына жетті екен деп үйіне жіберу дұрыс емес. Мұндай кісілер журналистика майданында қолынан қаламы түскенше жүруі керек. Неге десек, зейнетке шыққан адамдардың білім-білігін, тәжірибесін пайдалану жағы бізде кемшін. Мысалы, Сүлеймен Демирел атындағы университет, Қазақ ұлттық университеті, сол сияқты көптеген жоғары оқу орындарының журналистика факультеттері бар. Сондай орындарға апарып лекция оқытса жас кадрларды дайындауға әлеуеті толық жетер еді. Мақала, ақпарат, хабарлама, т.б. қалай жазылады, оларды қалай беру керек, формалары, тәсілдері, осылардың бәрі жайлы айтары бар адам Қалекең.
Байбота Қошым-Ноғай, ақын: «Халтурадан тыс адам»
Қалбай «Қазақ елі» газетінде менің қарамағымда жұмыс істеді. Жазушы ретінде танылмағанмен, қаламы жүйрік, қарымды журналист ретінде әлдеқашан мойындалған. Тамаша, тың проблемаларды дер кезінде көтеріп, өткір мақалалар жазды. Материалдары «Қазақ елі» мен «Ана тілі» газеттерінде жарияланып отырды. Балалар жазушысы Әділ Балтаның туған інісі. Балтабаймен жақсы сыйластым, аралас-құралас болдым. Сол жағынан оны өзімнің бауырымдай көрдім. Жасыратыны жоқ, бізде ауыр жұмысты біреу атқарады, оның рахатын басқа біреулер көреді. Барлық саладағы жағдай осылай. Мысалы, Қалбай өзі қызмет еткен барлық жерде мойнына ауыр жүк артып алатын жігіт. Онда халтура деген мүлде жоқ. Таза, шыншыл адам. Бірде қарақалпақ тілінде Қалбайға арнап өлең жаздым. Таңертең жұмысқа келсем Қалбай басын көтермей, шұқшиып жұмыс істеп отыр екен. – Қалбай, мына материалды тез арада қарап берші, деп өлеңді алдына қоя салдым. Уақыты болмай жатыр, байқап отырмын, сонда да қоймай: – Қалбай, ана материалды «срочно» дедім ғой, тездетіп қарап бер деп нығыздап қойдым. Алдындағы жұмысын ысырып салып, өлеңді қолына алды. Жүзінде таңданыс, «қарақалпақша қайдан білесің» деді маған. Қарақалпақтың біраз ақын-жазушысын оқығанмын. Олардың тілінің бізден аса айырмашылығы жоқ. Осы өлең кітабыма да енді кейін. Қалбайды қалай мақтасаң да жарасады.
Түймегүл ИБАШЕВА
«Заң газеті»