Карбеков Бауыржан Қанатұлы, Шымкент қаласының Полиция департаменті Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының аға жедел уәкілі, полиция капитаны:
— Бауыржан Қанатұлы бүгінгі күні өңірдегі есірткімен күрес нәтижесі қандай?
— Әлем бойынша есірткіге қатысты құқық бұзушылықтар кең етек алғанына қарамастан, қаламыздағы есірткіге қатысты жалпы жағдай тұрақты деңгейде сақталған. 2018 жылы Шымкент қаласы өз алдына республикалық маңызы бар қала атанған уақыттан бастап осы бағыттағы жұмыстарға тиісті деңгейде назар аударылуы нәтижесінде есірткіге қатысты тіркелген құқық бұзушылықтар саны жылдан-жылға азайып, кему тенденциясы қалыптасты. Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, 2018 жылы қала бойынша есірткінің заңсыз айналымына байланысты жалпы 305 құқық бұзушылық анықталса, кейінгі жылдары олардың саны 28,5 пайызға немесе 87 дерекке азайған. Бұл полиция және өзге де құқық қорғау қызметімен осы мерзімде қалаға басқа өңірлерден тасымалданатын есірткі арналарын жабу, оларды сатумен, сақтаумен және таратумен айналысатын адамдарды анықтап, қылмыстық жауапкершілікке тарту нәтижесінде есірткіні саудалайтын тұлғалар санының азаюынан туындап отырған жақсы көрсеткіш. Дегенмен, ғасыр дертіне айналған бұл проблемамен күресу ішкі істер органдарымен ұдайы түрде жалғастырылып келе жатқанына қарамастан, өкінішке қарай, оны заңсыз пайдаланатындар мен кәсіп еткендердің қатары әлі де тыйылмауда. Осыған байланысты, есірткіге қатысты құқық бұзушылықтардың алдын алу, анықтау және жолын кесу, сондай-ақ нашақорлыққа түбегейлі тосқауыл қою мақсатында, қалалық Полиция департаменті тарапынан нақты іс-шаралар жоспары әзірленіп, іске асырылуда.
— Есірткінің таралуының алдын алу бағытында қандай жұмыстар жүргізіліп жатыр?
— Биыл есірткі профилактикасы бойынша қалалық Полиция департаментінің ұйымдастыруымен және департамент өкілдерінің қатысуымен жалпы 31 түрлі іс-шара өткізілді. Соның ішінде, 1 акция, 1 конкурс, 3 семинар, 8 жұмыстық кездесу, 9 лекция және 9 түрлі басқа да іс-шаралар бар. Іс-шараға жалпы 411 адам қатысты. Оның басым бөлігі карантиндік режимді ескере отырып онлайн нысанда, барлық санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды сақтай отырып өткізілді. Іс-шараларға мүдделі мемлекеттік және мемлекеттік емес орган өкілдері, қала әкімдігінің білім және денсаулық сақтау басқармаларының қызметкерлері, қоғам белсенділері мен еріктілер жұмылдырылды. Іс-шараның барлығы азаматтарға салауатты өмір салтын насихаттау, оны ұстануға баулу, психикалық саулығын нығайту, қоғамды есірткіге қарсы қою, халық арасында есірткіге қарсы иммунитетті барынша көтеру, есірткінің заңсыз айналымымен байланысты құқық бұзушылықтарға тосқауыл қою, есірткіні пайдаланудың зиянды жақтары мен оның заңсыз айналымына қатысты құқық бұзушылық түрлері бойынша белгіленген жауаптылықты түсіндіруге бағытталды. Өткізілген іс-шаралардың бірқатары департаменттің ғаламтордағы әлеуметтік парақшалары арқылы жарияланып тұрды.
— Жақында «STOP: Есірткіге жол жоқ» акциясы аясында ғимараттар мен үй-жайлардың сыртқы қабырғасына психобелсенді құралдар мен прекурсорлардың жарнамасы ретінде салынған 281 графикалық үлгідегі суреттер анықталып, жойылыпты. Ал сол жарнамалық суреттерді салғандарды анықтау жұмыстары қалай іске асуда?
— Қала аумағындағы ғимараттар мен үй-жайлардың сыртқы қабырғасына есірткі құралдары жарнамалап салынған мекенжайларды анықтап, жою жұмыстары ұдайы департамент басшылығының назарында. Күнделікті учаскелік полиция инспекторлары аталған суреттерді анықтап жою мақсатында үй аралық және аулааралық тексеру жұмыстарын жүргізеді. Сонымен қатар, аталған жұмыстарға қала әкімдігіне қарасты «Жастар ресурстық орталығының» қызметкерлері және волонтёрлық ұйым мүшелері жұмылдырылған. Нәтижесінде ағымдағы жылдың 9 ай қорытындысымен 281, ал бүгінгі таңда 403 есірткі сайттары жарнамаланған мекенжайлар анықталып жойылды. Бүгінде есірткі заттарын жарнамалаған тұлғаларды анықтап, оларды жауапкершілікке тарту мақсатында кешенді жедел-іздестіру жұмыстары атқарылуда. Әрбір сурет салынған аумақтағы тұратын тұрғындар мен жұмысшылардан оның пайда болу жағдайы сұрастырылады. Ал, жақын орналасқан бейнеркамералардан күдіктілердің бейнелерін анықтау жұмыстары жүргізіледі. Өкінішке орай, бұл бойынша әлі нәтиже жоқ. Дегенмен, жедел құрылым қызметкерлерімен аталған қылмысты жасауы мүмкін бірнеше тұлғаға қатысты бүгінде тиісті тексеру жұмыстары жалғасуда. Алдағы уақытта оң нәтиже болады деген үміттеміз.
— Есірткі тарату жұмыстары да заманға сай бейімделуде. Ғаламтордағы есірткі саудалаушылар жөнінде не айтасыз?
— Бүгінде әлем бойынша дәстүрлі есірткі заттарын сату түрлері жайлап екінші орынға кетіп, оның нарығы енді ғаламтор арқылы дамып келеді. Ал, оны дамытуға ниетті қылмыскерлер есірткіні насихаттау мен жарнамалаудың түрлі амалдарын меңгеріп алған. Оның ішінде, әлеуметтік желілер, мессенджерлер мен интернет сайттарды кеңінен пайдалануда. Қазақстан Республикасында Интернет желісі арқылы ақпарат алмасуды реттеу мәселелері Қазақстан Республикасының 2004 жылғы 5 шілдедегі «Байланыс туралы» Заңымен реттеледі. Ал, осы Заңның 41-1 бабында байланыс желілерін жеке адамның, қоғамның және мемлекеттің мүдделеріне нұқсан келтіретін қылмыстық мақсаттарда пайдалануға тыйым салынатыны анық көрсетілген. Дегенмен, қазіргі таңды алып қарасақ, Интернет желісінде, соның ішінде қазақстандық Интернет сегменттерінде, «Казнетте», есірткілерді насихаттау мен жарнамалау туралы форумдар, дүкендер, сату алаңдары мен басқа да сервистер көптен орын алып жатыр. Жастар арасында осындай ақпараттық технологиялардың арқасында ақпараттардың жылдам тарауы, алда үлкен қауіп тудыратыны анық.
Сондай-ақ, есірткіні қолданудан болатын құқық бұзушылықтар санының артуына оны жарнамалайтын түрлі сайттар мен әлеуметтік желі парақшаларының тигізіп жүрген ықпалы мен қоздырғыш күші жасырын емес. Мұндай мазмұндағы жарнамалардың ауқымын тоқтатудың басты жолдарының бірі — аталған бағыттарда жарнама жүргізетін сайттар мен парақшаларды бұғаттау болып отыр. Осы орайда, Шымкент қаласының Полиция департаменті қызметкерлерімен ұдайы түрде ғаламтордағы есірткінің заңсыз айналымына қатысты құқық бұзушылықтарды анықтауға бағытталған мониторинг жұмыстары жүргізілуде. Атқарылған жұмыстар нәтижесінде өткен жылы жалпы 149 интернет сайттар мен каналдар, әлеуметтік желі парақшалары анықталса, осы жылы 111 сайттар мен парақшалар анықталып, бұғаттау үшін құзырлы мекемелерге жолданды. Сонымен қатар, аталған сайттар мен парақшалардағы жазбалар Қазақстан Республикасының «Бұқаралық ақпарат құралдары туралы» Заңына қайшы келуіне орай, сондай-ақ ел аумағында таралуына тыйым салынуына байланысты, қазіргі таңда қала прокуратурасымен бірлесіп, оларды заңсыз деп тану және жабу үшін Азаматтық процестік кодекстің 54-бабы негізінде сотқа талап арыз енгізу жұмыстары басталды. Одан бөлек, бүгінде полиция қызметкерлерімен аталған интернет сайттар мен парақшаларды бұғаттаумен ғана шектелмей, IT-мамандардың көмегімен оларды насихаттаған және заңсыз жарнамалаған тұлғаларды анықтауға бағытталған тиісті жедел алдын алу жұмыстары жүргізуде.
Атап өтер жайт, ағымдағы жылдың 11 қаңтарынан бастап елімізде есірткі заттарын интернет және әлеуметтік желілер арқылы таратқаны үшін қылмыстық жауапкершілік енгізілген.
— Қазіргі уақытта жастар арасында кеңінен таралған синтетикалық есірткі туралы не айтар едіңіз?
— Синтетикалық есірткілер – бұл психобелсенді есірткі заттарының жаңа түрлері болып табылады. Оларды тұтыну адамның ағзасына өте ауыр зиянын тигізеді. Ол орталық нерв жүйесін зақымдайды. Синтетикалық есірткілерді тұтынған адамда өмір бойына психикалық ауру диагнозы қалады. Оларды бір рет қолданудың өзі өмір бойына тәуелділікке алып келуі мүмкін. Ал, олардан бас тарту өте қиын болып қалады. Синтетикалық заттарды ине арқылы екпейді, иіскеу немесе суға араластырып ішу арқылы қолданады. Сондықтан, адамдар мен ине салмаймын, демек нашақор емеспін деген түсінікте болады. Ал, синтетикалық заттардың әсері марихуана, гашиштен 5 есе жоғары. Нашақор қорқақ, галюцогенді немесе негізсіз қорқыныштарға беріледі. Көңілді отырған адам 5 минуттан соң жылап отыруы мүмкін, үнемі бір затын жоғалтып алғандай іздеп жүреді, 2-3 тәулік ұйықтамайды немесе керісінше өте көп ұйықтауы да мүмкін. Көзіне бір заттар елестеп, қылмысқа да барып жатады. Қысқа уақыттық ләззат алудың артынан ауыр халде кері қайту процесі жүреді. Бүгінгі таңда синтетикалық есірткі заттарының кең тараған түріне – тұз, спайс, скорость және басқалалары жатады. «Химияны» қолданатын адам үнемі сандырақтап, паранойялық күйде болады. Ал, оны тұрақты пайдаланатындардың өмір жасы тым қысқарып, өлімге алып келеді. Осыған байланысты, адамдарға, соның ішінде жас буын өкілдеріне синтетикалық есірткілерден аулақ болуға шақырамыз. Өз денсаулығыңа, өз болашағыңа тек өзің ғана жауапты екендігіңді ұмытпаған жөн.
Сұхбаттасқан Қуаныш ӘБІЛДӘҚЫЗЫ