12 маусым - Жалпыұлттық аза тұту күні

spot_img
spot_img
spot_img
0.00₸

Корзина пуста.

ЕЛДЕН КЕТКЕН ҚАЗАҚТАР…

Соңғы кездері елімізден көшіп кетіп жатқандардың қарасы қалың. Әсіресе Түркияға қоныс аударып, тіпті жарысып сол жақтан баспана алып жатқандар жетерлік. Басқа елден жылжымайтын мүлік сатып алуына қарап-ақ олардың қайда тұрғысы келетінін, болашағын қай жерде елестететінін бағамдауға болатын секілді. Жасыратыны жоқ, соңғы бес жылда Қазақстанға қоныс аударатын қандастардың көші қоны саябырсып қалды. Керсінше елден кетушілер саны артып барады. Жақында Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев та осы жағдайға алаңдаушылығын білдірген болатын.

Сөзімізді нақты статистикамен нақтылар болсақ, 2015 жылдан 2019 жылғы қазан айына дейінгі аралықта республикадан жалпы саны 200 мыңнан астам адам шекара асып, сол жақта тұрақты тұруға қоныс аударған екен. Бұл көрсеткішті жылдарға бөліп қарайтын болсақ: 2015 жылы – 33,4 мың, 2016 жылы – 37,8 мың, 2017 жылы – 39,8 мың, 2018 жылы – 45,6 мың, 2019 жылы 10 айда – 44,3 мың адам елді тастап кеткен. Байқалғандай, көр­сеткіш жыл сайын артып келеді. Ең өкініштісі көшіп кетіп жатқан азаматтардың 69 пайызы – еңбек­ке жарамды жастағылар. Тіпті оның ішінде елімізде тапшы болып отырған сәулет-құрылыс, техника, педагогика, медицина саласының мамандары да бар. Шыны керек маман тапшылығы анық сезіліп жатқан кезеңде білікті мамандардың шекара асуы еңбек ресурсына кері әсер етсе, халық санының азаюы ел демографиясын ақсатары анық. Кетіп жатқан мамандарды мектепте тегін білім алуға, ЖОО да маман ретінде қалыптастыруға қаншама күш, мемлекеттің қаржысы жұмсалды. Осы тұрғыдан да  Көшіп кетушілер санының жыл санап көбеюі бұл мәселенің өзектілігі артып бара жатқанын аңғартады. Әйтсе де бұл бағытта жүргізіліп жатқан жұмыстар жоқтың қасы. «Арқа жайлы болса, арқар ауып несі бар», басқа елдердегі жоғары жалақы, өмір сүру сапасының артықшылығы отандастарымызды қызықтыратыны анық. Бірақ болашағын өзге елмен байланыстырғысы келетіндердің санының артуы ұлттық қауіпсіздігімізге әсер етіп, ел болашағына күмәнмен қараушылардың қатарын арттырмаса болғаны…

Осы орайда жақында ғана Қарақат пен Қыдырәлі, Алтынай Жорабаева мен Жәния Джуринская деген әнші, актрисаларымыз Түркияның жайлы өмірін миллиондаған оқырманы бар парақшаларында жарнамалап қана қоймай, сол елдерден баспаналы болғандарын жарыса айтып, сүйіншілеп, өзге елден баспаналы болғысы келгендерге көмектесетін шетелдік құрылыс компанияларының телефон нөмірін инстаграм парақшаларында қалдырып жатты. Әрине жарнама жасау арқылы өздері арзан үйге қолы жетіп жатқанымен сол әрекеттері арқылы елдегі қаншама жанның ойын бұзып жатқаны айтпаса да түсінікті емес пе?! Тіпті өздерінің аттарынан хабарласқандарға жеңілдік болатынын да, біздің елімізге қарағанда ол жақты үй бағасының арзан екенін де ескертуді ұмытпады.  Ашықтан ашық елді тастап көшуге үгіттеп, ол елдерде үй бағасы әлдеқайда арзан екенін, азық түлік бағасы да қолжетімді екенін кезек кезек айтып жатқан әншілердің инстаграмдағы парақшаларының астында миллиондаған қазақ жастары қызығушылық танытып жатыр. «Бұйыртса кәмелеттік жасқа толсам мен де кетер ем», «қандай күшті шамам келсе мен де көшіп кетер ем», «жемқорлық жайлаған елде тұрғым келмейді» деп жаппай туған жерін жамандап, өзге елдегі «жұмаққа» ұмтылушылар көп. Шекараның арғы бетіне көзсіз ұмтылу елдің тұтастығына сына қағып, халықтың көкейінде туған жеріне деген жаны ашымастық, «квартиранттық синдром» қалыптастырмасына кім кепіл?! Онсыз да статистикалық деректерге сүйенсек, елдегі 29 жасқа дейінгі жастардың 45 пайызы шетелге құмар көрінеді. Ендеше олардың одан сайын қолтығына су бүркудің қажеті қанша?! Осы жайтқа қатысты ақын Балғыбек Имашев өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында пікірін де білдірді. «Жақында әншілердің бірі Аланияға барып демалғандарын, сол жерден үй алғандарын әлеуметтік желіде жариялады. Көп ұзамай тағы бірі сондай қуанышын желіде сүйіншіледі. Алла берекелі етсін! Шын жүрегіммен тілектеспін. Бірақ, оны жарияға жар салып жарнамалағандарыңыз дұрыс болмады. Сіздер жәй қазақ емессіздер ғой. Сіздердің бір сөзден үдере көшуге дайын ел бар. Баяғыда тарыдай шашыраған қазақпыз. Ол кезде қызыл өкімет қырғын салған, елге, тілге, дінге, салт-дәстүрге қауіп төнгенде туған топырағынан ел ауған, шет жерге, жат елге барып бас сауғалаған. Қазір ше? Тәуелсіз Отанының болашағын бұлыңғыр көріп, ертеңінен үміт үзген ел көп. Билікке сенбейтін, жемқорлыққа тойған, төреден көңілі қалған, несиеден шаршаған ел әйт десең, атамекенін тастап кез-келген «өркениетті» елге көшкелі отыр. Осы сәтте елдің Еңбек сіңірген қайраткерлері, мәдениеттің майталмандары, оның ішінде дәстүрлі өнердің қаймақтары шетелдің «жұмақ мекенін» жарнамалауы достықтан гөрі қастыққа, жанашырлықтан гөрі жаулыққа жақын. Басқа жұртты білмеймін, менің туысқандарым, бірге туған бауырларым Аланиядан үй алып, көшейік деп отыр. Мен талай шетелдерде болдым, Азия мен Еуропаға, алыстағы Африкаға да барып өз елімнен артық мекен көрмедім. Ең туыс деген Түркия түгіл, Қырғызстан мен Өзбекстанда үш күннен артық қалсам қазақтың жерін сағынам. Алтай мен Атырауда апталап, Ақтау мен Ақтөбеде айлап, Жезқазған мен Жамбылда жылдап жата берем. Мекке мен Мәдинаны сағынсам да ол жерде ұзақ тұра алмас едім. Жерорта теңізі бір барып демалғанға жақсы шығар, бірақ Аққу көлін, Дуадақ шөлін сағынбай тұра ма? Басқа елдердегі қандастар оралып, тек Түркия мен Еуропадан қазақтарды келтіре алмай отырғанда, елдегі қазақтарды сол жаққа шақырудағы — мақсат қандай? Кейде тіпті, жақсы мақсатпен жасалған іс, өлшемей сөйлеген сөз Отаның үшін қауіпті болып жатады. Артық айтсам, кешіріңіздер!» дейді ұлт жанышыры…

Айта кетер жайт қазір ел ішінде шетелде жұмысқа тұрғызып беруді немесе тегін оқуға түсіріп беруді ұйымдастырып беруге уәде еткіш компаниялар көбейген. Сондықтан «Болашақ» бағдарламасынан бөлек шетелдегі түрлі грантпен оқуға түсетін жастардың қатары артқан. «Болашақпен» білім алған соң елге келіп жұмыс істеуге міндеттелгенмен, кепілдікке жылжымайтын мүлкін қойса да елге қайтуға асықпайтын жастар көп. Ал сол елдің грантымен оқыған соң, елге қайтудан гөрі сол елге сіңісіп кетуді ойлайтын жастарға ешкім басын ауыртып жатқан жоқ. Статистикаға сүйенсек, қазіргі таңда Ресейдің жо­ғары оқу орындарында – 69 мың, Қытайда – 17,6 мың, Корея Республикасында – 1,6 мың, Ұлыбританияда 1 мың шамасында қазақстандық студенттер оқиды екен. Әсіресе Солтүстіктің түлектерінің Ресейдің Омбы, Орынбор қалаларында білім алуы жиі байқалады. Мысалға, алдыңғы жылы Қостанай облысының 4 мыңнан астам түлегінің жартысына жуығы ҰБТ тапсырудан бас тартып, Ресейдің оқу орындарына түсіп кеткен. Екі бірдей қызын Орынбор қаласындағы оқу орындарына оқуға түсірген ақтөбелік ана «бұл әрекетінің басты себебін ол елдегі оқу ақысының төмендігімен» түсіндірді. Арзан білім алар, ал шетелдік азамат­тармен шаңырақ құрып, өзінің тамырынан біржолата ажырап кетсе ше?! Осы орайда Елбасы «Біреудің Қазақстаннан басқа елге көшкенін естіген сәттерде мені уайым басады. Көшудің қажеті қанша? Олар барған жердегіден де жақсы жағдайды өз елімізде жасай аламыз. Сол үшін жергілікті әкімдер өте мұқият болуы тиіс. Неге көрші елдің ЖОО-ларына кетіп жатыр? Ендеше біздің ЖОО-ларды олардыкінен жақсы ету керек» деген болатын. Бәлкім «жақсы жағдайды» нақ осы жастарға арналған арзан білімнен іздерміз?! Жергілікті басқарушы орындар өз аймағындағы үдере көшушілердің түпкі мақсатын зерттеп, зерделеп, «шетелдегі жақсы жағдайды» өз елімізде тудыру, жергілікті халықтың өмір сүруіне жағдай жасау бағытындағы жұмыстарды күшейтуі керек шығар?! Әйтпесе жыл сайын елімізде14 пен 28 жас аралығындағы 8 мыңға жуық жас білім іздеп шетел асады екен. Сондықтан ел ішіндегі осынау көшке тыйым салу жолдарын қарастыру қажеттілігі сезіледі.

Қуаныш ӘБІЛДӘҚЫЗЫ

ДИПЛОМДЫ КАДРЛАР НЕГЕ ЖҰМЫССЫЗДАР ҚАТАРЫН ТОЛТЫРЫП ОТЫР?

Елдегі мемлекеттік бағдарламалар аясында құрылатын жұмыс орындарының көбі уақытша. Жаңа жұмыс орындарының дені негізінен төмен және орташа өнім беретін секторларда құрылады әрі олар уақытша сипатқа ие.

Плата за безнаказанность

Осень выдалась тяжелой. Мы испытали шок от череды суицидов,...

Жыл басынан бері қанша қазақстандық жүргізуші куәлігінен айырылды?

Олардың басым бөлігі, яғни 18 мыңнан аса жүргізуші көлікті мас күйінде тізгіндеген.

Полиция алматылық көлік жүргізушілеріне маңызды ескерту жасады

Алматының полиция департаменті көлік жүргізушілеріне маңызды үндеу жасады.

Қазақстандықтар қарашада қалай демалады?

Қазақстанда күздің соңғы айы мемлекеттік немесе ұлттық мерекелерсіз өтеді, сондықтан ел тұрғындары тек демалыс күндері демалады.