ЖЕР КӨЛЕМІ БОЙЫНША ӘЛЕМДЕ 9-ОРЫН АЛАТЫН ҚАЗАҚСТАН – БАТЫС ПЕН ШЫҒЫСТЫ БАЙЛАНЫСТЫРУШЫ ҰЛЫ ДАЛА ЖОЛЫ. СОЛ ДАҢҒЫЛ ЖОЛДЫҢ ӘРБІР ТАУ-ТАСЫ МЕН ӨЗЕН-КӨЛІНІҢ, ҚАЛАСЫ МЕН ӨЛКЕСІНІҢ АТАУЫ, ШЫҚҚАН ТӨРКІНІ ТУРАЛЫ ТАЛАЙ-ТАЛАЙ АҢЫЗДАР МЕН ӘҢГІМЕЛЕР БАР.
Өкінішке орай, қазақтың байырғы атаулары тоталитарлық жүйенің әсерінен көп өзгеріске түсіп, ұлттық сананы адастыру мен бөліп-бөлшектеу саясатының құрбаны болды. Ал еліміз егемендік алғаннан бері елді мекендерге тарихи атауларын қайтару, көшелер мен даңғылдарды ұлттық нақыштағы атауларымен қайта атау жұмыстары қолға алынды. Бүгінде ұмытылып бара жатқан тарихи атауларды қалпына келтіру үшін мемлекеттік деңгейде жұмыс жасалуда. Бұл тарихи жаңғырудың алғышарттарына айналды. Бірақ ономастика саласындағы түйткілді мәселелер түбегейлі шешімін тапқан жоқ. Әсіресе қоғамда ерекше пікірталас тудырып, құзырлы орындардың назарын аударып жүрген Ұйғыр ауданы, Павлодар, Петропавл атаулары әлі де өзгеріске түспей, мызғымай тұр. Кеңес үкіметі орнаған соң, жер-су, қала атаулары елеулі өзгерістерге ұшырады. «Александровка», «Сергеевка», «Курский», «Ленин», «Комсомольский» деген сияқты атаулар қазақтың кең даласында қаптап кетті. Әлі күнге дейін еліміздің солтүстік аймақтарында елді мекен мен көше атауларының басым бөлігі орыс тілінде. Оларды қазақыландыруға бұдан 10 жыл бұрын жарияланған мораторий мүмкіндік бермеген еді. Ал 2017 жылы бұл шектеу алынды. Яғни, бұған бүгінгі күні жүзеге асырылып жатқан идеологиялық тұрғыдан ескірген, қайталанатын атауларды тарихи жер-су атаулары және ұлттық танымға жақын дәстүрлі атаулармен өзгерту туралы Елбасының 2017 жылғы 28 ақпанда берген №17-388-5 тапсырмасы ықпал болды. Нәтижесінде, ең алдымен Павлодардағы «Ленин» және «Кутузовтың» есімімен аталатын қос бірдей орталық көшенің атауы – «Астана» мен «Тәуелсіздік» болып өзгерді. Жалпы Павлодар мен Петропавл қалаларының атауын өзгерту жиі болмаса да, ара-тұра қозғалып тұрады. Жақында бұл мәселені «Ақ жол» демократиялық партиясы төрағасының орынбасары Қазыбек Иса қозғаған еді. Ол «Қазақстан–2050» демократиялық күштердің жалпыұлттық коалициясының
отырысында: «Қазақстан елордасына Елбасының есімін бере отырып, біз осы оқиғаға басқа да атауларды жалғастыруымыз керек. Петропавлға Абылай ханның есімін беру қажет. Павлодарға өз халқының тәуелсіздігі үшін күрескен қазақтардың соңғы ханы Кенесары есімін берген орынды. Бұрын Алаш (Семей) деп аталатын қалаға Алашорда үкіметінің төрағасы Әлихан Бөкейхановтың атын беру керек»,– деп қала атауын өзгерту туралы ұсыныс білдірген еді. Содан бастап қоғам арасында резонанс туындап, әлеуметтік желі екіге бөлінді.
Бұл пікірді бірі қолдап, екіншісі қарсы шықты. Ал СҚО әкімдігінің өкілдері Петропавл қаласының атауын өзгертуді жоспарлап отырмағанын айтса, Павлодар облысы әкімдігінің баспасөз қызметі «Павлодар қаласының атауын Кенесары деп өзгерту жеке адамның пікірі» деп бағалады.
Соңғы деректерге сүйенсек, еліміз тәуелсіздігін алғаннан бері 3000-нан аса атау өзгертілген. Оның ішінде білім беру, мәдениет, спорт, денсаулық сақтау ұйымдары, 23 қала мен аудан
атауы, 1361 елді мекен және 20 мыңға жуық көше атаулары қайта рәсімделген. Мысалы, «Чапаев» атауы – 1991 жылдың 4 қазанында Атырау қаласы, «Шевченко» – 1991 жылдан бастап қайтадан Ақтау қаласы, «Актюбинскъ» деп орысша жазылатын қала атауы 1999 жылдың 11 наурызында Ақтөбе деп өзгертілді. Әрине, мұндай атаулардың тізімі шексіз. Дегенмен, тарихи атауды қалпына келтіру немесе жаңа атау беру оңай шаруа емес. Бұл мәселе аты ұнамаса бүгін өзгертіп, ертең қайта ауыстыра салатын тауар да емес. Ономастика
мәселесімен айналысатын республикалық комиссия бар, арнайы заң да қабылданған. Жыл сайын республикамыздың әр облысында аталған мәселенің шешімін іздеп, түйінін тарқатуға тырысатын арнайы конференциялар мен семинарлар, дөңгелек үстел отырыстары өткізіліп тұрады. Атау берген кезде «Қазақстан Республикасындағы Тіл туралы» заңның 25-бабының 5-тармағына сәйкес тарихи, географиялық, табиғи және мәдени ерекшеліктер ескеріледі. Елімізде немесе әлемдік қауымдастық алдында елеулі еңбек сіңірген аса көрнекті мемлекет және қоғам қайраткерлерінің есімдерін беру деген сияқты қағидаларға сүйенеді. Одан бөлек ҚР «Ономастика туралы» заңы – қазақ жерінің жер-су, ауыл-аймақ, көшелердің және өзге де маңызды атаулардың өзгеруі мен тарихи атауын табуына жол көрсетеді. Қазақстан Республикасы Үкіметінің «Әкімшілікаумақтық бірліктерге, елді мекендердің
құрамдас бөліктеріне атау беру, оларды қайта атау, сондай-ақ, олардың атауларының транскрипциясын нақтылау мен өзгерту кезінде тиісті аумақ халқының пікірін ескеру қағидаларын бекіту туралы» 2014 жылғы 24 ақпандағы №138 қаулысының 4-тармағына сәйкес, жергілікті атқарушы органдар тиісті аумақ халқының пікірін ескеру үшін қаладағы көшелерге атау беру
және қайта атауға қажетті материалдарды тиісті мәслихаттардың қарауына енгізеді. Орыс жазушысы К.Г.Паустовский: «Жер атаулары дегеніміз – халықтың өз елін ақындық тілімен бедерлеуі. Бұл халықтың мінез-құлқы, тарихы, ой-аңсары мен тұрмыс-салт ерекшеліктері туралы сыр шертеді», – деген екен. Демек еліміздің егемендігін танытатын елді мекендердің, көшелердің атауы әрдайым өзекті тақырып болып қала береді. Бұл істе қоғамдық пікір қалыптастыру, түсіндіру жұмыстарын жүргізу, елдің, жердің тарихын насихаттау үлкен рөл атқаратындығы сөзсіз. Ономастика мәселесі – тек филолог- ғалымдардың не болмаса, тілдерді дамыту басқармалары мамандарының ғана шаруасы емес. Бұл – тарихшылардың, географ мамандардың, аймақтанушылар мен тұтас ұлттың мәселесі. Тамыры терең тарихи атауларды көзден таса қылмай, қайта жаңғырту – ұлттың парызы. Ал тарихи сана үзілген жерде рухани тіршілік те үзіледі емес пе?!
Берік АҒЫБАЕВ, тарихшы:
– Қазіргі таңда еліміздің тарихын, әсіресе ұмытыла бастаған тарихи жер-су атауларын зерттеу өзекті тақырыптардың біріне айналып отыр. Тиісті атаулар кейбір жерлерде өзінің лайықты шешімін әлі күнге дейін таба алмай жатқаны бәрімізге мәлім. Сонау патша заманынан, кешегі кеңестік дәуірден қалған, отаршылдық саясатты еске салатын, тарихымыздың тағылымымен мүлде үйлеспейтін атаулар әлі күнге дейін бар. Тәуелсіздіктің ширек ғасырында үздіксіз ұлтты – ұлт, елді – ел еткен құбылыстар, оқиғалар мен тұлғалар бағамдалғанымен, тарихи, қазақы, төл атауларымызға келгенде қолымыз қысқа болып отыр. Ономастика, топонимика тақырыптары әлі де зерделеуді қажет ететін тақырыптар ғой. Мысалы, кез келген қала, жер атауы тарихи оқиғалар мен идеологиялық тұрғыдан қарастырылады. Павлодар, Петропавл атауы – идеологиялық, ал Ұйғыр ауданының атауы – сол жерде 50-60 пайыз ұйғыр ұлтының тұруымен байланыстырылып кеткен. Өз басым идеологиялық, саяси атауларды қолдамаймын. Оның даулары көп. Ал саяси, тарихи маңызы жойылған атаулар, яғни Кеңес үкіметі кезінде аталған атауларға өзгерістер жасау керек. Мысалы, АҚШ-тың Сан-Франциско, Санта-Круз, Сан-Диего деген қала атауларындағы «Сан» сөзі «Әулие» деген мағынаны білдіреді. Бұдан АҚШ ұтылып отырған жоқ. Керісінше жұртшылыққа діни атауы жақын болғандықтан, жергілікті халықтың қолдауына ие болды. Сондықтан кейде, бізге де, елді мекен атауларына киелі жерлерінің тарихи атауларын беру керек пе деп ойлаймын. Ал саяси тұрғыдан қарайтын болсақ, ұлтаралық қақтығыс, кикілжің тудыратын атауларды өзгерту оңай емес. Өйткені атау өзгерту үшін, сол жерде тұратын жергілікті халықтың пікіріне, өтінішіне құлақ асады. Солтүстік Қазақстанда қазақтар саны өзге ұлттан аз. Мұндайда атау өзгерту қиын.
Ақбота ЕРБОЛҚЫЗЫ