МАЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ САЛАСЫНЫҢ ЭПИЗООТИЯЛЫҚ ЖАҒДАЙЫНА ҒАНА ЕМЕС, ЕЛІМІЗДЕГІ АЗЫҚ-ТҮЛІК ӨНІМДЕРІНІҢ ҚАУІПСІЗДІГІНЕ, ЯҒНИ АЗАМАТТАРЫМЫЗДЫҢ ДЕНСАУЛЫҒЫНА ТІКЕЛЕЙ ӘСЕРІ БАР ВЕТЕРИНАРИЯ ЖҮЙЕСІНІҢ ҚАЗІРГІ ЖАЙ-КҮЙІ СЫН КӨТЕРМЕЙДІ. БҰЛ – БІРТҰТАС ВЕТЕРИНАРИЯ ЖҮЙЕСІНІҢ БӨЛІНІП, ВЕТЕРИНАРЛЫҚ ИНСПЕКЦИЯНЫҢ ҚАТАҢ ВЕРТИКАЛІНІҢ БҰЗЫЛУЫНА ЖӘНЕ ОНЫҢ ҚАДАҒАЛАУ ФУНКЦИЯСЫНЫҢ ӘЛСІРЕУІНЕ ЖЕТКІЗГЕН ОЙСЫЗ РЕФОРМАЛАР САЛДАРЫ.
Осындай өзгерістерден кейін саладан көптеген тәжірибелі мамандар кетуге мәжбүр болды. Біздің жағдайымызға бейімделмеген малды жаппай импорттау бұрын елде болмаған көптеген экзотикалық жұқпалы ауруларды таратуына жол ашты. Мұны «Етті мал шаруашылығының экспорттық әлеуетін арттыру» жобасының мысалынан көруге болады. Аса қауіпті
аурулардың таралу фактілерін жасыру да жаппай етек алып, күрделі мәселеге айналды. Бүгінде ветеринария жүйесі елдегі ең жемқор салалардың біріне айналып отыр. Ал мұның себебі – жалақының мардымсыз деңгейі (мал дәрігерінің орташа айлық жалақысы 80-100 мың теңге шегінде), зиянды еңбек жағдайлары үшін үстемеақының болмауы, ветеринарлық ұйымдар мен кәсіпорындардың материалдық-техникалық базасының артта қалуы. Яғни ветеринар-мамандардың әлеуметтік жағдайының төмендігі – оларды бақылауындағы субъектілерге тәуелді етуде. Ауыл шаруашылығы жануарларын идентификациялау және есепке алу жүйесінде бірыңғай ақпараттар дерекқорының қалыптаспауы, оған цифрлық технологиялардың тиісті деңгейде енгізілмеуі – шаруашылық субъектілерінің жануарлары туралы жалған ақпарат беруге алып келді. Бұл мал дәрігерлеріне субсидияларды заңсыз алуда тиімді. Сыбайлас жемқорлық ветеринарлық препараттарды мемлекеттік сатып алу жүйесінде де терең жайлап кетті, мұның соңы сапасыз вакциналар мен диагностикумдардың
қолданылуына жол ашты. Жергілікті жердегі ветеринарлық мамандардың білім деңгейі өте төмен. Елде ветеринарлардың біліктілігін арттыру жүйесі жоқ деуге болады. Жоғары оқу орындарында ветеринар мамандарды даярлау сапасын қамтамасыз ету үшін, зертханалық-тәжірибелік база жетіспейді.
Мал дәрігері мамандығының жастар арасында беделі жоқ және тартымсыз. Сол себепті ауылдық жерлерде көбінесе зейнет алдындағы және зейнеткерлік жастағы ветеринар-мамандар жұмыс істеуде. Ветеринарлық қызметтің негізгі түрлерінде мемлекеттік монополияның басым болуы және жергілікті жерлерде кадрлардың тапшылығы ветеринария саласына жеке капиталдың келуін іс жүзінде тоқтатып тастады. Осылайша, біздің ветеринария жүйеміз «мүшкіл жағдайда» деп шындығын айтуымыз керек. Қазіргі коронавирус пандемиясы денсаулық сақтау жүйесінің уақыт сынақтарына төтеп бере алмайтын әлсіздігін көрсетті. Бұл қауіпті ауру көптеген отандасымыздың өмірін қиды, ел экономикасына үлкен зиян келтірді. Егер бүгін халық денсаулығының қауіпсіздігі мәселесімен байланыста тұрған ветеринария жүйесін нығайту бойынша батыл шаралар қабылданбаса, бұдан да ауыр зардаптарды көруіміз әбден мүмкін. Себебі аса қауіпті аурулардың көпшілігі адамдар мен жануарларға ортақ болып келетіні белгілі.