Күдіктілер шамы шақырайған үлкен залға бір-бірлеп кіргізілді. Мұнда тіпті шыбынның ызыңы естілмейді. Тек Антарктика қыртысындағы суық ызғар сезілгендей. Күдіктілердің арасында қорқыныштан үрейі қашқан дода бас алаяқ қатын Зухра да бар. Жуан қатынның аузы-аузына жұқпайды. Керек десең сығандарша пал ашып, тамыр ұстайтыны тағы бар. Алдап-арбау, жымқыру оның хоббиі десе де болады. Балық сатумен күнелткен зуылдақ әйелдің иісі де ерекше. Киіміне қырық жыл сіңіп кеткен тердің иісі ме, әлде балықтың иісі ме, бір құдай білсін. Жиналғандар аузы-мұрнын тұмшалап әлек. Қыл аяғы табыт жасаушы Алексей шал да қоңқиған мұрнын тыжырайтты.
Ол бір туғаннан сүтке жарымаған сорлы жан еді. Үстіндегі киген киімнің сау-тамтық жері жоқ қайыршының көрген күні жапанда қараусыз қалған ит күркесін елестетеді. Құдайдың берген азабы ма, әлде өзінің жасаған әрекетінен бе, әйтеуір бағы бір жанбады. Сүйіктісі Тонядан да тұяқ көрмеді. Ақыры алжыған кәртамыс нәпақа табу үшін кабір қазып, табыттарды жақын маңдағы елді-мекенге сатқан. Қаз-қатар тізілгендердің ішінде сүйегі жіңішке, бірақ тән талшықтарының қуыс-қуысына газ толып кеткендей, ісініп кеткен Халел отыр. Ұнжырғасы түскен. Көзін ашқаннан бастап отбасында көргені — есірткі сату. Бүгінде сол құрғырдың қара құлы. Әрісі несін айтасың, ылғи қағылған-соғылғандар. Ішінде көңілге жұпар сыйлап, фотоаппаратқа басып алатын әсем бейнені табу қиынның қиыны. Көпшіліктің ішінде ең шеткері тұрған Клавдияға қарасаң, өмір сүруге құлшынысың кетіп қалады. Арақтан аузы құрғамайтын ол сүйретіліп тірі өлік сияқты әзер жүреді. Беті долбарып ісініп кеткен. Алкоголді ішімдік оның ми жасушаларын өлтіріп, әбден топастандырып жіберген. Өзі барып тұрған әзәзіл. Кезінде қыз баланы зорлағаны үшін абақтыға таңылған. Бар ғұмырын темір торда өткізген маскүнем шалға еркіндіктің не екені бәрібір сияқты… Ағасы осыдан екі жыл бұрын абақтыға тоғытылған. Айтуға ауыз бармайды. Дегенмен, кезінде Гиппократ антын қабылдап, адамдардың өмірін сақтауға ниетті болған-ды. Артынан ол қызмет жасайтын емхана адам ағзасын сатумен айналысқан. Адамзаттың бәрі ар-ұятты ұмытып, көк қағазға тәуелді болған ба, түсінбейсің.
Қазылған көрдегі қыздардың мүрделері не үшін қажет болды? Осы сауал тергеушінің санасын әбден қажытқан. Қабырғада нән қара сағат үнсіз сырғиды. Үш ұйықтаса түсіне кірмейтін қылмыстың бұл түрі барлық аймақты дүр сілкіндірді. Тергеу органы анықтама беретін бюроға айналып кеткендей. Қарғыс айтқан халық саны күн санап артуда. Есігін ашсаң майланбаған арбаның доңғалағы сықылды шиқылдайтын сейфтің іші том-том істерге толы. Оларды шаң басқалы алты айдың жүзі болды…
Бүгін он сегізінші адам қызының мүрдесін жоқтап, полиция бөлімшесін басына көтерді. Келген сексен жасты алқымдаған қария екен. Қасында ұлы мен келіні бар. Әлгі қария қолындағы балдағымен Жантас отырған үстелді қатты зілмен ұрып, тергеушіге ұмтылып:
-
Бұл қанды қол қылмыскердің құдай сүйер қылығы жоқ. О заманда
бұ заман, аруақты ойыншық қылған хайуанды қолға түсірсем мына бес оқты ойланбай-ақ тура маңдайына қадар едім!.. Қария қалшылдап кетті. Оны байқаған екі сақшы қарттың қолындағы «Бесатарды» жұлып алған. Жантас амалсыз аз уақыттың ішінде күдіктіні қолға түсіретінін айтып ақталды.
Жұрт тағы шуылдасып тарасты… Бағана үш сағат бұрын дәлізде жүргізілген «жеке тұлғаны тану туралы тергеу амалы» өз нәтижесін бермеді. Келген екі қабір қазушының айтуына қарағанда, бұл адамдардың арасында әлгі көрген күдіктінің жоқ екені анықталды. Іс насырға шапты. Бастапқыда жедел іздестіру қызметкерлері қылмыскердің көздеген мақсатын шеше алмай, бас қатырды. Бірі күдіктіні қу құлқынның құлы болған асыл тастар мен әшекей бұйымдарды іздеуші деп тон пішті. Бірі майдың бір бөлігін шыжғырып алып, тағы бір бөлігін қақтап жейтін адам жегіш деген қорытындыға келді. Бірақ бұл жорамалдар Жантастың күмәнін сейілтпеді.
Аз уақыттың ішінде қылмысқа қатысы бар деген біренеше адам тұтқынға алынды. Құқық қорғау органдарының ешбір дәлелдері болмағандықтан артынша оларды босатып жатты. Күн өткен сайын ғаламторда мың сан қауесет таралып, БАҚ өкілдері жарысып жазды.
Шілденің шыжыған күнінде Жантас кабір басында кәдімгі педикулез індетіне тән фактіні анықтаған. Әңгіме түнгі көбелектерге тән «Пита биттері» туралы емес. Бар болғаны тінтуір – адамның басындағы қанды соратын паразит жайында. Ал, «Бит — кедей адамдардың ауруы» — екенін Жантас жақсы біледі. Демек, қылмыскердің, жағдайы төмен.
Жапандағы моладан сәрсенбінің сәтті күнінде қыз баланың мойынға тағатын орамалы табылған. Сот-медициналық сараптамасының қорытындысы бойынша, әлгі орамалдан жыбырлаған бит шыққан. Демек, күдіктінің мүрдені он күнге жетпей қазып алғаны белгі болды. Себебі арнайы мамандардың сараптауы бойынша, паразит бір аптаға дейін қоршаған ортада қансыз өмір сүре алуға бейім екен.
Үшіншіден, тергеу тобы бүгін ойда-жоқта жаңа қазылған көрден бальзамдалған мәйітті тауып алды. Бір қызығы әлгі күдікті мәйітті қайта жерлеуге үлгермеген. Тарихтан білетініміз, алғаш бальзамдауды ертедегі мысырлықтар қолданған. Олар денеге бальзам жағуға жеті күн жұмсаған. Ежелгі мысырлықтар «адам денесін мумиялау» — оны о дүниеге қауіпсіз өткізу үшін маңызды» — деп сенген. «Мумия» деген сөзді ести қалсақ, бәріміздің ойымызға бірден Мысыр, Патшалар алқабы, Тутанхамон келетіні сөзсіз. Демек, күдікті адам Бурман формуласын жақсы меңгерген. Ол жансыз денедегі қанның ұйығанына қарап, адамның қай уақытта жан-тәсілім еткенін нақты біледі. Менделеев кестесіндегі элементтерді ең жеңіл – сутегінен бастап ең ауыр – уранға дейін олардың атомдық салмағының өсуі ретін жатқа білетіні сөзсіз. Төртіншіден, күдікті адам мола басында белгісіз біреуге оқ атқан. Оған қабір басындағы қабырғалардағы жарақаттар шамамен10 метрден 15 метрге дейінгі қашықтықта атылған оқтың салдарынан пайда болғаны анықталды. Оқиға орнын қарау хаттамасына және криминалистік сараптама қорытындысына сәйкес атыс болған жерден 2 резина оқ, 1 оқ тығыны, 4 бытыра, шеге суырғыш табылған. Әйтеуір тынымсыз жүргізілген тергеу амалдарының арқасында күдіктінің бетпердесі ашылып келеді…
Егор жан рахатын қараңғылықтан, мәңгіге тыныштыққа ұласқан әлемнен іздейтінді шығарды. Дүрбі сала қалсаңыз, қолына күрек алып, ала дорбасын асынған елудегі азаматты. Бүгін де екі өкпесін қолына алып, әлденеден құр қалғандай молаға жүгірді…
Аспан күмбезінде қағылған күміс шегелердің арасында ай өлі жарығын шашып тұр. Кім білсін, Егордың қан сасыған тірлігінен жалықты ма, әйтеуір аспанның қақ ортасына шалқая салған. Желтоқсанның суық ызғары ескірген молалардың әрін одан әрі қашырды. Күн көзіне әбден қақталып, сыры кеткен қабірлер көңіліңе мұң ұялатады. Әрісі — суреттер әлемі. Олар да сарғыш тартып, өңін жоғалтқан. Мұнда бәлкім біреудің сүйікті жары, енді бірінің баласы, бірінің ет жақыны жатқан шығар. Арғы бетте қаз-қатар тізілген ескерткіштің үстінде қып-қызыл шоқ гүлдері шашылып қалыпты. Кім білсін, бұл еріккен сумақай желдің ойыны ма?..
Бүгін ақ ұлпа қар қалың жауған екен. Зер салып қарасаңыз, тіршіліктің нысаны мүлдем байқалмайды. Тек онда Егордың алып аяқтарының іздері жатыр. Сәлден соң ол әлгі гүл көмкерген қабірге беттеді. Бір қызығы, осынша тас керең өлі түнде ол сауысқандай сақ қимылдайды. Кейде ол өзін ежелгі Апофис түнек құдайымен қол ұстасып жүргендей сезінетін. Сол кезде оған Ібілістің ессіз долылығы бітіп, қабірдің ішек-қарнын ақтарып тастайтын. Сау адамның тамағын ішіп, ауру адамның ісін істейтін бұл жан қорқыныш, үрей сезімдерінен мүлдем ада.
Жүгіре басып тың тыңдаған алыппен бірге мойнындағы ағашқа керіліп тұрған Иса пайғамбардың суреті бар алқасы бірге қозғалады. Ол басы зілдей күректі қара жерге қайта тіреді. Сол-ақ екен, құлағына 9 жасар шыңғырған қызының дауысы тағы естілді.
-
Әке, әке, өзіңді қатты сағындым. Мына жер сондай суық. Сенің ыстық құшағыңды сағындым. Әжемді сағындым…
Осыдан жеті жыл бұрын жол апатынан құдай қосқан сүйікті жары мен құлыншағынан айырылған еді. Қызының жан дауысы жүрегін жаншып жіберді.
-
Қазір, аппақ гүлім, қазір, қазір, кішкентай жапырағым. Сәл шыдасаң