2021 жылдың бірінші тоқсанының аяғында жер учаскесін алу кезектерін автоматтандыруды аяқтау жоспарланып отыр. Бұл туралы ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров мәлімдеді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
«Жер қатынастары тұрғысынан ел басшылығы халықтың жер ресурстарына қол жетімділігін қамтамасыз ету бойынша бірқатар нақты тапсырмалар берді. Жер қатынастарын басқарудың негізгі құралы мемлекеттік жер кадастрының автоматтандырылған ақпараттық жүйесі болып табылады», — деді министр үкімет отырысында.
Ол халыққа жер қатынастары саласындағы электрондық мемлекеттік қызметтердің 15 түрінің 12-сі осы жүйе арқылы көрсетілетіндігін атап өтті.
«Жер қатынастары саласындағы өзекті мәселелердің бірі — жер учаскесін алу кезінде тәртіпке келтіру мәселесі. 2021 жылдың бірінші тоқсанының аяғында жер учаскесін алу кезектерін автоматтандыруды аяқтау жоспарланып отыр», — деп қосты Омаров.