Авторлық құқық қорғалмаған мемлекеттер дүниежүзілік қара тізімде тұрады. Сондықтан шығар, авторлық құқықтың араласпайтын жері жоқ. Тіпті, халықаралық келісімшарттар жасалғанда да алдымен авторлық құқықтың қорғалған не қорғалмағанына баса назар аударылады. Жалпақ жұрт жатқа білетін, туған күнде орындалатын «Happy Birthday to you» әні арқылы бүгінде АҚШ-тың құқық қорғау органдары жылына 2 миллион доллар табыс тауып отыр екен. Бір қызығы бұл әннің құқықтық қызмет ету мерзімі АҚШ заңына сәйкес 2030 жылға дейін. Ал, сіз, Қазақстанда авторлық құқық қанша жылға дейін сақталатынын білесіз бе? Белгілі бір туындының авторы авторлық құқыққа қатысты не білуі керек? Сауалдарды заңгер Айжан МОЛДАҒАЛИЕВАҒА қойған едік.
– АВТОРЛЫҚ ҚҰҚЫҚТЫ ТІРКЕУ ТӘРТІБІ ҚАНДАЙ?
– Әр автор өз туындыларын ресми түрде тіркеуге толық құқылы. ҚР «Авторлық құқықтар және сабақтас құқықтар туралы» заңына сәйкес тіркеуді уәкілетті орган, яғни ҚР Әділет министірлігі зияткерлік меншік құқығы департаменті жүзеге асырады. Өнер туындыларын мемлекеттік тіркеу автордың немесе құқық иеленушінің өтініші негізінде жүзеге асады. Өтініште автордың немесе авторлардың деректері, өтініш берушінің тегі, аты, әкесінің аты толығымен, тұратын жері, байланыс телефондары, жеке басын куәландыратын құжаттың деректері көрсетілуі тиіс. Авторлық құқықты не үшін тіркейд? Біріншіден, бұл туындының өзіңе тиесілі екендігін растау үшін қажет. Екіншіден, туындының мүліктік және мүліктік емес құқықтары кімге тиесілі екендігін анықтау үшін маңызды, үшіншіден, авторлық куәлікті алу үшін (себебі, тендерлерге қатысқан кезде авторлық құқықты куәлікпен растау талап етіледі) керек.
– АВТОРЛЫҚ ҚҰҚЫҚТЫҢ ҚАНДАЙ ТҮРЛЕРІ БАР?
– «Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы» заңның 14-15-бабына сәйкес, авторлық құқық мүліктік және мүліктік емес құқықтарға бөлінеді. Авторлық мүліктік құқық бұл «Автордың немесе өзге құқық иеленушiнiң сол туындыны кез келген нысанда және әдiспен пайдалануына мүлiктiк құқығы бap», яғни автор өз шығармашылығынан пайда табады. Ал авторлық мүліктік емес құқықтар бұл «туындының авторы деп танылу құқығы және оны тануды, соның iшiнде, егер iс жүзiнде мүмкiн болса, туынды кез келген жария пайдаланылған жағдайда оның даналарына автордың есiмiн тиiстi түрде көрсету арқылы тануды талап ету құқығы». Демек, бұл кезде барлық жерлерде «авторы мына кісі» деп айтылып, көрсетіліп жүргенімен, ешқандай материалдық табыс әкелмейді.
– АВТОРЛЫҚ ҚҰҚЫҚ ҚАНША ЖЫЛҒА ДЕЙІН САҚТАЛАДЫ?
– Авторлардың құқығы – ешкімнің араласуына болмайтын құқық. Оны ұрлап алуға да, өзгертуге де болмайды. ҚР«Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы» заңының 28-бабына сәйкес, авторлар қоғамына мүше тұлғаның авторлық құқығы оның көзі тірісінде және қайтыс болғаннан кейiн 70 жыл бойы қорғалады. Ал кейін автордан қалған мұра халықтық мұраға айналады. Халық мұрасына өткен туындыларды кез келген адам авторлық сыйақы төлемей еркiн пайдалана алады. Мысалы, Абайдың шығармашылығын әр азамат өз бетінше жаттап, эстафета түрінде де тақпақтап оқуына немесе әндерін орындауға құқылы.
– ҚАНДАЙ ЖАҒДАЙДА АДАМ ТУЫНДЫНЫҢ АВТОРЫ БОЛЫП САНАЛАДЫ?
– ҚР «Авторлық құқықтар және сабақтас құқықтар туралы» заңының 9-бабының 1-тармағына сәйкес «авторлық құқықтың пайда болуы мен жүзеге асырылуы үшiн туындыны тiркеу, туындыны өзге де арнайы рәсiмдеу немесе қандай да болсын шартты сақтау талап етiлмейдi». Өздерiнiң айрықша мүлiктiк құқықтары туралы хабарлау үшiн автор немесе құқық иеленушi авторлық құқықты қорғау белгiсiн пайдалануға құқылы. Белгi туындының әр данасына қойылады және мiндеттi түрде мынадай 3 элементтен тұрады: Бірінші, айрықша авторлық құқықтар иесiнiң есiмi, туындының алғаш жарияланған жылы және қоршауға алынған латынша «С» әрпi. Өзге де дәлелдеме болмаған кезде туындының түпнұсқасында немесе данасында автор ретiнде көрсетiлген адам туындының авторы, авторлықтың презумпциясы деп есептеледі. Авторлықтың презумпциясы тек автордың өзіне қатысты ғана қолданылады. Туынды жасырын немесе бүркеншiк атпен жарияланған жағдайда (автордың бүркеншiк аты оның өзi екенiне күмән туғызбайтын жағдайды қоспағанда), туындыда есiмi немесе атауы көрсетiлген баспагер өзге дәлелдер болмаған кезде ол автордың өкiлi саналады және оның өкiлі ретiнде автордың құқығын қорғауға, жүзеге асырылуын қамтамасыз етуге құқығы бар. Бұл туындының авторы өзiнiң кiм екенiн ашқанша және өзiнiң авторлығын мәлiмдегенше қолданыла бередi.
– БЕЛГІЛІ БІР ТУЫНДЫНЫҢ АВТОРЫ НЕНІ ТЫЙЫМ САЛУҒА НЕМЕСЕ РҰҚСАТ ЕТУГЕ ҚҰҚЫЛЫ?
– Туындының авторы өз шығармашылығы бойынша: туындыларын әртүрлі формада қолдануға, туындыларының көпшілік алдында орындалуына немесе орындалмауына, компакт-дискке немесе сандық бейнедискке жазуға, эфир, радио, кабель немесе спутник арқылы таратуға, өзге тілдерге аударуға және өңдеуге рұқсат етуге немесе тыйым салуға құқылы. Сонымен қатар, бұзылған авторлық құқықтарды калпына келтіру, сондай-ақ келтірілген залалды өтеу бойынша автор талап арызы бойынша сотқа жүгіне алады және бұзылған құқықтарды қорғау, сотта істі қарау тәртібімен жүзеге асырылады.
– Уақыт тауып сұхбат бергеніңізге рақмет!
Ақбота ЕРБОЛҚЫЗЫ