Саттар ЕРАЛИЕВ, Алматы аймақтық диагностика орталығының дәрігері, «Қалалық респираторлық қоғам» ҚБ төрағасы, пульмонолог-кеңесші:
– Қазақстан коронавирустың болуы мүмкін екінші толқынына қаншалықты дайын?
– Коронавирус инфекциясына шалдыққандардын саны күннен-күнге өсуде. Негiзiнен Ресеймен шекаралас облыстарда өршуде. Сондықтан Солтүстік, Шығыс Қазақстан облысында карантин талабы күшейтіліп жатыр. Ал Оңтүстік өңірлерде коронавирус жаппай таралып жатыр деп әзiрге айта алмаймыз. Алайда көктем мен жазда бiз коронавирустың күшiн көрдiк және оның қандай жылдамдықпен таралатынын да байқадық. Сондықтан бәріне дайын болу керекпіз. Қыс коронавирустан басқа тұмау да өршитін мезгіл. Бiр адам осы екi вируспен қатар ауыруы мүмкiн екенi дәлелдендi. Біз осыған алаңдап отырмыз. Дей тұра жаз мезгілінде орын алған жағдайдан Үкімет те, жергілікті атқарушы органдар да, біз – дәрігерлер де сабақ алдық. Содан бері індетке қарсы тұру мақсатында бірқатар іс-шаралар қолға алынды. Жұқпалы ауруларға арналған ауруханалар салынды. Жеткілікті мөлшерде дәрілер сатып алынды. Дегенмен бұл жолы медицина індетке қарсы төтеп бере ме, жоқ па оны уақыт көрсетеді.
– Коронавирустық өкпе қабынуы мен кәдiмгi өкпе қабынуын қалай ажыратамыз?
– Медицина тілінде өкпе қабынуын «пневмония» деген терминмен атаймыз. Бүгінге дейін бiз көбiнесе бактериялық қоздырғыштар (пневмококк, стафилококк, стрептококк және т.б.) тудыратын жаңа сiз айтқан кәдiмгi пневмонияларды емдейтiнбiз. Ал вирустық пневмониялар өте сирек кездесетін. Біз ковид пандемиясы басталмай тұрып соншалықты үлкен көлемде вирустық пневмониямен кездескен емеспіз. Өкпені қабындыратын басқа да вирус бар, бірақ өкпенi дәл коронавирустай зақымдаған инфекция бұрын болмаған. Бұған дейін де коронавирустың басқа штамптарды тудыратын респираторлық инфекциялармен адамдар ауыратын, бiрақ олар жеңiл өтетiн. Алайда осы жолғы штамппен (SARSCoV2) адамзат алғаш рет кезігіп отыр. Бұрын жолықпаған дүниеге иммунитет те қарсы тұра алмайды. Екеуінің айырмашылығына келер болсақ, бактериялық пневмонияда жөтел, сары іріңді қақырық пайда болады. Ал вирустық пневмонияда жөтел болуы немесе болмауы да мүмкін. Мысалы, вирустық пневмониямен кейбір иммунитетi мықты, қосымша созылмалы аурулары жоқ адамдар (мысалы жастар) «аяқпен жүріп-ақ», жеңіл түрде өткізеді. Яғни, COVID жедел респираторлы тұмаудың белгілері сияқты өтіп кетуі де мүмкін. Демек вирустық пневмонияда біреулер ауырғанын байқамай қалса, біреулерде ол өте ауыр өтеді. Бактериялық пневмонияның да жеңіл немесе ауыр түрі бар. Бірақ бұл пневмонияның жеңіл түрінің өзі антибиотиксіз емделмейдi. Сондықтан болар жазда вирустық пневмония өршіген тұста жұрттың бәрі антибиотик пайдаланды. Ал антибиотик вирусқа ешқандай әсер етпедi. Сондықтанда вирустық пневмонияда дәрігерлер науқасты ауру симптомдарына қарай емдеп, оның жағдайын бақылайды. Жалпы ковид инфекциясының емi сондай. Кейбір науқастарға температурасы жоғары болса, дене қызуын төмендететiн, ал іші өтсе, соған қарсы дәрі береді. Ендi біреулерге ауырғанды басатын дәрі тағайындалады. Ал пневмония вирустық па, әлде бактериялық па екенiн ажырату қиын болған жағдайда дәрігерлер қандағы прокальцитонин сынама мөлшерін анықтайтын лабораториялық сынама жасайды. Егер прокальцитониннің мөлшерi қалыпты жағдайдан жоғары болса, онда бактериялық пневмония болуы мүмкiн. Сондықтанда мұндай жағдайда антибиотик қолданамыз.
– Өкпенің 30% немесе 50% зақымдануы дегеніміз не?
– Компьютерлік томография арқылы өкпенің қанша пайызға зақымдалғанын білуге болады. Бактериялық пневмонияда адам өкпесінің 30-40 % зақымданса онда ауру ауыр өтедi. Ал вирустық пневмонияда вирус мұндай зақымдануларда жеңiл өтуi мүмкiн. Өйткенi коронавирус өкпенің оттегі алмасатын альвеоласын емес, сол альвеоларды байланыстырып тұратын дәнекер тіндердi зақымдайды. Сондықтан науқас кейде өкпесінің 30-40% вирустық қабынуға зақымданғанын бiлмей, тек ковидтiң симптомдарын ғана байқауы мүмкiн. Мәселен, жазда ковид инфекциясы өршiген тұста КТ-ға да сұраныс артты. Ауруы бар, сауы бар бәрі жаппай компьютерлік томографияға түсті. Салдарынан өкпе зақымдануы жеңiл сатыдағы (30%-ға дейiн) адамдар шошып, психологиялық үлкен қысымға түстi. Әрине өкпесi жеңiл зақымданған науқастың жасы егде болса немесе қосымша созылмалы аурулары болса бiз ондай кiсiлерге үлкен назар аударамыз. Ал өкпенің 50-60% зақымданса науқастың ауруханаға жаткызылғанын қалаймыз. Жалпы, вирус егде жастағы, созылмалы аурулары, әсiресе жүрек аурулары мен қант диабетіне шалдыққан адамдарда, вирустық пневмония асқынып ауыр өтедi.
– СOVID-19 инфекциясының тұмаудан айырмашылығы қандай? Ауырған науқастар жай ғана тұмау екен деп қамсыз жүріп қалмас үшін қандай белгілерге баса назар аудару керек?
– XX ғасырдың басында адамзат «испанка» деген атпен белгiлi болған тұмау пандемиясымен кездестi. Жағдай қазiргiдей ауыр болды десек қателеспеймiз. Ал қазір тұмау вирусы мутацияға ұшырап, жеңіл өтеді деп айтпасақ та, біз үшін қалыпты нәрсеге айналды. Бiрақ тұмаумен ойнауға болмайды, жылда бiрнеше мыңдаған адам жер шарында тұмаудан қайтыс болады. Жылда тұмауды күтеміз, оған қарсы вакцина егеміз. Дәл қазір мынау тұмаудың белгісі, ал мынау коронавирустың белгісі деп айтатын болсақ, халық «дәрігерлер газет бетінде осылай айтып жатыр» деп шатасуы мүмкін. Екеуi де респираторлык вирус. Екеуiнде де ұқсас симптомдар көп. Ковидтiң өзiне ғана тән симптомы – иіс сезудің жоғалуы. Ковидпен балалар аз ауырады немесе көбiнесе жеңiл өтедi. Ал тұмау керiсiнше жас балаларда ауыр өтедi. Негiзi ковид пен тұмауды ажырату үшін дәрігерге көрінген дұрыс. Тұмаудың да ауыр өтетін жағдайлары бар. Тұмауда коронавирус сияқты ауыр жағдайлар жиi болмағанымен, кейде ол да өлімге алып келеді. Сондықтан адамдар вирустық аурулардың белгілері пайда болған сәттен дәрігерлерге көрініп, жұмысқа бармай, өзінөзі оқшаулау керек.
– Пневмониямен ауырмау және оның алдын алу жолдары қандай?
– Адам пневмониямен екі жолмен ауырады. Бірі иммунитет төмендеген кезде. Ал иммунитет кімде төмендейді? Жаңа айтып өткен егде кісілерде, қант диабеті, жүрек жетiспеушiлiгi немесе басқа да созылмалы ауруы бар адамдарда. Алайда жас кiсiлердiң өзiнде иммунитет уақытша төмендеуi мүмкiн, мысалы, салқында ұзақ тұрып қалса. Сол кезде организмге қоздырғыш түссе, аяғы пневмонияға айналуы мүмкiн. Ал кейде сiздiң иммунитетіңіз тамаша, үнемi жылы жерде отырасыз. Бірақ ауру тударатын вирустың вируленттік қабiлетi жоғары штампы мен кездессеңiз, онда иммунитеттiң күшiне қарамай пневмонияға шалдығуыңыз мүмкiн. Сондықтан пневмониямен ауырмау үшін нақты мынаны істеу керек деп айту қиын. Дегенмен қазіргі уақытта маусымға қарап киiнiп, сақтанып журу керек. Әсiресе вирус пневмониясын тудыратын ковид инфекциясынан қорғану үшін маска киіп, әлеуметтiк қашықтықты ұстап жүрген дұрыс. Сыртқа барып келгеннен кейiн мұрынды сумен шаю керек. Себебі кез келген вирус мұрынның шырышты қабығы арқылы кіреді. Алайда олар шырышты кабығынан
бiрден өте алмайды, ол үшiн төрт-бес сағат уақыт керек. Сол уакыттың iшiнде сумен вирусты сыртқа шайып жiберсеңiз ауырмайсыз. Бетіңізді, қолыңызды ұстамаңыз дейтініміз де содан. Вирус мұрынға кіріп, лимфоузелдерге жиналып, көбейеді. Әрі қарай тек өкпеге ғана емес, басқа ағза мүшелеріне баруы ықтимал. Осы коронавирус көп жағдайда ми мен орталық жүйке жүйесiне әсер етедi. Адамның әлсіздігі, жата бергісі келуі, емделгеннен кейін де бiразға дейiн қалыпқа келмейдi. Тiптi иіс пен дәм сезбеуі де – коронавирустың миға тиген әсерiнен болады. Сондықтан тағы да айтатыным: қоғамдық жерлерге жиі бармаңыздар, барсаңыз маска киiп ара қашықтықты сақтауға тырысыңыз. Ауырсаңыз, өзгелерге жұқтырмау үшін оқшаулану қажет. Сонымен қатар, шынығып, салауатты өмiр тәсiлдерiн ұстанған жөн. Қолдың гигиенасын сақтау керек. Сонымен бірге, вирустық аурулардан қорғанудың басты құралы – екпе. Қазіргі уақытта вакцинаға қарсы пікірлер өте көп. Соны оқып алып көп адамдар екпе салдыртуға қорқады. Ауруларға қарсы екпе ауырмаудың бiрден бiр оңды жолы!
– Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан
Ақбота ЕРБОЛҚЫЗЫ