Тағы бір той. Манағыда Жангелді кластасым хабарласты. Үлкен ұлын үйлендіріп жатқанын айтып, сүйінші сұрады. Тойына шақырды. Тойды қараша айына белгілепті. Үстелде тұрған күнтізбеге қарадым. Қарашаның он екінші жұлдызы сенбіге келеді екен. Оған дейін әлі екі аптадай уақыт бар. Телефон шыр ете қалды. Тұтқаны көтердім.
– Капитан Әлібеков тыңдап тұр.
– Сабыр Қайырбекұлы! Қайырлы күн, – бастығымның дауысы қатқылдау естілді. Полковник Бөкебаевтың әлдебір маңызды тапсырма беретін кезде өстіп ширығып отыратын әдеті. Шындығында ол кісі тапсырмалардың бәрін маңызды санайды. Солай екені де рас. Ішкі істер министрлігіне қарасты криминалдық полиция қызметіне жүктелетін жұмыстардың оңайы жоқ-ау, сірә.
– Тахир Тайжанұлы, саламатсыз ба!
– Алдыңғы аптадағы тапсырмаға байланысты қорытынды есебіңізбен таныстым. Өте жақсы. Келесі іс-сапарға шығуға қалай қарайсыз? Мен терезеге қарадым. Жапырақтары түсіп жалаңаш қалған ағаштарды көрген сайын көңілім құлазиды. Күздің қара суығын ұнатпаймын.
– Бұл жолы қай жаққа? Тағы да Батысқа барасың демеңізші. Өткенде ғана бір апта демаласың деп едіңіз…
– Сабыр Қайырбекұлы, бұл шаруа сондай қиын емес. Шымкентке барып қайтасыз. Ол жақта күн жылы екенін өзіңіз білесіз ғой.
– Шымкент дейсіз бе?
– Иә, Шымкентке барасыз. Айтпақшы, сіз жалғыз бармайсыз, қасыңызда әріптесіңіз болады.
– Ол қандай әріптес?
– Кіші лейтенант Батыр Көжеков деген жігіт. Компьютер маманы. Жаныңызда жүріп, сізге көмектеседі. Өз жұмысын өте жақсы біледі. Риза болатыныңызға мен сенемін.
– Онда жарайды, барып қайтайын.
– Олай болса жарты сағаттан кейін маған келіңіз. Құжаттармен танысасыз, әріптесіңізді көресіз.
Жарты сағаттан соң бас кеңсеге келдім. Бастық күтіп отыр екен. Мен кірген бойда бірден іске көшіп, үстелінде жатқан қағаздарды ұсынды. Біртіндеп қарай бастадым. Тахир Тайжанұлының маған бергені жоғарыдағы ресми билік өкілдерінің іссапар жоспары болып шықты. Мәдениет министрі жуырда оңтүстік өлкені араламақ көрінеді. Жанында бірқатар Мәжіліс депутаты бар. Үкімет пен Парламент дөкейлері ат басын тірейтін мәдени мекемелердің бірі ретінде Шымкенттегі «Номад» көркемөнер галереясы көрсетіліпті. Қас қылғанда, осыдан он күндей бұрын сол галереядағы көрме залынан ұлттық қолөнер бұйымдары жоғалған. Рас болса, солармен бірге көрменің басты мақтанышы – сонау Хақназар ханның тұсынан келе жатқан көне жәдігер – гауһартастармен безендірілген үлкен зүбаржат көзі бар алтын алқа да ізім-ғайым болыпты. Асты қызылмен сызылған жолдарды қайталап оқығанымды байқаған бастық:
– Иә-иә, Сабыр Қайырбекұлы, көрдіңіз бе бұл мәселенің қаншалықты маңызды екенін? – деді қағазды қолымен нұсқап.
– Мұнымен енді өзіңіз айналыспасаңыз болмайды. Әйтпесе абыройдан айырыламыз. Министр мен депутаттар мұны білсе, төбемізге әңгіртаяқ ойнатады.
– Сонда қалай, Тахир Тайжанұлы, бұл бұйымдар жоғалған ба әлде ұрланған ба?
– Ол жағы белгісіз. Облыстағы криминалдық полицияның үздік мамандары бір апта бойы жұмыс істеді, бірақ ештеңе таба алмады. Ештеңе бүлінбеген, ұрлықтың ізі де жоқ. Тіпті күдіктілерді де таппады.
– Егер олар ештеңе таппаса, біз не істеуіміз керек?
– Сіз солар жасаған сараптама негізінде қорытынды жасайсыз. Жоғалған қымбат бұйымдарды облыстық мәдениет басқармасының балансынан шығарасыз. Сөйтіп бізді құтқарасыз. Арымыз таза болады. Сол жұмысыңыз үшін мен сізге екі есе сыйақы төлеттіремін және бір апта демалыс беремін. Келістік пе? Бастықтың осы сөздерін естігенде мен «ух» дедім. Баланстан шығару деген не тәйірі. Әрі кетсе екі күннің ішінде бітіріп тастаймын да кері қайтамын.– Келістік, Тахир Тайжанұлы. Менімен баратын көмекшім қайда?
– Айтишникті айтасыз ба? Ол сізді қабылдау бөлмесінде күтіп отырған шығар.
Қабылдау бөлмесінен хатшы қыздан басқа ешкімді көрмеген соң дәлізге шықтым. Фойеге жақындағаным сол еді, қабырғадағы ақпарат тақтасына қарап тұрған аласа бойлы шикіл сары жігіт маған қарай бұрылды.
– Ассалаумағалейкум, Сабыр аға, – ол рюкзагын иығына іле салып қолын ұсынды.
– Уағалейкумассалам, – бастық айтқан айтишник әріптесім осы екенін бірден түсіндім. – Батыр Көжековсың ба? – дедім көзі бақырайған көжек тәрізді жігітке қарап. «Ой, Алла-ай, аты мен затының үйлесіп тұрғанын қарашы» дедім ішімнен.
***
«Номад» галереясы бұрынғы музейдің ғимаратына орналасыпты. Бізді самайына ақ кіре бастаған жігіт ағасы қарсы алды. Галереяның директоры екен. Кім екенімізді және қандай мақсатпен келгенімізді білгеннен кейін ол қонақ бөлмесіне жайғастырды. Жақын маңдағы дәмханадан ас ішіп әлденіп алдық та, дереу іске кірістік. Алдымен күзетшілердің бөлмесіне барып, бейнекамераға жазылған оқиға желісін бақыладық. Содан кейін директордан тексеру құжаттарының көшірмесі салынған папканы алып бөлмемізге келдік. Құжаттарды шетінен қарай бастадым. Оқыған парақтарды бір-бірлеп көмекшіме беріп отырмын.
– Міне, енді түсінікті болды. Ертең сараптамалық қорытындыны жазып тапсырамыз да, қайтамыз, екі-үш сағат бойы бас алмай қағазға шұқшиямын деп шаршап қалыппын, жұмсақ диванға қисая кеттім. Ал Батырдың шаршайтын түрі байқалмайды. Қағаздарды қайта-қайта қарап, жеке-жеке реттеп отыр. Ойланып жатып қалғып кетіппін.
– Сабыр аға, мына заттар жоғалмаған, тоналған! – мен селк етіп көзімді ашып алдым. Іле-шала есімді жиып:
– Өй, оған басыңды қатырып қайтесің? – дедім. – Сараптама қорытындысы қолымызда. Өзің көрдің ғой, құнды жәдігерлер әрі-бері тасымалданған кезде жоғалуы мүмкін деп анық жазылып тұр. Ал біз соны дәлелдеп береміз, болды емес пе.
– Онда сіз дәлелдей беріңіз, аға. Мен келіспеймін! Серігімнің мына сөзін естігенде орнымнан атып тұрдым.
– Өй, не деп тұрсың? Не, маған қарсы шықпақсың ба? Мен немене, бекерге криминалдық полиция капитаны болып жүр деймісің? Осыған дейін мұндай оқиғалардың қаншасын көрдім, – жігіттің мына әрекеті, оған қоса осы жерде тағы да бірнеше күнге қаламын-ау деген ой маған мүлде ұнамады.
– Жоқ, аға мен сізге қарсы емеспін. Бірақ айтып тұрмын ғой, бұл бұйымдар тоналған. Біз соны дәлелдей аламыз. Осы сөздерді айтқандағы Батырдың сабырлы қалпы мені қайтадан сабама түсіргендей болды.
– Жарайды, дәлелдегіш болсаң ертең көреміз, – дедім сәл ойланып барып.
– Ал қазір жатып демалайық. Мұндайда ұйқы қайда? Жатуын жатсам да көз ілмедім. Мана оқыған материалдардың бәрін қайтадан оймен шола бастадым. Мына «батыр көжек» не тапты екен? Бұған енді алдын ала аргумент ойластыруым керек шығар… Бұл өзі шынымен-ақ түсініксіз оқиға. Тергеуші не деп жазып еді? Сағат кешкі жетіде галерея ғимаратына еден жуушы Жамал Хасенова келеді. Ол құнды бұйымдар тұрған бөлмеге кірген сәтте жарық өшеді. Кіріп-шығуға арналған екі есіктің электронды құлыптары жабылып қалады. Іште қамалған еден жуушы әйел қосалқы генератор іске қосылғанға дейін он минут бойы есікті ұрғылап тұрады. Ал электрге қатысты жағдай мүлде түсініксіз. Дабыл жүйесін жөндеген техниктер электрик жас жігітті күні бойы электр ажыратқыш қалқанға жүгіртеді. Біресе өшір, біресе қос деп әуреге салады. Ол соңғы автоматты қосқан сәтте электр желісі тұйықталады. Токқа түсіп өлім аузынан қалған әлгі жігіт әлі ауруханада жатыр. Электр ажыратқыш жартылай күйіп кеткен. Мұның бәрі бейнебақылау камерасында анық көрініп тұр. Кезекті автоматты ажыратқышты орнатқан электрик жалаңаш қолымен сымдарды жалғады. Бірақ тоқ жоқ. Содан соң екіншісін ұстаған сәтте жарқжұрқ етті де, камера қап-қараңғы болып қалды. Тоқты қосып электр желісін тұйықтаған кім? Оны қай жерден қосты? Міне, бұл жағы беймәлім. Жарық қосыла салысымен ішке кірген күзетшілер көрмеге қойылған заттардың жоқ екенін көрді. Асыл тасты алтын-күміс жәдігерлер тұрған тумбочкалардың бәрі бос. Олар еден жуушы әйелді күзет бөлмесіне апарды. Металл іздегішпен тексерді. Прокуратурадан арнайы шақырылған қызметкер әйел оны бастан-аяқ тінтіп шықты. Бірақ ештеңе таппады. Біреулер құнды бұйымдар тумбочканың үстіндегі әйнек қақпақтың астында жатқан десе, екінші біреулер олар бос тұрған дегенді айтады. Техниктердің бірі тумбаға дабыл желісін қосқанмын десе, екіншісі жоқ дейді. Ақыр аяғында жәдігерлер жоқ, дабыл жүйесі қосылмаған
болып шықты. Шым-шытырық. Көрме ашылғанда осындай былық болатын не әдеті екен? Кім біледі, бәлкім жәдігерлерді тасымалдаған адамдардың өздері ұрлап алып, галерея басшылығына жауып отырған болар. Әйтпесе көрменің сейфтері қоймада сақталады екен. Ал қойманың есігіне басылған мөр бұзылмаған. Құнды бұйымдар бұл сейфтерге де салынбапты. Қойманың өзі күзет бөлмесіне қарама-қарсы орналасқан. Дәлізді түсірген бейнетаспа жарық өшкенге дейін оған ешкімнің жоламағанын көрсетіп тұр. Сонда қалай болғаны!?
***
Ертесіндегі жағдай мен күткендей болмады. Сараптама актісін жазып, галерея басшылығымен келіскенімді қайтейін, көмекшімді таппай дал болдым. Комиссия мүшесі ретінде актіге ол да қол қоюы керек еді. Не оның телефон нөмірін жазып алмаппын, не өзі біліп хабарласпады. Сөйтіп, кешке дейін күттім. Ашуым әбден тарқап, бүгін қайтам деген үмітпен қош айтысқан кезде жерден жеті қоян тапқандай болып Батырым келді.
– Оу, Батыр, сен қайда жүрсің?
– Сабыр аға, мен күні бойы әрі-бері шапқыладым. Аннан-мұннан сұрастырып қажетті мағлұматтарды жинастырдым.
– Иә, сонымен қалай болды? Бірдеңе таптың ба?
– Әрине, таптым. Өзімше қисынды жорамал жасадым. Бірақ оған енді дәлел қажет. Көмектессеңіз дұрыс болар еді.
– Жо-жоқ, ертең біз кетеміз.
– Сабыр аға, ертең кете алмаймыз. Менің ойымша біз әлі бір аптадай боламыз мұнда. Ал енді сіз ренжімесеңіз мен бәрін ойластырсам және жатып демалсам деймін, – ол орамалын алып ваннаға қарай беттеді. Жас жігіттің өзінше білгішсінгені көңіліме жақпаса да онымен сөз таластырмадым. Тіпті комиссияның актісін оның қолынсыз-ақ тапсырып, жалғыз өзім кете берсем де болар еді. Бірақ олай істеуге батылым бармады. Ал егер оның жорамалы дұрыс болып шықса ше? Бүгін таңертең актіні жазғаннан бастап өзімнің де ішімде бір күмән болғанын несіне жасырайын. Әсіресе электрикке қатысты мәселеде бір шикілік бар. Түсініксіз жайт көп.
***
Таңғы шайымызды іше салысымен техниктерге бардық. Батыр олардан қайта жөнделген электр ажыратқышты көрсетуді өтінді. Бірақ техниктерде галерея ғимаратындағы электр желісінің жалпы схемасы жоқ екен.
– Ал мынау қандай құбыр? – Батыр ажыратқыштың жанында жартылай көрініп тұрған құбырды меңзеді.
– Бұл су құбыры. Бізге қатысы жоқ.
– Сабыр аға, бұл маңда қолжуғыш бар ма еді? – деді ол маған қарап.
– Иә, кіреберістегі дәретханада бар.
– Одан басқасы ше?
– Жоқ, басқасын көрмедім.
– Міне, көрдіңіз бе? Біз қазір ғимараттың орта тұсында тұрмыз. Демек, мына қабырғаның арғы жағында бірдеңе бар. Соны анықтауымыз керек. Галерея ғимаратының сызбаларын алу үшін үй басқармасына барғанымызда оның бастығы бізден ат-тонын ала қашты.
– Бұл өзі ескі ғимарат. Құрылысының өзі қаншама рет өзгертілді. Бастапқыда техникалық мекеме, одан кейін музей болды. Енді міне галерея. Мен сіздерге тек соңғы құрылыс мекемесінің мекен-жайын бере аламын. Ғимарат басшысының бұл қылығы ұнай қоймаса да үн-түнсіз кете алмадық. Компьютер бөліміне бардық. Жұмысын ысырып қойып тырнағын бояп отырған сылқымды көргенде Батырдың көзі жайнап кетті. Есімі Айжан екен. Екеуі жылдам тіл табысты. Әне-міне дегенше сызбалары бар парақтар принтерден тізіліп шыға бастады. Біз өзіміз орналасқан бөлмеге келдік.
– Өзім де осылай ойлап едім, – деді сызбаларды мұқият қарап отырған Батыр.
– Ал мен онша түсінбедім.
– Міне, қараңызшы. Мынау бірінші қабат. Мыналар көрме павильондары бар дәліздер. Дәліздердің ортасында қабырға бар. Ал мынау – қабырғаның арғы жағындағы екінші щитовой.
– Мұнымен не демексің?
– Аға, біз көрген электр ажыратқышта рубильник жоқ қой. Рубильнигі бар щитовой қабырғаның арғы жағында тұр. Олар бір-бірімен қабырға арқылы жалғасқан,
– Батыр сызбаны көрсетті. – Электрик дабыл беруші сымды жалғамас бұрын мына басқа дәліздегі ажыратқышқа барып рубильникті өшіріп келген. Ол сымды енді жалғап жатқанда біреу рубильникті қосып қалған. Сөйтіп, электрикті тоқ соққан. Біз сол адамның кім екенін табуымыз керек. Екінші дәлізде жөндеу жұмысы жүріп жатқандықтан ол жерде күзет те, бақылау камерасы да болмаған. Сондықтан оны ешкім көрмеген.
– Аа, сенің не айтқың келгенін енді түсіндім.
– Көрдіңіз бе, аға? – Батыр маған қарап күлді. – Сол рубильникті қосқан адам – ұры. Ол көрмені тонау үшін не істеу керек екенін жақсы білген. Подвалдағы қосалқы генераторды іске қосудың өзі біраз уақытты алады. Комиссия құжатында жарықты қайта қосқанға дейін он минуттай уақыт өткені айтылған ғой.
– Демек, мәселенің бәрі тағы да еден жуушы әйелге келіп тіреледі десеңші.
– Иә, солай екені рас. Құнды заттар тұрған бөлмеде тек сол ғана болған. Бірақ тергеу материалдарында көрме тоналған сәтте бұл ғимаратта тағы бес адамның болғаны көрсетілген ғой. Директор осы бірінші қабаттағы өзінің бөлмесінде отырған. Кіреберісте екі күзетші болған. Электрик пен дабыл жүйесінің маманы щитовойдың жанында жүрген. Ал жоғарғы қабаттар жөндеу жұмысына жабылған. Есіктегі мөрі бұзылмаған.
– Тергеу материалдарындағы деректерге қарағанда, кілт пен мөр тек директор мен күзетшілерде ғана болған. Солардың біреуі болуы да мүмкін ғой? Мүмкін. Еден жуушы әйел есі шығып алдыңғы есікті ұрғылап тұрған кезде артқы жақтан біреу кірген шығар.
– Жооқ, ол мүмкін емес. Артқы есік бұғатталған ғой. Оны электрсіз аша алмайды.
– Ал егер ұры бұғаттау тетігін алдын ала өшіріп қойса ше?
– Міне, міне! Табылды! – екеуіміз бір-бірімізге қарадық.
Алдыңғы тергеу материалдарында бұл туралы ештеңе айтылмаған. Демек, ертең бізді үлкен жаңалық күтіп тұр. Осыдан соң менің көкейімде тезірек қайтсам деген ойдың жұрнағы да қалмады. Мына оқиғаның жұмбағы бойымды билеп алды.
Мұрат МҰҚАШ
(Жалғасы келесі санда)
[ratings]