АЛДАҒЫ ЖЫЛДЫҢ 10 ҚАҢТАРЫНДА ҚР ПАРЛАМЕНТ МӘЖІЛІСІНІҢ САЙЛАУЫ ӨТЕДІ. ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ САЙЛАУ ТУРАЛЫ ЗАҢЫНЫҢ КЕЙ НОРМАЛАРЫ КОНСТИТУЦИЯ ТАЛАПТАРЫМЕН ҮЙЛЕСПЕЙДІ, БҰЛ ҚАРАМА-ҚАЙШЫЛЫҚ ӨЗ КЕЗЕГІНДЕ ЖЕКЕЛЕГЕН АЗАМАТТАРДЫҢ САЙЛАНУ ҚҰҚЫҒЫНА НҰҚСАН КЕЛТІРУІ МҮМКІН. ОСЫНДАЙ ӨТКІР ПІКІР БІЛДІРГЕН «ЕЛ БІРЛІГІ» ОДАҒЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ ШОЛПАН РИЗАБЕКОВА, ЗАҢГЕР АМАНГҮЛ АЛЬМҰРАТОВА, «ҚАЗАНАТ» ЖУРНАЛЫНЫҢ ШЕФ РЕДАКТОРЫ ДӘУРЕН МҰҚАНОВ ЖӘНЕ ЖУРНАЛИСТ АЛМАГҮЛ СЕРІКҚАЛИЕВАЛАРДЫ РЕДАКЦИЯҒА АРНАЙЫ ШАҚЫРЫП, ДИДАРЛАСҚАН ЕДІК.
– ҚР Сайлау туралы заңының кей нормалары Конституцияға қайшы екенін айтып отырсыздар. Сонда нақты қай тұсы сәйкес келмейді?
Шолпан Ризабекова:
– Заңгер ретінде айтарым, құқықтық санамызды өсіріп, бұл тұрғыдағы сауатымыз бен мәдениетімізді жоғары деңгейге жеткізетін уақыт келді. Құқықтық мемлекет құру ел азаматтарының құқықтық сауатымен тікелей байланысты. Барлығыңыз білесіздер, Конституция мемлекеттің Бас заңы. Екінші ҚР Сайлау туралы заңы тұрса, ары қарай азаматтық, қылмыстық заңдар болып жалғаса береді. ҚР Конституциясының 51-бабы 4-тармағына сай, Қазақстан азаматтығын алған және оның аумағында соңғы он жыл бойы тұрақты тұрып
жатқан тұлға Парламент депутаты болу құқығына ие. Жасы отызға толған, жоғары білімі және кемінде бес жыл жұмыс стажы бар, тиісті облыстық, республикалық маңызы бар қаланың немесе Республика астанасының аумағында кемінде үш жыл тұрақты тұрып жатқан азамат Сенат, ал, жасы жиырма беске жеткен адам Мәжіліс депутаты бола алады. Бірақ, Сайлау туралы заңның 87 және 103 баптары осы норманы жоққа шығарып тұр. Олай дейтінім, 87-баптың 1-тармағында партиялық тізімдер бойынша сайланатын Мәжіліс депутаттығына кандидаттар ұсыну құқығы – белгіленген тәртіппен тіркелген саяси партияларға, ал, Қазақстан халқы Ассамблеясы сайлайтын Мәжіліс депутаттығына кандидаттар Ассамблея кеңесімен ұсынылатыны нақтыланған. 103-баптың 1-тармағына сүйенсек, партиялық тізімдер бойынша сайланатын мәслихат депутаттығына кандидаттар ұсыну құқығы – саяси партияларға ғана тиесілі. Бұл ешқандай саяси партияға кіргісі келмейтін Қазақстан азаматтарының сайлану құқығының шектелгендігін білдіреді.
– ҚР Парламенті Мәжілісінің сайлауына санаулы айлар қалды. Мәселе кеш көтеріліп отырған жоқ па, заңдылықты қалпына келтіру үшін құзырлы органдарға жүгіндіңіздер ме?
Шолпан Ризабекова:
– Заңдылықты қалпына келтіріп, әділдікке жету ешқашан да кеш болмайды. ҚР Президентіне, ҚР Конституциялық Кеңесіне, ҚР Әділет министрлігіне өз ұсынысымызды жолдап, заңда
көрсетілген мерзімде жауап беруін талап еттік.
Амангүл Альмұратова:
– Қос палаталы Парламент қабылдаған заңдардың шикілігі жетерлік. Соның бір дәлелі тақырыбымызға арқау болып отырған Сайлау туралы заң. Осы заңның 87-103 баптарына өзгерістер енгізбей, сайлау өткізу Конституцияны белден басу болып саналады. Заң шығаруда әлеуметтік жағдайы төмен қарапайым азаматтардың құқығы мен мүддесі ескеріле бермейтіні жасырып-жабуды қажет етпейтін бүгінгі күннің ащы шындығы. Аталған баптардың Ассамблея мен саяси партия мүшелерінің ғана мүддесін көздеуі салдарынан біз Сенат, Мәжіліс, Мәслихат депутаттығына сайлану тұрмақ, тіпті, өзімізді ұсыну құқығымыздан айырылып қалдық.
Дәурен Мұқанов:
– Шолпан Бостанқызы айтқандай, Конституция – еліміздің негізгі заңы. Заң атаулы Конституцияға негізделіп жазылады. Конституцияның 33-бабының 2-тармағы бойынша республика азаматтары мемлекеттік және жергілікті басқару органдарын сайлауға және сайлануға, сондай-ақ республикалық референдумға қатысуға құқылы. Осы құқығымызға ҚР Сайлау туралы заңының екі бабы нұқсан келтіріп отырғандықтан, бұл нормалар қайта қаралуы керек. Соңғы жылдары азаматтар әлеуметтік жағдайларға байланысты наразылық шерулеріне шығуда. Осының бәрі заңның халық мүддесіне сай жасалмауы салдарынан орын алуда.
Алмагүл Серікқалиева:
– Бізде заңдық тұрғыда кемшіліктер өте көп. Сайлау туралы заңда Конституция талаптарының толық ескерілмеуі депутаттардың заңнан хабары жоқтығының айқын дәлелі дер едім. Біз шетелдіктерге еліктегіш халықпыз. Қандай істе де солардың озық үлгілерін алғымыз келеді. Мысалы, Америкада әрбір заңның авторы бар. Смид заңын алайық, осы заңнан бір кемшілік шықса, оған тек Смид жауап береді, халық жауапкершілікті содан ғана сұрайды. Ал, Қазақстанның заңдарында автор жоқ. Заңда қандай кемшілік кетсе де оған ешкім жауап бермейді. Сайлау туралы заңның 87-103 баптарын кім жазды, оның жуапкершілігі кімде? Халық бұдан мүлде бейхабар. Қос палатадағы 150-ден астам депутаттың қайсысынан сұрайды. Ең бірінші кемшілік осында. Шетелдік дүниелердің үлгісін алғанда осындай дұрыс бағыттарға ұмтылғанымыз жөн болар еді.
– Саяси партиялар мен Ассамблея атынан сайланғандар ел мүддесіне қызмет етпейді деп ойлайсыздар ма, олар да халық өкілдері емес пе?
Амангүл Альмұратова:
– Биліктің мүддесіне басымдық беретін, жоғарыдағыларға жағатын адамдардың ғана депутаттыққа сайланбауы керек. Мысалы, Сенат, Мәжіліс, Мәслихатқа кімдердің, қандай еңбегі үшін сайланып жатқанын жалпы жұртшылық білмейді. Қарапайым халықтың арасында да небір мықты заңгерлер мен саясаткерлер бар. Неге солар сайланбайды? Себебі, олардың жолы жабық. Қазақстан Парламентінің тарихында халық қамын ойлаған белсенділерге ара түскен депутаттар жоқтың қасы. Ассамблея немесе саяси партиялар арқылы сайланғандарда үн жоқ. Кім кімнің мүддесін қорғайтынын осыдан-ақ біле беріңіздер. Қазақстанда 130-дан астам диаспора өкілі бар. Менің жеке пікірім, Ассамблея арқылы қазақтардың ұлттық мүддесі жойылып барады. Сондықтан, халықтан бөліп-жарып Ассамблеяға басымдық беру артық. Қос палаталы Парламентке қарапайым халықтың арасынан шыққан білікті азаматтардың өз-өздерін ұсыну құқықтарын қайтарғанда ғана біз құқықтық-демократиялық, зайырлы мемлекет бола аламыз.
Шолпан Ризабекова:
– Халықтар Ассамблеясы мемлекеттік емес ұйым. Елімізде мұндай ұйымдар көп, бірақ Ассамблеяға айрықша басымдық берілген. Бір қызығы, Ассамблеяның құқықтық заңдылығы елдегі бірде-бір заңмен реттелмеген. Партияларға арналған заң бар, бірақ Ассамблея туралы жоқ. Мәселен, Ассамблея мен саяси партиялардың мүшелері де, біз де Қазақстан азаматтарымыз. Сөйте тұра заңдардағы қайшылықтар Ассамблея мен партияларды бір жақта, сайлануға ұсыну құқығы жоқтарды екінші жақта қалдырып, қоғамды екіге бөліп отыр. Өз құрамынан ұсынылған кандидаттарға партия да, Ассамблея да ешқашан наразылық білдірмейді. Өйткені, олар өздерінің мүддесін қорғайды. Қарапайым азаматтар құқығына тұсау салып отырған ҚР Сайлау туралы заңы – халықтың заңы емес. Заңгер бола тұра мен бұл заңсыздыққа бейжай қарай алмаймын. Заңды жазып немесе жобаны ұсынып жатқанда әр заңгер өзінің ар-ожданын бірінші кезекке қоюы керек. Өкінішке қарай, бізде олай болмай тұр. Азаматтық қоғамды бөлуге немесе адамдардың санасына іріткі салуға, саяси тұрақтылықты бұзуға ешкімнің құқығы жоқ.
Алмагүл Серікқалиева:
– Мәжіліс депутаттары бүгінде саяси партиялар мен Ассамблея арқылы сайлануда. Кезінде Амангелді Айталы, Шерхан Мұртаза сияқты елдің мұңын-мұңдап, жоғын-жоқтай алатын мықты азаматтарымызды халықтың өздері таңдады. Осындай қалаулыларымыздың ел мүддесіне жұмыс істеуге бар күш-жігерін жұмсағаны көпшілікке мәлім. Қазіргі Мәжіліс депутаттарының 95 пайызының кім екенін, тіпті ауыз толтырып айтарлықтай еңбектерінде ешкім білмейді. Бұрын депутаттарды халық біліп, құрметпен атайтын, бүгінде бұл үрдіс мүлде жоғалды. Қазір депутаттар қолжетімсіз, халықтың шағымын тыңдап, олардың кем-кетігін түзеуге жанын салып жатқандар жоқтың қасы. Заңдардың жиі өзгеріске ұшырауының өзі депутаттар біліксіздігінің көрінісі. Депутаттар халық мүддесі тұрмақ, өз ұстанымдарын қорғай алмайды. Айтқан сөздері айтылған жерде қалады. Өткенде бір өзге ұлт өкілі сұрақ қойды, соған білдей депутат мемлекеттік тілде жауап бере алмады. Халықтың тілін білмеген адам қалайша халық өкілі бола алады? Ол өзі өмір сүріп отырған мемлекеттің тілін білмесе, оның халқының мұң-мұқтажын қалай түсінбек? Түкті түсінбейтін адам кімге қорған болады? Сайлаудың әділ өтуін қамтамасыз ету үшін аталған баптар өзгертілуі тиіс. Себебі, осы екі бап біздің конституциялық құқығымызды шектеп отыр. Өз қалаулыларын халықтың өзі таңдауы керек.
– Парламентте заңгерлер жетерлік, солар неге ештеңе байқамай отыр? Мұндай кемшілікке жол берілуі ненің салдары болуы мүмкін?
Шолпан Ризабекова:
– Жалпы, еліміздің кез келген заңы қабылданбас бұрын жаппай халық талқысына берілуі, олардың әрбірінің жүрегіне кіруі керек. Бізде осы жағынан белсенділік аз. Заң парламентке түседі, депутаттар ың-шыңсыз тез қабылдап жіберуге тырысады. Бұл, әрине, жауапкершіліктің жоқтығының салдары.
Дәурен Мұқанов:
– Барлық мәселеде халық мүддесіне баса мән берілсе қателік те аз болар еді. Президент Жолдауында «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» құру мақсатын алға қойды. Алдымен халық үніне құлақ асатын Парламент жасақталмай, ол мақсатқа жету қиын. Депутаттардың халықтан алшақ өмір сүруі осындай заңсыздықтарға әкеледі.
Алмагүл Серікқалиева:
– Заңдарымызды америкалықтар сияқты белгілі бір автордың жауапкершілігіне бергенде ғана адалдық болады. Өйткені, халық жауапкершілікті кімнен талап ететінін біледі. Қазір біздің заңды дайындаушыларда да, оларды қарап қабылдайтын депутаттарда да жауапкершілік жоқ. Жауапкершілік болмаған соң оның сұрауы да болмайды. Ешкім ештеңені байқамайды да. Ата Заң талаптарын бұзуға ҚР Президентінің де құқығы жоқ. Қазіргі депутаттар халықтың қамы үшін емес, биліктің сойылын соғу үшін отырған сияқты әсер қалдырады.
Амангүл Альмұратова:
– Бір сөзбен айтқанда, мұның бәрі біліксіздіктің, сенім артып отырған жұртына жаны ашымаудың салдары. «Біреудің жоғын біреу ән айтып жүріп іздейдінің» кері.
– Сіздердің тараптарыңыздан бұл тұрғыда қандай ұсыныстар бар?
Шолпан Ризабекова:
– Депутаттыққа кандидаттарды ұсыну құқығы барлық азаматқа тиесілі болуы керек. Заңдағы қайшылықтар сайлануға өзін ұсыну құқығы жоқ азаматтарға Ассамблея мен саяси партияларды жеккөрінішті етіп көрсетуде. Неге азербайжан немесе еврей сайланады да, осы жер мен елдің иесі менің сайлану құқығым шектелген дейтіндер аз емес. Тіпті, депутаттыққа қытайлардың да үміті бар. Өздеріңіз көріп жүрсіздер, қазақ қыздары қытайларға тұрмысқа шығып жатыр. «Күйеу балалардың» билікке бару ойы да жоқ емес. Сайлауға ұсыну құқығы шектелген азаматтардың түрлі көтерілістер арқылы өз наразылықтарын білдіруі әбден мүмкін. Осы себепті, айтып отырған заңның екі бабын ертерек өзгерткеніміз абзал.
Дәурен Мұқанов:
– Заңдарға азаматтар құқығы шектелмейтіндей жалпы қоғамды қорғайтын баптар енгізілуі керек. Осы жағдайда қылмыс та азаяды, ешкім көшеге шеруге де шықпайды. Әрқайсысы өзіне тиесілі қызметімен айналысып, тыныш өмір сүрер еді.
Амангүл Альмұратова:
– Біріншіден, халықты тыңдай білетін қарапайым азаматтарға сайлану құқығын беріп, Ассамблея атынан депутаттыққа түсу деген бастама заңнан мүлде алынып тасталғаны жөн. Екіншіден, тек қана партиялар арқылы депутаттыққа ұсынуды жою керек. Мәслихат, Мәжіліс, Сенатқа болсын, халықпен тығыз жұмыс істей алатын, солардың үніне құлақ асатын адамдар ғана сайлануы тиіс. Әр заңның авторы болуы керек деген жақсы ұсыныс. ҚР Конституциясы 1993 жылдан бері бірнеше рет өзгеріске ұшырады. Ал, Американың Ата Заңына екі жүз жылда жеті рет қана өзгеріс енгізілді. Дәл осы заң шығару мәселесінде осы елдің тәжірибесіне сүйенгеніміз жөн.
Шолпан Ризабекова:
– Америкалық тәсіл дегенге өз басым көп келісе бермеймін. Себебі, қазақта да мықты заңгерлер бар. Біздің басты кемшілігіміз плагиатқа көп бой ұрамыз. Заңды жазған әрбір заңгер сол заңға өзінің авторлық құқығын бекітіп отырса, жауапкершілік те жоғарылар еді.
Дәурен Мұқанов:
– Америка халқы бақытты. Өйткені, президент, депутат, генерал-губернаторына дейін өздері сайлайды. Өкінішке қарай, бізде әділетсіздік басым. Азаматтардың сайлауға ұсыну құқығы қайтарылсын. Олар өз өкілдерін сайлау арқылы жақсы өмірге жетуді қалайды. Бізде тек Нұр-Отан партиясының сайлауы ғана жүріп жатыр.
Алмагүл Серікқалиева:
– Мәжіліс депутаттығына кандидаттарды ұсыну құқығы азаматтарға тиесілі дегенді ҚР Сайлау туралы заңына 87-103-баптарына енгізілгенін қалаймыз.
– Президентке мемлекеттік тілді білу міндет, осы талаптың депутаттарға да қойылуын қолдайсыздар ма?
Шолпан Ризабекова:
– Депутаттардың мемлекеттік тілді білуі заңмен міндеттелмеген. Бірақ, халық атынан сөйлегісі келетіндердің мемлекеттік тілді білуі және сол тілде сөйлеуі міндет. Бұл міндет заңда белгіленген жағдайда Парламентке нағыз халық жанашырлары көптеп өтер еді.
Амангүл Альмұратова:
– Мемлекеттік тілді білмейтін бірде-бір азамат депутаттыққа жіберілмесін. Кез келген билік өкіліне осы талап қойылуы шарт. Мемлекеттік тілді білмейтіндер Ассамблеяға да, партияға да мүшелікке қабылданбаса, елімізде жылдар бойы жырлап келе жатқан мемлекеттік тілдің мәселесі жойылар еді.
Дәурен Мұқанов:
– Әлемнің көптеген мемлекетінде өзінің туған тілін қадірлеу дұрыс жолға қойылған. Мысалы, Ресейде орыс тілінің, Америкада ағылшын тілінің мәртебесі жоғары. Ал, Қазақстанда бұл үлкен проблема. 30 жыл бойы мемлекеттік тіл мәселесінің жойылмауы мемлекет үшін сын. Заңдардағы қайшылықтар үлкен текетірестерге себеп болып, мемлекеттің ыдырауына әкелетінін ұмытпайық.
– Ой-пікірлеріңізге рақмет.
Сайлау туралы заңның 87 және 103 баптары осы норманы жоққа шығарып тұр. Олай дейтінім, 87-баптың 1-тармағында партиялық тізімдер бойынша сайланатын Мәжіліс депутаттығына кандидаттар ұсыну құқығы — белгіленген тәртіппен тіркелген саяси партияларға, ал, Қазақстан халқы Ассамблеясы сайлайтын Мәжіліс депутаттығына кандидаттар Ассамблея Кеңесімен ұсынылатыны нақтыланған. 103-баптың 1-тармағына сүйенсек, партиялық тізімдер бойынша сайланатын мәслихат депутаттығына кандидаттар ұсыну құқығы — саяси партияларға ғана тиесілі. Бұл ешқандай саяси партияға кіргісі келмейтін Қазақстан азаматтарының сайлану құқығының шектелгендігін білдіреді.
Т.СМАҒҰЛҚЫЗЫ