Елмізде ажырасу оқиғалары азаймай тұр. Бірнеше жылға созылатын сот процесі кезінде балалар да айтарлықтай зардап шегеді. Ендеше ажырасу кезінде балалар құқығы бұзылмай, психологиялық соққыға да ұшырамасы үшін не істеуіміз керек?
Кәмшат Есмұхаметқызы, заңгер:
— Рас, елімізде ажырасу кезінде ерлі зайыптылар балаларын бір біріне қарсы қоюға көп пайдаланып жатады. Бұл өте сорақы нәрсе. Мен құптамаймын. Бізде ата аналар балаларын қауіпті жерге тастап кетіп, не дұрыс тәрбие бермесе ғана жазаланады. Ал ажырасу кезіндегі оларға қысым көрсетпеу мәселесі заң жүзінде қарастырылмаған. Шындығында ол баланың болашағына қатты әсер ететін маңызды мәселе. Елімізде ажырасу оқиғаларының көбейіп кетуіне орай осы бағыттағы заңнамаларымызды жетілдіруіміз керек.
Ата аналарының арасында не болғанын жете түсінбеген, бірақ ата аналары тарапынан қысымға ұшырған балалар, стреске түсіп, үйінен қашып, көшедегі бұзақыларға қосылып кетіп жатады. Сондықтан мүмкіндігінше ажырасу кезінде балалардың психологиясына зақым келтірмеуге ерлі зайыптылардың екеуі де тырысуы керек. Негізі әлі ақыл ойы толық қалыптаспаған, үлкендердің мәселесін жете түсінбеген бала үлкендердің ықпалымен түрлі жағдайға ұшырауы мүмкін. Балаға жаманшылықты үйретпеу, ата аналардың бір бірін жамандап, бір біріне қарсы қоймауға шақыратын заң жобасы басқа елдерде бар. Солардың тәжірибесіне сүйене отырып, баланың балалық шағының алаңсыз өтуін қарастыратын арнайы заң керек. Әсіресе бұл заң біздің елімізге қатты керек. Менталитет пе екен бізде ажырасу кезінде әке мен шеше балаларына жабысып қалады. Бір бірін жамандап, баланы барынша өзіне жақ қылып, тіпті күш көрсетуіне балаларын куә етіп жатады. Не әкесі, не анасы баланың өміріне ажырасуларының әсер етпеуін ойламайды. Бұл олардың ата аналық жауапкершілігінің де төмендігінен болса керек. Көбіне отбасына қатысты істерде сот отырыстарына қатысатындықтан мұндай жағдайда жиі себеп боламын.
Бүгін ғана Нұр Сұлтан қаласынан осындай сот отырысынан келе жатырмын. Әке шешелерінің ажырасуы кезіндегі бүкіл сорақы әрекеттері тоғыз жасар баланың көз алдында өтіп жатыр. Баламен жыламай әңгімелесу мүмкін емес. Тез есейіп кеткен. Әрине мұндай жағдайда баланың құқығы қорғалмағандықтан біз ол балаға қатысты еш әрекет ете алмаймыз. Бірақ ата аналары ажырасқан балаларға өте обал. «Сен осылай айту керексің», «сен ұл баласың мені қорғауға тиіссің» деп анасы қысым жасаса, әкесі «жігітсің ғой өтірік айтпа, мені аямайсың ба, әкеңмін ғой» деген секілді сөздермен баланы екі жақты ойыншық етіп отыр. Осындай қаншама тағдыр бар. Бірақ оларды бірде бір мемлекеттік қамқоршылық орган қорғауына алып отырған жоқ. Тағы бір айта кетер жайт, осындай жағдайда балалармен жұмыс жасап көрмеген мамандар заң шығару кезінде балалалар құқығы туралы заңға кіріспесе екен. Өйткені шынайы өмірде балалар мәселесін білмейтін, мұндай мәселемен бетпе бет келіп көрмеген мамандардың заң жобасы тәжірибе кезінде нәтижелі болмайды. Сондықтан ажырасу кезінде тәлкекке түскен балалар тағдыры кім көрінгеннің қолына сеніп тапсырылмауы керек деп ойлаймын.
Маргарита Өскембаева, балалар психологі:
Бұл ажырасуға қатысты өзекті мәселелердің бірі. Мұның алдын алу үшін ажырасуды азайтуға тырысу керек секілді. Кеше кейбір мамандар ажырасқаны үшін төленетін салық сомасын көбейту арқылы ажырасушылардың азаюына ықпал етуге болатынын айтып жатыр ғой. Бірақ өз басым ажырасу кезінде мемлекеттік баж салығын көтеру ажырасушылар санына әсер етеді деп айта алмаймын. Өйткені шын ажырасқысы келетін адам салықтың көбейгеніне қарамайды. Тіпті төлейтін ақшасы болмаса ресми ажыраспай ақ екеуі екі жаққа кетіп жүре беруі мүмкін. Ал балалар әрі қарай зардап шеге беруі мүмкін. Сондықтан бұл жерде мәселені тереңінен зерттеу керек.
Ажырасуға ықпал ететін әлеуметтік, материалдық мәселелер зерттелуі керек. Мүмкіндігінше отбасыларды сақтаудың жан жақты жолдарын қарастыру керек. Мемлекет тарапынан психолог, заңгерлерді жалдап, ақсақалдар алқасын құрып, аналар кеңесінің рөлін арттырып ажырасудың алдын алып, барынша отбасын сақтау жолдары жасалуы керек. Бізде отбасылық өмірге дайындайтын қызметтер, психологтар жоқ. Ерлі-зайыптылар ажырасудың алдында тұрғанда қайда, кімнен көмек сұрарын білмейді. Сондай арнайы орталықтар құру керек. Ұлтты тәрбиелеу құралдарын қолға алу қажет. Өйткені ажырасудың барлық жағынан зияны зор. Ерлі зайыптылардың бірі алқаш, немесе тиран болса сөз басқа. Ал қалыпты отбасылардың менмендігіне бола онлайн ажырастырып, қарап отыра беруге болмайды. «Отбасы әкенің хандығы, ананың әлемі, баланың жұмағы» қағидасына сай мемлекеттік бағдарлама керек.
ҚР Конституциясында «Неке және отбасы, ана, әке және бала мемлекеттің қорғауында болады» делінген. Бірақ бала құқығы ескерілмей отыр. Сондықтан елімізде жалпы отбасы құндылығын жиі насихаттау керек. Ажырасу болмаса балалар да қараусыз, жылусыз қалмас еді. 1950 жылдары әрбір жүзінші отбасы ажырасса, 1980 жылдары әрбір төртінші, 1990 жылдары әрбір үшінші отбасында ерлі-зайыптылардардың жолдары екі айырылатын болған. Ал қазір әрбір екінші отбасының құрған шаңырақтары шайқалуда. Сондықтан мемлекет тарапынан осы мәселеге көңіл бөлінуі керек.
Қуаныш ӘБІЛДӘҚЫЗЫ