spot_img
spot_img

Роза ӘРЕН, журналист, «Болашақ» стипендиясының иегері:«БІЗДЕ ЖАСЫ ҮЛКЕН КІСІНІҢ АЙТҚАНЫ – ЗАҢ»

– Кез келген адам барған жерінде бірінші кезекте өзге елден көрген дүниелерін өз елімен салыстырып, бірден айырмашылық іздеп, анализ жасай бастайды. Осы тұрғыда Шотландияға барғанда өзің байқаған, бірінші салыстырған нәрсең не болды?


– Екі елдегі жағдай салыстыруға келмейді. Айырмашылық жер мен көктей. Шетелге барып оқығандағы негізгі мақсатым да дүниетанымымды кеңейту, дамыған елдердің тәжірибесін көру еді. Ондағы академиялық ортада жүріп, көп ой түйдім. Тіпті санамда кішігірім төңкеріс болды деуге болады. Қазақстанда жүргенде біз сыни пайым дегенге көп мән бермейтінбіз. Ағылшынша айтқанда, бұл – Critical thinking, тура аударғанда «сыни ойлау». Кез келген мәселеге сыни тұрғыдан қарау, оның ерекшеліктері қандай, кемшіліктері қандай, cоңында қандай қорытынды жасауға болады? Осылай сараптау жағы бұрын менде кемшін еді. Мектеп кезінде де мұғалім тапсырма берсе, сол тапсырманы оқып, тек түсінгенімізді қайталап беріп, баға алатынбыз. Бастапқы уақытта академиялық эссе жазған кезде сыни пайым жағынан қиналдым. Себебі жазған нәрсемнің барлығы тек құрғақ баяндау боп кете берді. Сынап, анализ жасаудың орнына, кейбір жерде тек сол тақырыпты мазмұндап беріп отырдым. Бірақ уақыт өте келе, эссе жазуға да төселе бастадым, аз сөз жазсақ та, сапаға көбірек көңіл бөлу керектігін түсіндім. Сондай-ақ бұл жақта плагиат мәселесіне де қатты қарайтынын білетін боларсыз. Тіпті плагиат үшін студенттің университеттен шығып қалу қаупі бар. Сол себепті студенттер әр тапсырманы еш жерден көшірмей, барынша мұқият орындайды. Қандай автордан ақпарат алсақ та, оған міндетті түрде сілтеме жасаймыз. Бұрынғыдай кейбір мәтінді әлдебір дереккөзден көшіріп алуды ұмыттық. Одан бөлек, мұнда студент үшін тайм-менеджмент аса маңызды. Шетелде оқыған кезде уақыттың қадірін түсіндім. Барлық тапсырманы дер кезінде орындап үлгеру үшін уақытты барынша тиімді пайдалану керек екен. Әсіресе дедлайн жақындағанда, бойыңда кәдімгідей стресс болады, қобалжисың. Берілген тапсырманы ойнап жүріп, салғырт қарап орындай салу деген жоқ. Кішкентай тапсырма болса да, оның артында қаншама жұмыс тұрады. Бір тапсырманы орындау үшін сіз қаншама ғылыми мақала оқып, ізденесіз. Оның үстіне, ағылшын тілі туған тіліміз болмағандықтан, арасында грамматикалық қателер кетуі мүмкін. Сондықтан жергілікті студенттер тапсырманы бірер күнде орындап жатса, біз олардан көбірек уақыт жұмсайтынбыз.
– Шотландияда оқу-білім ізденісінде аға буын, орта буын, жастар арасында бөлініс бар ма?


– Мен қазақстандық университеттің бакалаврын осыдан 7 жыл бұрын бітірдім. Қазір қалай екенін білмей мін, бірақ мен мектепте, университет қабырғасында жүргенде ageism байқалатын. Яғни жасы үлкен кісінің айтқаны – заң. Қарсы сөйлеген студент жақпай қалуы мүмкін. Оқытушы қанша жерден біліксіз маман болса да, жасының үлкендігі үшін қарсы пікір айтпауың керек. Өзіне қатысты айтылған сынды адекватты түрде қабылдай алатын ұстаздар сирек кездесті. Ал Шотландияда біз жасы алпысты алқымдаған профессорды атымен атадық (бұл жерде менталитет мәселесі көп рөл ойнайды деп ойлаймын). Сұрақ қойғанда да, қарсы пікір айтқанда да іркіліп қалмадық. Себебі «сол үшін менің ізіме түседі, бағамды
төмендетеді» деп ойламайсың. Елде жүргенде, өрімдей жас студенттердің арасынан жасы егделеу кісіні көріп қалсам, қызық көрінуші еді. Ұлыбританияда тұрғанда білім алам деген жан үшін қандай жас болса да, шектеу бола алмайтынын түсіндім. Кітапханада, университетте жасы 50, 60 шамасындағы студенттерді жиі ұшырастыратынмын. Мен жазған эссені ол да жазып отыр, кітаптарды қолындағы кішкентай арба-сөмкесіне салып, сүйретіп жүріп оқиды. Бәріміздің статусымыз бірдей – ғылым жолындағы ізденушілерміз. Тағы бір айтқым келетіні, салыстырмалы түрде қазақстандық студенттерде білімнің нарқын түсініп оқу жағы кемшіндеу сияқты көрінеді. Мәселен, мектепті бітірді ме, қалайда жоғары оқу орнына түсуі керек. Бір жылға «gap year» алып, ойланып, болашақ бағдарын анықтап алу деген жоқ. Көбі бакалаврды бітірген соң, бірден магистратураға, магистратураны бітірген соң, бірден докторантураға түсіп кетуге тырысады. Кім білсін, бәлкім, жылдарды жоғалтпау үшін ол да жақсы шығар? Бірақ, меніңше, мұндай асығыстық білім саласына деген жеңілтек көзқарастан туатын сияқты.
– Білім беру, мамандандыру мәселесінде қандай басымдықтарға назар аударады? Білім сапасы, ұстаз бен студент ұстанымы, оқулықтар мен шетелдік студенттер мәселесіне шотландтардың көзқарасы қандай?


– Мұндағы студенттер үшін магистратураны қалай бітіргені емес, оқудан соң сенделіп жүріп қалмай, жұмысқа тұрып кету мәселесі маңыздырақ. Мен тұрған Глазго – Шотландияның ең үлкен қаласы. Бір миллионнан астам тұрғыны бар қалада жұмыс тапшылығы кәдімгідей байқалады. Білім беру жүйесінде бар жауапкершілік студентке артылады. Оқытушы тақырыпқа қатысты әдебиеттің ұзақ-сонар тізімін береді, түсінбеген жерің болса, айтып, бағыттап жібереді. Болды. Қалғаны – өз мойныңда. Ал оқулықтарға, пайдалы әдебиетке келер болсам, университеттің кітапханасы да, онлайн-базасы да зерттеу материалдарына, мәліметке толып тұр. Тіпті «Адамдардың Facebook әлеуметтік желісінде бірін-бірі бұғаттап тастауына не себеп?» деген тақырыптың өзі бүге-шүгесіне дейін зерттеліп тасталған. Біз сабақ барысында дәстүрлі медиадан гөрі жаңа медиа туралы көбірек оқыдық. «Digital society» курсында оқығанымыздан «The attention economy» тақырыбы есімде қалыпты. Ол сабақта Facebook, Google, Youtube, Instagram т.б платформалардың «назар» сататынын талқыладық. Өзіңіз білетіндей, қазір интернетте контент көп болғандықтан, оқырман/көрерменнің назарын аударту да қиындап барады. Платформалар, «назар сатушылар», блогшылар, жалпы, интернет арқылы ақша жасаушылар, қандай жолмен болса да, өздеріне назар аудартуға тырысып әлек. Сол үшін олар миға сыймайтын дүниелерді істеп, тіпті кадрда өлі денені де көрсетуден тайынбайтыны туралы мысалдарды талдаған едік.


Ал «Медиа этикасы» модулінде бізге BBC Scotland журналисі қонаққа келді. Өте әдемі киінген, қадамы нық, сөз саптауы керемет әйел адам екен. Бір сағат бойы аузымызды ашып
тыңдадық. Журналист бізге өзінің «бірнеше қызды өлтіруі мүмкін» деп болжанған күдіктімен бірнеше рет сұхбаттасқанын, полициямен бірігіп жұмыс істегенін баяндады. Сабақ
«Медиа этикасы» деп аталғандықтан, ол сұхбат барысында этикаға қайшы келмейтін сұрақтар қою, респонденттің жеке басына тіл тигізетін сөздер айтпау жөнінде айтты. Осы процесс кезінде ол өз басын қатерге тікпес үшін, үйінен кетіп, достарының үйінде түнеген екен. Қазірдің өзінде BBC Scotland оның қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, үйінің іші-сыртына бақылау камераларын орнатып беріпті! Осының бәрін баяндап жатқанда, оның айтқандары (полициямен бірігіп жұмыс істеуі, кәсібилік, қауіпсіздік мәселесі) маған ертегі боп көрінді. Тура бір сағаттан соң журналист бізге алғыс айтып, сүйкімді сөмкесінің сыдырғысын сырт еткізіп, асыға басып, шығып кетті. Сол кезде қатты әсерлендім. Себебі бала күнімде қиялымда елестеткен журналистің тобразы жаңа ғана менің көз алдымда өзінің тәжірибесін баяндады. Еркін ойлы, өзіне сенімді, өзін өзгелердің қорғайтынына сенімді, материалдық жағдайы да тәуір, жұмысына берілген, жанкешті журналистің образы… Топтастарым тайм-менеджментке қатты қарайтын. Тапсырманы уақытында орындайды, соңғы күнге дейін созып жүретінін сирек байқадым. Сосын жергілікті шотландықтардың сабақ барысында ұялы телефонын ұстамақ түгіл, сөмкесінен шығарғанын көрмедім. Олардың концентрациясы мықты, оқытушыны, сабақ айтқан әрбір студентті зейін қойып, тапжылмай тыңдайды. Сосын, олар – индивидуалист. Сабаққа жеке дайындалады, тек өзі үшін жауап береді. Ал Қытай, Қазақстан секілді коллективизмге бейімделген елдерден келген студенттердің жеке тапсырманың өзін топтасып орындап отырғанын кітапханада жиі көретінмін.
– Шетелде оқығысы келетін жастарға қандай кеңес айтып, жол нұсқар едің?
– Шетелде оқығысы келетін жастар баратын елі туралы алдын ала ізденіп, оқуға жан-жақты дайындалса деймін. Тілін шыңдап, сыни пайым, анализ жасау жағына көп көңіл бөлсе екен. Сосын жат елде жүргенде түрлі жағдайларға, стреске психологиялық тұрғыдан дайын болу қажет екенін айтқым келеді.
– Мазмұнды сұхбатыңа рақмет.
Шолпан РАҚЫМҚЫЗЫ

ҚазҰУ-дың еліміздегі  білім мен ғылымды дамытудағы рөлі

   әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті -Қазақстандағы жетекші жоғары...

Қара шаңырақ ҚазҰУ-ға 90 жыл!

  Қазақ ұлттық университеті (әл-Фараби атындағы ҚазҰУ)- Қазақстанның білім...

Народный трибун, ученый, наставник

Вот уже пять лет нет с нами нашего наставника...

Сапалы білім-қоғам дамуының негізі

Сапалы білім – бүгінгі күннің ең өзекті тақырыптарының бірі....

Ориентир для развития

В ежегодном Послании народу Казахстана Глава государства говорил о...