СОТҚА ДЕЙІНГІ ӨНДІРІСТЕ БАҚЫЛАУ АЯСЫН КЕҢЕЙТУ ҮШІН ТЕРГЕУ СОТЫ АТТЫ ЖАҢА ТҰЛҒАНЫҢ ЕНГІЗІЛГЕНІ БЕЛГІЛІ. БҰЛ ИНСТИТУТ СОТҚА ДЕЙІНГІ ТЕРГЕУ КЕЗІНДЕ ТАРАПТАРДЫҢ ЖАРЫСПАЛЫЛЫҚ ЖӘНЕ ЗАҢГЕРЛІК МҮМКІНДІГІНІҢ ТЕҢДІГІН, СОТ ТӨРЕЛІГІНІҢ ӘДІЛДІГІН ҚАМТАМАСЫЗ ЕТУ АРҚЫЛЫ ҚЫЛМЫСТЫҚ ПРОЦЕСКЕ ҚАТЫСУШЫЛАР ҮШІН ТӨРЕШІНІҢ РӨЛІН АТҚАРАДЫ.
Тергеу судьясын енгізудің қажеттігі еліміздің қылмыстық сот өндірісі жүйесінде орын алып отырған жағдайларға байланысты туындады. Қылмыстық-процессуалдық қызметке тартылған азаматтардың құқын қорғау, олардың қылмыстық сот өндірісінің бастапқы кезеңінде сот төрелігіне қолжетімділігін қамтамасыз ету сотқа дейінгі өндірісте бақылауды күшейтуді қажет етеді. Өйткені қылмыстық сот өндірісіне дейінгі сатыда заңбұзушылықтар жиі орын алады. Олар полицейлердің арандатушылығы, адам құқын бұзу арқылы алынған дәлелдемелердің қолданылуы, адвокат жоқ кездегі көрсетілімдерді заңсыз әдістермен анықтау сияқты әрекеттер. Бұл – сотқа дейінгі бақылаудың жоқтығының салдары. Әлемдік тәжірибе сот бақылауын күшейтудің тиімді жолы мамандандырылған тергеу сотын құру екенін көрсетті. Судьяларды сотқа дейін бақылауға мамандандыру қылмыстық сот өндірісі қатысушыларының құқығын
қамтамасыз етуге айрықша назар аударуға және олардың қорғалу деңгейін арттыруға, сот жүйесі ішінде ресурстар мен сот жүктемесін тиімді бөлуге, қылмыстық сот өндірісінің жарыспалылығына жағдай туғызуға, алдын ала тергеу сапасына жағымды ықпал етуге жол ашады.
Қазақстанда тергеу соты 2015 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Тергеу судьясы – бірінші саты судьясы. Оның қылмыстық іс бойынша өз бастамасымен әрекет жасап, шешім қабылдауға құқы жоқ. Олар тек қылмыстық іздестіру органдарынан немесе қорғау тарапынан түскен материал, өтінішті қарап, солар бойынша шешім шығарады. Басында тергеу судьяларына тергеу әрекеттерінің 12 түрін санкциялау құзыры берілді. Олардың ішінде күзетпен ұстау, үй және экстрадициялық тұтқындау, қызметінен уақытша алшақтату, мүлкін тұтқындау шаралары бар. 2016 жылы тексеру, тінту шараларын санкциялау қосылды. Бүгінде Қазақстанның барлық облыс орталығында, сонымен қатар Нұр-Сұлтан, Алматы және Түркістан қалаларында мамандандырылған ауданаралық тергеу соты бар. Бүгінгі таңда тергеу судьялары тергеу ісінің 18 мәселесі бойынша санкция береді. Тұтастай алғанда, тергеу судьясы қызметінің бес негізгібағытын бөліп қарауға болады. Олар: қылмыстық процеске қатысушылардың қылмыстық іздестіру органдары мен прокурордың шешімдеріне, әрекеттері
мен әрекетсіздігіне шағымдарын қарау, күзетке алу түріне тосқауыл қою, үйде тұтқындау, кепілдік, экстрадациялық тұтқын, күзетте ұстау мерзімін ұзарту шарасын санкциялау, тергеу органдарының азаматтар құқын шектеумен байланысты тінту, қазып алу, мүлкін тұтқындау және астыртын тергеу әрекеттерін санкциялау, процесс қатысушылары мен прокурор өтінішін қарау.
2019 жылдан бері тергеу судьялары 90 мың материалды қарады. Бұл бұрнағы жылмен салыстырғанда 13 пайызға көп. 2018 жылдан бері тұтқындау саны 4,2 пайызға азайды. Үйде тұтқындау және кепілдікке беру жағдайының саны артты. Бүгінде тергеу органдарына басқа да санкцияларды алу қиындап барады. 2019 жылы тергеу судьялары мүлік тұтқыны туралы өтініштердің 26 пайызын орындаудан бас тартты. Тергеу, анықтау органдары мен прокурор әрекеттеріне шағымдардың 42 пайызын қанғаттандырды. Тергеу судьясының жеке қаулысы
бойынша қылмыстық іздестіру және прокуратура органдарының лауазымды қызметкерлерін жауапкершілікке тарту тәжірибесі қалыптасты. Осының арқасында тергеу судьясының қызметі құқық қорғау органдарының қызметіне елеулі өзгеріс енгізіп, соның ішінде алдын ала тергеудің салалық бақылау мен прокурорлық қадағалаудың күшею факторына айналды.
Десе де, сот бақылауының амалдарын, тараптардың құқы мен міндеттерін әлі де нақтылау керек. Сонымен қатар сот шешімдеріне шағымдану және тергеу судьялары қабылдаған сот шешімдеріне шағым жасау жүйесін құру қажет. Тергеу судьяларының отырыстарды өткізу бойынша көмек беретін әдістемелік ұсынымдарды дайындау, сот бақылауының түрлері бойынша судьяларды оқыту да – кезек күттірмейтін мәселе. Тергеу соты құзыретінің артуы оның жүктемесінің көбеюіне алып келеді. Мұның өзі алдағы уақытта тергеу судьяларының санын ғана өсіріп қоймай, білікті, тәжірибелі мамандарға деген сұранысты тудырары анық.
А.ТҰРМАҒАНБЕТОВА,
«Заң газеті»