Ағымдағы жылы жергілікті бюджеттен 156 мектепке 454 миллион теңге бөлінді. Нәтижесінде жыл соңына дейін 639 мектеп немесе барлық білім ошағының 84%-ы Wi-Fi технологиясы негізінде ғаламторға қол жеткізеді. Жалпы, бүгінгі таңда облыстағы 760 мектептің барлығы компьютерлік техникамен жабдықталып, 100% ғаламторға қосылған. Оның 527 мектебі немесе 69,3%-ы жоғары жылдамдықты интернетке талшықты-оптикалық мыс кабелі арқылы, 233 мектеп яғни, 30,6%-ы спутниктік байланыс арқылы қосылған. Облыс аумағындағы 483 мектептің Wi-Fi технологиясы негізінде сымсыз интернетке қол жетімділігі артты. Бұл 63,5% құрайды, – деп хабарлайды Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Облыстық білім басқармасы берген мәліметтер бойынша білім ошақтарындағы компьютерлердің жалпы саны 50 мыңнан асады. Оның 40 мыңға жуығы немесе 79%-ы ауыл мектептерінде. Өткен жылы ақпараттандыру бағдарламасы бойынша бірнеше компьютер сатып алуға 376,9 миллион теңге бөлінсе, биыл мұғалімдерге компьютер сатып алуға 311,8 миллион қаржы қарастырылған. Білім ошақтары мен ұстаздарға компьютер сатып алуға жыл сайын қаражат бөлінсе де бұл көрсеткіш еш төмендемейді. Өйткені бұл санатты толықтырып отыратын оқушылар саны да артуда. Сондықтан тағы 40 мың компьютер сатып алу туралы шешім қабылданды. Оның 20 мың компьютерін сатып алу үшін жергілікті бюджеттен 4 миллиард қаржы бөлінген. Қалған 20 мың компьютерді сатып алу үшін мемлекеттік-жекеменшік әрптестік (МЖӘ) жобасы аясында 5 миллиард қаржы қарастырылған.
Республикалық бюджеттен 8,6 миллиард теңгеден астам сомаға 55 мыңнан астам компьютерлік техника сатып алынады. Жалпы, бүгінгі таңда облыс оқушыларының компьютерлік техникамен қамтамасыз ету 60,9%-ды құрайды. Тағы бір айта кететін жайт, бүгінде облыстың білім беру мекемелерінде 69 ІТ-сыныптар құрылды. Биылдың өзінде 50 ІТ-сыныптарды жабдықтау үшін 476,8 миллион теңге бөлінді.
Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі