Соңғы жылдары елімізде екпеден бас тартатын ата-аналар саны еселеп арта түскен. Мамандар мұны тұрғындардың діни көзқарасымен байланыстырады. Мәселен соңғы деректерге сүйенсек, Ақтөбе облысында 2132 баланың ата-анасы екпеден бас тартқан. Бұл туралы облыстың денсаулық сақтау басқармасының басшысы Әсет Қалиев мәлімдеп отыр. Оның айтуынша, бас тартқандардың басым бөлігі Ақтөбе қаласында, 1171 адамды құраған. Сонымен қатар, Темір ауданында 287 және Мұғалжар ауданында 258 бала тіркелген. Ата-аналары екпеден бас тартқан 1247 балаға туылғалы бірде-бір екпе салынбаған.
Мамандардың айтуынша, Ақтөбе қаласында діни ұстанымына қарай екпеден бас тартушылар саны айтарлықтай артып, жыл сайын жүз сәбимен толығып отырады екен. Дәрігерлер бүгіннің өзінде дүние есігін ашқаннан бері түрлі жұқпалы аурудан екпе алмаған мыңнан астам сәби тіркелгенін айтып дабыл қағуда. Түрлі себептермен екпе алмайтын балалар «ертеңгі күні бір сырқаттың жаппай тарауына себеп болуы мүмкін» дейді мамандар. Өйткені, жаңа туылған сәби бір жасқа толғанша түрлі вирустық жұқпалы аурудан қорғайтын он екі екпе алуы тиіс екен. Бірақ, бұдан түбегейлі бас тартқан ата-аналар өте көп.
Екпе жасау қаншалықты пайдалы деген сұрақ қазіргі таңда ең көп талқыланып жатқан мәселе десек те болады. Екпе жасау дұрыс емес дейтіндер өз қарсылықтарын шариғатпен байланыстырады. Олар: «Ислам екпе жасатуға тыйым салады», «Екпе жасату – тағдырға қарсы шығу», «Вакцинация – шайтанның зәрі» деп біледі. Ал, медицина саласының мамандары ғылыми тәжірибелерге сүйеніп, екпе жасату дұрыс әрі қажет дейді.
Деректерге сүйенсек, Қазақстанда жыл сайын 4 миллионға жуық адам 21 түрлі инфекциялық ауруға қарсы егіледі екен. Ал иммундау шараларына бөлінетін қаржы соңғы 7 жылда 12 есеге артып, 15 миллиард теңгеге жеткен. Екпе ектірудің оң нәтижесін де көріп отырмыз. Мәселен, соңғы жылдары оба, күйдiргi, тырысқақ, конго-қырым қанды безгегі, полиомиелит сынды аса қауiптi жұқпалы дерттер елімізде тіркелмеген. Мамандар пікіріне құлақ түрсек …
Мария ОМАРОВА, Х.Жұматов атындағы Гигиена және эпидемиология ғылыми орталығының директоры, медицина ғылымының докторы, профессор:
– Менің ойымша, әлі де болса екпеге қатысты анық ақпараттар халыққа жеткіліксіз. Содан кейін халық қарақшылық жолмен шекара асып келген түрлі дискілерді көріп, екпе жөнінде теріс ақпараттың жетегіне еріп жүр. Елімізде инфекциялық ауруларға қарсы алғашқы вакцинация бала дүниеге келген соң төрт күн ішінде салынады. Бұл туберкулез бен «В» вирусты гепатитіне қарсы егіледі. Ал, бала екі, үш, төрт айға толғанда «В» вирусты гепатитіне, полиомиелит, көкжөтел, дифтерия, сіреспе, гемофильді инфекцияға қарсы салынады. Халық арасында екпенің тиімділігін кеңінен насихаттай түсу керек. Мәселен, соңғы 20 жыл ішінде қызамықпен ауыру 291 есеге, көкжөтел – 21 есеге, дифтерия – 96 есеге, эпидемиялық паротит – 122 есеге төмендеген. Сондай-ақ, екпе егу басталғанға дейінгі уақытпен салыстырғанда балалар арасындағы «В» вирустық гепатитімен ауыру 137 есе азайды. Осы секілді ақпараттар халыққа кең насихатталуы қажет. Бүгінгі таңда әр елдің балаларға, ересек адамдарға арналған вакцина салудың өзіндік ережелері бар. Қазақстан 1995 жылдан бастап 2008 жылдың ортасына дейін сол кестемен жұмыс жасап келді. 2008 жылдан бері Үкімет қаулысы бойынша ұлттық кестеге қосымша вакциналар енгізілді. Вакцинацияның көмегімен түрлі инфекциялардан болатын ауруларды барынша қысқартуға, тіпті ауруды жоюға да болатынын көріп отырмыз. Полиомиелит, дифтерия, қызылша секілді көптеген инфекциялардың таралуы осыған дейін әлемдік медицинада үлкен мәселе болып келген еді. Бүгінде екпе бұл мәселені толығымен шешті.
Расында да, жер шарын түгел жайлаған оспа дертінің де көзі алғаш рет тек 1978 жылы вакцинация көмегімен жойылған. Ал, 2002 жылы әлемнің көптеген елдерінде, соның ішінде Қазақстанда полиомиелиттi жою жұмыстары кеңінен қолға алынып, елімізде бұл дерт соңғы рет 1995 жылы тіркеліпті. Сондай-ақ, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының деректеріне сүйенсек, әртүрлі вакциналардың арқасында жылына әлем бойынша 3 миллиондай сәби ажал тырнағынан аман қалып, тағы 750 мыңдайы мүгедек болу қаупінен арылады екен. Өкінішке қарай, қазіргі таңда 3 миллиондай сәби вакцинасы табылмаған түрлі жұқпалы аурулардан көз жұмады.
Каирзаманова Эльдана, Алматы қаласы