12 маусым - Жалпыұлттық аза тұту күні

spot_img
spot_img
spot_img
0.00₸

Корзина пуста.

Алматы облысында әр соғыс ардагеріне жеке құрмет көрсетілді

Биыл Ұлы Отан соғысы басталғанына 75 жыл толды. 1941 жылдың 22 маусымында басталып, үздіксіз 5 жылға, яғни 1 418 күнге созылған сұрапыл соғысқа Кеңес Одағы құрамындағы республикалардың азаматтарымен қатар қазақстандықтар да қатысты. Соңғы деректер бойынша Қазақстаннан майданға аттанған 1 млн 200 мың жауынгердің 600 мыңы соғыстан қайтып оралмады. Жалпы, бұрынғы Кеңес Одағының 27 миллионға жуық адамын жалмаған қанды қырғынға елімізден аттанғандардың ішінен 500-ден астам жауынгер 1934 жылы бекітілген ең жоғарғы Кеңес Одағының Батыры атанған болатын, оның 100-ден астамы — қазақтар.

Соғыс аяқталғаннан кейінгі жылдары нақты айтқанда, 1946 жылы Құдайберген Сұрағанов, 1965 жылы генерал Сабыр Рахымов, ал 1990 жылы Бауыржан Момышұлы алды. Екі мәрте Кеңес Одағының Батыры атағын Талғат Бигелдинов, Леонид Беда, Иван Павлов, Сергей Луганский, ал Шымкентте орналасқан Чугуев әскери авиация училищесі түлегі И.Кожедуб үш мәрте Кеңес Одағының Батыры атағын иеленді. Шығыстан шыққан қос жұлдыз пулеметші Мәншүк Мәметова мен мерген Әлия Молдағұловалар да осы жоғары атаққа лайықты деп танылды. Сонымен қатар 142 қазақстандық Даңқ орденінің толық иегері атанса, Кеңес Одағының орден, медальдарымен марапатталған қазақстандықтар саны 100 мыңға жуықтайды. Бұл соғысқа Қазақстан Кеңестер Одағының бір бөлігі ретінде қатысты. Қазақстан соғыс уақытында майдан қажетіне қарай бейімделді. Көптеген әскери дивизиялар мен бригадалар, артиллерия, миномет, авиация полктері және дербес батальондар құрылды. Қазақстан жауынгерлері кеңес-герман майданының шешуші шайқастарына қатысты. Соғыстың алғашқы сәтінде шекара шебіндегі Брест қорғанысын қорғаушылар қатарында мыңдаған қазақстандықтар болды. 1941 жылғы қыркүйектің аяғында басталған Мәскеу түбіндегі шайқаста генерал И.Панфилов басқарған 316-атқыштар дивизиясы ерекше көзге түсті. Мұнда Бауыржан Момышұлы басқарған 1073-гвардияшыл атқыштар полкі жау шабуылына ерлікпен тойтарыс берді. Мәскеуді қорғауда панфиловшылар дивизиясы бөлімдерінің саяси жетекшілері П.Вихров, М.Ғабдуллин, автоматшылар Т.Тоқтаров, Р.Амангелдиев ерлік көрсетті. Қазақстандық әскери құрамалардың үштен бірі 1941 жылғы 9 қыркүйектен бастап Ленинградты қорғауға қатысты. Қазақстан 1942 жылдың жазында Сталинград шайқасының ең жақын тылына айналып, соғыс қимылдарына Батыс Қазақстандағы темір жол стансалары мен елді мекендер кеңінен тартылды. Курск шайқасында және басқа да майдандарда қазақстандық құрамалар мен бөлімдер болды. Балтық бойы республикаларын, Украина мен Белоруссияны, Шығыс Еуропаны азат етуге және Берлин операциясын жүзеге асыруға қазақстандық жауынгерлер де қатысты. Қазақстандықтар партизан соғысына да белсене қатысты. Ленинград облысындағы шайқастарда — 220, Смоленск жерінде — 270-тен астам, Украина мен Белоруссияда — 3000-дай қазақстандық ерлік көрсетті. Бұлардың ішінде Қ.Қайсенов, Ғ.Ахмедияров, Б.Жангелдин, Ә.Шәріпов, Н.Байсейітова мен Т.Жұмабаева, Ж.Саин, Ғ.Омаров сияқты қазақтың ұл-қыздары болды. Партизандар командирлері А.Егоровқа, Н.Зебницкийге және Ф.Озмительге Кеңес Одағының Батыры атағы берілді. 300-дей қазақстандық Еуропадағы қарсыласу қозғалысына қатысты. Фашизмге қарсы соғыс жеңіспен аяқталғаннан кейін қазақстандық жауынгерлер Квантунь армиясына қарсы шайқасты. Қазақстанның табиғи байлығы Қызыл Армияны әскери техникамен жарақтандыруда маңызды рөл атқарды. КСРО ХКК мен БК(б)П ОК-нің 1941 жылғы 16 тамыздағы қаулысы Қазақстанның 1941 жылдың 4 тоқсаны мен 1942 жылға арналған әскери-шаруашылық жоспарын белгіледі. Осы қаулыға сәйкес республика экономикасы соғыс мүддесіне бағытталды. Республика әскери өндіріс үшін қажет мыс, қорғасын, металл, висмут, молибден, полиметалл кендерін өндіруде жетекші орында болды. Марганец, вольфрам, никель, т.б. өндіру жолға қойылды. Қазақстанның қорғаныс зауыттары қару-жарақ пен оқ-дәрі жасаудың жаңа үлгілерін игерді. Қарағанды кеншілері өнеркәсіп пен көлікті көмірмен қамтамасыз етті. Орал — Ембі мұнайлы аудандарының кәсіпорындары сұйық отын шығаруды 39 пайызға арттырды. Электр қуатын өндіру 2 есе дерлік өсті. 1941-1945 жылдары барлығы 460 жаңа өндіріс орны салынды. Бұлардың қатарында соғыс жүріп жатқан аудандарда Қазақстанға көшірілген 142 кәсіпорын қысқа мерзім ішінде орналастырылып, іске қосылды. Қазақстанның ауыл шаруашылығы майдан мен тылды азық-түлікпен, өнеркәсіпті шикізатпен жабдықтады. 1942 жылы мал басы 2 млн-ға, егіс көлемі 8 млн гектарға жуық арттырылды. Республика 1941-1945 жылдары 5829 мың тонна астық, 734 мың тонна ет және басқа азық-түлік берді. Соғыс жылдары республика еңбекшілері майданға киім-кешек, азық-түлік жіберіп, жеке азаматтардың қаржысына танктер, ұшақтар, сүңгуір қайықтар жасалды. Республика халқының майдан қажетіне ерікті жинаған қаржысы 4 700 млн сом болды. Ұлы Отан соғысындағы жеңіс күні Қазақстан мен ТМД-да ғана емес, сонымен қатар одан тысқары жерлерде де кеңінен атап өтіледі. Бұл жыл сайынғы аталып өтетін мейрамның ерекше және құрметтi орны бар. Біздің болашағымыз үшін құрбан болған миллиондаған адамдарды еске түсіру үшін, әрбір қазақстандық бұл мерекені Отанға деген сүйіспеншілігінің нышаны ретінде атап өтеді. Ұлы Отан соғысындағы Ұлы Жеңістің 75 жылдығы құрметіне елімізде көптеген шаралар өткізілді. Төтенше жағдайға қарамастан соғыс ардагерлеріне айрықша құрмет көрсетілуде. Бүгінде қатары сиреп қалған майдангерлерге деген құрмет ерекше. Республикамыздың түпкір-түпкірінде еске алу вахталары, әртүрлі акциялар өтті.

Мәселен Ұлы Жеңістің 75 жылдығына орай Алакөл ауданының әкімі Әлібек Жақанбаев тоқсаннан асқан тыл ардагерлерінің шаңырағына бас сұғып, хал-ахуалдарын бағамдап қайтты.

Алдымен Үшарал қаласының тұрғыны, жасы 96-ға келген Қият Ахметжанованың жағдайымен танысқан аудан әкімі 1924 жылы Еңбекші ауылында дүние есігін ашып, соғыс уақытында Шарсуат ауылындағы «Ынтымақ» кеңшарында балықшы болып еңбек еткен тыл ардагерінің жауынгерлерге байпақ, шұлық, қолғап тігіп, алдыңғы шепке аттандырып отырғанын сұрап білді.

Сегіз құрсақ көтерген батыр ана 18 немере, 40 шөбере мен 2 шөпшек сүйіп отыр. Тағдырдың толқынында шайқалмаған әз әже: «Біз көрген аласапыранды артымыздан ерген ұрпаққа көрсетпесе екен. Тыныштық пен татулықтан асқан байлық кемде-кем. Оны соғыс сұрапылын сезген біздерден артық білетіндер  аз. Ең бастысы, бейбітшілікте желбіреген Көк Туымыздың тұғыры теңселмесін», – деген тілегін жеткізді.

Одан кейін аудан әкімі Еңбекші ауылының тұрғыны Сақыш Асылхановаға ат басын бұрды. Тоқсан төртті алқымдаған әжей әлі де тың. Уақыт сынағы белін қайыстырса да болашаққа деген сенімі, сөзі нық, жанарындағы жалын ұшқыны әлі сөне қоймаған. Тыл ардагері 1926 жылы Жағатал ауылында өмірге келіпті. Соғыс уақытында өгізбен жер жыртып, қолорақпен егін орған әжей Отан үшін от кешкен сарбаздарға септесуде ешкімнен де қалыспаған. 6 баладан 28 немере, 17 шөбере көріп отырған асыл ана: «Талай азаматтардың қанымен, жанымен келген Жеңістің тәтті қуанышын алғаш сезгенімізде көзіміздегі жастың қалай таусылғанын да байқамадық. Мүрдесі майданда қалған әке-бауыр үшін қара жамыла жүріп, Алла берген қуаттың арқасында тылда тынбай еңбек еттік. Соның жемісі – Ұлы Жеңіс. Барша отандастарымды осы мерекемен шын жүректен құттықтаймын», – деген ақжарма ниетін ақтарды.

Артынша қабанбайлық Анастасия Молотягинаға да құрмет көрсетілді. Тоқсан беске келген тыл еңбеккері меймандарға мейірлене қарап,  сияпат үшін алғысын жеткізді. 3 қыздан 10 немере мен 5 шөбере көрген қария «Барлығы Жеңіс үшін» деген ұранмен тылда тыным таппағандардың бірі. Сол уақыттағы еңбегінің ақысы бүгінгі бейбіт өмір деп түсінетін әже: «Қай кезеңде де берекелі тірліктің тұғыры теңселмесе екен. Өйткені біз соғысты көрдік, аузымызға үзім нан салмастан майдандағы жауынгерлерге жағдай жасау үшін тынымсыз еңбек еттік. Ондай қиын-қыстау кезеңді тәуелсіздік ұрпақтарына бермесін», – деп ізгі тілегімен бөлісті.

Аталған ардагерлерге аудан әкімі Жеңістің 75 жылдығына арналған мерекелік медаль, құттықтау хат пен азық-түлік себеттерін табыс етті.

Сондай-ақ Облыс әкімінің орынбасары Жеңіс Тұяқов Өтенай ауылында тұратын соғыс ардагері Николай Кононенконы Жеңістің 75 жылдығымен арнайы барып құттықтап, деніне саулық тіледі. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың, облыс әкімі Амандық Баталовтың құттықтау хатын оқып, гүл шоғын табыстады.

Жеңіс Шылбынұлы ардагерге бүгінгі ұрпақ атынан алғыс айтып, майданда көрсеткен ерлігі мәңгі есте қалатынын жеткізді. Сонымен қатар, мерекеге орай әзірленген сый-сияпат – азық-түлік себетін, жетпіс бес жылдыққа арнайы шығарылған кітап пен соғыс жылдары шырқалған әндер жазылған таспаны сыйға тартты.

Николай Николаевич өз кезегінде Қасым-Жомарт Кемелұлы мен Амандық Ғаббасұлына атаулы күнде назардан тыс қалдырмай моральдық және материалдық тұрғыдан қолдау көрсеткені үшін шын жүректен алғыс айтып, барлық қазақстандықтарға мықты денсаулық, бейбітшілік, береке-бірлік, амандық тіледі.

Николай Кононенко 1925 жылғы 19 желтоқсанда бұрынғы  Андреев ауданы, Лепсі ауылында дүниеге келген. Жетіжылдық мектепті аяқтаған соң Сарқан ауданына көшіп келіп, ұжымшарда жұмысшы болып қызмет етті. 1942 жылы әскерге шақырылып, 1943 жылы 318-полктың курсанты атанды. Кейін 3-ші танк бригадасының командирі болып соғысқа аттанады. Украина, Румыния, Венгрия, Молдавия, Чехословакия, Австрияны азат ету соғыстарына қатысады. Николай Николаевич    I дәрежелі Отан соғысы ордені мен көптеген мерекелік медальдармен марапатталған.

Соғыстан келген соң ағаш ұстасы мамандығын меңгеріп, «Заря коммунизма» кеңшарында бригадир болып еңбек етті. «Қазақстанның Құрметті құрылысшысы» атағын алды.

94 жастағы батыр    4 бала тәрбиелеп-өсіріп, 12 немере, 12 шөбере сүйіп отыр.

Жеңіс күні қарсаңында облыстық мәслихаттың хатшысы Сұлтан Дүйсенбінов соғыс ар­дагері Төлеубай Шекті­баевты құттықтап, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев пен облыс әкімі  Амандық  Баталовтың құттықтау хатын табыстады.

Төлеубай Шектібаев 1925 жылы  Семей облысында дүниеге келген. 1943 жылы өзі сұранып  майданға аттанады. 1943–1944 жылдары Беларусь майданының құрамында Венгрияның Балатон көліне дейін барады. 1945 жылы Қиыр Шығыс майданына ауыстырылып, 83-ші атқыштар дивизиясымен Жапонияға қарсы соғысқа қатысады. I дәрежелі Отан соғысы ордені және басқа да мерекелік медальдармен марапатталды. Елге оралған соң Семей өңіріндегі шаруашылықтарда зоотехник, экономист, партком хатшысы, кеңшар директоры, ауылдық  кеңестің  төрағасы қызметтерін атқарды. Зейнетке шыққан соң Талдықорған қаласына көшіп келеді.

– Жастардың бәрі сіздерден үлгі алады. Бейбіт күнде өмір сүріп отырғанымыз үшін мың алғыс. Барша елдің атынан басымызды иеміз. Жеңіс күнімен шын жүрегімізбен құттықтап, мықты денсаулық тілейміз, – деген Сұлтан Мырзабекұлы Жеңістің оңай келмегенін тілге тиек етіп, әрбір жауынгердің ерлігі ұмытылмайтынын айтты.

Төлеубай Шектібаев келген қонақтарға ризашылығын білдіріп, ақ батасын арнады.

– Мен соғысты жастай көрдім, майданда оқ пен от кешу өте қорқынышты. Қаруластарымның көбі ажал құшты, аман қайтқанымыз аз. Барлықтарыңа бақыт пен денсаулық тілеймін. Отанды сүйіңдер, – деді ол.

Облыс әкімінің бірінші орынбасары Лаззат Тұрлашов, аудан әкімі Жандарбек Далабаев Екінші дүниежүзілік соғыс ардагері Шәріпбай Ұранбековті Жеңіс күнімен құттықтап, шаңырағына барды. Жалпы ауданда бүгінгі күні  7 ардагер бар. 

Шәріпбай Ұранбеков естеліктерінен сыр шертіп, Жандосов ауылында 1924 жылдың 15 маусымында дүниеге келгенін жеткізді.  18 жасында әскери борышын өтеуге шақырту алған. Ал 1943 жылдың мамырында өзі ниет етіп, ұрыс даласына сұранады. Алдыңғы шептегі 402-ші артиллериялық полк құрамында Беларусь майданында болған. Бір жылдан  кейін оң қолынан жарақат алып, Тбилисидегі госпитальға жеткізіледі. Еліне аман- есен оралған соң 1984 жылға дейін қызмет етеді.

Шәріпбай ақсақал өмірлік серігі Гүлжахан Түліпбаева екеуі 3 бала тәрбиелеп, 4 немере мен 3 шөбересінің қызығын көрді. Ардагер қызы Ғалия мен Ерлан немересінің қарауында.

Ардагер атамызға жылы лебізін білдірген Лаззат Махатұлы Екінші дүниежүзілік соғыста апа-әпкелеріміздің көрсеткен жанқиярлық ерліктері мен жаужүректілігін мәңгі естен шығармайтынын, кейінгіге бейбіт өмір сыйлаған Жеңістің біз үшін маңызы айрықша зор екенін атап өтті. Сондай-ақ, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев  пен об­лыс әкімі Амандық  Баталовтың да жылы лебіздерін жеткізіп, Алғыс хаттар, мерекелік медаль мен сый-сияпаттар табыстады.

Қонақтар ардагерге ұзақ ғұмыр тілеп, тарқасты.  Осындай құрмет өңірдегі барша соғыс ардагерлеріне көрсетілді. Ерен ерлігімен бейбіт күнді жақындатқан тұлғаларға зор алғыс!

Әзербайжан астанасында Алматы облысының күндері өтуде

Баку тұрғындары мен қонақтары Алматы облысының мәдениеті мен табиғи...

Жетісу облысында 11 жастар ресурстық орталығы жұмыс істейді

Жетісу облысында жастармен, соның ішінде NEET санатындағы жастармен жұмыс...

Қайырымдылық – жүректен: Ұзынағаш тұрғындары «Мектепке жол» акциясына белсене қатысуда

«Қайырымдылық жасасаң, қайырын өзің көресің» дейді қазақ. Жоқ-жітікке қарасу,...

Алматы облысында «Ассамблея жастарының» республикалық слеті өтті

Еліміздің әр аймағынан жиналған белсенділер өңірдің көрікті мекендерін аралап,...

Жетісу облысында көпбалалы аналарға арналған алғашқы тігін цехы ашылды

Бүгін Жетісу облысының Текелі қаласында әйелдер кәсіпкерлігін дамыту орталығының...