Ел Конституциясына сай, барлық адам заң мен сот алдында тең, ешкім де сот үкімінсіз кінәлі деп танылмайды және қылмыстық жазаға тартылмайды. Алайда, заңның бұзылуын ештеңе де ақтай алмайды. Тәжірибеден мысал келтірсек, Түрксіб аудандық сотында меншікке қарсы қасақана ауыр қылмыс жасаған іс қаралды. Нақты айтсақ, өткен жылы кешкі тоғыз шамасында (аты-жөндер өзгертіліп берілді) Ш.Асқаров О.Орджоникидзе-Бакинская көшелерінің қиылысында орындықта отырған К.Кензовті байқаған. Ол жәбірленушінің денсаулығына қауіпті емес күш қолданып, пайдакүнемдік ниетпен құны 10 000 теңге тұратын «Samsung Duos» маркалы ұялы телефоны мен 7 000 теңгесін алып кеткен. Яғни, сотталушы жәбірленушіге 17 мың теңге материалдық шығын келтірген.
Ш.Асқаров сот отырысында кінәсін толық мойындап, К.Кензовтен кешірім сұрады. Ол жәбірленушінің сол уақытта мас күйінде отырғанын алға тартты. Оның әйеліне қоңырау шалу үшін жәбірленушінің ұялы телефонын алған. Алайда, телефонды қайтармаған және қалтасындағы қаражатын да алып кеткен. Ертеңіне оны полиция қызметкерлері қолға түсірген. Сотталушының кінәсі оның мойындау айғақтарынан басқа, іс бойынша жиналған және сот зерттеген дәлелдемелермен расталды.
Жәбірленушінің жауабына келсек, ол сол күні моншадан шығып, қызу күйінде өз үйінің есігінің алдында отырған. Сотталушы оған үйіне кіргізіп жіберетінін айтқанында, ол оның көмегінен бас тартпаған. Бұдан кейінгі оқиға сотталуышының айтуындай өрбіген. Жәбірленушінің қалтасын тінтіп, телефонымен қоса ақшасын да қолды еткен. К.Кензов алкогольді ішімдік ішкенімен есін жоғалтпаған. Оқиға орнына полиция қызметкерлерін шақырған.
Өзіне келтірілген шығын өтелгендіктен жәбірленуші азаматтық талаптан бас тартып, соттан Ш.Асқаровқа бас бостандығынан айырумен байланысты емес жаза тағайындауды сұрады. Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2003 жылғы 11 шілдедегі № 8 «Ұрлық істер бойынша сот тәжірибесі туралы» нормативтік қаулысының 12-тармағына сәйкес, сотталушының іс-әрекеті ҚР Қылмыстық кодексінің 191-бабы 2-бөлігінің 1) тармағымен сараланды. Тонау бөтен мүлікті алып қойған кезден бастап аяқталған қылмыс деп танылады және кінәлі адамның өз қалауы бойынша оны пайдалануға немесе оған билік етуге нақты мүмкіндігі болады. Сотталушының қылмысты тікелей ниетпен, яғни, жәбірленушінің өміріне немесе денсаулығына қауіпті емес күш қолдану арқылы бөтен мүлікті ашық түрде ұрлауға бағытталған іс-әрекеттер жасағаны сотпен дәлелденді. Ш.Асқраов өз іс-әрекетінің қоғамдық қауіптілігін сезіне отырып, зардаптарды алдын ала болжады.
Сот ҚР Жоғарғы Сотының «Қылмыстық жаза тағайындаудың кейбір мәселелері туралы» 2015 жылғы 25 маусымдағы № 4 нормативтік қаулысының 1-тармағын және Қылмыстық кодекстің 52-бабын басшылыққа алды. Ш.Асқаров пробациялық бақылау кезінде жаңа қылмысқа барды. Сондықтан, оның іс-әрекеті рецидив және ҚК-тің 64-бабы 5-тармағына сәйкес, пробацияны алып тастау арқылы жазасын өтеуі қажет.
Жаза түрі мен мөлшерін анықтау кезінде қылмыстық жауаптылық пен жазаны жеңілдететін мән-жайлар ескерілді, яғни, кінәні толық мойындау, жасаған ісіне шын жүректен өкіну, жас балаларының болуы, зиянды өтеу, ауырлататын мән-жайлардың болуы — қылмыстың қайталануы. Сотта сотталушыны бас бостандығынан айыруға үкім шығаруды сұраған мемлекеттік айыптаушының, сондай-ақ, бас бостандығынан айырмайтын жаза тағайындауды сұраған жәбірленуші пікірлері ескерілді. Соған орай, сотталушыға қатысты бас бостандығынан айырумен байланысты емес жазаны қолдану мүмкіндігі туралы мәселе талқыланды, алайда, жасалған қылмыстың мән-жайы мен сипаты есепке алынды. Сотталушы шартты түрде сотталу кезінде Алматы қаласы Жетісу ауданы №2 аудандық сотының 27.06.2018 жылғы үкімімен ҚК-нің 192-бабы 1-бөлігі бойынша қылмыс жасаған және пробация қызметінің рұқсатынсыз облыстан тыс жерге шыққан. Бірақ, ол өзінің осы жағдайына қарамастан, қылмысқа барды.
Жоғарыда көрсетілген мән-жайлар назарға алынып, сотталушыны түзеу, сондай-ақ, оның жаңа қылмыс жасауының алдын алу мақсатында бас бостандығынан айыру түріндегі жазаны қолдану қажет деген қорытынды жасалды. ҚР ҚК 191-бабы 2-бөлігінің санкциясы міндетті қосымша жаза ретінде мүлікті тәркілеуді көздейді. Бірақ, сотталушының қылмыстық жолмен алынған мүлкінің анықталмауына орай, мүлікті тәркілеу жазасы қолданылмады. Көрсетілген негіздер бойынша ҚК-тің 46-бабы 5-бөлігінің 4) тармағына сәйкес, сотталушыға бас бостандығынан айыруды өтеу-қылмыстардың қайталануы кезінде қылмыстық-атқару жүйесінің қауіпсіздігі жоғары мекемелерінде тағайындалады. Ш.Асқаровқа қатысты бұлтартпау шарасы-қамауда ұстау бұрынғы қалпында қалдырылды. ҚР ҚК-нің 62-бабы 3-бөлігінің 1-тармағына сәйкес, үкім заңды күшіне енгенге дейін 03.12.2020 жылдан бастап күзетпен ұстау уақыты есепке алына отырып, бұл ретте 29.03.2018 жылдан бастап 27.06.2018 жылға дейін бірінші үкім бойынша күзетпен ұстау уақыты жаза мерзіміне есептеледі. Аталған Кодекстің 14-бабының 1-бөлігіне орай, Ш.Асқаров іс-әрекеттері қылмыстың қайталануына жатқызылды. Жәбірленушінің азаматтық талаптан бас тартуына байланысты азаматтық қуыным бөлігінде іс жүргізу тоқтатылды. Сотталушы ҚК-тің 191-бабы 2-бөлігінің 1) тармағы бойынша кінәлі деп танылып, оған осы бап бойынша 3 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Алматы қаласы Жетісу ауданы №2 аудандық сотының 27.06.2018 жылғы үкімі бойынша 1 жыл 1 ай бас бостандығынан айыру түріндегі өтелмеген жаза ішінара тағайындалып, 4 жыл 1 ай бас бостандығынан айыру жазасын өтегеннен кейін түпкілікті өтеуге үкім етілді.
Жасаған қателіктен сабақ алу әрбір адамға сын десек, азаматтарымыздың түзу жолға түсуіне ықпал ету шаралары жалпы қоғам болып атсалысуды қажет етеді.
Ж.Намазбаева,
Түрксіб аудандық сотының судьясы
Алматы қаласы