Жаңа технологияның игілігін көріп отырған саланың бірі – сот. Қазақстандық соттардың электрондық қызметке көңіл бөліп, қашықтан сот отырысына қатысудың қыр-сырын жетік меңгергеніне бірақ уақыт өтті.
Жаңашылдыққа жақын құрылым оның пайдасын бүгінгідей төтенше жағдай кезінде анық сезініп отыр. Онлайн сот отырыстары сапалы өткізіліп жатыр ма? Қашықтан сот отырысына қатысу қиындық туғызып жүрген жоқ па? Бұл сауалдар сот судьяларына жиі қойылады. Ал тұрғындар тарапынан жолданған мұндай сұрақтарды жауапсыз қалдыруға болмайды. Соған орай жақында Алматы қаласы Алатау аудандық сотының судьясы Талғат Мақұловтың жетекшілігімен арнайы онлайн жиын өтті. Әлеуметтік желілер арқылы тұрғындар тарапынан қойылған сұрақтарға онлайн жауап берген Талғат Абдуллаұлы әсіресе түзеу мекемелеріндегі сотталғандардың қатысуымен өтетін сот отырыстарының барысына тоқталды.
— Түзеу мекемелерінен куәгерлік ететін, болмаса жазасын жеңілдетуді, мерзімінен бұрын босатуды сұрап арызданатын азаматтардың ісін біз бұрыннан онлайн форматта қараймыз. Соған орай аудандық сотта түзеу мекемелерімен тікелей байланысқа шығуға сот істерін сапалы қарауға жағдай туғызатын электрондық сервистер толық жасалған. Керек кезінде бейнеконференц байланыс арқылы экранның арғы жағындағы арыз иесінің уәжін тыңдап, оған қосымша сауал қойып, жауабын тыңдауға толық мүмкіндік жасалған. Жаңа технологияның артықшылығын соттар сол кездің өзінде-ақ біліп, оң бағасын берген болатын. Мәселен қашықтан сот отырысын өткізген кезде сотталушыны арнайы көлікпен, бірнеше күзетшімен бірге сот залына әкелудің қажеті жоқ. Бұл мемлекетті артық шығыннан, күзетшілерді әуре-сарсаңнан арылтты. Екіншіден сотталған азаматты әрі-бері тасу қауіпсіздіктің сақталуына да қосымша мән беру керегін талап ететін еді. Онлайн-отырыс бұл қиыншылықтан да құтқарды, — деген Талғат Абдуллаұлы Алатау ауданында қаралған онлайн сот отырыстарының сапасына, жеделдігіне қатысты көпшілік қойған сауалдарға толыққанды жауап берді.
Камила Ысқақова,
«Заң газеті»