АҚТӨБЕДЕ «ВИРУСПЕН КҮРЕС БРИГАДАСЫНА ЕНБЕГЕН» ЖЕДЕЛ ЖӘРДЕМ ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРІ ШУ ШЫҒАРДЫ. ЕСТЕРІҢІЗГЕ САЛА КЕТЕЛІК БҰҒАН ДЕЙІН ҚАЗАҚСТАН ҮКІМЕТІ КОРОНАВИРУСПЕН КҮРЕСІП ЖАТҚАН МЕДИЦИНА ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРІН ІНДЕТТІ ЖҰҚТЫРУ ҚАУПІНЕ ҚАРАЙ БІРНЕШЕ ТОПҚА БӨЛІП, ҮСТЕМЕАҚЫ ТАҒАЙЫНДАҒАН ЕДІ. АЛАЙДА АҚТӨБЕДЕГІ ЖЕДЕЛ ЖӘРДЕМ ЖҮРГІЗУШІЛЕРІ «КОРОНАВИРУСҚА ҚАРСЫ БРИГАДАҒА ЕНБЕСЕ ДЕ, ӘР ШАҚЫРТУ САЙЫН БАСТАРЫН ҚАТЕРГЕ ТІГІП ЖҮРГЕНДЕРІН» АЙТАДЫ. НАРАЗЫ ТОПҚА ОСЫДАН БІР ЖАРЫМ АЙ БҰРЫН ЖЕРГІЛІКТІ БИЛІК ОБЛЫСТЫҚ БЮДЖЕТТЕН ҚАРЖЫ БӨЛІП, БІР РЕТТІК 100 МЫҢ ТЕҢГЕ ҚОСЫМША АҚЫ ТӨЛЕЙТІНДІГІН
МӘЛІМДЕГЕН ЕДІ. АЛАЙДА УӘДЕ ЕТКЕНДЕРДЕН ӘЛІ КҮНГЕ ХАБАР ЖОҚ.
– Біз коронавируспен күресетін бригада болмасақ та, әр шақырту сайын қауіпті індетке қарсы келіп жүрміз. Өйткені, қайда баратынымызды, кімге баратынымызды білмейміз. Коронавируспен күреске жұмылдырылған бригадалар да бізбен бірге тамақтанады, бір бөлмеде демаламыз. Сәуір айының басында бізге 100 мың теңге қосымша ақы төлеуге уәде берген еді. Шу шығармауымызды сұрап, мәселені өз арамызда шешетіндерін айтты. Қазіргі таңда жалақымызға қосымша ретінде тек 34 мың теңге алдық. Ал, қалғанын 5 мамырда, кейін 12 мамырда береміз деген. Күнде ертеңмен уақыт өтіп жатыр, әлі ақша түскен жоқ, – дейді жүргізуші Арман
Құлымбаев.
«Президент уәде еткен үстемақыдан қағылдық» деген жүргізушілер көмектің тек сөз жүзінде айтылатынына наразы. Айтуларынша, олардың бір реттік қорғаныш киімді ауыстырмағанына бір ай болған. Бетперде де тапшы. Сол себепті олар өздері мен жақындарының денсаулығы үшін алаңдайды.
– Бізде «коронавирус жұқтыру қаупі жоқ» дейді. Мен балалар бригадасында жүремін. Шақырту кезінде дене қызуы 39-40 градусқа дейін көтерілген адамдарды тасыдым. Оның қауіпті індетпен ауырмайтынына кім кепіл?
Қазір бір реттік қорғаныш киімін киіп жүрміз. Оны үйде жуып, қайтадан киюімізге тура келеді. Отбасымыз бар, біз де қорқамыз. Пандемия басталғаннан бері жалақымызға 34 мың теңге қосты. Оны да кейбір санитарлық қызметкерлер мен фельдшерлердің жалақысынан ұстап қалған. Біз үстемеақыны толық төлеуін талап етеміз,– дейді жүргізушілердің бірі Ерболат Құдайбергенов. Бұған қатысты облыстың бас дәрігерінің де айтар уәжі бар. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Әсет Қалиевтің айтуынша, жергілікті бюджеттен жедел жәрдем қызметкерлеріне үстемеақы төлеу үшін 31 млн теңге бөлінген. Оны медицина қызметкерлері жақын арада алады. Ал, қорғаныш киімдерінің мәселесі бойынша арнайы комиссия құрылмақ.
– Ауру жұқтыру қаупі бары ескеріліп жедел жәрдем қызметкерлеріне қосымша ақы төлеу туралы шешім қабылданған еді. Наурыз айында жергілікті бюджеттен жалақыға қосымша ретінде 24 млн теңге ақша берілді. Қазір бұл мақсатқа 31 млн теңге көлемінде қаражат қарастырылып отыр. Кімге қанша түсетінін білмеймін. Әр қызметкердің жүктемесіне, атқарған жұмысына қарай сыйақы төленеді. 100 мың теңгеден ақша береміз дегеніміз рас. Бірақ, біз оны бірден емес, бөліп-бөліп беріп жатырмыз. Бұған дейін бригадалар коронавирусқа қатысы бар-жоғына байланысты бөлінген еді. Дәрігерлер өздеріне тиесілі үстемеақыны алады. Біз уәдемізде
тұрамыз. Ал, бір реттік қорғаныш киіміне қатысты маған ешкім шағым айтқан жоқ. Бұл мәселеге қатысты тексеру жүргіземіз,– деді Әсет Қалиев.
Айта кетелік, соңғы уақытта Ақтөбе облысында коронавирус жұқтырғандардың саны күрт өсті. Қауіпті індеттің өсімі 5 пайыздан асып кеткендіктен, карантин режимін жеңілдету шаралары да кейінге шегерілді. COVID-19 індетіне қарсы күреске өңірде 1800-ден астам медицина қызметкері жұмылдырылған. Бір қуанарлығы, олардың арасында вирус жұқтырғандар жоқ. Жалпы облысқа вирусты емдеуге және медицина қызметкерлерін қорғаныш киімдерімен қамтамасыз етуге 825 млн теңге бөлінген. Коронавирустың жеңіл түрімен ауырған адамды емдеу үшін шамамен 1 млн теңгеге жуық қаржы жұмсалады. Ал пандемияның ауыр түріне шалдыққандар бұдан да көп қаражатты талап етеді.
Жансая ЕСМАҒАНБЕТОВА,
АҚТӨБЕ ҚАЛАСЫ