МЕМЛЕКЕТ ТАРАПЫНАН БЕРІЛІП ЖАТҚАН ӘЛЕУМЕТТІК КӨМЕККЕ ҚОЛЫ ЖЕТПЕГЕН ЖАННЫҢ БІРІМІН. ӨЗІМ ҚЫЗЫЛОРДА ҚАЛАСЫНА ҚАРАСТЫ ТАСБӨГЕТ КЕНТІНДЕГІ ТАСАРЫҚ МӨЛТЕК АУДАНЫНДА ТҰРАМЫН. МИҒА ЖАСАЛҒАН ОТАДАН КЕЙІН КӨП ЖЫЛДАН БЕРІ АЯҚ-ҚОЛЫМ САЛ БОЛЫП, БІРІНШІ ТОП МҮГЕДЕКТІГІН РӘСІМДЕГЕН ЕДІМ. ОНЫҢ ҮСТІНЕ, КӨПБАЛАЛЫ, ЖАЛҒЫЗ БАСТЫ АНАМЫН. ТӨРТ
БАЛАМ ДА МЕКТЕП ЖАСЫНДА. СОНДЫҚТАН БҮГІНГІДЕЙ ТӨТЕНШЕ ЖАҒДАЙ КЕЗІНДЕ ҒАНА ЕМЕС, БЕЙБІТ УАҚЫТТА ДА МЕМЛЕКЕТТЕН ҚОЛДАУ КҮТЕТІНІМ, ҚАМҚОРЛЫҒЫ ҚАЖЕТСІНЕТІНІМ РАС.
2019 жылдың сәуір айынан бастап атаулы әлеуметтік көмек алып келдім. Жұмысқа жарамсыз, жалғыз басты ана ретінде бұл қаржының маған көмегі аз болған жоқ. Жыртығымызды толық жамамаса да, қаржының аш құрсақты толтыруға, жабырқау көңілімізді бүтіндеуге кәдімгідей көмегі тиді. Алайда биылғы жылдан бастап төленуі тиіс АӘК маған берілмей қалды. Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасынан бұл жайында сұрағанымда, менің табысымның 400 теңгеге асып кеткенін, сол себепті де маған аталмыш әлеуметтік көмектің тағайындалмағанын жеткізді.4 мың теңге десе бір жөн, 400 теңге асты деп бүкілбір үйлі жанды қосымша көмектен қағуға бола ма? Егер бұлай боларын білсек, былтырғы жылы облыс әкімі Қ.Көшербаевтың өкімімен екі қызыма берілген 4 мың 800 теңгелік жолақыдан бас тартатын едік. Осылайша әкімнің шапағатымен үш ай 4800 теңгені жолақыға алып келген қыздарымның қуанышы
ұзаққа бармады.
Дәл сол кезде балаларыма берілген жолақының еңбек табысы болып есептелетінін ешкім бізге айтпады. Менің арбаға таңылып, кемтарлықтың күйін кешкеніме көп жыл болды. Содан бері еңбекке жарамсызбын, айтар атқа балаларға бас-көз болып отырғаныммен, ештеңеге жарамаймын. Мүгедектігіме алатын жәрдемақымнан өзге үйіме кіретін кіріс көзі де жоқ. Ал, балалардың өз қатары сияқты киінгісі, қалауындағысын алғысы, үйірмелерге барғысы келеді. Мен сияқты кәріп адамда ондай мүміндік қайдан болсын. Азғантай жолақыны сылтауратып, балаларымды нәпақадан қаққан жандарға енді не деп шағынарымды білмеймін. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев – атаулы әлеуметтік көмек шын мұқтаж жандарға берілсін деп баса айтты. Алайда, бүгінгі қоғамда тиісті көмекті мен секілді мұқтаж жандар емес, кірісі бар,
он екі мүшесі сау адамдар алып жүр. Осы әділдік пе? Егер де он екі мүшем сау болса мемлекетке алақан жаймай-ақ өз балаларымды өзім асырап, жеткізер едім. Бірақ, мүмкіндігімнің шектеулігіне байланысты еңбекке жарамсыз күйде төсекке таңылып жатудан басқа амалым жоқ. Жоғарыда айтып өткенімдей, арбаға таңылған мүгедек жанға табысының 400 теңгеге асып кетуін желеу етіп, тиісті жәрдемақысынан айыру күлкілі жағдай. Памперспен төсек тартып жатқан мен сияқты жандарды көмек алатындар тізімінен шығарып тастау
ақылға сыймайтын әрекет. Осыған қарап кейде әлеуметтік салаға жауапты адамдардан мейірім кеткен бе деп ойлайсың. Мың жерден ақтасақ та олардың бұл шешімі адамгершілікке жат. Мұның өзі Президент тапсырмасының тиісті деңгейде орындалмайтынын көрсетіп отыр. Құрметті министр мырза! Сізді орын алған келеңсіздіктің оңтайлы шешімін табуына ықпал етеді деп сенемін. Жайбасарлық пен немкеттілік жайлаған әлеуметтік мекемелерді тәртіпке салып, балаларымның несібесін ешкімнің тартып алмауына ықпал етіп, біз
сияқты қорғансыз жандарға араша болуыңызды сұраймын!
Марал СӘРСЕНОВА,
1-топ мүгедегі
ҚЫЗЫЛОРДА ҚАЛАСЫ,
ТАСБӨГЕТ КЕНТІ
[ratings]