Еліміздің Бас дәрігері Елжан Біртанов бүгінгі күні коронавируспен ауырып жатқандардың басым көпшілігі шетелден жұқтырып келгендер емес, дертті ел ішінде жүріп-ақ жұқтырып алып жатқандар екенін мәлімдеді. Шыны керек, қарапайым ереже – үйде отыру мен қолды жиі жууға бағынбай, тәртіп пен санитарлық тазалықты сақтамағандарға ғана бұл дерттің қауіпті екенін байқадық. Алайда осындай қысылтаяң кезеңде көкпар тартып, қыз ұзатып қалуға тырысқандар мен жасырып той өткізушілер, құдалық жасаушылар дерттің одан әрі таралуына ықпал етіп отыр. Дәл қазір елімізде қауіпті дертке шалдыққандар саны 600-ден асты. Мамандар егер тәртіпке бағынбасақ, жұқтырғандар саны арта беретінін тіпті ие бола алмай қалу қаупі бар екенін жоққа шығармай отыр.
Сарапшылар күзге қарай эпидемияның қайталануы мүмкін екенін де айтуда. Демек қоронавирус оңай жеңілетін жау емес. Қатаң тәртіп, тұрақты тазалық жұмыстарының арқасында ғана дерттің алдын алу мүмкіндігі бар. Шыны керек, дәрігерге «ажалдың аз-ақ алдында, ауруымызды асқынтып» баратын халықпыз. Ол туралы Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов та «Қауіптісі, ел арасында өзінің коронавирус екенін білмейтін адамдар бар» деп мәлімдеме жасады. Ауырса да қанға сіңген әдетімен дәрігердің алдына бармай, қауіпті індет екенінен де бейхабар, ең қорқыныштысы вирустың тасымалдаушысы болып жүргендер ел ішіндегі жағдайды ушықтыра ма деген қауіп бар.
Эпидеминяың қаншалықты қауіпті екенін бағамдай алмай отырғанымыздың бір белгісі, бүгінгі күні вирус жұқтырған 600-ге жуық адамның, 6000-нан астам адаммен байланыста болғаны белгілі болып отыр. Індетке шалдыққан бір адам орта есеппен 11 адаммен араласқан. Тіпті бір науқастың 125 адаммен байланыста болған кездері де бар екен. Яғни вирустың алдын алуға емес, кең таралуына жағдай жасап отырмыз.
Сондықтан еліміздің бас дәрігері қазірден бастап ауылдық жерлерде де карантиндік шараларды қабылдау керек деп дабыл қағып отыр. Өйткені коронавирус инфекциясы ауылдарға да жетті. «Біз қазір ауылдарда да вирус ошақтарын анықтап жатырмыз. Облыс әкімдіктерімен, жергілікті атқарушы органдармен осы ошақтарды оқшаулау бойынша үлкен жұмыс жүргізіп жатырмыз. Менің айтатын дегенім, ол жерде тұратын кейбір азаматтар сенбейді, коронавирус бізге жетпейді деп ойлайды. Шынын айту керек, қазір үлкен қауіп бар. Ауылдық жерлерде де карантиндік шараларды қабылдау керек. Азаматтар мүмкіндігінше отбасымен бірге екі апта бойы үйде отырғаны абзал», – деп министр ауыл халқына өтініш айтып отыр.
Қоғамдық тәртіп пен азаматтардың қауіпсіздігін тиісті деңгейде қамтамасыз ету мақсатында қолға алынған қатаң шараларға қарамастан төтенше жағдай режимін бұзу, жалған ақпараттар таратып, халықты дүрбелеңге салу, белгіленген аумақтан заңсыз өту және той тойлаушылар да азаймай тұр. Қазіргі уақытта тыйым салынғанына қарамастан той жасаған 13 жеке тұлға әкімшілік жауапқа тартылып отыр. Тиісті тәртіпті сақтамағандықтан Қызылорда облысында бір отбасының сегіз мүшесі коронавирус жұқтырған. Яғни олардың барлығы қауіпті дертпен ауырған адаммен байланыста болған. Қызылорда облысы денсаулық сақтау басқармасының басшысы Жақсылық Әбдусәметов «сегіз адам 6-45 жас аралығындағы бір үйдің мүшелері. Оның үшеуі он төрт жасқа дейінгі бала» дейді.
Бір ғана Ақтөбе облысында төтенше жағдай режимі енгізілген соң, заң бұзудың 111 фактісін анықтаған. Оның ішінде 14 факті бойынша қамауға алынса, 58 жағдай бойынша айыппұл салынған. 8 адамға ескерту беріліп, 26 іс сотқа жіберілген. Полицейлердің айтуынша, тәртіп бұзушылардың басым бөлігін дүкен иелері құрайды екен. Олар белгіленген уақыттан тыс жұмыс істеп, төтенше жағдай режимін сақтауға немқұрайлы қарағанымен қоймай, көбінесе медициналық бетперде кимей қызмет көрсетеді екен.
Осы орайда айта кетер жайт, өзінің де өзгенің де өмірін қатерге тігіп, қауіпті дерттің таралуына ықпал етіп отырғандарға қатысты қатаң жаза қолданып жатқан да елдер бар. Мәселен Филиппин президенті Родриго Дутерте полиция мен қарулы күштерге елде карантин ережесін бұзғандарды атып тастауды бұйырды. Соңғы мәліметтер бойынша, Филиппинде коронавирус жұқтырғандар саны 2,3 мыңнан асқан. Ал вирустан көз жұмғандар 96 адамға жеткен екен. Ал біздің елімізде төтенше жағдай режимін бұзғаны үшін ескерту немесе он айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салу қарастырылған. Және 15 тәулікке дейінгі мерзімге әкімшілік қамауға алу көзделген. Мәселен Жамбыл облысында карантинге қарамастан құдалық өткізіп, қызын ұзатқан тұрғынға Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 476-бабының 6-бөлігіне сәйкес 10 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынса, көкпар өткізген Нұрлыкент ауылының тұрғыны 7 тәулікке қамауға алынған.
Алайда бұл жазалардың көпшілікті ойлантпай отырғанын байқаймыз. Сондықтан еліміздің әділет министрі алдағы уақытта карантинді бұзғандар үшін жаза күшейтілетінін мәлімдеді.
Қазір әлем бойынша коронавирус індетін жұқтырғандар саны 1 миллионнан асты. COVID-19-дың құрбанына айналғандар саны 54 мыңға жуықтады. Бізде де күн өткен сайын қауіпті вирусты жұқтырғандар саны артып барады. 28 дәрігердің коронавирус жұқтырғаны белгілі болып отыр. Карантин мерзімі ұзарған сайын ақ халаттылардың да бастарын қатерге тіге беретініміз анық. Осы орайда дәрігер жетіспеушілігі сезіліп жатқан Еуропа елдерінің жағдайынан сабақ алсақ керек-ті. Сөзіміз дәлелді болу үшін айта кетсек, Америкада тұрып жатқан журналист Нәзира Байырбек әлеуметтік желідегі парақшасында «қазір вирус Нью-йоркте өршіп тұр. Кеше телефонымызға «лицензиясы бар медиктер болса көмекке келіңіздерші» деген хат келді. Сарапшылар Нью-йоркте қазір карантин болса да қатаң режим сақталмай жатқанын айтады. «Саябақтарда жүрген адамдар 47%-ға, ал аялдамада немесе басқа жолда жүргенде 68%-ға қысқарған. Біз вирусты тез ауыздықтау үшін карантинді күшейтуіміз керек. Италия мен Испания жүрісті 90%-ға қысқартқаннан кейін ғана жақсы нәтижеге жете бастады» делініпті газет мақаласында» деп бүгінгі күні Американың вируспен күрес кезеңінен хабар беріпті. Медицинасы дамыған, Американың өзінде мамандар жетіспей жатқанда біз елімізде коронавируспен күресті бастамай жатып 30 шақты дәрігерімізді ауыртып алып отырмыз. Демек төтенше жағдай тәртібін қатаң сақтап, ереже бұзғандарға жазаны күшейтіп, дерттің алдын алу жұмыстарына көңіл бөлмесек болмайды. Қазір карантинге қатысты тәртіп пен жазаны күшейту көпшіліктің қалауы болып отыр.
Ерлан Жұрынбаев, Астана қаласының тұрғыны, заңгер:
- Біз тұратын көпқабатты үйдің есік алдында темекі шегіп, өсек соғып, топтасып тұратындарды күнде көремін. Сақтанудың жалғыз түрін ұстанатындары бар. Ол шынтақпен ғана амандасу, онда да күлкі үшін.
Шынтақпен амандасқанын қайтесің, ауыздарында маскасы да жоқ, бір-біріне өте жақын сөйлесіп тұрады. Бұл қауіптің әлі де санамызға жетпей жатқаны-ай! Осындай немқұрайлы қарайтындарды көрген соң әр подьезге дейін әскер қойып, мәжбүрлеп шектеу енгізу керек шығар деп ойлайсың.
Қалдыбай ДҮЙСЕМБАЕВ