12 маусым - Жалпыұлттық аза тұту күні

spot_img
spot_img
spot_img
0.00₸

Корзина пуста.

ЖЕКЕ СОТ ОРЫНДАУШЫСЫ ЖУРНАЛИСКЕ ЖАУАП БЕРГІСІ КЕЛМЕЙДІ

АЯҚ АРТЫП ЖҮРГЕН АВТОКӨЛІГІҢІЗ ОТҚА ОРАНДЫ МА? КҮЛГЕ АЙНАЛҒАН КӨЛІКТІҢ ПАЙДАСЫ БОЛМАСА ДА, ЗИЯНЫ ШАШ-ЕТЕКТЕН БОЛЫП ШЫҚТЫ. ДЕР КЕЗІНДЕ ЕСЕПТЕН ШЫҒАРМАСА, ОҒАН ТӨЛЕНЕТІН САЛЫҚ МӨЛШЕРІ ЖЫЛ САНАП АРТА ТҮСПЕК. САЛЫҚ МƏСЕЛЕСІНДЕГІ САЛҒЫРТТЫҚТЫҢ САЛДАРЫН БАНК КАРТАСЫ БҰҒАТТАЛҒАНДА НЕМЕСЕ ЕЛДЕН ШЫҒУҒА ШЕКТЕУ ҚОЙЫЛҒАНДА ҒАНА БІЛІП, БАРМАҚ ТІСТЕП ЖАТАТЫНДАР АЗ ЕМЕС.

Соның бірі – редакциямызға шағым айта келген Алматы қаласының тұрғыны Ағайша Зұлхашева. Отбасындағы орын алған қолайсыздыққа салық органы қызметкерлері мен жеке сот орындаушысын кінәлаған оқырманымыз шағымына құлақ салайық. «2019 жылы қараша айында Алматы қаласы Алмалы ауданы бойынша салық комитетінен көлік салығын төлеу туралы хабарлама алдық. Келіп тиісті соманы төледім. Содан соң салық комитеті бастығының орынбасары Торғаев мырзаға кіріп, төлегенім туралы түбіртегімді көрсетіп, басқа қарызымның бар-жоғын сұрадым. Өртеніп кеткен көлікті есептен шығаратынымды айттым. Ол кісі маған алдыңғы кезең ішінде жеке тұлғада қалыптасқан салықтық міндеттемелер бойынша 2019 жылғы 31 желтоқсанға (қоса алғанда) дейінгі мерзімде қарыздың негізгі сомасын төлеген жағдайда айыппұлдар мен өсімпұлдар сомасы салықтық рақымшылыққа жататынын айтып, бәрі дұрыс» деп шығарып салды.
Арада үш ай уақыт өткенде, олар менің жолдасым Сындыбаев Ерланның жалақы алатын карточкасын бұғаттап қояды. Мен Торғаевтың алдына қайта келдім. Олардың айтуынша, 2012 жылдан бері төленбеген көлік салығы бойынша берешегім 105 мың теңгені құрапты. Сұрастыра келе білгенім, қараша айында төлеген қарызым тек қана 2018 жылдың салығы екен. Соны шегеріп, барлық қарызым үстемақымен қоса есептегенде 88 000 теңге болды. Осы соманы төлесеңіз, банк картаңыз автоматты түрде бұғаттан босатылады деген соң, ақша тауып төледім.
Алайда карта сол бұғаттаулы күйі қалды. Жеке сот орындаушысы Үсен Оразымбетовке хабарлассам, қарыздың 25 пайызын, яғни 21855 теңгені оған төлеуім керек екен. Бірақ, сот орындаушысының біздің картаны бұғатқа қойған сомасы 46607 теңге болатын. Мен оған қайта қоңырау шалып, «Сіз білетін заңды мен де білемін. Пайызды ешқандай үстемақысыз тек бұғатқа қойған сомаға ғана төлеуім керек. Қазір «Заң газетіне» бара жатырмын» деген соң, бірден сөзін өзгертіп, 11 652 теңге төлеуім қажеттігін айтты. Бүгінде ешқандай салық берешегім жоқ, дегенмен салық комитетінің қызметкерлері мен сот орындаушысының біздің қарызымызды жасырып, салықтық рақымшылық мерзімінің аяқталғанын күтіп, үш айдан кейін үстемақысымен өндіріп алу мақсатымен мен сияқты көп балалы ананы шырылдатып, әуреге салғанына наразы болдым. Менің басымнан өткен қиындық басқаларға сабақ болсын, салық төлеуде мұқият тексеріп, артық қаржы шығындауға душар болмасын, тиісті сала қызметкерлері халықты әбігерге салмай, өз жұмыстарын дұрыс атқарса деген ниетпен «Заң газетіне» арнайы келіп отырмын», – дейді Ағайша Зұлхашева.
Редакцияға түскен әр шағымның артында жеке тұлға, адам тағдыры тұратыны анық. Сондықтан осы мәселе бойынша шағымда көрсетілген жеке сот орындаушысы Үсен Оразымбетовке телефон шалған едік. Қызметі үшін өндірілген соманың 25 пайызын төлеу туралы заңнамада бекітілгенін айтқан сот орындаушысы «Менің қызметімді қадағалайтын арнайы органдар бар, газет тілшісіне есеп бермеймін» деп басқа сауалдарымызға жауап бермеді. Біз Оразымбетовтен аспандағы айды сұраған жоқпыз. Оқырманнан түскен арыз бойынша өзінің іс-әрекетін түсіндіруді өтіндік. Алматы қаласының жеке сот орындаушылар палатасы бұл мәселені назарда ұстар деген үміттеміз.

Борышкерлерге қандай жаза қолданады?
Мақала тақырыбына орай салық борышкерлеріне қолданылатын жаза түрлеріне тоқтала кетуді жөн көрдік. Салық кодексіне енгізілген өзгерістер бойынша салықшыларға қарыздан жалтарғандарды жаппай жазалау мүмкіндігі берілді. Соның ішінде заңды тұлғаларға, кәсіпкерлерге және жеке тұлғаларға қолданылатын жаза әр түрлі. Салық кодексінің 24-бабына сәйкес, бұдан былай, салық төлемеген жеке тұлғалар банк карталарымен қандай да бір төлемдерді жасай алмайды. Карталары бұғатталады, берешегін өтегенше есепшот аша алмайды, жалақы картасы да рәсімделмейді. Онлайн сауда-саттық жасау, құнын бөліп төлеуге болатын тауар алу сияқты мүмкіндіктерден айырылады.
Енді жеке тұлғаның салық қарызы сотсыз өндіріледі. 2018 жылдың 1 қаңтарына дейін салыққа салғырт қарағандардың мәселесін тек сот шешетін. Жаңа өзгеріс бойынша, жеке тұлғаның мүлкіне салынған салық сомасын комитет бұйрық арқылы өндіріп ала алады. Берешегі 1 АЕК-тен асқан салық төлеушінің ұялы телефон нөміріне қысқа хабарлама жолдау арқылы алдын ала ескертіледі. Қарызын өтеуге 30 жұмыс күні көлемінде қосымша уақыт беріледі. Одан кейін де берешек төленбеген жағдайда салықтық бұйрық шығарады. Оны орындату үшін сот орындаушыға жолдайды. Бұдан әрі қарызды өндіріп алу шаралары қарастырылады. Төлемеген салығы 20 АЕК-тен (айлық есептік көрсеткіш) асып кеткен борышкерлерге елден шығуға шектеу қойылады. Олардың тізімі Әділет министрлігінің сайтында жариялайды. Еліміздің ірі қалаларындағы әуежайларға қойылған терминалдар арқылы қарызын төлеген жағдайда, бірден бірыңғай борышкерлік тізімнен алынады, шектеу алынып тасталады. Бұрын салық инспекторының тексеріске куәгер қатыстырмауға құқы бар еді. Енді тінту, хаттау ісіне куә ретінде бөгде адам да қатыса алады.
Салық қарызын бөліп төлеуге болады. Борышкерлерге берешегін 3 жылға дейінгі мерзім ішінде кезең-кезеңімен бөліп төлеуге мүмкіндік берілген.

Көлік салығынан кімдер босатылады?
Ұлы Отан соғысының қатысушылары және мүгедектері, жеңілдіктері мен кепілдіктер бойынша оларға теңестірілген адамдар;
Ұлы Отан соғысы жылдарында тылдағы жанқиярлық еңбегі мен мінсіз әскери қызметі үшін бұрынғы КСРО ордендері және
медалдарымен наградталған адамдар; 1941 жылғы 22 маусым – 1945 жылғы 9 мамыр аралығында кемінде алты ай жұмыс істеген (қызмет өткерген) және Ұлы Отан соғысы жылдарында тылдағы жанқиярлық еңбегі мен мінсіз әскери қызметі үшін бұрынғы КСРО ордендері және медальдарымен наградталмаған адамдар; Кеңес Одағының Батырлары, Социалистік Еңбек Ерлері, «Халық қаҺарманы», «Қазақстанның Еңбек Ері» атақтарын алған, үш дәрежелі Даңқ орденімен және «Отан»орденімен наградталған адамдар, «Батыр ана» атағын алған, «Алтын алқа» немесе «Күміс алқаларымен» марапатталған көп балалы аналар салық салу объектісі болып табылатын бір автокөлік құралы бойынша; Меншігінде мотоколяскалары мен автомобилдері бар мүгедектер бір автокөлік құралы бойынша салық төлеуден босатылады. Егер аталған жандардың екі автокөлігі болатын болса, онда біреуіне көлік салығын төлемейді. Ал, екіншісіне міндетті түрде төлеуі керек.

Берешектен құтылуға асығыңыз!
Мемлекеттік кірістер комитетінің дерегі бойынша, 2019 жылы жеке тұлғалардан 38,9 млрд теңге көлік салығы түскен. Елімізде халық көбінесе мүлік, жер, көлік салықтарын төлеуге асықпайды екен. Соның ішінде көлік салығы бойынша берешектердің үлесі мол. Оған көбінесе салғырттық пен жайбарақаттық себеп болады. Жоғарыда көрсетілгендей, өртенген, ұрланған, жарамсыз көліктерді уақытымен есептен шығаруды құнттамайды, нәтижесінде салық қарызы қордаланып қалады. Сондықтан көлік иелеріне мынадай жайттарды есінде ұстағаны жөн. Айталық, көлігіңіз ұрланса, бірден үйіңіздің маңайындағы салық мекемесіне хабарлау қажет. Көлікті іздестіру кезінде қылмыстық іс қозғалған уақытқа салық төлемейсіз. Ал, көлігіңіз табылса, қылмыстық істі тоқтату мәліметі келген күннен бастап салықты есептеу қайта басталады. Салық төлеушілер мемлекетке қандай мөлшерде қарыз екенінен хабардар болуы керек. Ол үшін комитеттің www.kgd. gov.kz сайтына, «Электронды үкімет» порталына жеке сәйкестендіру нөмірі арқылы (ЖСН) кіріп, «Салықтық берешегінің жоқ (бар) екендігі туралы мәліметтер» деген сервисті таңдау арқылы қанша қарызыңыз бар екенін білуіңізге болады.
Көлік иелерін елең еткізген тағы бір жаңалық – Мемлекеттік кірістер комитеті жеке тұлғалар үшін көлік салығын төлеу мерзімін өзгертпекші. «Көлік салығының басым бөлігі жылдың аяғында ғана төленетіндіктен, жергілікті әкімдіктер оны игеріп үлгермей жатады. Сол үшін оны 4 айға шегеріп отырмыз», – деді Мемлекеттік кірістер комитетінің өкілі.

Талғат ТОРҒАЕВ, Алматы қаласы Алмалы ауданы бойынша салық комитеті бастығының орынбасары:
– Бізде Алмалы ауданы бойынша 72 мыңнан астам көлік есепте тұр. Маған күн сайын әртүрлі сауалдармен бірнеше адам кіреді. Алдыма келген адамға ондай жауап беруім мүмкін емес. Өйткені әрқайсысын жеке-жеке қарастыру керек. Сондықтан, ол кісілерді алдымен кеңсе қызметкерлеріне жіберемін. Ол жерде салық төлеуші өтініш жазып, соның негізінде осы мәселемен айналысатын арнайы бөлім мамандары салық қарызының бар-жоғы туралы ресми анықтама береді. Немесе ол адамға e-GOVтағы электрондық кілті арқылы салық қарызының жай-күйі туралы анықтаманы алуына кеңес береміз.
Жалпы, МАИ бізге әр жылдың 5 ақпанына дейін есепте тұрған көліктер бойынша өткен жылдың немесе бірнеше жылдың мәліметін беріп отырады. Базаға енгізілген соң, көлік иесінің қай жылдан бері салық төлемегені көрініп тұрады. Сол бойынша салық есептілігі жүргізіліп, көлік иесіне хабарлама жіберіледі.
Айгүл АХМЕТОВА,
«Заң газеті»

[ratings]

Трендтегі “Шайн мускат“ жүзіміне қатысты тексеріс нәтижесі белгілі болды

Ауыл шаруашылығы министрлігі желіде трендке айналған "Шайн мускат" жүзімінде ағзаға зиянды зиянкес табылмағанын мәлімдеді.

Қай облыстарда жаңа су қоймалары салынады?

Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов "Жедел желі" бағдарламасы қай облыстарда жаңа су қоймалары салынатынын айтты.

21 қарашада ауа райы қандай болады?

Қазақстан бойынша 21 қарашаға арналған ауа райы болжамы белгілі болды.

Тоқаев пен Орбан бірлескен мәлімдеме жасады

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Мажарстан премьер-министрі Виктор Орбан келіссөздер қорытындысы бойынша БАҚ өкілдерінің алдында бірлескен мәлімдеме жасады.

Ауылдық жерде жұмыс істейтіндерге қандай жеңілдік бар?

Қазақстанда ауылдық жерлерде жұмыс істейтіндерге белгілі бір жеңілдіктер беріледі.