Бүгін қазақ мерзімді басылымдарының жай-күйі мен таралым мәселесін талқыға салған дөңгелек үстел өтті. Бір кездері «Газет- халықтың көзі, құлағы Һәм тілі» атанса, қазір күн санап, басылым бұқарадан алыстап барады. Нарықтық кезеңде таралымынан айрылған газет-журналдардың жағдайы, соңғы кездері «жазылуға зорлық жоқ» ұранымен тіпті төмендеп кетті. Ұлттық мүдде сынға түскенде ең алдымен араша түсер қазақ баспасөзінің бүгінгі жағдайына сауға сұрап, ұйымдастырылған жиында осы саланың қазанында қайнап жүрген мамандар тарапынан түрлі ұсыныстар айтылып, ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа да хат жазылды.
Шыны керек, өркениетті дамыған елдерде мерзімді басылымдарға деген мұндай көзқарас жоқ. Сайттарымен қоса, күнделікті газеттері де сұраныста. Заман ағымынан қалмай жарық көріп, таралып жатыр. Дамыған мемлекеттерде газет-журнал оқу мәдениеті қалыптасып қана қоймай, жоғары кәсіби деңгейдегі мерзімді баспасөзді шығару ісі мемлекет тарапынан қамқорлыққа алынған және газет-журнал тарату ісі жолға қойылған.
Осы орайда «Мөлдір бұлақ» журналының бас редакторы Сәуле Мешітбайқызы: «Мемлекеттік тілді дамыту үшін, оның әлемдік деңгейде үстемдікке ие болуы үшін бұқаралық ақпарат құралдарын, оның ішінде мерзімді баспасөзді пайдалану – дамыған елдердің тәжірибесі. Мұны Ұлыбритания, Франция, АҚШ, Жапония сияқты «үлкен жетілік» елдерінің мысалынан көруге болады. Бұл елдер мерзімді баспасөзге миллиардтап қаржы құюдан сол елдің геосаяси мақсаттарын жүзеге асыруда, туризмді дамытуда, ұлттың рухани экспансиясын арттыруда пайда көріп отырғаны жасырын емес. Жалпы, әлем бойынша газет-журнал нарығының көшбасшылары: Қытай, Үндістан, Жапония, АҚШ және Германия. Алдыңғы екеуінің бұл тізімге енуіне демографиялық фактор әсер етсе, Жапония, АҚШ пен Германия елдерінің мемлекеттік саясаты бұл елдердегі мерзімді баспасөзге берілетін түрлі деңгейдегі көмекті қамтиды. Сондықтан Қазақстан дамыған елдердің қатарына қосылу үшін көшбасшы елдердің тәжірибесінен өнеге алуы тиіс. Мерзімді басылымға мемлекеттік қолдау жасау арқылы рухани, саяси, ұлттық салада қордаланып қалған мәселелердің оң шешімін табуға болады» дейді. Расында да газет-журналдардан теріс айналу арқылы, ұлттық құндылықтарымыз тұрғысынан ұтылып жатқанымыз байқалады.
ХХ ғасырдың басында жарық көрген «Бірлік туы», «Қазақ газеті», «Дала», «Қазақстан», «Ешім даласы», «Қазақ», «Айқап», «Алаш», «Сарыарқа», «Ұран», «Үш жүз», «Тіршілік» сияқты газет-журналдарда сол тұстағы қазақ оқығандары бұқараның көзін ашып, көңілін ояту ісіне аянбай үлес қосты. Бүгінгі күні де қазақ баспасөзі арқылы түгендейтін жоғымыз бен бүтіндейтін кемістігіміз көп болып тұр.
Жалпы, әлемдік тәжірибеден мәлім жайт, газеттерге жазылу ісі негізінен мемлекеттік қолдаудың арқасында жүзеге асады. АҚШ пен Канадада, Еуропа елдерінде газет-журналдарды оқырмандарға тасымалдау шығындары мемлекеттік бюджет есебінен қамтылатын болғандықтан, жазылу бағасы әлдеқайда төмен. Әлемдік трендтерге қарасақ, елдің әлеуметтік-экономикалық ахуалы жақсарған сайын аймақтық баспасөздің таралымы арта түседі екен. Мысалы, АҚШ-та, Норвегияда соңғы жылдары аймақтық газет-журналдардың таралымы өскен. Себебі тұрмыс жақсарған сайын тұрғындар ең алдымен өз қаласы, өз ауданында болып жатқан оқиғаларды білуге ұмтылады. Мұндай олқылықтың орнын толтыратын әрине күнделікті газет журналдар.
Жиында айтылып өткендей Қазақстанда 11 мыңға жуық кітапхана бар екен. Әр кітапхана қазақ баспасөзіне құрмет көрсетіп, оларды жазғызып алып отырса қанекей. Онда қазақ БАҚ-ы бүгінгі кейіпке түспеген болар еді. 11 мың кітапхана – 11 мың тираж. Осы секілді түрлі тиімді ұсыныстар қолдау тапса қоғамды жаулап алған жалған ақпараттар мен ойлануға мұрша бермейтін өсек-аяңдарға тосқауыл болар еді…