Қоғамда қызу пікірталас тудыратын өзекті мәселелердің бірі – мас күйінде көлік жүргізу жайы. Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің берген мәліметі бойынша, өткен жылы еліміз бойынша жол сақшылары мас күйінде көлік жүргізген 26 мыңнан астам жүргізушіні ұстаған. Ішімдік ішкен жүргізушілердің кінәсінен 495 жол апаты орын алып, 98 адам қара жолдың бойында ажал құшса, 716 жолаушының денсаулығына зиян келіп, зардап шеккен.
Жол апатына кінәлі жүргізушілердің жеңіл жазамен құтылып кетіп жатқан жағдайлары талай мәрте қоғамның наразылығын тудырғаны да жасырын емес. Енді ащы судан ұрттап, ішімдікке сылқия тойып алған жүргізушілердің бұрынғыдай жол бойында сайран салуына жол берілмейтін болады.
2019 жылдың соңында Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қол қойған «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне қылмыстық және қылмыстық-процестік заңнаманы жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» туралы заңға сәйкес, 2020 жылдың 11 қаңтарынан бастап көлікті мас күйінде жүргізгені үшін жаза күшейтіледі.
Елордада өткен баспасөз мәслихатында журналистерге сұхбат берген Қазақстан Республикасы Бас прокурорының орынбасары Марат Ахметжановтың айтуынша, өзгеріс енгізілгенге дейінгі жол жүру ережелеріне сәйкес, мас күйінде ұсталған жүргізушіні көлік жүргізу құқығынан екі жылға айырып, 40 күнге дейін қамауға алса, жаңа норма бойынша, мұндай заң бұзушыларға жол-көлік апатын жасамай-ақ, азаматтарға зиян келтірмесе де, 15 тәулікке қамау жөнінде әкімшілік жаза тағайындалып, 7 жылға дейін жүргізушілік құқығынан айырылады. Аталған құқық бұзушылық қайталанған жағдайда, қамау мерзімі 20 тәулікке дейін, ал жүргізушілік құқығынан айыру 8 жылға дейін ұзартылады.
Азаматтардың денсаулығына нұқсан келтірген жол-көлік оқиғасына себепші болған мас жүргізушіге қатысты қылмыстық іс қозғалып, 3 жылға дейін бас бостандығынан және 10 жылға көлік жүргізу құқығынан айырылады.
Он жылға бас бостандығынан айыру – жол апаты салдарынан адам өлімі орын алған жағдайда тағайындалатын ең ауыр жаза. Бұндай кезде кінәлі 7-10 жылға дейін бас бостандығынан және жүргізуші куәлігінен өмір бойына айырылады.
Сонымен қатар, егер азамат өз жүргізу куәлігінен айырылса да, мас күйінде көліктің рөліне отырса, онда оған бірден әкімшілік жаза емес, 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру сияқты қылмыстық жаза қолданылады. Көлік жүргізу құқығынан өмір бойына айыру жазасы да осы жерде қарастырылған.
Қатаңдатылған жаза тек мас жүргізушілерге ғана емес, жол жүру ережесін бұзған сау жүргізушілерге де қатысты екенін айтып өткен жөн.
Бұдан басқа биылдан бастап күшіне еніп, жауапкершілікті күшейтуге бағытталған аталған заңнамалық құжат бойынша зорлау, браконьерлік, мал ұрлығы, есірткі тарату, өсімдіктер мен жануарлар әлемін қорғау инспекторының өміріне, қорықшы қызметіне қастандық, т.б. қауіпті құқық бұзушылықтар үшін тағайындалатын жаза қатаңдатылды.
Жаңа заң бойынша жауапқа тартылар алғашқы құқық бұзушы Қарағанды қаласында ұсталыпты. Қарағанды облысы полиция департаментінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, 11 қаңтарда полиция қызметкерлері тоқтатқан көліктің 37 жастағы жүргізушісі екінші рет мас күйінде көлік жүргізгені үшін бес жылға дейін сотталып, өмір бойына жүргізуші куәлігінен айырылуы мүмкін.
Айгүл АХМЕТОВА,
«Заң газеті»