Әдеп – мемлекеттік қызметшілер бойынан табылуға тиіс басты құндылық

«Әдепсіз өскен адамнан тәртіппен өскен тал жақсы» дейді дана бабаларымыз. Расында әдеп – мемлекеттік қызметшілердің бойынан табылуға тиіс басты құндылық. Ал мемлекеттік қызметтің басты тұтынушысы да, бағалаушысы да – халық. Азаматтар ең алдымен мемлекеттік қызметкердің кәсіби қабілетіне емес, әдебі мен адами қарым-қатынасына қарап қызмет сапасын бағалайды. «Халық келіп, кеткенді емес, иіліп қызмет еткенді сыйлайды» деген тәмсілдің де мәні осында.

Мемлекеттік қызметкерлерге жүктелер жауаптылық ешқашан да төмен болмаған. Соның ішінде сот қызметкерлері атқаратын жұмыс та осал емес. Мемлекеттегі әділдік пен заңдылықтың кепіліне айналған сот жүйесінің беделінің биік, мәртебесінің жоғары болуы судьялардың тура төрелігіне, әділ шешіміне байланысты екені талас тудырмайды. Дегенмен, сот саласына қатысты оң көзқарастың орнығуында сот қызметкерлерінің де үлесі бар.

Себебі сот табалдырығын аттаған азаматтарды ең алдымен қарсы алып, жол көрсететін – сот қызметкерлері. Әдептілік әліппесінен аттамай, сыпайы қарым-қатынас жасаған сот қызметкерлері азаматтардың өзіне деген сенімін нығайтады, ішкі қорқынышын басып, өз ұстанымдарын еркін жеткізуіне ықпал етеді. Кейде көңіл-күйдің жетегімен, шектен тыс эмоцияға салынып сот ғимаратында дөрекілік көрсететін, дауыс көтеретін жандар да аз кездеспейді. Өзінің кемшілігі мен сәтсіздігіне өзгелерді кінәлайтын жандардың әдептен аттайтын кезі де көп. Мұндайда сот қызметкерлері шеңберден шықпай, кез келген кикілжіңді сабырмен, ақылмен шешуге басымдық бергені дұрыс. Заңғар жазушы Мұхтар Әуезовтің «Ит мені қапты деп, оны қапсам, адамдық аузымда не қасиет қалады?» деген тамаша тағылымды бар. Шындығында сотқа келетін азаматтардың бәрінің білімі мен білігі жоғары бола бермейді. Соған қарамастан сот қызметкерлері дөрекілік пен ғайбатқа қарымта жауап қайтармау, керісінше жоғары мәдениеттің үздік үлгісін көрсете білуі керек.

Сот жүйесінде әдеп стандартын қалыптастыру, сот қызметкерлерінің бойына биік мәдениет өлшемдерін орнықтыру үшін ауқымды жұмыстар жүргізу қажет. Себебі мемлекеттік қызметке келген мамандардың қай-қайсысы болсан кәсіби білімді меңгеріп, салада белгілі бір тәжірибе жинақтайды. Ал қызметтік әдепті меңгеру өмірлік ұстаныммен, адами қарым-қатынасты үйрену арқылы келетін күрделі процесс.

         Сот саласында қызметтік әдепті қалыптастыру сот жүйесінің беделін арттыруға, азаматтардың сотқа деген сенімін нығайтуға көмектеседі. Сондықтан әрбір сот қызметкері айтар сөзін, жасайтын іс-әрекетін, азаматтармен қарым-қатынасын ақылмен басқаруы керек. Абайсыз айтылған сөз, асығыс жасалған әрекет кейде бүкіл жүйенің жұмысын ақсатуы, жағымсыз пікірдің таралуына әсер етуі мүмкін.  Осындайда «Оқ жарасы бітер, сөз жарасы бітпес», «Ауыр істің салмағы білекке түсер, ащы сөздің салмағы жүрекке түсер» деген мақалдардың астарын терең ұғынғандай боламыз.

Әдеп әліппесін қызметкерлердің бойына сіңіру бір күндік, бір сәттік жұмыс емес. Сондықтан бір реттік түсіндіру шараларымен шектелмей, сот қызметкерлері арасында жүйелі әрі тәрбиелік мәні бар жұмыстар жүргізілуі қажет. Осыны ескере отырып Маңғыстау облысының соттарында «Мемлекеттік қызметшілердің әдеп кодексінің» талаптарын түсіндіруге арналған семинар, дәрістер, дөңгелек үстелдер мен тақырыптық кездесулер дәстүрлі түрде ұйымдастырылып келеді. Мұндай шараларда қызметтік әдепті сақтаудың маңызы туралы айтылып қоймай, сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениет, мүдделер қақтығысын болдырмау, еңбек тәртібі және қызметтік жауапкершілік мәселелері талқыланады.

Сонымен бірге, сот қызметкерлеріне азаматтармен қарым-қатынас кезінде сабырлы болу, өтініштерге уақытылы жауап беру, дөрекілікке жол бермеу, әрбір азаматпен тең дәрежеде қарым-қатынас жасау қажеттігі түсіндіріледі. Мұндайда тәжірибелі мамандардың ақыл-кеңесінің маңызы зор.

Әсіресе, әдеп жөніндегі уәкіл ретінде әдеп нормаларының сақталуына қатысты түсіндіру жұмыстарын жүргізу басты орында тұр. Осы мақсатта ұжымның бірлігі мен өзара ынтымағына көңіл бөлу, барша қызметкерлердің командалық рухты сезініп, өзара байланыста жұмыс істеуіне серпін беру аса өзекті. Ол үшін ұжымдағы моральдық-психологиялық ахуалға ұдайы көңіл бөліп, қызметкерлер арасында келіспеушіліктердің туындауына тосқауыл қою кезек күттірмейді.

         Сот қызметкерлерінің әдептілік қасиеттерін нығайтуда тәлімгерлік институтының да берері аз емес. Соған орай саладағы тәжірибесі мол қызметкерлер тәлімгер ретінде тартылып, жастарға жол көрсетіп, қызметтік мәдениетті, азаматтармен сөйлесу әдебін, ұжымдағы қарым-қатынас дағдыларын үйретуге тартылып келеді.

Соттың беделі тек шығарылған сот актілерімен ғана емес, сол соттың әрбір қызметкерінің мәдениетімен, адамгершілігімен және азаматтарға деген құрметімен де өлшенетінін ұмытпағанымыз жөн.

Б.Каженов,

 ҚР Сот әкімшілігінің Маңғыстау облысы бойынша департаменті басшысының орынбасары,

Әдеп жөніндегі уәкілі 

СОТ ЖҮЙЕСІНДЕГІ СЫБАЙЛАС ЖЕМҚОРЛЫҚТЫҢ АЛДЫН АЛУ – ЗАҢ ҮСТЕМДІГІ МЕН АДАЛ ҚЫЗМЕТТІҢ КЕПІЛІ

Сот жүйесі – мемлекеттегі заңдылық пен құқықтық тәртіпті қамтамасыз...

Единые правила к применению ИИ

В Казахстане намерены упростить получение медицинских услуг за счет...

Мейрамбек ПАЗЫЛБЕКОВ, «Poseydon» аквафермасының директоры: БАЛЫҚ ШАРУАШЫЛЫҒЫ ТЕК БИЗНЕС ЕМЕС, БҰЛ — АЗЫҚ-ТҮЛIК ҚАУIПСIЗДIГI

– Мейрамбек Жалғасбекұлы, Қазақстанда 2021–2030 жылдарға арналған балық шаруашылығын...

Казахстан переходит на водосберегающие технологии

Благодаря системной работе по внедрению водосберегающих технологий орошения казахстанские...