Мейрамбек ПАЗЫЛБЕКОВ, «Poseydon» аквафермасының директоры: БАЛЫҚ ШАРУАШЫЛЫҒЫ ТЕК БИЗНЕС ЕМЕС, БҰЛ — АЗЫҚ-ТҮЛIК ҚАУIПСIЗДIГI

– Мейрамбек Жалғасбекұлы, Қазақстанда 2021–2030 жылдарға арналған балық шаруашылығын дамыту бағдарламасы мен жаңа салалық заңнама аквамəдениетті ауыл шаруашылығының дербес бағыты ретінде қаншалықты қорғай алды? Іс жүзінде кəсіпкерлерге кедергі келтіріп отырған қандай заңнамалық олқылықтар бар?

– Қазақстанда балық шаруашылығын дамытуға қажетті əлеует те, мемлекеттік бағдарламалар да бар. Алайда ендігі міндет – қағаз жүзіндегі қолдауды нақты өндірістік нəтижеге айналдыру. Бізге балық өсірушіні тексеретін емес, оның өндірісін дамытуға жағдай жасайтын жүйе қажет. Менің ойымша, соңғы жылдары Қазақстанда балық шаруашылығына деген мемлекеттік көзқарас едəуір өзгерді. 2021–2030 жылдарға арналған балық шаруашылығын дамыту бағдарламасының қабылдануы жəне 2025 жылғы 12 маусымда «Аквашаруашылық туралы» жеке заңның қабылдануы – осы бағыттағы маңызды тарихи қадам. Бұл заң аквашаруашылықты жеке экономикалық қызмет саласы ретінде дамытуға құқықтық негіз қалыптастырды. Яғни, мемлекет балықты тек табиғи байлық ретінде қорғаумен шектелмей, оны қолдан өсіруді де экономиканың маңызды бағыты деп тани бастады. Алайда заңның қабылдануы – мəселенің толық шешілгені емес. Ендігі мəселе – заңның іс жүзінде қалай жұмыс істейтіні. Кəсіпкерлер үшін əлі де бірнеше өзекті мəселе бар: жабық сумен жабдықтау қондырғыларына (УЗВ) арналған инженерлік инфрақұрылым мен су пайдалану мəселелерінің күрделілігі; құжаттарды келісу кезінде бірнеше мемлекеттік органның талаптарының қайталануы; субсидиялау тетіктерінің өңірлерде біркелкі жұмыс істемеуі; балық өсіруге қажетті отандық шабақ, сапалы жем жəне генетикалық материал өндірісінің жеткіліксіздігі. Бұл арада мен аквашаруашылық нысандарын ауыл шаруашылығының өндірістік кəсіпорындары ретінде қарастырып, оларға жер, су, электр энергиясы жəне мемлекеттік қолдау мəселелерінде нақты жеңілдіктер беру керек деп есептеймін.

– Жем-шөп шығындарын, шабақ сатып алуды жəне инвестициялық салымдарды субсидиялау қағидалары отандық балық өсірушілерге нақты қолдау болып отыр ма, əлде бюрократиялық талаптар шағын фермаларды бұл көмектен қағып отыр ма?

– Мемлекеттік субсидия – балық шаруашылығын дамытудағы ең маңызды құралдардың бірі. Бірақ мен оны кəсіпкерге нақты жететін, қолжетімді жəне тұрақты механизмге айналдыру керек деп есептеймін. 2026 жылдан бастап жаңа субсидиялау қағидалары қолданысқа енгізілді. Оларда инвестициялық шығындардың бір бөлігін – жем сатып алуды, шабақ алуды жəне басқа да өндірістік шығындарды өтеу қарастырылған. Мысалы, жем шығынының 30 пайызын, шабақ пен кейбір басқа шығындардың 50 пайызын өтеу көзделген. Бұл – жақсы бастама. Бірақ нақты өндірісте субсидияға қатысты мəселер бар. Балық шаруашылығында айналым қаражаты өте маңызды. Кəсіпкер алдымен жемді сатып алады, шабақты алады, электр энергиясы мен жалақыны төлейді. Содан кейін ғана өнім өсіріп, сатады. Субсидияны алу үшін көп құжат жинау, талаптарға сəйкестікті дəлелдеу жəне бюджет қаржысының бөлінуін күту кəсіпкерге қосымша салмақ түсіреді. Мысалы, 2026 жылы Ақмола облысында аквашаруашылықтарға субсидия бөлінген жоқ. Мен үш ұсыныс айтар едім: — Жем мен шабаққа берілетін субсидияны нақты өндірілген жəне сатылған балық көлемімен байланыстыру. — Субсидияға өтінім беруді толық цифрландыру жəне артық анықтамаларды алып тастау. — Шағын шаруашылықтар үшін субсидияның қолжетімділігін арттыру. Тағы бір маңызды мəселе: инвестициялық субсидияның болуы жеткіліксіз. Мысалы, УЗВ салған кəсіпкерге жабдықпен қатар айналым қаражаты, сапалы жем, шабақ жəне электр энергиясы қажет. Сондықтан мемлекеттік қолдау өндірістің бүкіл циклін қамтуы керек. Аквашаруашылықта электр энергиясына субсидия қарастырылмаған.

– Соңғы жылдары заңсыз балық аулау мен сирек кездесетін бекіре тұқымдас балықтарды жойғаны үшін қылмыстық жəне əкімшілік жауапкершілік күшейтілді. Алайда табиғи су айдындарындағы браконьерлік неге толық тыйылмай тұр?

– Браконьерлік – тек табиғатқа келтірілген зиян емес, бұл экономикалық жəне ұлттық қауіпсіздік мəселесі. Əсіресе бекіре тұқымдас балықтардың заңсыз аулануы мен уылдырықтың заңсыз айналымы еліміздің табиғи байлығына орасан зиян келтіреді. Қылмыстық жауапкершіліктің күшеюі дұрыс. Мысалы, Қылмыс тық кодекстің 335-бабында балық ресурстарын заңсыз алу үшін, ал сирек кездесетін жəне жойылып кету қаупі бар түрлеріне қатысты əрекеттер үшін ауырлатылған жауапкершілік қарастырылған. Бірақ неге браконьерлік толық жойылмай отыр? Менің ойымша, мəселе тек заңның əлсіздігінде емес. Негізгі мəселе – бақылаудың үздіксіздігі мен заңсыз ауланған балықтың нарыққа шығуына жол бермеуде. Браконьерлікпен күрес тек су айдынында қайықпен патрульдеу арқылы шешілмейді. Заңсыз өнімді қабылдайтын, тасымалдайтын жəне сататын арналарды да бақылау қажет. Оларға да қатаң жаза қолдану қажет.

– Табиғи су айдындарын жалға алушылардың су қоймасына шабақ жіберу жөніндегі заңды міндеттемелері қалай орындалып жатыр? Бұл бағыттағы мемлекеттік бақылауды қалай жетілдіруге болады?

– Бұл мəселе өте маңызды. Себебі табиғи су айдынын балық шаруашылығы мақсатында пайдалануға алған кəсіпкер тек одан табыс табуды ғана емес, оның балық қорын сақтауды жəне көбейтуді де ойлауы керек. Қолданыстағы заңнамада балықтандыру, яғни су айдындарына шабақ жіберу тəртібі қарастырылған. Бұл жұмыстар ғылыми ұсынымдар негізінде жүргізіліп, уəкілетті органдардың өкілдері шабақты суға жіберу жəне есепке алу процесіне қатысады. Бірақ менің ойымша, басты мəселе – жіберілген шабақтың саны ғана емес, оның кейінгі тіршілік етуі мен су айдынындағы балық қорының нақты өсуі. Яғни, «кəсіптік қайтарымын» есептеген жөн. Кейбір жағдайда қағаз жүзінде шабақ жіберілгенімен, оның қаншасы тірі қалғаны, қандай нəтиже бергені толық бағаланбайды. Сондықтан мынадай ұсыныстарым бар: — Əр су айдыны бойынша жыл сайын ғы балықтандырудың ашық электрондық есебін жүргізу. — Жіберілетін шабақтың түрін, салмағын, санын жəне шығу тегін міндетті түрде тіркеу. — Балықтандыру кезінде фото жəне бейнефиксация жүргізу. — Белгілі бір уақыттан кейін ғылыми мониторинг арқылы нəтижесін бағалау. — Міндеттемелерін орындамаған табиғат пайдаланушыларға нақты жауапкершілік қарастыру. — Комиссияға қатысуға қоғам белсенділерін, блогерлер мен БАҚ өкілдерін шақыру керек. Табиғи су айдындарына жіберілетін шабақтың сапасына ерекше мəн беру керек. Ол аурусыз, генетикалық тұрғыдан сапалы жəне жергілікті табиғи жағдайға бейімделген болуы керек. Меніңше, балықтандыруды тек міндетті төлем немесе қағаз жүзіндегі есеп ретінде емес, табиғи байлықты келесі ұрпаққа жеткізудің нақты құралы ретінде қарастыруымыз қажет.

– Елімізде өсірілген отандық форель мен өзге де балық өнімдерін кейбір сатушылардың «импорттық өнім» ретінде ұсынуы немесе сапасыз арзан импорттың ішкі нарықты жаулауы тұтынушылар құқығы мен адал бəсекелестікке қалай əсер етуде? Міндетті цифрлық таңбалау мен шығу тегін бақылауды заңмен қатаңдату қажет пе?

– Бұл – мені кəсіпкер ретінде де, отандық балық шаруашылығының өкілі ретінде де алаңдататын мəселе. Қазақстанда бақтақ (форель) өсіру саласы қарқынды дамып келеді. Бізде сапалы өнім өндіруге табиғи мүмкіндік те, технологиялық əлеует те бар. Бірақ отандық өндірушілердің алдында импорттық өніммен бəсекелесу мəселесі тұр. Кейбір сатушылардың өнімнің шығу тегін дұрыс көрсетпеуі немесе отандық өнімді импорттық өнім ретінде ұсынуы – тұтынушыны жаңылыстырумен қатар, адал жұмыс істеп отыр ған кəсіпкерлердің мүддесіне нұқсан келтіреді. Екінші мəселе – сапасы мен бағасы күмəнді арзан импорттық өнімдер. Мұнда бір нəрсені нақты айту керек: импорттың бəрі сапасыз емес. Бəсекелестік болуы керек. Бірақ барлық өнімге қойылатын ветеринария лықсанитариялық жəне сапа талаптары бірдей əрі қатаң орындалуы тиіс.

– Сіз елімізде балық шаруашылығы ғылымы мен өндірістіұштастырып жүрген мамансыз. Саладағы ғылыми-зерттеу институттарын қаржыландыру жəне отандық селекция мен жем өндірісін заңнамалық тұрғыдан ынталандыру үшін ең алдымен қандай қадам жасалуы тиіс?

– Мен бұл мəселені саланың болашағын айқындайтын ең маңызды бағыттардың бірі деп есептеймін. Балық шаруашылығын тек қаржы құю арқылы дамыту мүмкін емес. Оның негізінде ғылым, технология, генетика жəне кəсіби мамандар тұруы керек. Бүгінде Қазақстанда балық өсіру технологиялары дамып келе жатқанымен, біз əлі де бірқатар маңызды бағыттарда шетелдік өндірушілерге тəуелдіміз. Мысалы, бақтақ шаруашылығында: сапалы ұрықтандырылған уылдырық; генетикалық əлеуеті жоғары аналық жəне аталық табын; теңгерімді жоғары сапалы жем; аурулардың алдын алу жəне диагностика технологиялары бойынша шетелдік тəжірибе мен өнімдерге тəуелділік бар. Бұл тəуелділікті азайту үшін ғылым мен өндіріс арасындағы байланысты күшейтуіміз керек. Менің ұсынысым – балық шаруашылығы ғылымын қаржыландыруды қысқа мерзімді жобалармен шектемей, кемінде 5-10 жылдық стратегиялық бағдарлама негізінде жүргізу. Бірінші кезекте мына бағыттарға басымдық беру қажет: Біріншіден, отандық селекция. Қазақстанның климаттық жағдайына бейімделген, ауруға төзімді, тез өсетін жəне жемді тиімді пайдаланатын форель тұқымдарын қалыптастыру қажет. Ол үшін өзіміздің аналық жəне аталық балық табынын дамытуымыз керек. Екіншіден, отандық балық жемін өндіру. Балық жемі – өндірістің ең үлкен шығындарының бірі. Біз жемнің шикізаттық базасын, технологиясын жəне өндірісін дамытуымыз қажет. Отандық жем зауыттарын ашуға инвес тициялық ынталандыру керек. Үшіншіден, ғылым мен өндірістің интеграциясы. Ғылыми-зерттеу институттары тек есеп пен ғылыми мақала жазумен шектелмеуі керек. Олардың жұмысының нəтижесі нақты өндірісте көрінуі тиіс. Мысалы, ғылыми мекемелер мен балық өсіру шаруашылықтары арасында тəжірибелік жобалар жасалып, жаңа технологиялар өндірістік жағдайда сынақтан өткізілуі керек. Төртіншіден, жас мамандарды қолдау. Ихтиолог, балық өсіру технологы, ветеринар, гидрохимик сияқты мамандарды даярлауға ерекше көңіл бөлу қажет. Бүгінде заманауи УЗВ шаруашылығын басқару үшін тек балықты жақсы көру жеткіліксіз, терең технологиялық білім қажет. Менің ойымша, мемлекет ғылыми зерттеулерге бөлінетін қаржының бір бөлігін нақты өндірістік нəтижеге бағыттауы керек. Ал кəсіпкерлер ғылыми жобаларға тапсырыс беріп, олардың тəжірибеде жүзеге асуына қатысуы тиіс. Қазақстан болашақта тек балық өндіретін мемлекет емес, балық өсіру технологиясын, жемін, шабағын жəне генетикалық материалын өзі өндіретін мемлекет болуы керек. Мен ихтиолог, балық өсіруші ретінде Қазақстанның балық шаруашылығының болашағына үлкен сеніммен қараймын. Біздің елімізде су ресурстары, табиғи жағдай, ішкі нарық жəне экспорттық əлеует бар. Ең бастысы – осы мүмкіндіктерді дұрыс пайдалану. Мен «Poseydon» аквафермасында бақтақты заманауи жабық сумен жабдықтау технологиясы арқылы өсіріп, өндірісті дамытуға күш салып келемін. Өз тəжірибемізден түсінгеніміз – балық шаруашылығы бір күнде нəтиже беретін сала емес. Мұнда тұрақты инвестиция, сапалы технология, ғылым жəне білікті мамандар қажет. Меніңше, Қазақстанда балық шаруа шылығын дамытудың келесі кезеңі үш негізгі қағидаға сүйенуі керек: — Үкімет – кедергі келтіруші емес, кəсіпкердің сенімді серіктесі болуы керек. — Ғылым – қағаз жүзінде емес, өндірісте жұмыс істеуі керек. — Отандық өнім – ішкі нарықта да, халықаралық нарықта да лайықты бағалануы керек. Біздің мақсатымыз тек балық өсіру көлемін арттыру емес. Басты мақсатымыз – Қазақстанды балық өнімдерімен қамтамасыз ететін, экспортқа шығаратын жəне өзінің технологиясы мен ғылыми мектебі қалыптасқан мемлекетке айналдыру. Балық шаруа шылығы тек бизнес емес, бұл – азық-түлік қауіпсіздігі, ауыл экономикасы, жа ңа жұмыс орындары жəне еліміздің табиғи əлеуетін тиімді пайдалану мəселесі.

– Мазмұнды сұхбатыңызға рақмет.

Ерлік ЕРЖАНҰЛЫ, «Заң газеті»

Единые правила к применению ИИ

В Казахстане намерены упростить получение медицинских услуг за счет...

Казахстан переходит на водосберегающие технологии

Благодаря системной работе по внедрению водосберегающих технологий орошения казахстанские...

Новый формат диалога с населением 

В АРАЛЬСКОМ РАЙОНЕ КЫЗЫЛОРДИНСКОЙ ОБЛАСТИ ДАН СТАРТ РЕСПУБЛИКАНСКОМУ ПРОЕКТУ...

Контрафакт вне закона

ЗА ПРОИЗВОДСТВО И СБЫТ ФАЛЬСИФИЦИРОВАННЫХ МЕДИЦИНСКИХ ИЗДЕЛИЙ В КРУПНОМ...

Не останавливаться на достигнутом

ЗА СЕМЬ ЛЕТ В КАЗАХСТАНЕ ПОСТРОИЛИ БОЛЕЕ 1 300...