Бір саланы жетік меңгерген, бір кәсіптің қыр-сырын терең білген мамандардың қоғамға тигізер пайдасы орасан. Өйткені кәсіби маманға өзі қызмет етіп отырған саланың жетістігін дамытып, кемшілігін айқындау, сындарлы шақта дұрыс шешім қабылдау оңай. Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің Заң факультетінде де заңгерлердің белгілі бір саланы жетік біліп, теория мен тәжірибені қатар меңгеріп шығуына ерекше мән беріледі. Ал факультет жанынан ашылып, 2010 жылдан бастап жүргізіліп келе жатқан «Эколог-құқықтанушы» студенттік ғылыми үйірмесінің мақасты ауқымды.
Бұл үйірме Заң факультетіндегі кеден, қаржы және экологиялық құқық кафедрасының бастамасымен қолға алынған еді. Мұнда студенттер экологияға қатысты заң нормаларын тереңдетіп оқып қоймай, қоршаған ортаны қорғаумен тікелей айналысатын құзырлы органдардың жұмысымен танысып, тығыз байланыста жұмыс істеуге дағдыланады. Сондай-ақ экологиялық заңнамалардың тәжірибеде қалай қолданылатынын білу үшін сот процестеріне қатысып, адвокаттардың, прокурорлардың, судьялардың соттағы жұмысын таразылайды. Экологиялық құқық бұзушылықтар талқыланған сот отырыстары заңнамалардың тәжрибеде нақты қалай қолданылатынын түсінуге таптырмайтын мүмкіндік. Сол арқылы студенттер адвокат ретінде экологиялық істерде көмек берудің, прокурор ретінде мемлекеттік мүддені қорғаудың, судья ретінде құқық бұзушыға жауаптылық белгілеудің тәртібін меңгереді.
Бұдан бөлек үйірме табиғатты қорғау қызметіне, студенттердің ғылыми-зерттеу жұмыстарына, түрлі экологиялық акцияларға қолдау көрсетеді. Кафедра оқытушылары дәрістер барысында студенттердің экологиялық дүниетанымын қалыптастыруға және экологиялық мәдениетін арттыруға ықпал етеді.
«Эколог-құқықтанушы» студенттік ғылыми үйірмесінің мақсаты анық. Мұндағы негізгі жұмыс ынталы студенттерге экологиялық-құқықтық мәселелерді түсіндіріп, сондай-ақ аграрлық қатынастарды құқықтық реттеуге, табиғи ресурстар саласындағы заңнама мәселелерін зерделеуге және ғылыми-зерттеу жұмысына қажетті дағдылар мен құзыреттерді қалыптастыруға бағытталған.
Айына бір рет өтетін үйірмелер барысында студенттерді волонтерлік және табиғатты қорғау қызметіне араластыру арқылы қоршаған ортаны қорғау саласындағы әлеуметтік белсенділігін арттыру көзделіп отыр. Сондай-ақ үйірме жетекшілерінің мұрындық болуымен өткен ғылыми конференциялар мен семинарлардың, жарыстар мен олимпиадалардың, пікірталастар мен шығармашылық кештердің студенттердің экологиялық білімін шыңдауға көмегі көп.
Сабыржан Жапақов, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың аға оқытушысы


